Қазақстанға дұрыс нарықтық экономиканы құруға сол қалпы орайы келмеді. Керісінше, мұнда барлығын мемлекет шешіп, реттейтін, ал оның жасаған қателіктері үшін қарапайым азаматтар төлейтін бұрмаланған нұсқасы шықты. Елімізге биліктің де, бизнестің де, халықтың та мүддесіне сай келетін жаңа үлгі керек екені анық. Ол қандай болуы тиіс? Бәлкім, бізге (егер, басқа нәрселермен қатар, шынын айтқанда, «жоғарыдан» қамқорлыққа үйреніп қалған азаматтардың менталитетін ескеретін болсақ) жоспарлы және нарықтық экономиканың, мемлекеттік және жеке меншіктің симбиозы қолайлырақ болатын шығар? Ондай болғанда стратегиялық секторлар мен ресурстар мемлекеттің қолында болып, тауар өндіру мен қызмет көрсету - нарық жағдайында болар еді. Мысал ретінде – Қытайдағы аралас экономикалық үлгіні келтіруге болады, онда нарық элементтері мен мемлекеттік жоспар бір-бірімен тиімді үйлеседі. Алайда, сөз мамандарға беріледі.
Мағбат Спанов, экономист:
«Бізге жинақталған байлықтарымызды сақтап қалуға мүмкіндік беретін үлгі қажет»
- Нарықтық экономика – бұл, ең алдымен, бәсекелестік. Өкінішке орай, осы классикалық анықтамаға қазіргі әлемдегі экономикалардың аз ғана бөлігі сәйкес келеді. Олардың барлығы белгілі бір өзгерістерге ұшыраған болатын, соның салдарынан көптеген елдер қайтадан мемлекеттің белсенді рөлімен реттеудің кейнсиандық әдістеріне оралып жатыр.
Нақтырақ айтатын болсақ, Қазақстанда классикалық нарықтық экономика 1990 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде құрылып келген. Бізді сөздің тура мағынасында соған итеріп кіргізген республиканың бұрынғы басшылығының еңбегін бағалауымыз қажет. Ол кезде біз әртүрлі үлгілерді – поляктардың да, оңтүстік кореяның да, қытайдың да, шығыс еуропаның да үлгілерін өзімізге көшіріп алуға тырыстық. Бірақ ақыр-соңында біздің модель өзіндік, эксклюзивті болып шықты, оның қателіктері де бар, жетістіктері де бар. Бұл қалыпты жағдай, өйткені барлық нарықтық модельдер тек ортақ негізге ие, бірақ элементтері – әртүрлі.
Аздап жетістіктер туралы айтайын. Жаңа экономикалық модельдің арқасында 1999 жылға қарай ЖІӨ-нің 85 проценті жеке меншіктен, және тек 15 проценті ғана мемлекет меншігінен келіп түскен болатын. Шын мәнінде, бұл бізді 2000 жылдардың басынан бері көрген қуатты макроэкономикалық серпіліске дайындады. Соның нәтижесінде біз 2000 жылдардың ортасына қарай экономикамызды төрт есеге дерлік өсірдік! Оның үстіне бұл модельдің маңызды элементтерінің бірі – мемлекеттің халықты әлеуметтік қорғау жүйесінен нүктелік бағытта, яғни жекелеген топтарға бағытталған әлеуметтік көмек жүйесіне көшуі болды. Дәл сол кезде азаматтардың санасында өзіндік психикалық бетбұрыс пайда болып, олар ақыр-соңыеда өздерінің қолайлы өмірі тек өзіне, дәлірек айтқанда, өздерінің еңбегіне байланысты екенін түсіне бастады.
Содан кейін жаһандық дағдарыс келіп жетті. Ол уақытқа таман мемлекет қатты қаржы ресурстарын жинақтап, Ұлттық (мұнай) қоры жұмыс істей бастаған болатын. Осылай аталатын даму институттары (қазір олар «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтеріне жатады) құрылды, яғни нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеу біртіндеп арта бастады. Қазіргі кезеңдегі басты қателік – біз іс жүзінде саяси реформалардан бас тартқанымыз, сондай-ақ онша дұрыс емес, экономикалық реформаларға басты назар аударғанымыз деп есептеймін. Сол кезде, айтпақшы, билік пен қоғам өзара үнсіз келісімге келді: халық саясатпен айналысудан бас тартқаны үшін оған материалдық игіліктердің бір бөлігін көмек ретінде аударады. Кейіннен бұл принцип экономиканы басқаруды орталықтандыру себептерінің біріне айналды.
