Ресейлік әскерге шақырудан Қазақстанға қашып келіп жатқан «жалтарушылардың» төңірегіндегі шу толқыны басылған сияқты. Қыркүйек айының соңында – қазан айының басында алдағы президенттік сайлаумен қатар осы тақырып дерлік басты тақырыпқа айналған отандық БАҚ соңғы күндері ол тақырыпқа сирек жүгініп жүр, шекарада жағдай тынышталған көрінеді, жалға берілетін тұрғын үй нарығы да тұрақтанды. Сондықтан енді жаңа соққылар болмайды деген үміттер бар, әрине, егер Украина майданындағы жағдай Ресей билігін ауқымды әскери жұмылдыру туралы жариялауға мәжбүр етпейтін болса.
Қазақстан мемлекеттік институттар тарапынан да, қоғамның басым бөлігі жағынан да мигранттарға өркениетті және қайырымдылық көзқарас таныта отырып, қандай да болмасын өрескел шектен шығып кетулерге жол бермей, басына түскен сынақтан сүрінбей өте алды. Иә, шекара бекеттерін жабуға, ресейліктерді біздің территорияға кіргізбеуді немесе шекарадан өту үшін Украинаға басып кіру мен Қырымды аннексиялауды айыптайтын кейбір құжаттарға қол қоюды талап еткендер де болды. Бірақ билік олардың айтқанымен жүрмеді. Бұл мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымын ел президенті анық белгілеп айтқан болатын: «Біз оларға қамқорлық танытып, қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл саяси және гуманитарлық мәселе... Шетелден келгендерге көмек көрсетіледі, бірақ оларға ешқандай преференциялар берілмейді».
Бұл арада, мысалы, Қазақстанмен қатар әскерден жалтарушылардың ең көп ағынының орнына айналған Грузияда, украиналық және ресейлік БАҚ хабарлағандай, олардан Ресейге оккупациялаушы ел ретіндегі және оның тәуелсіз мемлекеттерге қарсы әскери әрекеттеріне теріс көзқарасты жазбаша түрде білдіру талап етілді. 28 қыркүйектегі Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының отырысында оның спикері Вячеслав Володин сондай құжатты оқып шығып, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласа отырып, сол жағдайды анықтауды тапсырды, содан кейін ол былай деп қосты: «Қол қойғандар сатқындық жасап үлгерді... Олар еліне, халқына қарсы бірнеше қылмыс жасады. Егер олар кері қайтуға шешім қабылдайтын болса, жазаланады».
Грузиялық шекарашылар шынымен де осындай талап қойды ма, жоқ па, айту қиын. Бірақ биылғы жылдың көктемінде осы елдегі ең ірі банктердің бірі Bank of Georgia РФ азаматтарының Грузияға қарсы, сондай-ақ Украинаға қарсы Ресей агрессиясын айыптайтын мәтіннің астына өз қолдарын қоймайынша, олар үшін шот ашпау туралы шешім қабылдағаны нақты белгілі болды (мұнда сөз Абхазия мен Оңтүстік Осетияны бөліп алу жөнінде болып отыр). Бұл туралы Bank of Georgia баспасөз қызметіне сілтеме жасап, грузиялық БАҚ-тарының өздері хабарлаған болатын.
Келіп жатқан ресейліктерге Қазақстанда мемлекеттік құрылымдар да, қандай да болмасын жеке құрылымдар да ондай ультиматумдарды қойған жоқ, өйткені бұл, біріншіден, оларды өте қорлайтын жағдайға қалдырады, екіншіден, олар Ресейге оралатын болса, қылмыстық қудалауға ұшырайды (Мемлекеттік Дума спикеріің сөздерін естеріңізге түсіріңіздерші). Ал біздің елде де мигранттарға қатысты осындай «тексерулерді» енгізуді талап еткен және талап етуді жалғастырып отырғандарға өздерін солардың орнында елестетіп көруге кеңес береміз. Егер оларға, шын мәнінде, туған жерінен бас тарту ұсынылатын болса және отбасы мен жақындарына оралу мүмкіндігінен айырылу ұсынылса, бұл адамдар өздерің қалай сезінер еді?
