1 қыркүйекте жасалған мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын көптеген сарапшылар бірден «революциялық» деп бағалады, өйткені онда бірқатар күтілмеген, батыл және перспективалы мәлімдемелер жария етілді. Ал осы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізіп, оның өкілеттігін жалғыз ғана жеті жылдық мерзіммен шектеу туралы ұсыныс көптеген сұрақтар туғызды. Мұндай асығыстық не үшін қажет? Септимат деп аталатын бастаманың астарында қандай жасырын себептер жатыр? Біз өзіміздің тұрақты сарапшыларымыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінің ең шұрайлы тұсын жолдар арасынан оқып шығуды өтіндік және сонымен бірге алдағы сайлау науқаны кезінде кімдер онымен бәсекелесе алатыны жайлы болжам жасауға тырыстық.
Толғанай Үмбеталиева, саясаттану ғылымдарының кандидаты, Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының директоры:
«Тоқаев және оның командасы алдын ала белсенділік көрсетуге тырысып жатыр»
- Сірә, Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі сайлауда, егер олар уақытында өткізілсетін болса, өз орнын сақтап қалмауға үлкен тәуекелдер бар болар. Біріншіден, бұрынғы президент отбасы өкілдерінің елдегі ең жоғары лауазымға талаптануына қатысты мәселелер әлі шешілген жоқ, ақырғы нүкте қойылмады. Екіншіден, билік жүйесіндегі аппараттық ойындардың мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Биліктің жоғарғы эшелонындарында ашық айтпағанымен, Нұрсұлтан Назарбаевке адал болып қалғандар әлі де аз емес. Мұндай жағдайда қазіргі президенттің келешегі, егер тағы да қайталап айтамын, сайлау өз уақытында өткізілетін болса, бұлыңғыр болып көрінеді. Ал уақыт факторы бұл жерде маңызды рөл атқаруы ықтимал.
Менің болжауым бойынша, Тоқаев және оның командасы алдын ала белсенділік көрсетуге тырысып жатыр. Ал олардың атына айтылған сынның деңгейін төмендету үшін олар кезектен тыс сайлауды жариялай отырып, президенттің бұл қызметтегі өкілеттілігін жалғыз ғана мерзіммен шектеуді ұсынды. Бірақ оларды қазір азаматтардың қанағаттанбауы немесе олардың сенімінің төмендеуі алаңдатады деп ойламаймын – бұл факторлар, әрине, маңызды, бірақ негізгі емес. Қолданыста қажетті нәтиже беретін, қалыптасқан механизмдер бар, сондықтан саяси басшылық кез келген кезекті немесе мерзімінен бұрын сайлауды қауіпсіз өткізу мүмкіндігіне ие. Қазіргі жағдай да ерекшелік болып табылмайды. Мұнда бір ғана мағына бар – бірінші президенттің отбасынан шыққан негізгі тұлғалар қамауда немесе бақылауда болған кезде, заңды формаларды пайдалана отырып, билікті сақтап қалу.
Ал «лайықты бәсекелестерге» келетін болсақ, әрине, елімізде Тоқаевтың саясатына қарсылық таныта отырып, бар күшін салып қоғамның белгілі бір топтарының мүддесін жақтайтын қоғам қайраткерлері бар. Егер олар алдағы сайлауда өз кандидатураларын ұсынатын болса, олар саяси күрестің мол тәжірибесің жинақтай алады. Мәселе олардың көпшілігі саясаткер еместігінде. Саясаткер болу үшін тек режимді сынап, қоғамға ұнайтын пікірлерді білдіріп қана қоймай, адамның белгілі бір кәсіби қасиеттердің жиынтығы болуы тиіс (әлеуметтік желілердегі талқылауларды талдау негізінде айтуға болады).
