Қазақстанда жақын күндері әлемдік БАҚ-тың назарын өзіне тартуға қабілетті оқиғалар орын алмақ. Солардың бірі – бүкіл жер шарын шарпыған геосаяси дағдарыстың бел ортасында өтетін Қытай Халық республикасы төрағасының сапары. Осыған байланысты біз Қытайды және Орталық Азияны зерттейтін «Синопсис» орталығының директоры Руслан Изимовты Қытай басшысының бізге нақты немен келе жатқанын болжау, сондай-ақ Қазақстанның үлкен көршімен қарым-қатынасы қалай дамып жатқанын түсіну үшін тағы бір рет шақыруға шешім қабылдадық.
Арандатушылыққа жол бермей отырып
- Әзірге белгілі болғаны бойынша, бұл Си Цзиньпиннің пандемия басталғалы бері бірінші шетелге сапары болады. Сіз қалай ойлайсыз, осы тұрғыда неліктен біздің еліміз таңдалды?
- Си Цзиньпин ұзақ үзілістен кейін, оның үстіне Қытай коммунистік партиясының 20-шы съезі қарсаңында барған бірінші ел ретінде Қазақстанның таңдалуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, АҚШ конгрессмені Нэнси Пелосидің тамыз айының басында Тайваньға сапары кезінде Қытай және АҚШ арасындағы текетірестің қызу деңгейі бұрын-соңды ешқашан орын алмаған биікке көтеріліп кетті. Вашингтон мұндай арандатушылықтарын қайталанатынын Пекин түсініп отыр, ал олардың мақсаты – Қытайды нақты қадамдар жасауға мәжбүрлеу. Осыған байланысты, АҚШ 1970-80 жылдардағы үш коммюникеде жасалған ҚХР-мен жасалған келісімдерге қатысты өз ұстанымын қайта қарайтын болатыны анық.
Негізінде, АҚШ Қытай Тайваньға қарсы әскери әрекеттерін бастау туралы шешім қабылдау арқылы Ресейдің қателігін қайталайды деген сенім артып отыр. Бірақ Бейжіңнің өзінде дәл осыдан қорық отыр – олар асығыс қадам жасап, Қытайдың экономикасына зиянын тигізетін ұзаққа созылатын баяу соғысқа араласып кетуден қорқады. Ал бұл жақын арада арал төңірегінде әскери арандатушылықтармен қатар жүретін әскери-саяси дағдарыс жалғаса түседі деген сөз. Қытай бұған берілетін жауап ретінде Тайваньға санкциялық қысымды күшейтіп жібереді. Сонымен қатар, Қытай-Америка текетіресі басқа аймақтарға, соның ішінде Орталық Азияға өз әсерін күшейте түседі.
Бұған қоса, Тайвань төңірегіндегі оқиғалар кезінде Бейжіңнің біршама ұстамды позициясына Қытайдың өзінде әртүрлі баға берілген болатын. Кейбір азаматтар үкіметті оның әлсіздігі үшін айыптады. ҚХР-да ұлтшылдық орасан зор болып өсіп жатқанын және ел тұрғындары басшылықтан бұдан да батыл әрекет күтетінін есепке алу қажет. Бұл тұрғыда Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары және Өзбекстандағы ШЫҰ саммитіне қатысуы әлем қауымдастығына қатаң мәлімдемелерді және үндеулерді жеткізу үшін қажет болуы мүмкін.
Екіншіден, Ресейдің әскери операциясы бақылаудан шығып, ауқымды әскери іс-әрекеттірге, соның ішінде Украина аумағынан тысқары жерлерге өтіп кету қаупі бар. Бұл жағдайда Қытайдың стратегиялық мүдделері екі қарама-қарсы сценарийдің – Мәскеудің сыни әлсіреуінің және, керісінше, оның басқа бағыттардағы, ең алдымен Орталық Азиядағы әскери агрессиясының жалғасуының алдын алу болып табылады.