Қазақстан билігінің қазіргі қалыптасқан жағдайдағы ұстанымы, олардың келгендерге көмек көрсету бойынша жедел шаралар қабылдауы (мысалы, оларға тезірек қызмет көрсету мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) жұмысын «қайта конфигурациялау» және сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін қосымша қолайсыздықтарды болдырмау), біздің көптеген отандастарымыз көрсеткен қонақжайлылық – мұның бәрі өте маңызды. Бұл біздің мемлекетіміздің, халқымыздың имиджі тұрғысынан маңызды. Біз Қазақстанның гуманизм және толеранттылық сияқты құндылықтарды ұстанатын қамқоршы халқы бар өркениетті ел екенін баршаға көрсетуге мәжбүрлі түрде мүмкіндік алдық деп айтуға болады. Ал әлемдік БАҚ Ресей Федерациясындағы әскери жұмылдыру және одан қашуға байланысты оқиғаларды жариялағанда Қазақстанды жиі атап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті сақтау жөнінде және мигранттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтқан сөздерін оңды түрде келтіріп жатыр.
Мұның бәрі басқа тұрғыдан алғанда да өте маңызды болып табылады. Екі аптаның ішінде Қазақстанның аумағына кірген 200 мың адам біздің қалаларымыздың ресейлік қалалардан кем емес екендігін, тіпті кейбір жағынан олардан да жақсырақ екенін, біздің еліміз, олардың көпшілігі ойлағандай, артта қалып қойған ел емес, өте заманауи ел екенін өз көздерімен көрді. Қазақстанда орыстарға және орыс тіліне қысым жасалып жатыр деген (арсыз үгітшілер айтып жатқаны бойынша) Ресей Федерациясында кең таралған қауесет, жұмсақ тілмен айтқанда, асыра айтылған нәрсе екеніне өздері көз жеткізді. Бүгінгі прагматизм және баюға құштарлық заманында да көптеген қазақстандықтарға жанашырлық, көмек жасай отырып қол ұшын созуға дайын болу, қиын жағдайға ұшыраған адамдарды баспанамен, тамақпен қамтамасыз ету сияқты сезімдер жат емес екендігіне көз жеткізді.
Ал осы 200 мың адам біздің еліміз туралы жай ғана жақсы естелік сақтап қоймай, өздерінің туған-туыстарымен, достарымен, таныстарымен, әріптестерімен алған әсерлерімен бөлісетін болады, көрген-білгенін әлеуметтік желілерде көпшілікке әңгімелейтін болады. Ал миллиондаған ресейліктердің Қазақстанға деген көзқарасы өзгеруі ықтимал. Оған қоса, кейбір адамдар, бәлкім, біздің екі елдегі мигранттарға деген көзқарасты салыстыра бастайды, содан кейін олар біржақты қорытындыға келуі мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Мен дәл осылай болады деп басып айтпаймын – мен жай ғана өз үмітімді білдіріп отырмын. Қалай болғанда да, бұл тұрғыда біз өзімізге байланысты болған нәрсенің барлығын жасадық.
Ал жоғарыда тізімделіп айтылып кеткеннің барлығы мемлекеттер арасындағы және олардың азаматтары арасындағы тату көршілікті және тең (ешкімнің бұйрығынсыз) қарым-қатынастарды құру үшін аса қажет «жұмсақ күш» және «халық дипломатиясы». Қасым-Жомарт Тоқаев бізге келген ресейліктердің қамын ойлау – саяси мәселе деп айтқанда, дәл осы жағын ойлаған болса керек. Режимдер және оларды бейнелейтін тұлғалар өзгеріп туруы мүмкін, бірақ халықтар, біздің елдеріміздің арасындағы әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы сияқты, қалады.
