Өте алаңдатарлық үрдіс – қазақ социумының жаппай санасының тоқтаусыз діндарланып жатқаны жөнінде біз бірнеше рет жазған едік. Ал оның көріністеріне барған сайын жиілетін және өмірдің әр түрлі саласында тап болуға мәжбүр болып жүрміз. Жақында мен Facebook-те тағы бір осыған ұқсас оқиға туралы оқыдым.
Шығыс жекпе-жегінің бір түрімен (джиу-джитсумен немесе тхэквондомен) айналысатын қыз өз парақшасында келесі оқиға жөнінде айтқан екен. Оның жаттығып жүрген спорт залының иелері ауысыпты. Жаңа қожайындар бірден өз ережелерін енгізген екен, енді оған сәйкес ерлер мен әйелдер бұл залда бір мезгілде спортпен айналыса алмайтын болып қалыпты. Ал сол қыз ерлер жарысын тамашалауға келген кезде, оны залға кіргізбей қойыпты. Түсіндіруі қарапайым болғанмен, оның да себебі сол: жарысқа ер спортшылар қатысатындықтан, әйел-жанкүйерлердің трибунада отыруына тыйым салынады. Мінеки, жалпы сөздермен айтқанда, оқиға осындай.
Шынымды айтайын, ол оқиға маған өте қайғылы түрде әсер етті. Ортодоксалды көзқарастарды ұстанатын кейбір отандастарымыз өз уағыздарымен мезгіл-мезгіл баспасөзде, теледидарда, Youtube-те әр түрлі арналарға шығып, жоғары білім алған және табысты мансапта жүрген әйел «күшті жынысты», яғни ерлерді құрметтемейді, демек, өзінің күйеуін де құрметтемейді дей отырып, әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын шектеуді талап етуі – бұл бір нәрсе. Мұндай декларацияларды естіген кезде не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Алайда, шындығын айтсақ, мұнда күлу емес, осы мәселеге көпшіліктің назарын барынша аудару керек. Әлем жаһандану процестерін тереңдетіп жатқан кезде, біздің қоғамды обскурантизм мен ортодоксалдық сананың тұсауы одан да қатты баулап жатыр.
Бірақ осы жағдайда да, қарастырылып отырған оқиға – әдеттен тыс шығып кеткен нәрсе. Ол маған Рубикон сияқты бір нәрседей көрінеді, ал егер біз одан өтіп кетсек біздің қоғам мен өзіміздің барлығымыз болашағымыз тұрғысынан онша жақсы емес нәрсеге батып кетуіміз мүмкін. Өйткені бұл енді қандай да бір абстрактілі уағыз немесе идеологиялық декларация емес, бұл әбден нақты әрекет ету. Және бұл жерде, менің ойымша, бірнеше іргелі нюанстар бар.
Біріншіден, осы әзірге аты-жөні белгісіз азаматтардың жасаған әрекеттері (олар спорт залының иелері ме, жалға алушылары ма – маңызды емес) Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылатын және дінге сенушілер мен сенбейтіндерге тең құқықтарға кепілдік беретін Конституцияға толық қайшы келеді. Оның үстіне, естеріңізге салып кетейік, біздің мемлекет ар-ождан мен дін бостандығы мәселелерінде бейтараптықты ұстанады және қандай да бір дінге қолдау жасамайды. Сонымен бірге, ол ортақ игілікке жету және қазақстандық қоғамдағы рухани-адамгершілік принциптерді нығайту мақсатында тең дәрежелі мемлекеттік-конфессиялық ынтымақтастыққа мүдделі.
Шамасы, және бұл екіншіден, спорт ғимаратының жоғарыда айтылған иелері (немесе жалға алушылары) олардың субъективті ерік-жігері мемлекеттің заңдарынан маңызды деп есептейді. Немесе олар қолданыстағы заңдар мүлдем олар үшін жазылмаған деп сеніп алған шығар? Қалай болғанда да, менде дәл осындай сезім пайда болды. Біздің қоғамда құқықтық нигилизм терең тамыр алғанын ескерсек, таң қалатын ештеңе жоқ сияқты. Бірақ, айтарлықтай, нигилизм нигилизмнен ерекшеленеді. Әңгіме әдеттегі құқықтық сауатсыздық жөнінде болғаны бір жөн, ал қолданыстағы заңдармен есептескісі келмеу өмірде қатаң белгіленген позиция ретінде қалыптысқаны – бұл мүлде басқа нәрсе. Оның үстіне, ол сөзсіз реакциялық мағынадағы діни философияға негізделген.
Ал бұл жерде байыпты түрде ойланатын нәрсе бар. Соңғы жылдары байқалып жүрген тенденциялар Қазақстанның қоғамдық өміріндегі мұндай көріністер жылдамдап, көбейе түседі деген жасырын сезім тудырады. Менің ойымша, бұл әзірге тек басы ғана, ал қазақ қоғамы мен біздің мемлекетіміз үшін ащы және зиянды жемістері әлі алда...
