Жуырда біздің басылымымызда саясаткер, экономист, қоғам қайраткері Петр Своиктің модернизация үдерістеріне кірігуіне Қазақстанға не кедергі болатыны жөнінде және өткенге немқұрайдылық не себептен болашаққа ұмтылуға тежегіш болатыны туралы «Неліктен қазақтар модернизацияға қарсы?» деп аталатын сұхбаты жарияланды. Оқырмандардың бұл тақырыпқа деген қызығушылығын ескере отырып, біз оны саясаттанушы, «Кто есть кто в Казахастане» өмірбаяндық энциклопедиясының авторы Данияр Әшімбаевпен жалғастыруды жөн көрдік.
Серпіліске итермелеу жоқ
- Данияр Рахманұлы, сіздің көзқарасыңыз бойынша, жаңғыртудың ең басты шарты қандай?
- Модернизация – айтарлықтай қу ұғым. Ол болашаққа секіруді қамтамасыз ету үшін, белгілі бір заманауи стандарттарға сәйкес болуды талап етеді. Бұл ретте, мұндай серпіліс үшін неғұрлым қолайлы бастапқы жағдайларды жасау өте жиі өткен кезеңді қаралаумен қатар жүреді. Бұл туралы өз сұхбатында Петр Своик айтып кеткен болатын.
Біздің жағдайда, әрине, ол түсінікті нәрсе, Қазақстанды білімі мен мәдениеті бар, урбанизациясы жоғары аграрлық-индустриалды республикаға айналдырған кеңестік модернизация кінәлі болып шықты. Иә, қазақтар бұл секіріс үшін, КСРО-ның басқа халықтары сияқты, айтарлықтай жоғары баға төледі, бірақ тұтастай алғанда, жоба сәтті өткенін мойындау қажет.
Кеңестік жүйе келесі секірістерге өзінде стимул таба алмағаны – ол басқа мәселе. Бұл көбінесе ол белгілі бір дәрежеде өз мақсатын жоғалтқандығына байланысты. Ал мақсатсыз қандай жаңғырту болуы мүмкін? Белгілі бір даму міндеттері, әрине, тұжырымдалып жатты, әлеуметтік, өндірістік инфрақұрылым құрылуы жалғастырыла берді, бірақ одан әрі стратегия мәселелерінде әр жолы догматикаға кетіп қалып жүрді. Соның салдарынан ел құлдырады. Ал экономикадағы жүйелі мәселелер түріндегі агония жағдайына ол өзінің күйреуінен көп бұрын – 1970-1980 жылдары кірген бастаған. Тек халық деңгейінде бұл онша байқалмады...
- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы айтылған «мақсатқа» ие болды ма?
- Тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан тездетіп нарықтық экономиканы, ал шын мәнінде капитализмді құра бастады – билік бұл терминді оның айналасындағы жағымсыз ассоциацияларға байланысты ешқашан қолданбаған. 30 жыл өткеннен кейін біз сол жетістікке жеттік деп айта аламыз. Бірақ, шындығы керек, қазіргі экономикалық модельді табысты деп айту қиын, өйткені онда тиімді нарықтық жүйеге тән маңызды элементтер жоқ.
Мәселен, біз әділ сот жүйесін құра алмадық, бізде әділдік деген ұғым принципті түрде бұлыңғыр болғаны жөнінде тіпті айтып отырғаным жоқ. Біз денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларында сапалы өсуді қамтамасыз ете алмадық. Соңғысы (әсіресе бұл жаратылыстану және техникалық ғылымдарға қатысты) нарық жағдайында ешкімге қажетсіз болып шықты. Гуманитарлық бағыттағылар алғашында үгіт-насихат жұмыстарынын арқасында өмір сүруін жалғастырған болатын, бірақ ақыр-соңында олар да қурап қалды. Сонымен бірге технократиялық жаңғырудың қозғаушы күші болған, соған сәйкес тенденцияларды белгілеген ғылыми-техникалық интеллигенция да құбылыс ретінде жоғалып кетті. Оның орнына шығармашылық интеллигенция келді, бірақ ол мұндай болып табылуы екіталай, өйткені ол енді ешқандай шығармашылық беріп жүрген жоқ.
