Теңдікке байланысты мәселелерді шешуге үнемі тырысып жатқанмен, Қазақстандағы гендерлік теңдік тақырыбы өзекті болып қала береді. Қазақстандық саясаттағы әйелдердің саны өте аз екендігі жөнінде біздің сарапшылар «Қазақстанның саяси аспазханасын қашан әйелдер басқаратын болады?» деп аталатын мақалада әңгімелеп берген болатын. Феминизм жайлы осы тақырыпты жалғастыра отырып, мемлекеттің қатысуымен компаниялардың басшылық лауазымдарына әйелдер квотасы жөнінде, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңы жайлы біз БҰҰ мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, гендерлік сарапшы Аида Әлжановамен әңгімелесіп отырмыз.
- Көптеген адамдар гендерлік мәселелерді қайдағы бір еуропалық қыңырлық деп, ал бізде онсыз да жемқорлық, жұмыссыздық сияқты проблемаларымыз жеткілікті деп есептейді.
- Гендерлік мәселелер – демократиялық дамудың негізі болып табылады. Конституция бойынша Қазақстан демократиялық ел деп жарияланғандықтан, ешқандай кемсітушілік болмауы тиіс. Бізде барлық буындар мен әртүрлі жастағы адамдар демократия туралы, әрқашан міндеттермен бірге жүретін құқықтар жайлы айтқанды ұнатады, бірақ олар туралы дауыстап айтқанды жақтырмайды. Осының нәтижесінде бізде әйелдер, олардың саны еркектердің саныннан әлде қайда көп болғанына қарамастан, ең үлкен кемсіту тобы болып табылады. Ал гендерлік теңдік көрсеткіштері тиісті деңгейде болмайынша, демократия туралы айтуға ерте. Бұл басқарудың ғасырлар бойы дамып қалыптасқан патерналистік деңгейінің көрінісі, сондықтан бәрін бірден өзгерту өте қиын. Адамдар гендерлік теңдік біздің менталитетімізге сай келмейтініне сілтейді, бұл тек Батысқа тән гендерлік мәселелер деп айтады, бірақ сонымен бірге өздері Батыста оқығысы келеді, Батыстың жетістіктерін пайдаланғысы келеді, ал соңғы онжылдықтардағы батыстық жетістіктер ешқандай топтарды кемсітпеудің демократиялық әдісімен тығыз байланысты.
- Бізде ерлермен салыстырғанда әйелдер көп. Бірақ сонымен бірге оларды үнемі жастармен немесе ЛГБТ-қауымдастығымен біріктіріп қояды. Яғни, олар көпшілікті азшылық деп атауға тырысады.
- Бұл патриархалдық басқарудың тактикасы. Адам ешқашан өзінің привилегияларынан өз еркімен бас тартпайды. Ретроградтар үшін әйелдер, ЛГБТ өкілдері, жастар – бәрі бірдей. «Неге олар ашуланады, оларда бәрі бар ғой?» деген сөздер билік пен толық құқылығымен бөліспеу деген санасыз ниет. Ер адамдар: «Сендер неліктен уайымдайсыңдар, біз сендерді қорғаймыз ғой» - дейді. Мұндай позиция елдің барлығы бір-бірімен соғысып, ал әйелдер үнемі жаңа жауынгерлер үшін жүкті инкубатор болған заманда ғасырлар бойы қалыптасқан.
- Сонымен қатар, қазіргі кезде әйел өзін-өзі, оның ішінде экономикалық тұрғыдан да, қорғай алады.
- Бұл ең алдымен саяси құқықтармен байланысты. Посткеңестік елдерде Октябрь төңкерісінен кейін ол құқықтар бізге аспаннан салбырап түсті, ал Батыста әйелдер өз құқықтары үшін күресіп, 19 ғасырдың ортасынан бастап шын мәнінде өлімге барды ғой. Бұл феминизмнің алғашқы толқыны болды. Саяси құқықтарды алғаннан кейін әйелдер білім алу құқығын талап ете бастады. Білім алуға қолжетімділік әйелдердің еңбек нарығына шығуына және ерлермен бәсекелес болуына өз әсерін тигізгі.
Гендерлік теңдікте өте маңызды рөлді Екінші дүниежүзілік соғыс атқарды. Ерлер майданға аттанды, ал әйелдер олардың жұмыс орындарына орналасып, барлық жұмысты тамаша орындай алды. Содан кейін еркектер қайтып келіп, әйелдерді қайтадан «ас үйге» айдап салды.
