Санаулы күннен кейін Еуро-2024 турнирі басталады. Қарт құрлықтың 24 құрамасы Германияда сынға түседі. Өкінішке қарай, Қазақстан футболшылары ақтық кезеңге бір қадам қалғанда сүрінді. Дегенмен төрт жылдықтың байрақты бәсекесіне қазақстандықтардың қызығушылығы кеміген жоқ деп айта аламыз. Сондықтан футбол десе, ішкен асын жерге қоятын оқырмандар доп додасында кім өнер көрсетіп, кімнің жасындай жарқылдауы мүмкін екенін жақсы білетін шығар. Осы орайда бүгінгі мақаламызды футболға емес, Еуро-2024 секілді байрақты бәсекелердің экономикалық әсеріне арнауды жөн көріп отырмыз.

 

Мол қаражат қалай бөлінеді?

УЕФА тізгінін ұстаған мамандар Германияда өтетін футбол тойынан 2,5 миллиард еуро пайда табуды жоспарлап отыр. Яғни, эфир көрсетілімі, демеушілер, билет сатудан, меймандостық (hospitality packages) және лицензиядан осынша қаражат жиналуы қажет. Ұйым басшылары мұның 1,2 миллиардын мүше мемлекеттерге 2024-2028 жылдарға дейінгі даму бағдарламасына бөлінеді деп уәде етіп отыр. Қалған қаражат та тиынына дейін есептеліп қойған көрінеді.

Байрақты бәсекенің жүлде қоры 331 миллион еуроны құрайды. Бұл қаржы ақтың кезеңге қатысушы 24 командаға беріледі. Мәселен, әрбір қатысушы мемлекеттің футбол федерациясы 9,25 миллион еуро иеленеді. Топтық кезеңде жеңіске жеткен командаға миллион еуро, тең түскен жағдайда 500 мың еуро сыйақы ұсынылады.

Плей-офф кезеңіне өткен үшін 1,5 миллион еуро бонус алады. Ширек финалға шыққан командаға 2,5 миллион еуро берілмек. Жартылай финалға жеткен әрбір құрама 4 миллион еуродан қалтаға басады. Күміс жүлде иегері 5 миллион еуроны қанжығасына байлайды. Ал жеңімпаз команда кубоктан бөлек 8 миллион еуроны шытырлатып санап алмақ. Осылайша, чемпион атанған құрама максималды 28,25 миллион еуро иеленуі мүмкін.

 

Клубтар да құр алақан қалмайды

Бұдан бөлек, УЕФА ойыншысын сайысқа жібергені үшін клубтарға да ақша бермек. Оның сомасы 240 миллион еуроны құрап отыр. Мұның 140 миллион еуро ақтық кезеңге футболшысын жіберген клубтарға төленеді. Тағы 100 миллион еуроны Ұлттар лигасы мен Еуро-2024 іріктеу кезеңіндерінде ойнаған сайыпқырандар үшін санап бермекші.

Бұл – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Мәселен, Еуро-2020 бәсекесінен кейін УЕФА клубтарға жалпы сомасы 200 миллион еуро төлеген. Солардың ішінде «Челси» 5,1 миллион еуроны қалтасына басса, «Манчестер Сити» 4,5 миллион еуроға қоржынын қампайтқан еді.

Қарт құрлықтағы футбол ұйымының басшылары мұндай жомарт танытуы бекер емес. Бұған дейінгі доп додаларында мол қаражат түскен еді. УЕФА үш жыл бұрынғы байрақты бәсекеде 1,88 миллиард еуро пайда тапты. Францияда 2016 жылы өткен чемпионатта 1,93 миллиард еуро кіріс кірді. Еуро-2024 турнирі коронавирус пандемиясы қарсаңында өткізілген-тұғын. Соған қарамастан сайыс ұйымдастырушыларға аз қаражат әкелген жоқ.

Мысалы, Еуропаның 11 елінде өткізілген Еуро-2020 турнирінде тікелей эфир көрсетілімінен 1,135 милилард еуро пайда түскен. Демеушілер 520 миллион еуро санап беріпті. Билет сатудан 149 миллион еуро кіріс кіріпті. Сол секілді меймандостықтан 77 миллион еуро пайда тауыпты. Франциядағы (2016 жыл) доп додасында да осы шамалас қаражат жиналған. Эфир көрсетілімі – 1,024 милилард, жарнама – 483 миллион, билеттер – 269 миллион, меймандостық – 128 миллион еуро қаражат әкеліпті.