Біздің бүкіл нарықтық экономикамыз, жалпы алғанда, шикізат экспортына сүйенуді жалғастыруда, онда іс жүзінде өндірістік құрамдас жоқ (өзінің кейбір әзірлемелері, технологиялық жаңартулар және т.б.). Тек оның нысаны ғана аздап өзгертілді, ал құрылымы сол күйінде қалды, бір ғана айырмашылығы, мен айтып кеткенімдей, ғылым, техника және қалаларда болған шағын өнеркәсіптік әлеует (өндіріс, өңдеу өнеркәсібі жайлы айтып отырмын) жоғалып кетті. Бір кездегі Алматыдағы ірі кәсіпорындарынан (мақта комбинаты, кілем комбинаты, машина жасау зауыты, т.б.) не қалғанын қараңыздаршы. Аймақтарда да осыған ұқсас жағдай: егер бізде бір жерде, мысалы, «Азия Авто» бұрағыш өндірісіндегі сияқты бірдеңе іске қосылса, ол көп ұзамай ыдырап қалады.
Бұл ретте біз еуразиялық интеграцияны жиі айыптаймыз, соның арқасында бізде Ресей және Беларусь өнімдері толып кетті, бірақ біз өзіміз оның аясында ашылып жатқан мүмкіндіктерді пайдалануға асықпаймыз, өйткені біз ештеңе өндірмейміз. Индустриалды бағдарламалар аясында шикізаттық емес секторды дамыту туралы қанша айтылып жатса да, шын мәнінде тек оншақты кәсіпорын ғана жұмыс істейді, оның өзінде олар кеңестік кезеңде салынған болатын. Елімізде азды-көпті тамақ өнеркәсібі дамып келеді, бірақ біз қалаған қарқынмен емес. Басты назар ауыл шаруашылығына берілген сияқты, бірақ оның көлемі, керісінше, жыл сайын азайып барады. Ал отандық экономиканың драйверлерінің бірі деп атанған құрылысқа келетін болсақ, ол толығымен импорттық материалдар мен шетелдік жұмыс күшіне негізделген. Бұл орайда банктер және олармен байланысты барлық атрибуттар белсенді дамып келеді.
Қорытынды: экономикалық жаңғыру біздің қолымыздан келмеді, технологиялық серпіліс үшін біз ешқандай негіз жасаған жоқпыз.
Өткенге қайта ұмтылу
- Ал рухани жаңғырумен не болды?
- Рухани тұрғыдан да біз кері шегініп бара жатырмыз деген сезім пайда болады. Біз тарихты қайта жазып жатырмыз, мәдениет пен білім сияқты құндылықтарды өте тез жойып жатырмыз, капиталистік, қалалық қоғамға мүлдем сәйкес келмейтін дәстүрлерді нафталиннен шығарып жатырмыз. Басқа сөздермен айтқанда, біз өмірдің заманауи форматына осыдан 100-150 жыл бұрын өздігінен өліп қалған нәрсені күштеп кигізуге тырысып, сол арқылы дәстүрлі менталитеттің онсыз да жағымсыз көріністерін арттырып отырмыз.
Сонымен қатар, біз шетелде ілгері басып, үлкен табыстарға қол жеткізіп жүрген қандастарымызды шын жүректен мақтан тұтамыз. Мысалы, жақында бір қазақ әйелі АҚШ протоколы бастығының міндетін атқарушы болды, екіншісі АҚШ Қаржы министрлігі жанындағы қаржылық бақылау басқармасының басшысы болды, үшіншісі Францияның солтүстігінде мэрдің орынбасары болды. Және мұндай мысалдар аз емес. Бірақ бұл адамдардың барлығы ішкі ортадан шыққаннан кейін ғана мойындалады, онда шын мәнінде бір нәрсені жақсартуға деген кез-келген әрекеттер белсенді түрде жойылады.