Алайда қазақстандық қоғамның белгілі бір бөлігі Ресей Федерациясы азаматтарының жаппай ағылуына теріс көзқарасын жасыруға тырыспады. Пәтерлерді жалға алу бағасының көтерілуінен, мигранттардың көптеп келуіне байланысты еңбек нарығындағы жағдайдың шиеленісуінен қорыққандарды түсінуге болады, тіпті ақтауға да болады. Бірақ әлеуметтік желілерде келушілерді жайғастыруға, тамақтандыруға көмектесуге шешім қабылдаған адамдарға шабуыл жасай бастағанда, оларға: егер біреулер кімге болмасын жеке ниетімен көмек көрсетсе, сіздердің қандай шаруаларыңыз бар? – деген сұрақ қойғым келеді.
Солардың бірі, кез келген нәрселердің барлығына рұқсатсыз араласатын «тіл патрульдерінің» белсендісі, павлодарлық Диас Кузаиров, Ресей Федерациясының қашқын азаматтарына тегін түскі ас ұйымдастырған мейрамханаға келіп, оларды «саяси» сұрақтармен бей-берекет мазалай бастады. Нәтижесінде ол жергілікті кәсіпкер Гүлжайна Дәрімовадан «жауабына» тап болып, өз намысына нұқсан келтірілді деген сезіммен полицияға хабарласқан, бірақ оның өзі «қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін» бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бәлкім, осы оқиға басқалардың қызбалы әрекеттерін салқындататын болар?
Бізге келген реселіктерді жақтырмауына «ел тағдыры үшін алаңдаушылық» түрткі болды деп түсіндіреді мұндай адамдар. Олардың айтуынша, Ресей Федерациясынан келген мигранттар әлеуетті «бесінші колонна» болып табылады, олар осында қоныстанғаннан кейін өз құқықтарын алға салып, сепаратистік шақырулар жасауға және т.б. кіріседі. Бірақ бір соғысқа шақырылудан қашқандар екінші соғысты арандатқысы келетініне сену өте қиын, бұл олардың өздерін «зеңбірек жеміне» айналдыруы ықтимал. Оның үстіне, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметі бойынша, жұмылдыру басталғаннан кейін елімізге келген ресейліктердің төрттен үш бөлігі (200 мыңның 147 мыңы) біздің республика аумағынан кетіп үлгерген. 4 қазанда Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгендерден гөрі кетіп жатқандар көбірек екенін хабарлады. «Жалтарушылардың» көпшілігі үшін Қазақстан тек «транзиттік аймақ» болып табылады, ал соғыс уақытында тұрақты тұратын жер ретінде олар Ресей билігіне оларды қайтарып алу әлдеқайда қиын болатын елдерді таңдайды.
Оған қоса, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары көші-қон заңнамасын қатаңдатуға бағытталған қадамдар жасап жатыр. Осылайша, «Ашық НҚА» сайтында 10 қазанға дейін талқылауға арналған «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 992 бұйрығына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» деп аталатын құжат жарияланды.
Атап айтқанда, енді өтініш берушіге шетелдік төлқұжатты ұсыну қажет (осы күнге дейін қолданыстағы ережелерге сәйкес, ұлттық төлқұжат жеткілікті, бірақ іс жүзінде шетелдік төлқұжаттар қабылданды). Сондай-ақ тағы бір маңызды толықтыру ұсынылып отыр: сотталғандығы немесе сотталмағандығы туралы құжат міндетті түрде табыс етілетін құжат қағаз түрінде болуы, уәкілетті органның уәкілетті қызметкері қол қою және мемлекеттік мөрмен растау қажет (электрондық нұсқасы енді жұмыс істемейді). Білетін адамдар бұл тұрақты тұруға рұқсат алуды, әсіресе Ресейден асығыс қашып кеткен және құжат үшін қайтып оралуға қорқатындар үшін тұрақты тұруға рұқсат алуды қиындатады деп сеніммен айтады.
Бір сөзбен айтқанда, бір жағынан, мигранттарға деген шынайы адамгершілік қарым-қатынас, ал екінші жағынан, ықтимал қауіптерден сақтандыруға деген ұмтылыс...