Бұл жерде Қазақстан мемлекетін сырттағы бақылаушылардың көз алдында, өкінішке қарай, күлкілі (егер мұндай сөз орынды болса), алдамшы және тіпті бөлектенген етіп көрсететін бірнеше аспектілер бар. Дәлелдер керек пе? Менде олар бар...
Неге күлкілі дейсіздер ме? Тәуелсіздік алған сәттен бастап бізге демократиялық және зайырлы мемлекет құрып жатырмыз деп айтып келеді. Ал іс жүзінде бәрі тура керісінше болып шығып жатыр. Қалай да болмағанда, біздің батыл спецназ анда-санда болса да, уақыт өте келе бір жерден секіріп шығатын қандай да бір уаһабиттермен күресіп жатады. Немесе өзін «қоғамдық моральдың сақшысы» деп есептейтін «уятмендер» арасынан шыққан тағы бір оғаш ойлы адам астанадағы мүсіндік ансамбльдерді, оның сезіміне жаман әсер еткені үшін, киімдермен жауып қоюға тырысады. Немесе мінеки, спорт залы әкімшілігінің әйелдерге ерлермен бірге бір бөлмеде болуға тыйым салынады деген қатаң талабы. Ал тәжірибеде ер адам да, әйел де жаттықтырушы болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, біздің мемлекет кейде екіжүзді Янусқа ұқсайды: бір жағынан, біз ең дамыған демократиялық елдер орнатқан шыңға жетіп жатқанымыз туралы декларациялар бар, ал екінші жағынан мектептерге хиджаб киген қыздарды кіргізуге рұқсат етіледі ме, жоқ па деген мәселе бойынша ұлттық пікірталастар жүріп жатыр. Бірақ тағы да, біздің мемлекеттік құрылымның зайырлы сипатын растайтын Конституция мен одан шығатын басқа заңдар жөнінде не айтуға болады? Біз басын құмға тығып тұрған атақты страус сияқты болып кеткен жоқпыз ба?
Біздің алдамшылдығымыз – бұл, айтарлықтай, қазақ дәстүршілдігімен қатты антагонизмге кіретін жаңадан еңгізілген исламдық көзқарастармен қатар, қазақтардың дәстүрлі мәдениетін мақтауды ұнататындығымызда. Дәстүрлі мәдениетте, бізге қазақшылдықты ұстанушылар айтып жүргендей, қазақтар әрқашан қызды немесе әйелді тұғырға делік шығаратын. Бұл жөнінде көптеген мақал-мәтелдер және өлеңдер бар. Бірақ өмірде қазақ әйелдері барлық салада өздерін көрсеткеніне қарамастан (және бұл үдеріс одан да үлкен қарқын алып келеді), қазақтар көбінесе белгілі бір нанымдағы исламистік қозғалыстардың ізбасарлары ретінде өздерін ортодокстар сияқты ұстайды. Оны біз, шын мәнінде, жаттығу залы және жекпе-жекпен айналысатын спортшыларымен болған жағдайдын мысалынан көріп отырмыз.
Енді сегрегацияға келетін болсақ. Қарастырылып жатқан іске қайта оралайық. Әйелдер мен ерлерге бірге жаттығуға болмайды деп мәлімдеген сол санасы шектеулі адам (немесе адамдар) «автоматты түрде» ислам ортодокстарының ағымында әрекет етіп жатыр. Тиісінше, ол залға тек әр түрлі жыныстағы мұсылмандарды ғана емес, жалпы исламды қабылдамайтын Қазақстан азаматтарын – орыстарды, немістерді, кәрістерді және т.б. кіргізбейді. Мұндай жағдайда қазақ еместер бұл ақымаққа мүлде бармайтын болады. Құдайға шүкір, Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте, Қостанайда, Оралда, Ақтөбеде қазақ еместер басқаратын және спортпен шұғылданғысы келетін кез келген адам және бәрі – әйелдер мен ерлер, діндарлар мен атеисттер, соның ішінде кешіріңіздер, дәстүрлі емес бағыттағы адамдар келе алатын көптеген спорт залдары бар. Қалай болғанда да, этникалық және діни белгілер бойынша бөліну қазірдің өзінде айқын көрінеді. Бұл сегрегация болмағанда не?
Заңды ұстанатын азамат және толерантты адам ретінде, мен біздің тиісті мемлекеттік құрылымдардың (ең алдымен, прокуратураның – басты қадағалау органы ретінде) осындай жағдайлар туындаған кезде, мұндай шектен шығулар барлық салдарлармен бірге сапаға өсіп кетуі ықтимал тұрақты үрдіске айналып кетпеуі үшін олардың салмақты қатысуын көрсететін уақыт келгеніне терең сенімдімін. Әлемдік тарих ортоксалдық көзқарасы басым болған мемлекеттер мен қоғамдардың толық экономикалық және әлеуметтік деградациясының көптеген мысалдарын біледі. Біз үшін ең жарқын және көрнекті мысал – Ауғанстан, ал оның жаңа иелері – Талибан жөнінде – бүгінде әркім біледі.
Ал бұл бізге керек пе?..