Бұл тақырыпта ескі анекдот бар. Лениндік сыйлыққа Думбадзе мен Есенберлинді ұсынған екен, осы орайда Мәскеуге грузиндер мен қазақтар келеді. Біріншілері оны Нодарға беруді өтінеді, оның орнына өз өзендерін, тауларын, шараптарын және т.б. ұсынады. Екіншілері өздерінің жер қойнауын (Менделевтің кестесін түтастай), далаларды, Байқоңыр ғарыш айлағын және т.б. ұсынады, бірақ тек Ілиясқа жүлде бермесін деген шартпен...
- Бұдан шығатын болсақ, әлеуметтік жаңғырту да бізде нәтиже бермеді ме?
- Мұны еңбек нарығындағы өзгерістер бойынша, атап айтқанда, гастарбайтерлер арасында қай сегменттер сұранысқа ие, ал қай сегменттер – біздің азаматтарымыздың арасында сұранысқа ие екендігіне қарап бағалауға болады. Егер біріншілері құрылысты, қоғамдық тамақтандыруды, фермерлікті таңдаса, қазақстандықтар мемлекеттік қызметке, саудаға, жеткізіп салуға, күзет қызметіне, таксиге және т.б., яғни арнайы физикалық және психикалық күш-жігерді қажет етпейтін салаларға көбірек барады. Бұл көшпелілер өркениетінің құндылықтарының бүгінгі шындыққа бейімделген түрде толықтай қайта оралып жатқанының тағы бір көрсеткіші болып табылады. Шалғайдағы жайылымдық мал шаруашылығымен халық жаппай айналыспайды, өйткені жайылымға жарамды жерлер түгелдей жойылып, практикалық пайдаланудан шығып қалды, сонымен қатар, мемлекеттік қаржылық модель ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуды жоққа шығарады.
Жарайды, гастарбайтерлер, бірақ Қазақстан аймақтары көршілеріне, импортқа қалай тәуелді болып қалғанын қараңыздаршы. Сол Алматының өзінде – өзбек, қырғыз көкөністері, жеміс-жидек, ет, сүт, белорус шұжықтары, ірімшіктер, ресейлік шоколад сатылып жатыр. Біздің дүкендеріміз үшін ұлттық кәдесыйларды қырғыздар, қытайлықтар, моңғолдар жасап шығарады. Оны өзіміз жасай алар едік пе? Жасай алар едік... Бірақ шығармашылық жұмыс – білімге ұмтылу сияқты – барған сайын құндылықтар жиынтығынан шығып кетіп барады. Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың сәті болмады. Оның орынына біз, керісінше, үнемі өсіп келе жатқан патернализмді алдық, ал ол жөнінде реніш білдіру қиын, өйткені мемлекеттің өзі жеке бизнесті ығыстырып, келешегі бар жұмыс орындарын ашпай, сол патернализмді арандатып отыр. Бір жағынан экономика демография, этникалық көші-қон арқылы ынталандырса, екінші жағынан дамымағандықтан қолда бар еңбек ресурстарын сауатты пайдалана алмайды.
Тұйықталған шеңбер
- Сіздің ойыңызша, оның дамымауының терең себептері неде?
- Себептер көп: бізде тиімді мемлекеттік басқару, нақты жоспарлау, тиімді институттар, тұрақты заңнама, әсіресе нәтижеге сапалы бақылау жоқ. Жалпы алғанда, бұл кезеңде мемлекеттен тіпті модернизация да, жаңа реформалар да қажет емес, ол қазірдің өзінде жасалып қойған нәрсені қайта тексеруі керек еді. Шынында да, осы жылдар ішінде біз соншалықты көп нәрсені жаңартып, реформалаған болатынбыз, одан әрі барар жер жоқ – әбден шатасып қалдық.
