Алда өтетін Қазақстан Республикасы президенттік сайлауы 8-ші рет, ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен екінші рет өтеді. Алдыңғы алтауы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында болды – бір рет парламент арқылы, ал бес рет – жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өткізілген болатын (оның өкілеттігі референдум арқылы тағы бір рет ұзартылған). «Назарбаев кезеңіндегі» азды-көпті бәсекелес сайлау тек 1999 жылы ғана орын алған болатын, сол кезде алғаш рет балама негізде өткізілген.
Бәсекелестерсіз
Президент лауазымы 1990 жылы 24 сәуірде сол кездегі Қазақ КСР республикасының Жоғарғы кеңесінің шешімімен бекітіліп, сол күні депутаттардың көпшілігі осы лауазымға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президент болып сайлануы үшін дауыс берді. Ал бірінші жалпыхалықтық тікелей президентті сайлау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткізіледі деп белгіленген болатын. Мемлекет басшысына қарсы шығуға тырысқан жалғыз диссидент Хасен Қожа-Ахмет болды, бірақ ол өзін қолдайтындардан 100 мың қол (бұл тіркеудің қажетті шарты болатын) жинай алмады. Үміткерлер қатарында Жоғарғы кеңестің бір топ депутаттары ұсынған «Народный конгресс Казахстана» («Қазақстан халқы конгресі») партиясының жетекшісі, ақын Олжас Сүлейменов те болады деп күтілген еді, бірақ ол сайлау додасына қатысудан бас тартты.
Осылайша, Назарбаевтың қарсыластары қалмады, сондықтан ол, Орталық сайлау комиссиясының (ЦИК) мәліметінше, 98,78 процент дауыс жинап алды. Онымен қатар, Ерік Асанбаев вице-президент болып сайланды – оның да аты-жөні сайлау бюллетеньдерінде болған. Бір аптадан кейін Ресей, Украина және Беларусь басшылары іс жүзінде Кеңес Одағын жерлеген Беловеж келісіміне қол қойды, ал 10 желтоқсандағы инаугурацияда Назарбаев Қазақ КСР емес, Қазақстан Республикасының (оның тәуелсіздігі алты күннен кейін жарияланды) президенті ретінде ант берді. 1995 жылдың наурыз айының соңында парламент таратылып жіберілгеннен кейін, ол жарлық бойынша өз өкілеттіктерін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдум өткізіп, 95,46 процент дауыс жинап, билікте тағы бес жылға қалды.
Алайда, бес жылдық мерзімнің аяқталуын күтпестен, 1998 жылдың қазан айында кезектен тыс сайлау жарияланды. Оған мұнай бағасының құлдырауынан туындаған күрделі экономикалық және қаржылық жағдай, оған қоса тамыз айында дефолт орын алған Ресейдегі ең өткір дағдарыс, соның нәтижесінде рубльдің долларға шаққандағы бағамы үш есе құлдырады (сайлау науқанынан кейін көп ұзамай, 1999 жылы сәуірде қазақстандық теңге де құнсызданды) себеп болды. Ал халыққа жағымсыз шараларды қолданбас бұрын, президент өзінің мандатының мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Мемлекет басшысы лауазымына таласып көруге ниетті екенін сегіз адам мәлімдеді. Назарбаевтың өзінен бөлек, олардың арасында ерекше көзге түскендер – бір жыл бұрын премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен Әкежан Қажегелдин және 1993 жылы таратылып жіберілген Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы, Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.
Ұсынылғандардың тізімінде республикада бірінші болып «Қазақстан Республикасы президентінің ар-намысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіру» бабы бойынша жауапқа сонау 1992 жылы тартылған оппозиция қайраткері, журналист Кәрішал Асанов. Кеден комитетінің төрағасы Ғани Қасымов, жазушы және сенатор Энгельс Ғаббасов болды. Екі адам – «Аттан, Қазақстан!» қозғалысының шектен шыққан көшбасшысы Амантай қажы Асылбек, сондай-ақ осы және одан кейінгі екі сайлау науқанында өз кандидатурасын ұсынып, кейіннен оны қазіргі президенттің пайдасына алып тастап жүрген (бұл бір нәрсеге әсер ететiндей) Жақсыбай Бәзілбаев, басқалардан біршама ерекше болатын.
Тұнғыш альтернативалар
Егер Назарбаевтың негізгі қарсыластарының екеуіне де сайлауға қатысуға рұқсат берілген болса, онда не болар еді деген болжамдарды жасауымыз ғана қалды. Бірақ Қажегелдинді басында-ақ «шауып тастады». Одан алты ай бұрын конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы президентінің «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» жарлығына толықтырулар еңгізілген, оның ішінде: «тіркеу алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған адам президенттікке, парламент депутаттығына кандидат ретінде тіркелуге жатпайды» - деген бап еңгізілген. Бұрынғы үкімет басшысына қарсы дәл осы бап қолданылған болатын.