 

Экономиканың гүлденуі екіталай

Биылғы бәсекенің қысқаша қаржылық есебі осындай. Ал Еуро секілді байрақты бәсекені өткізу мемлекетке қандай пайда түсіреді? Экономикасы қарыштап алға дами ма? Әлде Олимпиада өткізген Грекия секілді тұралап қала ма? Бұл сауалға біржақты жауап беру қиын. Бүкіл мәселе ұйымдастырушы тараптың мұқият жоспарлауына байланысты. Дегенмен басы ашық бір мәселе бар: жаһандық деңгейдегі спорттық турнир өткізу жыл өткен сайын қымбаттап бара жатыр.

Қаржы сарапшылары биылғы байрақты бәсеке Германия экономикасына тың серпін береді деген пікірге күмәнмен қарайды. Германия экономика институтының деректеріне сүйенсек, 2006 жылы әлем чемпионатын өткізу елдегі экономиканы өрге сүйремеген. Биыл да сондай жағдай қайталануы мүмкін. Рас, Еуро секілді байрақты бәсекелер туризмді жандандыратыны сөзсіз. Қарт құрлықтың тұрғындары ұлттық құрамасын қолдау үшін неміс жеріне асығады. Тіпті, әлемнің түкпір-түкпірінен көрермен жиналатыны анық. Сондай-ақ шарап, сыра сататындардың кәсібі, қонақ үй бизнесі күрт жанданатынына ешкім күмән келтірмейді.

Дегенмен мұның бәрі экономикаға оң ықпал етуі екіталай. Мамандар мұның бірнеше себебін атайды. Біріншіден, сайысты өткізетін елдің тұрғындары футбол көруге көп қаражат жұмсағанымен, басқа шығынын азайтады. Мысалы, кинотеатрға барудың орнына теледидар қарауды жөн деп табуы мүмкін. Сарапшылар осылайша тұтынушылар жұмсайтын қаражат бір саладан екіншісіне құйылатынын алға тартады.

Екіншіден, іргелі сайыс өткізуге қомақты қаражат жұмсалады. Ал шетелден келген туристерден түсетін пайда оның орнын жабуы екіталай. Көп жағдайда сайыс көруге келген меймандардың экономикаға құйған қаржысы жалпы шығынның ширегіне де жетпей қалып жатады.

 

Ақ пілдердің әлегі

Еуропа чемпионаты, Әлем біріншілігі, Олимпиада ойындары секілді жаһандық сайыстарды өткізу қомақты қаражатты талап етеді. Алайда кейінгі жылдары оған кеткен шығынның орнын толтыру оңайға түспей барады. Әсіресе, байрақты бәсекеден кейін ауқымды спорт кешендерін ұстап тұру да аз ақша емес. Соның салдарынан кей стадиондар «ақ піл» («ақ піл» – қымбат, бірақ пайдасыз затты білдіретін ұғым) атанып, қараусыз қалып жататын сәті кездеседі.

Әлемдік спорт сайыстарына кеткен шығын туралы сөз қозғалғанда ең әуелі Грекия еске түседі. Естеріңізде болса, Эллиндер елі 2004 жылы Олимпиада ойындарын өткізген болатын. Грекия экономика министрілігінің деректеріне сүйенсек, Афина Олимаиадасын өткізуге 8,5 миллиард еуро жұмсалған. Олимпиада алауы отанына оралғанымен, гректер мұның зардабын қатты тартты. Той тарқағаннан кейін ел экономикасы дағдарысқа ұшырап, тіпті бүкіл Еуропалық одақтың мүшелері көмек қолын созған-тұғын. Тіпті, спорт кешендері де қараусыз қалып, пайдаланылмай, ақыры шөп басқаны талай рет айтылды да, жазылды да.

Сол секілді 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиада да ұйымдастырушыларға оңайға тиген жоқ. Қала әкімшілігі қарыз астында қалып, отыз жыл бойы төледі. Ақыры 2006 жылы ғана Монреаль тұрғындары дүбірлі доданың қарызынан құтылды.

Бразилия да Олимпиада мен Әлем чемпионатын өткізудің зардабын тартты. Пентакампеондар 2014 жылы футбол тойын өткізіп, алғаш рет әлемнің алты дүркін жеңімпазы атануды көздеген еді. Алайда Пеленің отандастары жасыл алаңда оңбай жеңіліс тапса, стадиондар кейінірек жеткілікті деңгейде қолданылмай, оларды ұстап тұруға мол қаражат жұмсалды. Сондай-ақ елдегі жемқорлық салдарынан көп қаражат қолды болды. Рио Олимпиадасында да осы жағдай қайталанып, Бразилияны зор шығынға батырды.