Үшіншіден, пандемия басталғаннан бері, яғни екі жылдан астам уақыт бойы Си Цзиньпин шетелдерге сапарлар жасамады. Прагматикалық себептерге байланысты, ол өзінің сапарының бірінші бағыты ретінде ресейлік бағытты таңдай алмайды, өйткені ҚХР әзірге Батыспен толыққанды қарама-қайшылыққа түскісі келмейді, сондықтан өзіне маневр жасауға мүмкіндік қалдырып отыр. Осы жағдайларды ескере отырып, Орталық Азияға сапар жасау Қытай басшылығы үшін неғұрлым тиімді нұсқа болып отырған көрінеді.
Оған қоса, ШЫҰ саммиті алаңында Қытай көшбасшысының Ресей президентімен кездесіп, Украинадағы ағымдағы жағдайды талқылауға мүмкіндігі болады. Бұл жерде атап өту қажет нәрсе, енді ешкімге де тиімді емес соғысты тезірек тоқтатуды Бейжің ашық жақтайды. Сайып келгенде, Орталық Азияға сапары арқылы Си Цзиньпин бұл аймақтың Қытай дипломатиясы үшін маңыздылығын тағы бір рет көрсетеді.
ОA үшін күресу
- Жеке сіз өзіңіз бұл сапардан не күтесіз?
- Менің ойымша, Си Цзиньпиннің Қазақстанға тоғыз жыл бұрын орын алған сапары сияқты маңызды болады. Естеріңізге сала кетейін, ол 2013 жылдың наурызында ҚХР төрағасы қызметіне жаңадан ғана кірісіп, қыркүйекте Орталық Азия елдерін сапармен аралап шыққан болатын. Ол кезде Қытайдың дүние жүзіндегі рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін сыртқы экономикалық қызметіне деген жаңа көзқарасты ұсыну маңызды болған еді. Ал бұл көзқарас «Назарбаев университетте» таныстырылған Жібек жолының экономикалық белдеуі болды. Кейіннен ол бастаманың атауы «Бір белдеу – бір жол» деп өзгертілді.
2013 жылы сияқты, Си Цзиньпин Қазақстанның астанасында ҚХР-ның Орталық Азияға қатысты жаңа жоспарларын ашып салады деп ойлаймын. Бұл үшін барлық негіздер бар. Біріншіден, соңғы екі-үш жыл ішінде аймақтың Түркіменстаннан басқа барлық елдерінде адам шығынымен болған ішкі саяси дағдарыстар орын алды. Ал бұл жайт енді Қытайдың Орталық Азиядағы басты міндетіне – ШҰАР-ға іргелес аумақтарда тұрақтылықты сақтау міндетіне сәйкес келмейді. Қанша дегенмен, қазіргі кезде Бейжің үшін ең қатерлі қауіп – қытайлықтар «мазасыз провинция» деп атайтын Шыңжаңның қауіпсіздігіне төнген қауіп. Сондықтан шығыстағы көршіміз Қазақстандағы және аймақтың басқа да елдеріндегі ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге тырысады деп күтуге әбден болады. Айтпақшы, қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде Қытай билігі бізге құқықтық тәртіп орнатуға көмектесуді ұсынып та үлгерген болатын.
Екіншіден, Ресей-АҚШ-Қытай үшбұрышындағы ашық текетірес жағдайында Орталық Азияның маңыздылығы бірнеше есе артып келеді. Ресей Федерациясы Украинада үлкен қателік жіберіп алды, ауқымды оқшаулануға ұшырады және соның салдарынан Орталық Азиядағы өз ықпалын арттыруға тырысады, сонымен бірге біздің елдердің аумақтарын халықаралық санкцияларды айналып өту үшін пайдаланады. Украинадағы соғыс аясында Батыс та демократиялық құндылықтарды бұрынғыдан да белсенді түрде ілгерілетіп, азаматтық қоғамды ынталандырып, көптеген үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне жаңа серпін бере отырып, біздің аймаққа көбірек көңіл бөле бастады.