Гендерлік теңдік мәселесіне контрацепцияның пайда болуы өте қатты әсер етті. Адамзаттың өмірі бойы әйел тұрақты түрде жүкті болып, бала емізуден қолы босамайтын және қарапайым санитарлық-гигиеналық жағдайлардың болмауына байланысты және қол жетімді акушерлік көмектің болмауына байланысты босану кезінде жаппай өлімге ұшырайтын. 20 ғасырдың басында әйелдің өмір сүру ұзақтығы ер адамға қарағанда 5-6 жасқа аз болған. Әйелдер өздерінің құнарлылығын бақылауды үйренгеннен кейін, оларда жеке әлеуетін іске асыру үшін бос уақыт пайда болды. Ал жеке әлеуетін іске асыру әрқашан жеке дамуға және өзіне инкубатор ретінде емес, тұлға ретінде қарауды талап етуге әкеледі.
- Әйелдер құқығы туралы айта бастағанда, кейбір адамдар «зұлым феминистер» туралы мифтермен қорқытады. Бұл немен байланысты?
- Феминизм өз-өздігінен – өте кең философиялық ұғым. Мен үшін бұл қоғамдық алаңда неғұрлым көбірек әйелдердің болуына деген мүмкіндік. Оны «зұлым» деп атайтындар – ол өздерінің привилегияларымен бөліскісі келмейтін, сондықтан феминистік қозғалыстың жетістіктерін төмендетуге тырысатын ер адамдар. Бұл вакцинациямен байланысты болып жатқан жағдай сияқты – барлық ақпараттық науқандар бір принцип бойынша құрылады.
- Бұл ретте вакцинация туралы ақпараттық науқан мемлекеттік деңгейде басталды, ал феминизм жөнінде ондайды айта алмаймыз.
- Соңғы бірнеше апта бойы мен бұл туралы біздің шенеуніктермен сөйлесіп келе жатырмын. Олар гендерлік саясатпен не болып жатқаны жөнінде алаңдайды. Мысалы, Қарағандыдағы соңғы оқиға, онда діндарлар деп аталатын адамдар тобы феминистер мен ЛГБТ өкілдері бастаған тренингке наразылық білдірді. Бірақ сонымен бірге әйелге немесе балаға зорлық-зомбылық жасалған кезде, тіпті зорлық-зомбылықты имам жасаған кезде де, олар наразылық акциясына шықпайды. Бұл билік үшін гендерлік теңдік не нәрсе екендігінің көрінісі – бұл тек халықаралық ұйымдарда есеп беру кезінде олардың пайдаланатын жай ғана сөздері. Олар халықаралық ұйымдарға есеп беру кезінде қолданатын сөздер. Бірақ елімізде гендерлік теңдікті ілгерілету бойынша дәйекті саясат жүргізілмейді. Тіпті бұған жауапты атқарушы орган да жоқ. Тек әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі консультативтік-кеңесші ұлттық комиссия ғана бар, оны аз адамдар біледі және елімізде оның күш-салмағы жоқ. Тіпті комиссияның атауы да кемсітушілік болып табылады – бұл әйелдердің қоғамдағы рөлін анық көрсетеді.
Бұл мәселені шешу үшін жоғары саяси ерік-жігерден басқа жақсы ойластырылған ақпараттық науқандар қажет – әр түрлі көздерден бір хабар үнемі айтыла берген кезде, адамдар оған үйреніп кетеді. Ал егер біз феминизм мен гендерлік теңдік туралы сыбырлап қана айтатын болсақ, онда не күтуге болады. Егер сіз бір нәрсені түсінбесеңіз, бұл ол нәрсе жоқ дегенді білдірмейді ғой. Менен ер адам: «Сізде қандай проблемалар болуы мүмкін?» деп сұраған кезде, мен оған: «Сіз мұны біле алмайсыз, өйткені сіз әйел емессіз», - деп жауап беремін. Ал министрліктер мен ведомстволарды гендерлік теңдік мәселелерін түсінбейтін (тағайындалған депутаттар сияқты) ер адамдар басқарады.
- Осы жерде біз бірінші сұраққа ораламыз. Адам тамақтануға қалай ақша табуға болатынын ойласа, оны гендерлік мәселелер мен әйелдердің құқықтары онша алаңдатпайды.
