Қазақстан парламентінде экс-журналистер аз емес. Ал бұл кәсіпте негізінен әмбебап және сонымен қатар үстірт білімі бар адамдар жұмыс істейді: олардың әр нәрсеге түсінігі де, пайымдауы да бар, бірақ олар көп нәрсені терең білмейді. Бұл жағынан сенатор, мәжілісмен атанған біздің әріптестеріміз де ерекшелік болып табылмайды. Бірақ оларға да қалай да болмасын өздерін жария ету керек қой, олар депутаттық ауыр нанын тегін жеп жатпағандарын дәлелдеулері керек емес пе. Бұл жерде адамгершілік, патриотизм, ұлттық құндылықтар және басқа да нақтылығы аз, бірақ мәні жоғары және ұтылдырмас тақырыптар (оның үстіне, әркім өзін осы тақырыптарда сарапшымын деп есептейді) құтқарушы-таяқшаға айналады.
Атамекенге сүйіспеншілікті енгізуге бола ма?
Жақында ғана, қараша айының басында, танымалдылыққа тележүргізуші ретінде қол жеткізген сенатор Дана Нұржігіт Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сұраныспен жүгінген болатын. Үндеуде жоғарғы палатаның тағы бес депутатының, оның ішінде бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, ғарышкер Талғат Мұсабаевтың және т. б. аты-жөндері көрсетілген. Бірақ оны Дана Өмірбайқызының дыбыстауына және мәтіннің соңы «сұраймын» деген сөзбен аяқталатынына, яғни жекешелеген түрде айтылғанына қарағанда, ол сауал жолдауды өзі бастаған, ал қалғандары тек қолдаған болып тұр.
Сұраныстың мәні неде? Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңыздылығында. Оның үстіне сенатор аз да көп те деместен «жеке заң әзiрлеу мұмкiндiгiн қарастыру» қажет деп есептейдi. Бағдарлама емес, тұжырымдама емес – заң әзірлеу керек дейді. Егер олай жасалатын болса, Қазақстан отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселелерін құқықтық түрде реттейтін әлемдегі бірінші мемлекет болуы мүмкін. Дегенмен, кейбір жерлерде авторитарлық режимдер осындай тәсілмен «Отанды сүюге мәжбүрлеуге» немесе мемлекеттік және басқа ұйымдарды Атамекенге «сүйіспеншілікті» енгізуге міндеттеуге тырысады деп болжауға болады. Елді көтеру, азаматтардың өздері оған тиесілі екеніне мақтаныш сезімін тудыратындай етіп жасау, кез келген жағдайда елін қорғауға дайын екенін көрсетіндей етіп жасау – ұзақ және ауыр процесс. Заңды қабылдау оған қарағанда әлдеқайда оңай.
Айтпақшы, көршілес Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын, оның Батыспен ақпараттық-насихаттық соғысы шарықтау шегіне жеткен кезде («рухани байланыстарды орнату», «зиянды ықпалымен күресті күшейту», «шетел агенттеріне» және «қаһармандық өткенді жамандайтындарға» қарсы күресті күшейту кезеңі), Мемлекеттік Думаның бір топ депутаттары «Ресей Федерациясындағы патриоттық тәрбие туралы» заң жобасын дайындады. Бірақ тіпті Ресейдің қазіргі билігінің өзі мұндай мәселені құқықтық кеңістікке аударуға болмайтынын түсінетіндей деңгейде ақылдылық көрсетті.
Олардың істегені тек бір ғана нәрсе, – «Білім туралы» заңның «Тәрбие» бөліміне: «оқушыларда патриотизм, азаматтық, отан қорғаушыларды еске алуға және Отан батырларының ерліктеріне құрмет сезімін қалыптастыру», – деген сөйлем түріндегі қосымшаны еңгізу болды. Өткен жылдың тамыз айында қабылданған сол норма тек білім беру орындарына ғана қатысты.
Ал Дана Нұржігіт өз сұрауында: «Бұл мәселе заңдық негізде барлық мемлекеттік органдарға міндеттелуі тиіс» – деп талап етеді. Яғни, бұл мәселемен (патриоттық тәрбиемен – автор ескертпесі) заң жүзінде барлық мемлекеттік органдарды айналысуға міндеттеу қажет. Ол оны қалай етіп көретінін айту қиын. Мысалы, қаржы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, т.б. салалармен айналысатын бөлімдері де онымен айналысуы тиіс дегені ме?
