Ұжымдық Батыстың Ресейге қарсы санкциялық соғысы жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ елдері сыртқы күйзелістердің жағымсыз салдарын барынша азайту мақсатында ЕАЭО нарығын долларсыздандыру үдерісін жеделдету жөнінде шешім қабылдады. Яғни, осы интеграциялық бірлестіктің аясындағы ұлттық валюталармен сауда жасауға көшу бұрын күтілгендей 2025 жылы емес, одан әлдеқайда ертерек болуы ықтимал. Біз сарапшыларымызға ЕАЭО елдерінің экономикасы мен бизнесі мұндай жеделдетілген сценарийге дайын ба, бұған не тосқауыл бола алады және соның нәтижесінде біз қандай пайда аламыз деген сұрақтарды талқылауды өтіндік.

Вячеслав Додонов, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:

«Мен Қазақстан үшін ерекше минустарды көріп тұрған жоқпын»

- Әңгіме ұлттық валютада сауда жасау жайлы ғана емес, кедендік баждарды рубльмен үлестіру туралы болып отыр. Естеріңізге сала кетейін, 17 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінің отырысы өткен болатын, онда есеп айырысуды «өзара келісім бойынша» сонымен қатар ресей рублімен де жүргізу мүмкіндігі талқыланды. Келесі күні оның қорытындысы бойынша РФ Экономикалық даму министрлігінің басшысы Максим Решетников Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұлттық валютада есеп айырысуға кезең-кезеңімен көшу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгені жөнінде хабарлады, сондай-ақ кедендік баждар ақшаны үлестіру туралы айтты. «Басқа сөзбен айтқанда, әрбір ел алатын баждар одақтық келісімде бекітілген белгілі бір пропорцияға бөлінеді және, сәйкесінше, тиісті елдердің бюджетіне түседі. Бұған дейін мұның барлығы шетел валютасы арқылы жүзеге асырылып келген, қазіргі уақытта біз ұлттық валютада есеп айырысуға кезең-кезеңімен көшу туралы келістік», - деп түсіндірді ол. Бұл ретте, оның айтуынша, Ресей алатын баждың негізгі көлемі рубльмен есептелетін болады. «Осылайша, біз бірыңғай рубль кеңістігін қалыптастыруды бастадық», - деп баса айтты Решетников.

Осыдан кейін мәселенің бұлай тұжырымдалуына келіспейтін басқа елдердің өкілдері мәлімдеме жасады. Атап айтқанда, Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі Ресей рублі Ресей мен Беларуське кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу үшін пайдаланылатын болады, ал Қазақстанға, сондай-ақ Армения мен Қырғызстанға бұрынғыдай АҚШ долларымен жүргізілуі мүмкін деген хабарлама таратты.

Яғни, бұл жаңалықтың, егер осылай айтуға болса, екі құрамдас бөлігі болды – ұлттық валютамен есеп айырысу жұмыстарын жалғастыру және кедендік баждарды рубльмен үлестіру. Екінші құрамдас бөлігінен бірқатар ЕАЭО елдері оның өз мүдделеріне сәйкес келмейтіні үшін бас тартты. Егер өзара есеп айырысудағы ұлттық валюталардың үлесін арттыруына келетін болсақ, бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, өз нәтижесін беріп жатыр. Үнемі өсіп келе жатқан ол қазірдің өзінде 74 процентке жетті.

Мұндай ауысу шынымен де мүмкін бе? Иә, әбден ықтимал. Бұған қоса, бағалар тиісті ұлттық валютада белгіленетін шетелдік дүкендерде (тек ЕАЭО елдерінен ғана емес) интернет арқылы сатып алулар жасағанда біз мұны өз тәжірибемізден байқап отырмыз. Біз төлем жасаймыз, оның барысында карталарымыздағы теңге рубльге, еуроға, франкке, иенге және т.б. айырбасталады, яғни оларды сатушылар өз валюталарында алады. Бұл техникалық мәселе, сондықтан долларсыздандыру күшейе түсуі әбден ықтимал.