Әлбетте, Қазақстанға жаңа саясаткерлер қажет, ал президенттік сайлау көбінесе қоғам көшбасшыларының тиісті қасиеттерінің бар-жоғын көрсете алатын лакмус сынағына айналады. Сондықтан қазір кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларына назар аудару өте маңызды, сондай-ақ олардың елдің болашақ дамуына деген көзқарасына, командаларын қалай жасақтайтынына және бәсекелестерге деген көзқарасын қалай қалыптастыратынына көңіл бөлу қажет: олар салауатты бәсекелестік нұсқасын ұсына ма, әлде бар күш-жігерін Тоқаев саясатының осал тұстарын сынауға шоғырландырама. Әсіресе олардың қазіргі үкіметпен өзара қарым-қатынасын қалай құратыны ерекше маңызды, өйткені бүгінде бұл олар үшін өте осал аймақ. Шын мәнінде, билік осыны пайдалана отырып, әрқашан сәтті әрекет етеді. Мұндай «емтиханнан» өзін халық өкілі ретінде танытып отырған бірде-бір танымал тұлға әзірге өтіп көрген емес.
Сондықтан мен Тоқаевпен бәсекеге түсе алатындардың есімдерін атамаймын. Біздің қоғам дана және кімге сенуге болатынын, ал кімге сенуге болмайтынын, кім тек өзін жарнамалаумен ғана айналысатынын, ал кім билеуші топтың ережелерімен ойнайтынын және т.б. өзі де жақсы анықтай алады. Бізге байсалды және болашағы зор саясаткерлерді тану тәжірибесі қажет. Көшбасшылар саяси тәжірибе жинақтап жатқан кезде, қоғам саяси білім және саяси кемелдік жинақтайды.
Ал қорытындылай келе, мен президенттің өкілеттік мерзімін тек жалғыз ғана жеті жылдық мерзіммен шектеу туралы шешімге қайта ораламын – бұл шешімнің астарында, мен алдында айтып кеткенімдей, мерзімінен бұрын сайлау туралы бастамаға байланысты, қазіргі президентке, оның қызметіне сынды жұмсарту ниеті бар. Менің ойымша, бұл қадамға барғанына қарағанда, ол шынымен де 2029 жылдан кейін кетуді жоспарлап отыр. Бірақ қазақстандық жағдайда саяси ойын ережелері мүлдем тұрақсыз нәрсе, сондықтан жеті жылдан кейін не болатыны белгісіз. Біздің елде саясаткерлерге биліктен өз еркімен бас тартуы өте қиын. Тіпті министрлер де, оның ішінде жұмысында сәтсіздікке ұшырағандар, өз еркімен отставкаға сирек кетеді. Бірден Н.Назарбаевтың 1990 жылдардың басындағы сөйлеген сөзі еске түседі, ол өзінің билікте ұзақ болмайтынына және кез келген уақытта дерлік өз қызметінен кетуге дайын екендігі жөнінде айтқан болатын... Сондықтан Тоқаев жеті жылдан кейін өз ойын өзгертпейтініне ешқандай кепілдік жоқ.
Максим Крамаренко, «Еуразиялық саясат институты» ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі:
«Ең бастысы – реформалар жасау үшін халықтың қолдауын алу»
- Ағымдағы жылдың қараша айында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауды жариялап, Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілікті таң қалдырды деп ойлаймын. Алайда, кейбір сарапшылар атап өткендей, мерзімінен бұрын сайлау өткізу қазіргі Қазақстан үшін тұңғыш президент бекіткен саяси дәстүрге айналып үлгерді. Бірақ, егер осы шешімді имидждік деңгейде қарастыратын болсақ, қазіргі мемлекет басшысы Назарбаев дәуірін және өзінің, яғни бақыланбайтын президенттігінің арасына белгілі бір шекара өткізуді жоспарлап отыр.