- Мен БҰҰ-да жұмыс істедім және үшінші әлемнің көптеген елдерінде болдым. Ал Қазақстан ең «аштыққа ұшыраған» ел емес, тіпті Орталық Азияда да. Бізде өлім себептері дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді – ешкім аштықтан өлмейді, керісінше семіздіктен, жүрек-қан тамырлары ауруларынан және онкологиядан өліп жатыр. Қазақстанда ресурстарды басқарумен байланысты мәселелер бар. Тіпті кедей отбасының қолында бар шағын ресурстары да дұрыс жұмсалмайды. Көп балалы отбасылар АӘК (АСП) ақшасына той өткізген жағдайлар бар – олар ол туралы өздері чаттарда жазады. Бірақ АӘК аз қамтылған отбасыларына балаларына кітап, дұрыс тамақ, ойыншықтар, киім сатып алу үшін беріледі. Айтпақшы, дамыған елдерде әлеуметтік көмектің мақсатты пайдаланылуын мемлекеттік органдар да, азаматтық ұйымдар да бақылайды. Жергілікті қоғамдастықтың адамдарының өз ережелері бар. Мысалы, материалдық жағдайына қарамастан ас беру, туған күндерді тойлау. Адамдар: «Бұл біздің дәстүр», - деп айтқан кезде мен оларға онда сіздерде әйел жұмыс істемеуі керек, ал ер адам өз отбасын экономикалық тұрғыдан толық қамтамасыз етуі тиіс, әйелі мен бала үшін жауапкершілікті өз мойынына аулы қажет деп жауап беремін. Бізде қанша алиментшылар қашып жүргенін қараңыздаршы. Бұл – ұғымдарды алмастыру: өздеріне ыңғайлы болған кезде олар дәстүрлерін сылтау етеді, ал олай болмаған кезде олар жауапкершіліктері жөнінде ұмытып, құқықтарды талап ете бастайды.
- Қазақстан 2001 жылы әйелдерді кемсітуді жою туралы конвенцияға да қосылды. Біз 20 жылда не істедік?
- Әр үш жыл сайын Қазақстан баяндама дайындап, БҰҰ-ның тиісті комитетіне есеп береді. Жетістіктердің бірі – 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң», «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң». Бұл айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажет етпейтін негіздік заңдар. Біз 2001 жылдан бастап бір топ белсенділермен бірге осы заңдарды насихаттауға қатыстық. Бірақ бұл заңдарды тек 2009 жылы қабылдады. Ішкі қарама-қайшылық болды, бірақ ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ) «қысымымен» бұл ұйымға төрағалық ету үшін заңдар қабылданды. Яғни, қандай да болмағанда біршама даму жүріп жатыр. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң қабылдады. Комитет үнемі бұл саладағы жетістіктерді қарастырып және оны жақсарту бойынша ұсыныстар беріп отырады.
- Олай болса, неліктен мемлекет «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заңды қорғай алмады? Ол қазір вакцинацияға қарсы болып жүргендердің шабуылынан жеңіліп қалды. Осының барлығын істеп жатқан сол бір адамдар ғана.
- Мәселе заң шығару бастамасының басымдығы президентке тиесілі, содан кейін үкіметке, ал тек содан кейін ғана депутаттарға тиесілі болғандығында. Бұл біздің еліміздегі билік тармақтарының бірі ретінде парламентке деген көзқарасты тағы бір рет көрсетеді. Қарап отырсаңыз, осы жылдар ішінде депутаттар санаулы заңдарға ғана бастамашы болды. Олар заңның тұжырымдамасын жазады, үкіметке береді, ал үкімет қанша ақша қажет болатындығын сұрайды. Бірақ депутаттардың өздері есептей алмайды – олар көбінесе қаржыгерлер емес. Ал үкімет, заң олардан шықпағандықтан, депутаттардың орынына оны есептегісі келмейді.
Сондықтан, депутаттар көбінесе ақшаны қажет етпейтін заңдарды көтереді. Бірақ егер заң қаржылық инвестицияларды қажет етпесе, бұл жұмыс істейтін заң емес болып шығады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» жаңа Заңның тарихы – ол баршамызға жақсы тәжірибе. Депутаттар бұрын неғұрлым жабық форматта жұмыс жасады. Ал желідегі өмір барынша кең қатысуға мүмкіндіктер тудырып, әр түрлі азаматтық қоғам ұйымдарына өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді.
Белгілі болғандай, біздің депутаттар да, үкіметтік емес ұйымдар да қалыпты құрылымдағы талқылау форматында жұмыс жасауға әзірге дайын емес. Сондықтан бұл талқылаудың тақырыбынан алыстатпайтын, қорлауға және буллингке көшуге жол бермейтін кәсіби фасилитатор-модераторды қажет етеді. Бірақ бұл – тәжірибе, және егер барлық қателіктер ескерілетін болған жағдайда ерте ме, кеш пе қоғамда қалыпты дискурс мүмкін болады. Оның үстіне сайлау болды. Ескі депутаттар заңды қорғай алмады, жаңа депутаттар онымен мүлде айналыспайтындары жөнінде айтты, өйткені олар оның бастамашылары емес. Ал егер заң бастамашысы Президент болса, онда бәрі дұрыс өтетін еді.