Әрине, саяси реформалармен бекітілмеген экономикалық қайта құрулар жаппай минустарға айналды. Соның нәтижесі ретнде бүгінде жалпы ішкі өнімнің 60 процентін квазимемлекеттік секторынан келіп отыр. Мен жоғарыда келтірген сандармен салыстырыңыздаршы, сонда біздің 1990 жылдары жасаған модельдің және нәтижесінде алған модельдің арасындағы айырмашылықты көресіздер.
Бір сөзбен айтқанда, біз Қазақстанда классикалық нарықтық экономика қалыптасып жатыр деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, қазір бізде бар экономиканы жоспарлы экономика деп атау да дұрыс болмас еді. Керісінше, біз мемлекеттің және мемлекеттік реттеудің өте көп қатысуы бар бұрмаланған нарықтық модельге иеміз.
Оның үстіне бұл бұрмалау барлық нәрселерден көрінеді. Мысал үшін, ірі бизнес қажет етіп отырған тұрақтылықты бүгінде тек мемлекет қана қамтамасыз ете алады. Өз кезегінде оның өзі де тұрақтылыққа мұқтаж болып отыр, бірақ оған тек өзіне бағынатындармен жұмыс істеу ыңғайлы. Мысалы, жаңа идеямен жаңа компания пайда болды делік, бірақ оның қалыпты жұмыс істеуіне жол берілмейді, сондықтан аман қалу үшін ол өз мүддесін мемлекет тарапынан қорғай бастауын қамтамасыз ету үшін өзіне лобби жасай бастайды. Теориялық тұрғыдан, бәлкім, бұл жақсы естілетін шығар, бірақ бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан мұндай көзқарас, әрине, нарықтық экономикаға пайда әкелмейді.
Алайда, қазір елдердің барлығына, тіпті дамыған елдерге де, оңай емес болып отыр. Қараңыздаршы, жеке кәсіпкерлікке негізделген американдық үлгі көз алдымызда қалай күйреп жатыр. Америка Құрама Штаттары бүгінде тауармен қамтамасыз етілмеген ақшаны, оның үстіне айтарлықтай үлкен көлемде басып шығарып жатыр. Демек, осыдан жоғары инфляция және басқа да жағымсыз салдарлар туындайды.
Қазақстанның да алтын-валюта қорына қатысты үлкен проблемалары бар. Біз Ұлттық қорды толығымен басқара алмаймыз, өйткені осы уақытқа дейін жосықсыз инвесторларға қатысты жалғасып жатқан процестер өткізіліп жатыр. Осының бәрі жинақталған ұлттық байлықтарымызды сақтап қалуға мүмкіндік беретін жаңа үлгіні іздеу қажеттігін көрсетеді. Ескі модель, белгілі болғандай, енді жұмыс істемейді. Біздің кең аумақты және табиғи ресурстардың үлкен қорын ескере отырып, бізге қандай да бір алтын орта керек шығар. Бұл бірінші. Екіншіден, бізге де осының барлығын қорғай алатындай әскери құрамды қатарды дамытқанымыз зиян болмас еді...
Мұрат Темірханов, экономист, қаржыгер:
«Нарықтық механизмдердің орнына үздіксіз бұрмаланулар пайда болып жатыр»
- Қазір біз Қазақстанға да ауыр тиген 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстан кейін қалыптасқан командалық-әкімшілік «қолмен реттелетін» экономикада екі аяғымызбен де тұрмыз. Сол кезде қаржы жүйесі іс жүзінде күйреді, ал Ұлттық қордан қаражат алу күрт өсіп кетті. «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Қазагро» холдингтері қарыштап өсіп, мемлекеттің экономикадағы үлесін күрт арттырды. Оның нәтижесі ретнде нарықтық жүйеден мемлекеттік капитализмге көшу басталды, ол өз кезегінде индустрияландырудың бірінші бесжылдығымен тұспа-тұс келді. Содан бері қарама-қарсы бағытта, яғни нарықтық экономикаға қарай (бұл туралы көп айтылғанымен) қозғалыс дерлік болған жоқ.