Сондықтан пандемия кезінде Орталық Азиядағы өз позициясын біршама әлсіретіп алған Қытай оны қайтарып алу үшін және бұрынғы ықпал деңгейін арттыру үшін шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, қазірдің өзінде біз Қазақстан мен Қытайдың ірі қалалары арасында әуе қатынасы қайта жанданып, екіжақты тауар айналымы артып жатқаны жөнінде естіп жатырмыз. Егер өткен жылдың соңында ол 15,2 ппроцентке өсіп, 18,2 миллиард долларды құраған болса, 2022 жылдың алты айында ол 11,26 миллиард долларды құрады.
Кері реакция
- Біздің елімізде Қытайға қарсы көңіл-күйлер ешқайда кетпеді, олар тіпті күшейе түсті. Қытайда оған қалай қарайды? Және олар қазақстан-қытайлық қатынастарға қандай әсер тигізеді?
- Иә, бізде синофобияның белгілі бір деңгейі сақталып отыр. Оның үстіне, кейбір азаматтар және мемлекеттік органдардың өкілдері мұны тіпті «пайдалы» деп есептейді. Бірақ мен мұндай тұжырымдалармен келіспеймін, өйткені кез келген фобия – жақсылық емес (әсіресе, әңгіме біздің ең жақын көршіміз әрі серіктесіміз – Қытай жөнінде болып отырғанда)? сондықтан одан арылу қажет. Бұл біз үшін берілген жайт, оны қабылдау оған қандай да бір түрде бейімделуге тырысу дұрыс болады. Бұл жағдайды өзгерту біздің қолымыздан келмейді, яғни мұндай алпауытпен бірге өмір сүрудің қолайлы үлгісін іздеу қажет. Өкінішке орай, ҚХР тарапынан да, біздің үкімет тарапынан да қоғамдағы Қытайға қарсы көңіл-күйді төмендетуге бағытталған нақты әрекеттер көрініп отырған жоқ. Алайда Бейжің бізге қарай қадам жасай отырып, мысалы, су бөлісу сияқты ауыр мәселелерді шеше алар еді.
Тұтастай алғанда, ҚХР дәстүрлі түрде Қазақстандағы Қытайға қарсы наразылықтарға ұстамдылықпен қарайды. Сарапшылар деңгейінде қалай да болмасын наразылықтарды естуге болады: біз сіздердің экономикаларыңызға инвестиция құйып жатырмыз, жолдар мен зауыттар салып жатырмыз, жаңа индустриялық секторлар құрып жатырмыз – неліктен бізге осындай теріс көзқарас орын алады? - дейді. Бірақ үкімет деңгейінде немесе Сыртқы істер министрлігі деңгейінде Қытай тарапы бұл мәселе жайлы сынақты сирек айтады. Бірақ жақын арада олардың ұстанымы өзгеруі әбден мүмкін. Бейжің әріптестерінен көбірек адалдықты талап етіп қана қоймай, Қазақстандағы жұмсақ дипломатияның құралдарын күшейтетін болар.
- Айтпақшы, 2019 жылы бүкіл елде «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылуы жоспарланып отырған 55 Қазақстан-Қытай бірлескен жобасына қарсы наразылық толқыны жүріп өтті. Ол өтіріктің барлық түрлерінен, соның ішінде «Қытайдан көшіріліп әкелінген ескі және экологиялық тұрғыдан қауіпті өндірістер» болатыны туралы фейктерден туындаған болатын... Осы келеңсіздіктердің барлығы жобалардың жүзеге асырылуының баяулауына ықпал етуі мүмкін бе еді?