Дамушы экономикалардың, соның ішінде ЕАЭО елдерінің ұлттық валюталарымен толық есеп айырысуға көшуіне олардың валюта бағамдарының тұрақсыздығы кедергі болып табылады. Бұл ұлттық валюталардың өзгеру тәуекелдері болған кезде B2B ауқымды жеткізілімдері (бизнес үшін бизнес) және ұзақ мерзімді келісім-шарттар бойынша есеп айырысуларды қиындатады, сондықтан бизнес олардан неғұрлым тұрақты валюталармен, сол доллармен есеп айырысу арқылы сақтандыруды жөн көреді. Бірақ бұл мәселе де негізінен техникалық сипатта болады – мұндай жағдайларда келісім-шарттық міндеттемелерді «қатты валютаға» байланыстырып, ақшаны ұлттық валютада аударуға болады. Тағы да қайталап айтамын: бұл саяси мәселе емес, техникалық мәселе.

Бұған не тосқауыл болуы мүмкін екенін білмеймін. Ұлттық валюталармен есеп айырысуға көшу үрдісі бүкіл әлемде, сондай-ақ SWIFT арқылы берілетін халықаралық қаржылық хабарламалардағы доллар үлесінің төмендеуі барған сайын күшейіп жатыр. Ол он жыл бұрынғы шамамен 50%-тен ағымдағы жылдың наурыз айында 38%-ке дейін төмендеді (кейбір есептеулер SWIFT-тен тыс жүргізілетініне қарамастан, сондықтан доллардың нақты үлесі одан да төмен). Бұл тенденция, бірінші кезекте, экономикалық себептермен байланысты (әрине, кейбір саяси мотивтер де бар) және аударылатын ақшаның валюталарын екі рет айырбастау нәтижесінде туындайтын транзакциялық шығындарды азайтуға ұмтылумен байланысты, бұл транзакциялардың үлкен көлемдерінде айтарлықтай маңызды болуы ықтимал.

Қазақстан үшін мен ерекше минустардв көріп отырған жоқпын, өйткені ЕАЭО аясында ұлттық валютада есеп айырысу бойынша міндеттемелер жоқ (және болуы да мүмкін емес). Оларды пайдалану кәсіпорындар мен ұйымдар деңгейіндегі келісімдермен белгіленетін болады – олар үшін қайсысы тиімді және ыңғайлы болса, сол валютамен олар есеп алысатын болады. Мемлекеттер деңгейінде баждарды бөлу үлгісі Қазақстан өзі үшін тиімді және ыңғайлы деп есептейтін тәсілдерді ұстанатынын көрсетті. Мұнда ынтымақтастықтың дәстүрлі тәжірибесі – елдің мүддесіне сай келетін нәрселерді қабылдау, оған сәйкес келмейтін нәрселерді қабылдамау тәсілі орын алатын болады.

Нұрбек Ысқақов, Esperio компаниясының сарапшысы:

«Қазақстан одан гөрі тұрақты ұлттық валютаға ие болады»

- ЕАЭО шеңберінде ұлттық валюталардағы есеп айырысулар үлесінің ұлғаюы Ресей мен Беларуське тікелей сыртқы саяси санкциялық қысымның, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения экономикасына жанама теріс әсердің салдарынан таяу жылдары жеделдетілетін орнықты үрдіс. 2013 жылы ЕАЭО аясындағы ұлттық валютадағы есеп айырысудың үлесі 63% деңгейінде бағаланған болатын, ал 2021 жылы – 74% деңгейінде бағаланды. Яғни, жыл сайын ол орта есеппен 1,3 проценттік тармаққа өсіп келді. Бұл жеткілікті дәрежеде жылдам қарқын. Тіпті қазіргі қарқын сақталатын болған жағдайда, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 80%-ке дейін артатын еді. Ал процестің қарқынды жеделдеуін ескеретін болсақ, біз сол уақытқа дейін 85% немесе одан да көп алатын шығармыз.

Әрине, мұндай үрдістің өз плюстері мен минустары бар, әсіресе ұлттық валютадағы есеп айырысуға көшу қарқыны ЕАЭО елдерінің қаржылық инфрақұрылымының дайындығынан озып кететін болса. Ең дұрысы, ЕЭК кеңесінің отырысында жарияланған қарқынды жеделдету үшін валюталық тәуекелдерді тиімді хеджирлеуге мүмкіндік беретін неғұрлым дамыған қаржы нарығының болғаны дұрыс болар еді. Сондай-ақ орталық банктердің цифрлық валюталарының жұмыс істеп тұрған жүйелері (СЖИВС), олардың көмегімен елдер есеп айырысудың неғұрлым тиімді және қауіпсіз жүйесін құра алар еді. Бірақ қазір мұның барлығы төтенше режимде жасалуы тиіс, бұл, әрине, бірқатар ұйымдастырушылық проблемаларды тудырады, әсіресе бастапқы кезеңде. Екінші жағынан, пайдалы қасиеттерінің ауқымы ЕАЭО елдері үшін қуатты бәсекелестіктің артықшылығына айналуы мүмкін неғұрлым жетілдірілген есеп айырысу механизмін енгізу үдерісі жеделдетіледі.