Сонымен қатар, сенатор жалпыұлттық патриоттық тәрбие берудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін бекіту, ведомствоаралық үйлестіру комиссиясын құру, әкімдіктер мен «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық қозғалысы арасында меморандумдар жасауға шақырады – әрине, осындай бюрократиялық нәрселерсіз қандай іс болуы мүмкін?
Егер Қазақстан Республикасы парламентінің сайтындағы ақпаратқа сүйенетін болсақ, бұл Дана Өмірбайқызының ағымдағы жылдағы екінші сұранысы болып табылады. Біріншісінде сенатор, жұмсақ тілмен айтқанда, телевизия жұмысындағы басты ұстаным – ұлттық құндылықтарға сүйену және оны насихаттау болуы керек деген күмәнді тезисін айтты (ол мұны қайдан алды?). Содан кейін ол, осы тезисті негізге ала отырып, телеарна қожайындарының бұл қағиданы елемейтініне наразылығын білдіріп, оларды тек соған сәйкес келетін хабарларды көрсетуге заңды түрде міндеттеуге шақырды. Экс-тележүргізушінің сол кездегі сұранысына бүгінде түсініктеме берудің қажеті жоқ – осы тақырыпқа біздің басылым «Дана Нұржігітке Мизулина мен Яроваяның даңқы тыныштық бермей жатыр ма?» – деп аталатын жарияланымын арнаған болатын.
Қазақтарша «Рухани тіректер»
Осыдан бір айдан сәл астам уақыт бұрын, журналистер қатарынан шыққан басқа да екі депутат парламентке ұлттық құндылықтар жөнінде алаңдаушылық (бірақ бұл жолы отбасылық қарым-қатынасқа қатысты) білдірді. Бұл бір кездері Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген, кейін «Өркен», «Горизонт» газеттерінің бас редакторы, ал содан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай және «Жастар үні» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары, кейін «комсомол желісімен» жылжыған («Нұр Отан» партиясы жастар қанатының жетекшісі болған) Елнұр Бейсенбаев. Мәжілісмендер премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ералы Тоғжановқа ажырасулар мәселесі бойынша сұраныс жолдады.
Біздің елдегі некелердің айтарлықтай бөлігі бұзылатынын шын мәнінде айғақтайтын ресми статистикаға сілтеме жасай отырып, үндеу авторлары екі мәселе жөнінде алаңдаушылық білдірді. Біріншісі – ғасырлар қойнауынан келе жатқан отбасылық біршіліктін беріктігіне байланысты дәстүрлердің сақталуы мен жалғастырылуына не кедергі? – деген сұрақ. Екіншісі – ажырасудың көп болуының себебін әлеуметтік қиындықтардан көру дұрыс па? – деген сұрақ. Сол екі сұраққа да өздері бірмәнді жауап берді: олардың ойынша, мәселенің түп-төркіні біз жастарды қалай тәрбиелейтінімізде жатыр.
Қанша дегенмен, депутаттық сұраныс сияқты жанр фактіні баяндауды ғана емес, сондай-ақ нақты ұсыныстар енгізуді де қажет етеді. Оның авторлары тақырыпты қаншалықты терең зерттегенін, қанша мамандардан кеңес алғанын, олардың шығармашылық деңгейі қандай екенін сол ұсыныстардан білуге болады. Бізде мәжілісмендер мұның бәріне бас қатырмаған сияқты, ақырында болғаны болды – дәлірек айтсақ, бұл кезекті бос сөз болып шықты.
Сұраныста орын алған төрт ұсыныстың екеуінен нафталиннің иісі аңқып кетті. Біреуі мынадай: барлық оқу орындарында, оның ішінде жоғары оқу орындарында да, отбасылық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау үшін, оң тәжірибені зерттеу үшін (шамасы, бақытты жұптарды зерттеу мақсатымен болар) факультативтер енгізу. Алайда, классик айтқандай: «Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды, ал әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз». Екіншісі: жекеменшіктігіне қарамастан, барлық ұйымдарда «Мерейлі отбасы» байқауларын өткізуді ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде отбасылық құндылықтарды насихаттайтын ақпараттық-бейнеконтенттерді көбейту.