Сірә, Тоқаев Елбасының шешімімен президенттік қызметке кірісіп, елді соның бақылауында басқарады деп жоспарланған болатын. Сондықтан Тоқаевқа кезектен тыс сайлау өткізіп, Қазақстан халқына Назарбаев дәуірімен саяси сабақтастықты үзе отырып, шын мәнінде жаңа ойын ережелері мен жаңа басқару үлгісі бар, оған қарапайым халықтың қатысуына көбірек мүмкіндіктер берілетін «Жаңа Қазақстанды» құруға кірісетінін көрсетуі қажет.
Әрине, бұл шешімде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қайғылы қаңтарда» билікті басып алуды жоспарлаған күштердің кек алуына жол бермеуге деген ұмтылысын да байқауға болады. Бірақ қалай да болмасын, ең бастысы – басталған реформаларды жүзеге асыру үшін халықтан мандат (қолдау) алу. Бірқатар сарапшылардың есептеуі боынша, кезектен тыс президенттік сайлау Тоқаевтың импровизациясы, олардың пікірінше, ол тек кейбір саяси қауіптерге тактикалық жауап беріп жатыр. Алайда, менің ойымша, ол «есту мемлекеті» тұжырымдамасын жариялаудан және оны іс жүзінде жүзеге асырудан, оның ішінде жүргізілген конституциялық реформадан бастап, өз стратегиясын ұзақ уақыт бойы жүзеге асырып келе жатқан сияқты.
Қазақстан азаматтарының басым бөлігі қызығушылық танытатын соңғы жолдауларда жарияланған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қазіргі мемлекет басшысына деген сенім деңгейін едәуір арттыра түсті. Мұндай жағдайда алдағы сайлауда онымен бәсекеге түсуге кімдер дайын?! Сірә, басқа кандидаттар (олардың арасында бәлкім саяси партиялардың жетекшілері болады) сайлау науқанын өздерін тағы бір рет жария ету мүмкіндігі ретінде пайдалануды шешетін болар, бірақ олар шын мәнінде президенттік кресло үшін күреспейді.
Бұл жерде тағы екі тезиске назар аударған жөн, олар Тоқаев құруды жоспарлап отырған жаңа саяси жүйенің контурын ашады. Біріншісі – президенттікке сайлану мүмкіндігін жалғыз рет жеті жылдық мерзіммен ғана шектеуге ұмтылу. Ал екіншісі – парламентаризмнің дамуына Қазақстанның саяси жаңғыруында орталық орынның берілетіні. Осы екі тезиске сүйене отырып, республикада парламенттің рөлі күшейтіледі деп болжауға болады, ол сайып келгенде президенттің қызмет салаларын шектеумен биліктің жоғарғы органына айналуы ықтимал. Сондықтан қазірдің өзінен бастап мәжілістің алдағы шақырылымындағы депутаттық мандат үшін саяси күресті бастаудың мәні бар.
Мұндай модельді қалыптастыру негізінен қазақ халқының саяси дәстүрлеріне – дала демократиясына сәйкес келетін болады. Бәлкім, саяси таптың және халық арасындағы саяси қарым-қатынастың Ұлттық Құрылтай сияқты түрін қалпына келтіру, оның құрылуын кейбір сарапшылар саяси жүйенің архаизациясы деп бағалағаны осымен байланысты болуы мүмкін. Алайда мұнда, керісінше, осы жаңғыртудың – елде жүзеге асырылып жатқан саясатқа неғұрлым объективті реакция алу үшін қоғаммен кері байланысты құру мәні бар. Мүмкін, алдағы реформалардың басты нәтижесі биліктің бір қолға шоғырлануынан бас тарту және оны саяси белсенді топтар арасында бөліп беру болса керек.
Лидия Пархомчик, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
«Ол осы қадамға ішкі саяси тұрақтылықты сақтау үшін барды»
- Алдағы сайлау науқанының маңыздылығын түсіну үшін бірқатар жайттарды атап өткен дұрыс болады. Біріншіден, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімнің жариялануы біздің еліміздің қазіргі басшылығының саяси қайта құруларды ашық түрде жүргізуге ұмтылуымен тікелей байланысты. Мәжіліске және мәслихаттарға сайлаудын 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өткізу туралы ұсынылған ұсыныспен бірге бұл жаңа сайлау циклінің уақыты мен реттілігінің нақты көрінісін қалыптастырады.