Ол «За честные выборы» («Әділ сайлау үшін») қозғалысының құрылтай конференциясына қатысқан болатын, ал оны құқық қорғау органдары рұқсат етілмеген жиналыс деп бағалап, Қажегелдинге әкімшілік айыппұл салды. Осының негізінде Орталық сайлау комиссиясы оны сайлау додасынан шеттеп тастады, ал экс-премьер бұл шешімге шағым түсірмек болған Жоғарғы сот үкімді заңға сәйкес деп тапты. Осылайша, сайлау науқаны өзінің дерлік ең негізгі интригасынан айырылып қалды. Ал ЕҚЫҰ (ОБСЕ) үшін оппозициялық саясаткердің сайлаудан «ойдан алынған себептермен» шеттетілуі Қазақстанға байқаушылар миссиясын жібермеу туралы шешім қабылдаудың басты себептерінің бірі болып табылды.
Амантай қажы қазақ тілінен емтиханға келмеді (келесі сайлауда да ол дәл соны қайталады). Бәзілбаев, жоғарыда айтылып кеткендей, өз кандидатурасын Назарбаевтың пайдасына алып тастады. Ал Асанов бір мың МЗП (ең төменгі жалақы) құрайтын сайлау жарнасын немесе төлей алмады, немесе төлегісі келмеді – сол кезде бұл екі жарым миллион теңгеге жуық, немесе 30 мың доллар шамасында болатын. Оның үстіне ол ақша кандидаттың жеке қаражатынан аударылуы тиіс болатын және сайлау нәтижесіне қарамастан олақша оның өзіне қайтарылмайтын (республикалық бюджетке түсетін). Бір сөзбен айтқанда, тіркеу рәсімінен төрт үміткер өтті.
Қазақстан тарихындағы тұңғыш баламалы президент сайлауы теледидарда кеңінен көрсетілген болатын, сол кезде (Интернет өмірімізге енді ғана еніп келе жатқан жағдайда, еліміздегі оны қолданушылардың саны бірнеше ондаған мың адаммен ғана шектелетін) телевизия ең танымал ақпарат көзі болып табылатын. Бақытымызға орай, сол уақытта көптеген жаңа, соның ішінде жеке де телеарналар пайда болды. Эфир уақытының қомақты бөлігі қалай да болмасын қазіргі президентке арналып, тіпті жаңалық хабарларында оның есімімен байланыстыратын жағымды пікірлер болғаны анық. Бірақ басқа үміткерлер де теледидар экрандарына жиі шығып тұратын.
Сол науқанның ең әйгілі эпизоды – Ғани Қасымовтың КТК телеарнасында журналист Александр Новиковтың әдейі қойылған арандатушылық сұрақтарына жауап ретінде гүлдері бар вазаны лақтырып жіберуі болды. Бұл анық қойылым болды, өйткені ол 1995-1997 жылдары ресейлік ОРТ (қазіргі «Первый») арнасында көрсетілген «Один на один» («жекпе-жек») бағдарламасының атақты шығарылымынан туындаған, онда ашуланған Владимир Жириновский қарсыласы Борис Немцовқа стақандағы шырынды шашып жіберген болатын. Төтенше екпінді және дөрекі Владимир Вольфович үшін бұл табиғи қимыл болды, ал Ғани Есенгелдіұлы ұқсас рөлде онша сенімді болып көріне алмады. Бірақ соған қарамастан, PR-эпизод тарихта сақталып қалды.
1999 жылы 10 қаңтарда өткен дауыс беру қорытындысы бойынша, Қасымов 4,61 процент жинап, үшінші орынға ие болды. Ал 11,70 процент жинап, екінші орын алған Әбділдин билікті нәтижелерді бұрмалады деп айыптады. Оның пікірінше, ол төрт аймақта жеңіске жетті, сондықтан, Қазақстан Коммунистік партиясының лидері айтқандай, шынайы есеп болған жағдайда, дауыс берудің екінші кезеңі жариялануы тиіс еді. Ғаббасовты сайлаушылардың бір процентінен де азы қолдады. Ал Назарбаев 79,78 процент алды – бұл оның тарихтағы жеке антирекорды болып табылады.
Бір дәуірден екіншісіне
Келесі сайлау 2005 жылдың күзінде өтті және ол да мерзімінен бұрын болды. Еліміздегі ең жоғары лауазымға аз да емес, көп те емес 18 адам өзінің талаптануы жөнінде жариялады. Бірақ олардың бесеуі қазақ тілінен емтихан тапсыра алмады, ал сегізі ОСК-ға (ЦИК) қажетті құжаттарды, оның ішінде қол қою парақтарын ұсынбады – әрбір үміткер дауыс беру құқығы бар азаматтардың жалпы санының бір процентінің (90 мыңға жуық) қолдауын алуы қажет болатын. Сайлау жарнасына келетін болсақ, оның мөлшері айтарлықтай төмендетілді – 50 ең төменгі жалақыға (МЗП) дейін азайтты, ол кез келген адам төлей алатын сома.