«Ақ пілдердің» әлегін мынадан-ақ байқауға болады. Сидней Олимпиадасы кезінде салынған негізгі стадионды ұстап тұрудың бір жылдық құны 30 миллион долларды құрайды екен. Сол секілді Бейжіңдегі құрылысына 460 миллион доллар жұмсалған «Құс ұясы» кешенінің бір жылдық шығыны 10 миллион доллардан асады. Жалпы, Қытай өз елінде Олимпиада өткізуге 40 миллиард доллар жұмсады. Содан 3,6 миллиард доллар ғана пайда тапты. Тіпті, көп құрылысты қажет етпеген Лондон Олимпиадасының (2012 жыл) өзіне 18 миллиард доллар жұмсалып, Тұманды Альбионға 5,2 миллиард доллар ғана кіріс кіріпті. 

 

Барселона биікте тұр

Жаһандық спорт сайыстарын тиімді ұйымдастырудың жарқын мысалын Барселона билігі 1992 жылы көрсетті. Каталондықтар Олимпиада өткізуге бөлінген қаражатты ауқымды спорт кешендерін салуға емес, негізінен қаланы көркейтуге жұмсапты. Мысалы, дода қарсаңында ұзындығы үш шақырымнан асатын жағалауды толықтай күрделі жөндеуден өткізген. Тіпті, жағажайға құмды арнайы Египеттен алдырған деседі. Сондай-ақ жолдарға, қаланың ескі аудандарын жаңартуға, саябақтар мен гүлзарлардың көркін кіргізуге де қомақты қаражат бөлінген.

Каталония билігі Олимпиададан кейін спорттық кешендер мен нысандарды басқа мақсатта пайдаланды. Соның нәтижесінде Барселона төрт жылдықтың додасын сәтті өткізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар туристер көп баратын мекенге айналды. Мысалы, 1990-шы жылдары Барселонаға жылына бір жарым миллион адам келсе, Олимпиададан кейін меймандар саны күрт артқан. Қазіргі таңда Каталонияның астанасына шамамен 12 миллион адам келеді. Барселона туризм агенттігінің деректеріне сүйенсек, былтыр шаһарды көруге келген туристер 9,6 миллиард еуро қалдырыпты.

 

Қатарға ешкім қатарласа алмайды

Соңғы өткізілген Әлем чемпионатында Қатар 229 миллиард доллар жұмсады. Әрине, қаражаттың көп бөлігі қаланы көркейтуге, жолдар, әуежай салуға бөлінгені белгілі. Тек 6,5 миллиард доллары ғана жаңа 7 стадион құрылысына, 8 алаңды жаңғыртуға жұмсалды. Дегенмен әлем біріншілігінен кейін үш стадион ғана тұрақты пайдалануға берілді. Қалғанын басқа мақсатта қолдануды жөн деп тауыпты.

Әзірге бірде-бір ел жаһандық спорт сайысын өткізуге дәл Қатар секілді қаражат шығындаған жоқ. Бұған дейін Сочи Олимпиадасына 51 миллиард доллар, 2018 жылғы әлем чемпионатына 14,2 миллиард доллар кетті. Осыдан-ақ мұндай додаларды өткізу жыл өткен сайын қымбатқа түсіп бара жатқанын аңғару қиын емес.

Әрине, Қатар сынды мұнаймен байып отырған елге миллиардтаған қаражат төлеп, имиджін көтеретін іс-шара өткізу қиынға түспейтіні түсінікті. Алайда әр тиынын электораттар алдында санап беруге тиіс батыстың демократиялы мемлекеттері үшін жаһандық сайысқа қомақты қаражат құю қымбатқа түседі. Сол себепті қазіргі таңда байрақты бәсекелерді өткізуге ынталы елдердің қатары сиреп барады.

Футбол ұйымдарының басы-қасында жүргендер сондықтан жаңа жол іздеп жатыр. Мәселен, алдағы екі Еуропа біріншілігі бірнеше елде өтпек. Атап айтқанда, 2028 жылы қарт құрлықтың дүлділдері Ұлыбритания мен Ирландияда бақ сынайды. Ал 2032 жылы Италия мен Түркияға жол тартады. Әлем чемпионатында да осындай жағдай қайталанады. 2026 жылы Канада, Мексика және АҚШ төрткүл дүниенің мықтысын анықтаса, 2030 жылы ұлттық құрамалар Испания, Португалия және Мароккода шеберлік байқасады.

Қорыта айтқанда, кез келген жаһандық спорт сайыстарын өткізудің шығынын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан оған құмартқан елдер қатары сиреп келеді. Ендігі жерде қазба байлығын сатып байыған елдер болмаса, әлемнің басқа бөлігі дүбірлі додаларды бірлесіп өткізуді дәстүрге айналдыруы бек мүмкін.