Оның үстіне, заңға ең үлкен қарсылықты Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура көрсетті, онда жұмыс істейтіндердің 90% астамы еркектер, қауесеттер бойынша, олар өздері де отбасында зорлық-зомбылық әдістеріне жүгінеді, яғни, бұл құрылымдар абьюзерлердің, қиянат жасаушылардың ықтимал ортасы болып табылады. Күштік ведомствалар «жауларға» қарсы күш қолдануға арналған, бірақ олар көбінесе ол күшті әлсіздерге қарсы қолданады. Мен бас прокурор ретінде гендерлік сезімтал адамның, ал ең жақсысы – әйелдің болуын қолдаймын.
- Бұл мүмкін бе?
- Неліктен мүмкін болмасқа? Егер бас прокурор гендерлік теңдік туралы ештеңе түсінбесе және ол жынысына, дініне, жыныстық қалауына қарамастан заңдардың орындалуын қадағалауы керек болса, онда оны орнына түсінетін адамды қойыңыз.
- Көптеген әйелдер заңға қарсы болғаны есімізде. Бұл қорғану әдісі ме?
- Егер әйел өзіне үнемі екінші дәрежелі болу керектігін айтатын қоғамда өскен болса, оған шу шығармауға кеңес берілетін болса, оған «өзің кінәлісің» деп айтылатын болса, ол шынайы сезімдерді басады, «жарқырамауға» тырысады. Олардың көпшілігі тек күйеуі жағынан ғана емес, енесі жағынан да қорлануға ұшырайды. Бір сәтте ол осының бәрі үшін өз балаларынан өш алады. «Баланың басынан ұрып жіберу – бұл қорқынышты емес». Әйелдер заңға қайшы болды, өйткені олар балаларын жазалайды және мұны солардың мүддесі үшін жасаймын деп есептейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үнемі циклдік және ол әрдайым өсе береді.
- ҰҚШҰ (НСОД) мүшелері мемлекеттің қатысуымен компанияларда басшылық лауазымдарға әйелдер квотасын енгізуді ұсынды. Тоқаев бүгінде басқаруда тек 5-7% ғана әйелдер бар екендігін хабарлады. Ал оны 30 процентке дейін жеткізу керек.
- Мен мемлекеттік корпорацияларда жоғары лауазымдардағы әйелдер арасында сауалнама жүргізгім келеді. Бұл лауазымға жету үшін оларға қанша уақыт пен күш жұмсалғанын және ер адамдарда ол үшін қанша уақыт қажет болғанын сұрағым келеді. Бүгінгі таңда басқарушылық қызметтерді жас жігіттер алып отыр және аз мөлшерде ересек, білімді, кәсіби әйелдер бар. Жоғары білім тәжірибе мен жетістіктермен бірге жүруі керек. Мен мемлекеттік қызметкерлердің құрамын қарадым. Мемлекеттік қызметте 56% әйелдер. Жоғарғы орындарды оның 10% алады. Ал 46% қайда жоғалып кетті? Департамент директорлары және бөлім меңгерушілер арасында әйелдер өте көп. Және олар жоғары білікті мамандар болып табылатын еңбекқорлар... Осы әйелдер – үкіметтің «алтын қоры».
Жақында Алматы қаласының бюджеті туралы есеп болды, бір жас жігіт келіп, бәрін қағаздан оқып берді. Ал сұрақтар жауа бастаған кезде, оның орынбасары – әйел адам ол сұрақтарға өте сауатты жауап берді. Ал егер ол ұзақ уақыт жұмыс істеген болса және бәрін біліп тұрса, неге оны бастық етіп тағайындамасқа? Неліктен ол әлі орынбасар болып отыр, ал жас жігіт қайдағы бір жоқ жерден түсірілген?
- Қазақстан саясатындағы әйелдердің саны өте аз. Бұл аймақ басшылары арасындағы жалғыз әйел Гүлшара Әбдіқалықова, екі министр бар – мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ақпарат және әлеуметтік даму министрі Аида Балаева, сондай-ақ министрліктерге теңестірілген Қаржылық қадағалау агенттігінің басшысы – Мадина Әбілқасымова. Егер үкіметте әйелдер көп болса, бұл нені өзгертеді?
- Елімізде ақылды да білімді әйелдер тапшы болып қалғандай, бізде саясатта бірнеше әйелдердің ғана айналуы орын алуда. Егер бұл «token women» – яғни «тағайындалған әйелдер» болса, олар ешнәрсені өзгертпейді. Ал егер саяси ұстанымына, жариялылығына, білімі мен құзыреттілігіне қарай әйелдерді ашық түрде іріктеу принципі болса, онда бұл әйелдер ең жоғары үміттерді ақтай алады.
Фото: Indicator.ru