Нәтижесінде тіркеу рәсімінен бесеуі өте алды. Оппозициялық күштердің өкілі ретінде сайлауға бұрынғы бас прокурор және мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай қатысты. Оны ішкі саясат ардагерлерінің басын біріктірген «За справедливый Казахстан» («Әділетті Қазақстан үшін») коалициясы (Серікболсын Әбділдин, дәл сол сайлау науқаны кезінде оғаш жағдайда қаза тапқан Заманбек Нұрқаділов), «младотурктер» («жас түріктер» Болат Әбілов, Ораз Жандосов, сондай-ақ оларға жақын Алтынбек Сәрсенбаев) және бұрынғы Қажегелдин РНПК белсенділері (Әміржан Қосанов, Асылбек Қожахметов) ұсынған болатын. Бірақ тіпті мұндай одақ та өз кандидатына айтарлықтай қолдау көрсете алмады – Тұяқбай тек 6,61 процент ғана дауыс алды, немесе алдыңғы сайлауда тек коммунистердің өкілі болған Әбділдиннің алған дауысының жартысына жуығын ғана алды.
Сол кезде (2005 жылы наурызда оның бөлінуінен кейін және «жас түріктер» кеткен соң) билікке адал көзқарасқа бет бұра бастаған «Ақ жол» партиясы ұсынған Әлихан Бәйменов 1,61 процент қана дауыс берілді. Ал «халық коммунисті» Ерасыл Әбілқасымов (оның қызы қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін басқарып отыр) және эколог Мэлс Елеусізов тіркелгенге дейін жинаған қолдарына салыстырғанда төрт есе аз дауыс жинаған. Олардың соңғы нәтижелері – сәйкесінше 0,34 және 0,28 процентті құрайды. Барлығын қоса алғанда, Назарбаевтың қарсыластары он процент те жинаған жоқ, ал оның өзі – 91,15.
2011 жылы сәуірде өткен сайлауда елдің қазіргі президенті одан да көп дауыс жинады – 95,55. Ал тіркелген қалған үш үміткердің әрқайсысы, Ғани Қасымов, «халық коммунисті» Жамбыл Ахметбеков және Мэлс Елеусізов тіпті екі процентдық межеден де өте алмады.
Бірақ ең қызықсызы сайлау науқаны – 2015 жылғы сайлау болды. Назарбаевқа қарсы күресуге немесе күрестің кейпін тудыруға бел буғандардың басым көпшілігінің аты-жөні қазақстандықтарға мүлдем бейтаныс болатын. Жалғыз ерекшелік Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Әбілғазы Құсайынов болған еді, бірақ ол да небәрі 0,64 процент дауыс жинады, ал Коммунистік халықтық партия атынан тіркелген тағы бір кандидат Тұрғын Сыздықов – 1,61 процент дауыс жинады (онға жуық кандидат бастапқы кезеңдерде «шығарылып қалды»). Орталық сайлау комиссиясы Назарбаевқа 97,75 процент дауыс берілді деп есептегені таңқаларлық емес. Бұл альтернативті президент сайлауын өткізудің бүкіл кезеңіндегі абсолютті рекорд болып табылады.
Ал «Назарбаевтан кейінгі дәуірдегі» 2019 жылы өткен алғашқы президенттік сайлауында бірнеше жаңа рекордтар орнатылды. Біріншіден, тіркелген кандидаттар саны бойынша – 7 (бұрын бестен астам кандидат Орталық сайлау комиссиясының елеуішінен ешқашан өтпеген болатын). Екіншіден, негізгі фавориттің барлық қарсыластарына жалпы берілген дауыстардың проценты бойынша – 29,04 (бұрын 17,07 болған). Үшіншіден, оппозиция өкілі деп танылған кандидатты қолдаған сайлаушылардың проценты бойынша – 16,23 (бұрынғы кездегі ең жақсы нәтиже 11,70 болатын). Төртіншіден, ОСК-ның (ЦИК) ресми деректері бойынша сайлау жәшіктеріне келмегендердің саны бойынша – 2,7 миллион адам немесе бүкіл сайлаушылардың 22,6 проценты (бұрынғы көрсеткіш 1,1 миллионды немесе 13,0 процентті құраған болатын).
Бұл келтірілген цифрлар 2019 жылғы президенттік сайлау жарысының бұрынғыға қарағанда ашық әрі әділ өткенін айғақтай алады. Алдағы сайлау науқаны осы тұрғыда ілгерілеуге тағы бір қадам болады деп үміттенуімізге болады.