Үшінші ұсыныс біртүрлі бұлыңғыр, нақты емес, оның үстіне тек ажырасуға емес, көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты. Ал төртінші ұсыныс – мүлде күмәнді. Депутаттар ерлі-зайыптылардың татуласуы үшін берілген уақытты ұлғайтуды, жалпы алғанда ажырасу рәсімін (бәлкім, олар ондай ойларынан қайтатын шығар дей отырып) ұзақ және шығынды нәрсеге айналдыруды ұсынып отыр. Яғни, сұрау авторлары әйелдің, мүмкін, мүлдем жек көрінішті күйеуімен (немесе керісінше: ер адам – жек көрінішті әйелімен) некеде тұруын жалғастыруы тиіс деп есептейді. Ал егер осы уақытта оның жеке өмірін ұйымдастырудың басқа нұсқасы табылса және, мүмкін, жаңа некеде ол бақытты болатын шығар? Қалай болғанда да, мемлекет отбасылық қатынастарды қатаң реттеуі қажет пе? Адамдарға өздерінің жеке өміріне қатысты мәселелерді өз бетінше шешуге құқық берген дұрыс емес пе?
Айтпақшы, Мыңбай мен Бейсенбаевтың әртүрлі нұсқадағы барлық ұсыныстары Дархан Кәлетаев басқарған және аз ғана уақыт өмір сүрген ҚР Қоғамдық даму министрлігі әзірлеген «Отбасын дамыту мен қолдаудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасының» мұңды естелігінде орын алған болатын. Қазір сол жол картасы қайда, сол министрлік қайда және Кәлетаев қайда? Ал екі мәжілісмен осынау ескіріп кеткен бастамалардың барлығын неліктен қайтадан ортаға салды?
Дәстүрлі құндылықтардың жалынды жанашыры, белгілі өнеге беруші Бекболат Тілеухан мен оған қосылған «Қазақ әдебиеті» және «Ана тілі» газеттерінің бұрынғы бас редакторы Жанарбек Әшімжановтан құралған тағы бір дуэт биылғы жылы 8 наурызда, әйелдер мерекесі күні орын алған феминистік шеруге қатысты депутаттық сұраныс жолдады.
Айта кету керек, олар үкіметке жолдауында шеруге қатысушылардың ұрандарын өздеріне еркін түсіндіруге мүмкіндік берді. Мысалы, «Менің денем – менің ісім» деген мүлдем бейкүнә және барлық көзқарастардан (кем дегенде жеке адамның құқығын құрметтейтін өркениетті қоғамдар үшін) әділетті ұранды сұраныстың авторлары қазақ тіліне әдепсіз етіп «Менің жатырым (маткам) – менің ережем» деп аударған. «Келін – құл емес» деген ұран да оларға ұнамаған.
Ал жалпы алғанда, олар үшін феминизм – ЛГБТ-мен бір категориядағы нәрсе. Мұндай шерулер мен ұрандар, олардың ойынша, қазақшылдық іргесіне, қазақшылдық дүниетанымына балта шабумен тең. Рухани жаңғыру қайда, ұлттық кодымыз қайда? – деп сұрақ қояды мәжілісмендер. Олардың айтуынша, ұлттық құндылықтарға, дәстүрлі отбасы институтына қасақана шабуыл жасалып жатыр. Сондықтан олар Алматы қаласы әкімдігінің «салғырттығының арқасында» өткен феминистер шеруі үшін оның іс-әрекетіне баға беріп, сонымен бірге, заңнамаға бізге жат құндылықтарды насихаттауға кедергі келтіретін нормаларды енгізуге шақырды.
Жоғарыда аталған сұраныстардың барлығына үкімет, күткендей, кеңінен, бірақ «иә» деп те,«жоқ» деп те айтпастан, бұлыңғыр және нақты емес жауап берді, мұны депутаттардың ұсыныстарын сыпайы түрдегі «елемеушілік» деп түсіну керек. Соңғыларын бұл жайт мүлде ренжітпеген сияқты, шын мәнінде, олардың басты мақсаты – жай белсенділік пен «патриотизмді» (оны өздері түсінетін түрде) көрсету ғана болды...