Сондықтан осы қиын бейімделу кезеңінен шығу кезінде Қазақстан ондағы сауда есептерінің үлкен көлемімен қамтамасыз етілген неғұрлым тұрақты ұлттық валютаға, сондай-ақ – CBDC жылдам енгізу өзектілігінің өсуіне байланысты мемлекеттік шығыстардың тиімділігінің күрт артуына қол жеткізе алады. Сайып келгенде, алдағы 3-5 жылда біз жеделдетілген экономикалық өсуді байқайтын боламыз, өйткені мұның барлығы Қазақстанға, әсіресе Ресей мен Қытайдан келетін инвестициялардың тартымдылығын арттырып қана қоймай, ұлттық экономиканың ішкі тиімділігін арттыра түседі.

Александр Юрин, тәуелсіз экономист:

«Ресей серіктес елдерге олар төлегеннен гөрі көбірек төлеп отыр»

- Ұлттық валютада есеп айырысуды енгізу және оны тұтастай қамту жағдайы айтарлықтай түсініксіз болып көрінеді. ЕЭК-тің өзі өзінің веб-сайтында мұндай ешнәрсе жарияламайды, алайда, қауымдастыққа мүше елдердің билік өкілдері осыған қатысты белгілі бір мәлімдемелер жасады. Мәселен, РФ экономикалық даму министрі Максим Орешкин ЕАЭО кедендік шекарасын кесіп өту кезінде алынатын әкелінетін кедендік баждарды үлестіру кезінде рубльге көшу мәселесі талқыланғаны жайлы, ал Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Р. Бақыт Сұлтанов рубль аймағын құру мәселесі көтерілмегені жөнінде айтып кеткен. Сонымен бірге, Қырғызстанның экономика және сауда министрлігінің сайтындағы тиісті басылым ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды қолдану аясын кеңейтуге келіскені туралы айтылған.

Қазіргі уақытта ЕАЭО елдері арасында баждарды бөлу бойынша төлемдер «қатты» валютада жүзеге асырылады. Кедендік әкелу баждарынан түсетін кірістердің ең үлкен көлемі Ресейге тауарлар импортынан түседі, ол 2021 жылы ЕАЭО жалпы импортының 85,3%-ін құрады (318,5 млрд доллардың 271,6 доллары). Бұл ретте Ресей Федерациясының импорттық баж салығын бөлудегі үлесі оның ЕАЭО-ға импорттағы нақты үлесінен біршама төмен, яғни серіктес елдерге олар төлегеннен РФ көбірек төлеп келеді.

Ресейге енгізілген санкциялық шектеулерді ескергенде, кедендік әкелу баждарын бөлу кезінде есеп айырысу валютасын өзгерту мәселесі өте өзекті болып отыр. Бүл ретте, Ресейдің ЕАЭО-ның сыртқы сауда айналымындағы үлесін ескеретін болсақ, мұндай валюта рөліне бірінші кезекте рубль талапкер болады. ЕАЭО аясындағы есеп айырысулардың едәуір бөлігі де қазіргі уақытта рубльмен жүзеге асырылады.

РФ Орталық банкінің мәліметі бойынша, 2021 жылдың аяғындағы нәтижелері бойынша, Ресей рублі ЕАЭО елдерінен Ресейге түскен түсімдердің 70,4%-ін және сыртқы сауда келісімдерін орындау шеңберінде Ресейден аударымдардың 73,6%-ін құрады. Дәл осындай деректер жиынтығына сүйенсек, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы саудадағы есеп айырысулардың 60%-тен астамы рубльмен жүзеге асырылып отыр. Ресейдің барлық ЕАЭО елдерімен оң сауда балансы бар екенін ескере отырып, бұл елдердің кедендік баждарды үлестіру кезінде алған рубльдері өздерінің ішкі валюталық нарықтарында сатылып, Ресей Федерациясынан келетін тауарларды төлеуге жұмсалатын болады.