Мемлекеттік аппарат бұл режимде жұмыс істеуге дағдыланып, сонымен бірге ешқандай нәрсе үшін жауапкершілікке тартылмайтыны анық. Мысалы, 17-сі реформаны аяқтамай тұрып және 12-нің нәтижесін бағаламас бұрын, 34-ші реформаны қолға алу делік. Бірақ бұл әуелбастан тұйық жол екені анық, өйткені ол біздің не істеп жатқанымызды, қай жерде тұғырыққа тіреліп қалғанымызды және қайда бара жатқанымыз жөнінде нақты түсінік бермейді. Былайша айтқанда, жақында президент ұсынған ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кіріспес бұрын, алдымен бұрынғы мемлекеттік бағдарламалар туралы есеп беру керек. Бұл, ең болмағанда, олардың неге жұмыс істемегенін анықтай отырып, одан сабақ алу үшін және ескі қателерді жаңа жобаларға еңгізбеу үшін жасалуы керек.
Мұндай бақылаусыздық пен тәртіпсіздіктің кері салдарын біз күнде көріп жүрміз. Мысалы, жанармай дағдарысының жағдайын алайық: Энергетика министрлігі бір позицияда, монополияға қарсы органдар екінші позицияда, ал негізгі ойыншылар үшінші позицияны ұстануда. Оның үстіне, соңғылары басқалардың не ойлайтынына мүлдем мән бермейді, өйткені олар тек өз мүдделерін ғана ойлайды. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл саладағы қарым-қатынастар жүйесін қайта құру қажет болар еді, бірақ енді мемлекеттік органдардың мұны жекелеп те, бірігіп те жасауға шамалары келмейді.
Немесе біз өзіміздің «электрондық үкіметімізді» әлемдегі мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылындағы ең табысты жобалардың бірі деп атай отырып, қаншалықты ұзақ уақыт мақтан тұтқанымызды есіңізге түсіріңізші. Бірақ кенеттен ресейлік цифрлық платформаның мүдделерін қанағаттандыру үшін тағы бір жас министр eGOV - «көкөніс бағы» екенін және мүлде жұмыс істемейтінін мәлімдейді. Алайда оны жүзеге асыруға белсене атсалысқандардың бірі дәл өзі болған еді.
Тағы бір мысал – латын әліпбиі. Бізді батыс әлеміне жақындатуға тиіс болатын «әдемі» реформа. Қаржыландыру жүргізілуде, мерзімдер қысып жатыр, ал біз әлі әліпбиді әзірлеген жоқпыз (барлық ұсынылған нұсқалар жарамсыз деп есептелді). Ал «латинизацияға» уақыт бостан босқа кетіп жатқанда, біз кириллицаны, оның барлық жетістіктерімен, әдебиетімен, т.б. жоғалтып жатырмыз.
Мемлекет пен қоғам ұлттық және халықаралық дискурстардың ортасында қалды. Біріншісі артқа тартып, ал екіншісі алға бағытталып тұр. Кеңестік кезеңді тарихтан да, идеологиядан да ығыстырып, қазақшылыққа ден қойған мемлекет ҚХА түріндегі сыртқы түрін ғана қалдырды. Ақылды адамдардың, жұмыскерлердің эмиграциясы (сыртқы және ішкі) да осыдан басталды. Басқа жағынан, білім мен еңбектің культі мен инфрақұрылымын қамтамасыз етпей, қазақтілді халықты (қазақтарды) әлеуметтік бөгделікке, орыстілділерге агрессияның күшеюіне ұшыратты.
Ағынға қарсы
- Жаңғырту рельстеріне түпкілікті орнығу үшін нені және қалай өзгерту керек?
- Ең алдымен, Қазақстан тығырыққа тірелген экономикалық модельді (ол мұнай бағасы жоғары болғанда ғана жұмыс істейді, ал қалған уақытта бізді кері тартады) таңдағанын мойындауымыз керек. Мәселен, қазір бюджеттің азайғаны белгілі болды – елде ақша жоқ, шикізатты сатудан түскен қаржы жиналып қалған Ұлттық қорға қолымызды тағы салдық. Бұл резервтер индустрияландыру және технологияларды сатып алу сияқты перспективалы міндеттерге жұмсалса бір жөн, бірақ олар, осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлттық қор алғаш рет қаржы және құрылыс секторын қолдау үшін ашылған кездегідей, тек ағымдағы тұтынуға жұмсалып жатыр. Ол қор шын мәнінде болашақ ұрпақ үшін резерв жасау үшін құрылғанына қарамастан, ондай ешнәрсе жасаған жоқ.