- Қытай Қазақстанның жерлерін «басып алып жатыр» деген әңгімелер және Қазақстанның аумағында тек қытайлар ғана жұмыс істейтін уландыратын кәсіпорындар салуы жайлы айтылып жатқан сөздер – бұрыннан келе жетқан «қорқытулар». Әрине, Қазақстан Республикасындағы қытайлық компаниялардың қызметіне және сіз айтқан 55 кәсіпорынға олардың ешқандай қатысы жоқ. Жалпылай алғанда, «Белдеу және жол» бастамасы аясындағы жобаларға келетін болсақ, бұл жерде шынымен де көптеген сұрақтар туындайды. Біздің бағалауымыз бойынша, Қытай оларды жүзеге асыруға деген көзқарастарын қайта қарады, бұл оның бастан кешіріп отырған экономикалық қиындықтармен, сондай-ақ соңғы жылдары туындаған саяси проблемалармен байланысты. Біздің еліміздің аумағында инвестициялық келісім шарттарына сәйкес салынуы тиіс кәсіпорындардың көпшілігі сол қалпы пайда болмай қалды, ал жаңаларын салу бойынша жұмыстар тоқтатылған. Мұның себептері, мен алдында айтқанымдай, алуан түрлі...
Қолжетімділік аймағынан тыс
- «Шыңжаң мәселесімен» байланысты тағы бір фобия. Қазақстан Республикасы халқының едәуір бөлігі осы уақықта дейін Қытай билігінің бізбен шекаралас аймақтағы мұсылмандарға қарсы қатаң репрессиялық саясат жүргізіп жатқанына сенімді. Бұл фобия екіжақты қарым-қатынасқа қандай қауіп төндіреді? Ал ШҰАР-да бүгін шын мәнінде не болып жатыр?
- Осылайша аталатын «Шыңжаң мәселесі» және ШҰАР-дағы жалпы қоғамдық-саяси жағдай шынымен де азаматтарымызды алаңдатып отыр. Ең алдымен бұл, соңғы мәліметтер бойынша, онда 1,5 миллионнан астам қазақ ирредентасының өкілдері, яғни бізбен жақын туыстық байланыстағы этникалық қазақтар тұратынына байланысты. Ал біздің жерлестеріміз сол жерде тұратын жақындарымен байланыса алмаған кезде, бұл табиғи қобалжу мен қорқыныш тудырды. Объективті түрде қарайтын болсақ, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеде әу бастан белсенді позиция ұстанғанын атап өткен жөн. 2018-2020 жылдары Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагерлерінде қамайда отырған этникалық қазақтардың тағдырына қатысты Қытай тарапымен тұрақты түрде жүйелі келіссөздер жүргізіліп отырған болатын.
ШҰАР-дағы қазіргі әлеуметтік жағдай жөнінде айтатын болсақ, біз қол жеткізе алатын барлық белгілер мен мәліметтерге қарағанда, ол азды-көпті тұрақтанған. Түрлі ақпарат көздері бойынша, лагерьде отырғандардың көбі бостандыққа шығарылған. Тіпті есімі бүкіл осы науқанмен байланыстырылған ШҰАР партия комитетінің басшысы Чен Цюаньго да қызметінен алынып, Бейжіңге ауыстырылды. Бұл да орталықтың автономиялық аймақтағы алға қойған мақсаттарының орындалғаны жайлы айтады. Басқа сұрақ – қазіргі уақытта лагерьде болғандардың психикалық және физикалық денсаулығы қандай? Бірақ мен бұл жағдайды (соның ішінде сенімді ақпараттың жоқтығына байланысты) бағалай алмаймын.
Айтпақшы, Шыңжаңдағы партия комитетінің жаңа басшысы Ма Синьруидің тағайындалуы басқа ішкі себептермен қатар Бежіннің пандемиядан кейін аймақтың экономикалық дамуын және оның сыртқы байланыстарын нығайтуға бел бұғанын білдіруі мүмкін. Қазақстанға осы жағдайды пайдалана отырып, Қытаймен экономикалық байланыстарды жандандыру маңызды.