Сайып келгенде, біз не алдық? Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасында қаржы ресурстарын бөліп үлестіру нарықтық механизмдер арқылы емес, шенеуніктердің шешімімен жүзеге асырылып жүр. Үкімет іс жүзінде қаржы жүйесінің де, банк жүйесінің де, қор нарығынын да міндетін өзі атқарып отыр. Кәсіпорындар және халық түрлі жеңілдікті мемлекеттік бағдарламалар арқылы арзан ақша алады, ал банктер үлкен өтімділікке ие болып, «істен тыс» қалып отыр. Мұның барлығы, әрине, бәсекелестікке кедергі келтіреді және қаржы жүйесіндегі нарықтық қатынастарды бұзады. Соның салдарынан экономиканың тиімділігі мен өнімділігінің өсуі баяулай түседі, оның әртараптандырылуы тежеледі.
Басқа сөзбен айтқанда, мемлекеттің экономикаға араласу дәрежесі өте жоғары деңгейде қалып отыр, оның үстіне үкімет өзінің үстемдік жағдайынан бас тартайын деп отырған жоқ сияқты көрінеді. Бір кездері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компанияларын жекешелендіру арқылы оның қатысуын қысқартуға ниет білдірген болатын, бірақ бұл тек еліктеу ғана болып шықты – нәтижесінде мемлекеттік кәсіпорындардың өте үлкен бөлігі бәрібір сонда қалып қойды. Бұл «Бәйтерек», «Қазагро» және басқа да холдингтерге де қатысты – олардың барлығы мемлекет бақылауында болып, экономикадағы рөлін сақтап қалуда.
Қытай сияқты экономикада мемлекеттік сектор айтарлықтай үлес алатын елдерден үлгі алуды үлкен қателік деп есептеймін. Бізге жол көрсетуші, менің ойымша, Канада, Австралия, Норвегия, Жаңа Зеландия болуы керек... Олардың да экспортталатын бай табиғи ресурстары бар, бірақ олар әртараптандырылған, тұрақты жұмыс істейтін экономиканы құра алды. Оның үстіне бұл елдер ерекше жол іздемеген жоқ, олар жай ғана бәсекеге қабілетті болуға ұмтылды және осылайша «ресурстық қарғыс» деп аталатын құбылыстан аман қалды.
Қазақстанның қалыпты нарықтық экономиканы құруға кедергі келтіретін кейбір ерекшеліктері туралы айтылған кезде, мен мұның астарында тек билікті өз қолында сақтап қалу ниеті мен шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын мүмкіндіктерін ғана көремін. Өйткені, ақшаны нарықтық емес жолмен бөлуді тек байлыққа деген құштарлықтан басқа ешнәрсемен түсіндіруге болмайды. Мемлекет импортты, экспортты шектей бастағанда, бағаларды реттеп, халыққа көмектесуге тырысқан кезде диспропорциялар орын алады және нарықтық тетіктердің орнына елдің экономикалық дамуын бәсеңдететін, бизнес мүдделеріне қайшы келетін және үлкен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын үздіксіз бұрмаланулар алынады. Алайда дәл сол жеке инвестициялар экономиканың қозғалтқышы болып есептеледі...
Сондықтан дөңгелекті қайтадан ойлап табудың және Қазақстан халқының ерекше менталитетіне сілтеме жасаудың керегі жоқ. Экономиканы ырықтандыру жолымен жүру қажет, оның ішінде Ұлттық қорды ол үшін теріс салдар тудырмайтындай сауатты басқару қажет. Сонда біз бәсекеге қабілеттілік жағынан екінші Канада немесе Норвегия болуымыз ықтимал.
Нұрбек Ысқақов, Esperio компаниясының сарапшысы:
«Бұл қиын эволюциялық жолдың тек басы ғана»
- Толығымен нарықтық экономикалар тек қана макроэкономика оқулықтарының беттерінде ғана бар. Олар негізінен тек абстрактілі экономикалық заңдарды дұрыс модельдеу және шығару үшін қажет, олардың көмегімен біз идеалдан өте алыс жағдайларда өзімізді қалай ұстауымыз керектігін түсінуге тырысамыз. Шын өмірде барлық елдерде, тіпті нарықтық капитализмнің тірегі болып есептелетін елдерде де нарықтық және жоспарлы жүйелер үйлеседі.