Әлсіз экономика ұлттық валютаның әлсіреуіне әкелді, ол жинақтауға да, инвестициялауға да лайықсыз құрал. Экономикалық өсу тек далаға кетіп жатқан және сәйкесінше сыртқы қарыздың өсуіне айналатын тартылған шетелдік инвестициялармен түсіндіріледі. Сонда біз алып жатырмыз, алып жатырмыз, бірақ ол ақшаны не нәрселерге жұмсап жатқанымызды және қандай нәтижеге қол жеткізгенімізді ешкім білмейді.
Ең қайғылысы, бұл экономикалық парадигманы (елдің даму тұжырымдамасын) өзгерту немесе тым болмаса орнынан жылжыту физикалық тұрғыдан да мүмкін емес болып қалды. Ол үшін бізде не саяси ерік, не ақылды мамандар жоқ. Егер ондайлар табылатын болса, онда мемлекеттік аппарат пен олигархия олардың кез келген нәрсені өзгертуге талпыныстарын барлығын басып тастайды.
- Ал жаңғыруға бағытталған мемлекеттің оңтайлы бағытын сіз қандай етіп көресіз?
- Біз социализмнен кеттік, шын мәнінде капитализмді құрмадық, жарқын болашақ жолында бір жерде тоқтап қалдық. Экономика тек ресми деректер бойынша ғана алға жылжуда, ал шын мәнінде – интеллектуалдық, технологиялық, сапалық жағынан – ол әлдеқашан тоқтап қалды, тіпті кері бағытта қозғалып барады. Егер біз бір нәрсеге қол жеткізізіп жүрсек те, бұл біздің күш-жігеріміздің арқасында емес, оған қасақана орын алған нәрсе...
Иә, мен Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда – мысалы, бірнеше ондаған жылдар бойы азаматтық соғыс жағдайынан да, мәжбүрлі түрде сырттан басталған соғыс жағдайынан да шыға алмай келе жатқан сол Ауғанстанмен салыстырғанда, Қазақстан ең нашар жағдайда емес екеніне келісемін. Бірақ жақсы білім беру жүйесінің, инфрақұрылымның, шикізаттың, материалдық және адами ресурстардың мұрасы түріндегі осындай орасан зор әлеуетпен біз әлдеқашан ілгері және жоғарырақ жылжи алар едік. Басты кедергі – бізде, сұхбатымыздың басында айтып кеткендей, мақсатымыздың жоқтығы. Иә, мемлекет өз орнын алды. Ол дербес, арасында тәуелсіз, кейде өзін-өзі қамтамасыз етуге қабілетті, бірақ абсолютті тұрде өз бағдарын жоғалтқан.
Соның нәтижесінде бәрі – қоғам да, мемлекеттік аппарат та, жүктелген міндеттерге жету механизмімен бірге – дамусыз тоқтап қалды. Қазіргі қалыптасқан жағдай барлық жабдықтары бар, алға жүргізетін адамдары бар, капитаны бар, бірақ қай жаққа, не үшін жылжу керек деген ортақ түсінігі, келісімі жоқ қайық сияқты. Ендеше, дұрыс бағыт таңдау үшін мемлекет, ең алдымен, өз жоспарларын орындауға, жүйеде тәртіп орнатуға, ең болмағанда оның қазіргі жұмысын қамтамасыз етуге, қажетсіз пафос пен өзін-өзі жарнамалауға жол бермей, оның үстіне берік түрде кірісуі керек. Онсыз модернизациямен ойнауды бастаудың тіпті мағынасы жоқ.