- Сіз орталықтың Шыңжаңға қатысты «мақсаттары» жөнінде айттыңыз. Әңгіме нақты не жөнінде болып отыр?
- ШҰАР халқын қайта тәрбиелеу жөніндегі ауқымды науқанның басты мақсаты – ұлттық және діни бірегейлікті жою болып табылған деп есептеу керек болар. Егер ШҰАР тұрғындарының басым бөлігі өз өмірін сақтап қалу үшін коммунистік партиясының оларға таңытуға тырысқан идеологиялық нұсқауларды қабылдауды жөн деп есептегенін есретін болсақ, бұған көбінесе қол жеткізілген сияқты. Ал «ереже бойынша ойнауға (өмір сүруге)» дайын емес болғандар сол жерде қалды немесе әлдеқашан хабарсыз жоғалған деп есептелген. Олардың арасында зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ дін қызметкерлері және қарапайым діндарлар бар... Бұл бағалау қытайлық әріптестерімізге ұнамайтыны сөзсіз, бірақ ол бізге келіп түскен ақпаратқа негізделген. Өзге ақпарат бізде жоқ. Сенімді деректерге қол жеткізу жолдары жабық.
Сыртқы істер министрлігінің және жалпы Қазақстанның ШҰАР-дағы жағдайға қатысты ресми ұстанымы өте айқын: біз Қытайдың ішкі істеріне араласпаймыз (Қытайдың біздің ішкі істерімізге араласпайтыны сияқты) және оның өз аумағында қажет деп ұйғаратын кез келген саясатты жүргізуге құқығы бар деп есептейміз. Басқа позиция болуы мүмкін емес. Сонымен бірге екі жақта да ШҰАР-да қазақстандық ирреденттердің болуы екіжақты қарым-қатынастардың жалпы дамуына қандай да бір түрде әсер ететініні жөнінде түсінік бар. Дәл сол себептен де Қазақстан, мен жоғарыда айтып өткенімдей, бұл мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын Бейжіңге мүмкіндігінше дипломатиялық жолмен жеткізуде. Ал кейбір мәселелерде ол біздің қажеттіліктеріміз бен мүдделерімізге сай әрекет ететінін мойындауымыз қажет. Отандық дипломаттардың күш-жігерінің арқасында Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, Қытайдан кеткен этникалық қазақтардың мәселесі шешілгеніне көптеген мысалдар бар.
Түйіндеме: белгілі бір кезеңде ШҰАР-дағы жағдай шынымен де екі ел арасында біршама шиеленіс тудырған болатын, бірақ қазіргі кезде бізде жаһандық державамен өзара әрекеттесуде көп тәжірибе жинақталды. Қазір біз проблемаларды шешуде, қиын жағдайдан шығуға бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тұрғыдан алғанда, менің ойымша, Қазақстан Қытаймен тиімді ынтымақтастық орнату үшін жақсы дағдылар мен белгілі бір әлеуетті сөзсіз дамытып жатыр.
Сақ болу қажет
- Төтенше шиеленісті геосаяси жағдай аясында Ресей мен Қытайдың жақындасуы байқалады. Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді, егер дәстүрлі түрде оған және жалпы Орталық Азияға әсер ету үшін бәсекелесетін екі ірі державаның арасында қысылғанын ескеретін болсақ? Бұл күрес жалғасатын болама? Және, ең бастысы, тек Ресей Федерациясы мен Қытаймен ғана емес, сондай-ақ Батыспен де жақсы қарым-қатынаста болу үшін сыртқы саясатымыз қандай болуы тиіс?
- Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар өз мәні бойынша көп қырлы болып табылады. Олар Батыс гегемониясына бірлесіп қарсы тұру үшін, екіжақты форматта тығыз жұмыс істей алады, және, сонымен бірге әртүрлі салалар мен аймақтарда бәсекелесе алады. Сондай аймақтардың бірі – Орталық Азия, онда Мәскеу де, Бейжің де өз стратегияларын жүзеге асырып жатыр. Бұл тұрғыда, мен Орталық Азияда олардың арасында қандай да бір «еңбекті бөлісу» бар деген кейбір ортада танымалттеорияның жақтаушысы емеспін. Менің ойымша, көп жылдар бойы Ресей Федерациясының аймақтағы қауіпсіздіктің бірден-бір кепілі болып отырғаны, қомақты инвестиция құйып, өз қауіпсіздігін әрдайым сезіне бермейтін Қытайды қанағаттандармайтын болып қалды.
Шын мәнінде, ҚХР баяғыдан бері Орталық Азиядағы қауіпсіздік секторындағы ықпалын кеңейтуге ұмтылып келеді. Бұл әбден түсінікті: өңірге құйылатын инвестиция көлемі артқан сайын оларды қорғаудың табиғи қажеттілігі туындайды. Ал бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін болжанбайтын салдары бар Украинадағы нақты соғыстың басталуымен туындаған соңғы оқиғалар, сондай-ақ Орталық Азиядағы наразылық белсенділік толқынымен байланысты оқиғалар, Бейжіңнің бұл міндетін одан да өзекті етіп жіберді. Оған қоса, ол өзіне Қазақстандағы, Өзбекстандағы және Тәжікстандағы ішкі саяси үдерістерді, осы елдерде болып жатқан белгілі оқиғаларды ескере отырып, жақсырақ түсіну мақсатын қойды.
Көптеген жылдар бойы Қазақстан Қытайлық инвестицияларды немесе кез келген басқа инвестиция объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабілетіне күмәндануға негіз берген жоқ болатын. Ал бұл, менің ойымша, орынды тәжірибе – кез келген ел өз аумағындағы қауіпсіздікті өз ресурстарымен қамтамасыз етуге ұмтылады. Сондықтан қазіргі уақытта Қытайдан қандай да бір күштерді, оның ішінде «жеке әскери компаниялар» деп аталатын күштерді тарту туралы әңгіме жоқ. Иә, қаңтар айында біз қиын жағдайды бастан өткердік, бірақ қазір ол толығымен тұрақтандырылды, сондықтан шетелдік инвестициялар үшін шеқандай қауіптер жоқ.
Дегенмен, Қытайдың аймақтағы әскери қатысуының прецеденті қазірдің өзінде бар және бұл өте жарқын прецедент. Барлығымыз білетіндей, ҚХР өзінің қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін (соның ішінде Ауғанстанмен шекараны күзету және патрульдеу мақсатымен) өз тарапынан тәуекелдер мен қауіптердің алдын алып, Тәжікстандағы базаны пайдаланып отыр. Бұл тәжірибе Орталық Азияның басқа елдеріне тарай ма, жоқ па, әзірше айту қиын, бірақ осы саладағы Ресей мен Қытай арасындағы бәсекелестік күшейе түсетіні сөзсіз. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада 5+1 (ҚХР + ОА) форматындағы кездесулер аясында, Бейжің аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін талқылауға қолдау көрсету мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Осы кезеңде Қазақстанның сыртқы стратегиясы қандай болуы тиіс? Енді бұл нөмірі бірінші сұрақ, оған мен бұрынғы сұхбатымда Qazaqstan Monitor-ға жауап берген болатынмын («Жаңа шындықта Қазақстанға кіммен дос болған тиімді?» – ескерт. ред.). Бір ғана айта кетерім, оның астындағы пікірлерге қарағанда, біздің көпвекторлы тәсілді күшейтуге деген көзқарасымыз сыртқы бақылаушылардың өте ауыр реакциясын тудырып отыр. Көптеген комментаторлар, тіпті, дәл осындай саясат ұстанған Украинаның мысалына жүгінеді... Ал бұл біз барлығын дұрыс істеп жатқанымызды және Қазақстан үшін көпвекторлы бағытқа балама жоқ екенін тағы бір рет дәлелдейді.