Бірақ олардың кейбіреулерінде ғана тарихи факторларға, географиялық ерекшеліктеріне және ұлттық менталитетіне байланысты мемлекеттің рөлі жоғарырақ. Мысалы, бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Қытайда, әлемдегі ең үлкен аумағы бар Ресейде және осы екі алпауыттың экономикалық және саяси орбитасында орын алған Қазақстанда. Ал АҚШ, Ұлыбритания және Германия сияқты кейбір елдерде осымен бірдей сияқты болып көрінетін себептермен (тарихи, географиялық, психикалық) мемлекеттің қатысуы соншалықты көп емес. Әрине, оларды толығымен нарықтық деп есептейтіндей дәрежеде аз емес, бірақ жоспарлы экономикадан салыстырмалы түрде жақында шыққан елдер қаншалықты алысқа бара алатынын түсіну үшін жеткілікті дәрежеде емес.
Қазақстанның жоспарлық жүйеден қаншалықты алыстай алғандығын түсіну үшін оның негізгі ерекшеліктерін еске салу қажет. Біріншісі – бұл әрбір кәсіпорын бойынша мемлекеттік өндіріс жоспарының болуы. Бүгінде отандық экономикада мұндай ештеңе жоқ екені анық. Оның үстіне, кәсіпорындардың көпшілігі қандай өнімді және қандай мөлшерде өндіру керектігін өзі дербес шешуге құқылы. Командалық-әкімшілік жүйенің екінші ерекшелігі – өндіріс құралдарына иелік етудегі мемлекеттің үстемдік рөлі. Егер қазіргі уақытта оның үлесі 15-17 процентке бағаланып отырғанын ескеретін болсақ, Қазақстан экономикасы енді жоспарлайтын жүйенің критерийлеріне сәйкес келмейді және олар айтқандай, «нарықтық рельстерге» көшті деген қорытынды жасауға болады.
Алайда, нарықтық экономикаға көшу өздігіне бұл күрделі эволюциялық жолдың тек бастамасы ғана. Ол бойынша Гарвард профессоры Майкл Портер ұсынған градацияға сәйкес елдер дамудың негізгі қозғаушы күші арзан жұмыс күші немесе салыстырмалы түрде арзан пайдалы қазбалардың үлкен қоры болып табылатын бірінші деңгейден (олар негізінен өндірістік қызметтен бас тартуға және капиталды экспорттауға шоғырлануға мүмкіндік беретін осындай байлыққа ие болады) технологиялық серпілістің арқасында төртінші деңгейге көтеріле алады.
Қазақстан экономикасы бүгінде нарықтық дамудың бірінші деңгейі мен екінші деңгейінің арасында тұр, мұнда өндіріс тиімділігі – өсудің негізгі драйвері болып табылады. Ал оған тек жергілікті тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау арқылы, инфрақұрылымды инвестициялау және бизнесті несиелендірудің жеңілдетілген бағдарламалары арқылы ғана қол жеткізіледі.
Айтпақшы, жақында, 2000-2010 жылдары Қытай дамудың екінші кезеңінен өтті. Келесі, үшінші, кезеңнен өсудің драйверлері инновациялық тауарлар мен қызметтерді өндіру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) болады. Бәлкім, дәл сол Аспан асты елінің жетістігі қазақстандық қоғамды мемлекет тарапынан бизнесті қолдау жөніндегі қытайлық тәжірибені пайдалана отырып, дамудың екінші кезеңіне тез өтуге итермелейтін болса керек.
Мұны іске асыру біздің қолымыздан келетінін айту қиын, өйткені экономика эволюциясының алғашқы екі кезеңі арасындағы тосқауылдарды еңсеруге қазіргі көзқарас қазірдің өзінде қатарынан екінші рет орын алып отыр. Біріншісі 2007-2008 жылдары қолға алынған болатын, бірақ әлемдік қаржы дағдарысының басталуына байланысты ол сәтсіз аяқталды. Енді көкжиекте тағы да жаһандық рецессия байқалып келе жатыр, алайда Қазақстан Республикасы басшылығының экономикалық дауылға төтеп беру үшін білімі мен тәжірибесі жеткілікті болады және онша көп кері шегінбей, дамудың жаңа деңгейіне көтеріле алады деп сенейік. Егер олай болмаса, тағыда 8-10 жыл күтуге тура келеді.