Екiншiден, сайлаудың өткiзілуі Қазақстан Республикасы басшылығының өкiлеттiгiнiң заңдылығы туралы алыпсатарлықты жоққа шығаруы тиіс. Қаңтар оқиғалары әлеуметтік наразылықтың жарылуы билеуші элита өкілдерінің наразылығымен қатар жүретінін көрсетті, олардың бір бөлігі жағдайды өз мақсаттары үшін пайдалануға тырысты. Ал ішкі саяси жағдай тұрақтатуға қол жеткізілгенімен, бүгінгі күні жаңа шиеленісу қаупін барынша азайту маңызды. Сайлауды өткізу оппозицияшыл күштерді оның нәтижелерін екі жолмен түсіндіру мүмкіндігінен айырады.
Алдағы дауыс берудің фавориті қазіргі мемлекет басшысы екені анық. Жақында өткен республикалық референдумның қорытындысы көрсеткендей, ол халықтың үлкен сеніміне үміт арта алатыны анық. Бірқатар саяси партиялар, атап айтқанда, AMANAT және Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтыны жөнінде мәлімдеді. Басқа саяси бірлестіктерге жақын арада мемлекет басшысы лауазымына кандидатураға қатысты өз ұстанымдарын анықтауға тура келеді.
Сайлау додасына қазіргі президенттің 2019 жылғы сайлаудағы бұрынғы бәсекелесі Әміржан Қосановтын да қатысу мүмкіндігін жоққа шығарылмайды. Саясаткер билікке қарсылас ретінде әрекет ететін кандидатты қолдауға дайын екенін, ал қажет болған жағдайда өзі де елдегі ең жоғары лауазымға деген жарысқа қайта түсетіні жайлы мәлімдеп қойды.
Әрине, тіпті халықтың қолдауы жоғары болған жағдайда да, дауыс беру нәтижесі фавориттің пайдасына емес болып шығу тәуекелі бар екені анық. Алайда, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау – басты ұлттық басымдық болғандықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадамға әдейі барып отыр.
Өз кезегінде, президенттік мерзімді жалғыз ғана рет жеті жылға белгілеу бастамасы да ішкі саяси өрістің тұрақтылығын сақтау логикасына сәйкес келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл ұсыныс сайлаудан кейін парламенттің қарауына ұсынылатын болады. Саяси үдерістердің жоғары турбуленттілігін ескеретін болсақ, жоспарланған реформалар бағдарламасын жүзеге асыруға кепілдік беру үшін жеті жылдық кезең жеткілікті болуы тиіс. Одан да маңыздысы – кейінгі қайта сайланудың мүмкін еместігі туралы хабарлама. Қазақстанда табысты саяси жаңғыртуды іске асыру үшін, билікті орталықсыздандыруды және монополиясыздандыруды қамтамасыз ету маңызды. Ұсынылып отырған норма саяси басшылықтың ауысып отыруына кепілдік беруі тиіс.
Биылғы жылдың басынан бастап еліміз өз дамуындағы аса күрделі, тіпті көп жағдайда бетбұрыс кезеңіне аяқ басты. Қазақстанның ішкі саяси жағдайы реформалар курсын жеделдетуді талап етіп отыр. Сыртқы саяси фактордың қысымының күшеюіне байланысты, дағдарысқа қарсы әрекет ету қажеттілігі одан әрі артып отыр. Ел басшылығының екі векторды қаншалықты сәтті біріктіре алатындығымен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты байланысты болады. Сайлау өткізілгеннен кейін сайланған президентте Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру мәселелерін шешуге толықтай жұмылу мүмкіндігі пайда болады.