30 қыркүйекте Украина территорияларының бір бөлігін Ресейге қосып алғаннан кейін одан сайын шиеленісіп кету қаупі бар Ресей Федерациясы және Батыс арасындағы бұрын-соңды болмаған текетірес жағдайында Қазақстан басшылығының ұстанымына сырттан да, іштен де жасалып жатқан шабуылдарға ұшырап жатыр. Бұл, бір жағынан, көптеген ресейлік саясаткерлер мен «сарапшылар» арасында, әсіресе, ештеңеге қарамастан «соңына дейін баруға» шақыратындар арасында, ал екінші жағынан, олардың антагонистері арасында – өздерін қазақ патриоттарымыз деп атайтын біздің қоғамның бөлігінде жасыра алынбайтын ашу тудырып отыр.
Біріншілері Ақорда Ресейдің жауларымен жақсы қарым-қатынас жасасып, сол арқылы өзінің одақтасына әрі стратегиялық әріптесіне опасыздық жасап отырғанына наразылық танытып отыр, ал екіншілері, керісінше – Кремльдің ықпалынан шығып кетуге қабілетсіздігі немесе тіпті оны қаламайтындығы үшін айыптап жүр. Біріншілері де, екіншілері де «саясат – бұл ымыраға келу өнері» деген белгілі шындықты есепке алмай, Қазақстан қайсысының жағында екенін түпкілікті шешуді талап етеді.
Жақында Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы төрағасының ТМД істері жөніндегі бірінші орынбасары Константин Затулин «Московский комсомолец» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның «тайғақ жолға» түскені туралы айтып, тіпті қорқыта отырып: «Ресей Федерациясымен әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бар ел, менің ойымша, ол... қазіргі қалыптасқан жағдайда Батыстың санкцияларына назар аударуға тырысып, өөіне қауіп төндіріп отыр. Әрине, бұл жайт Ресей тарапынан реакциясыз қалмайды. Бұл реакция қандай болатыны жөнінде мен қазір қиялдағым келмейді. Бірақ ол реакция міндетті түрде орын алатын болады деп ойлаймын» - деп айтқан сөздері өте көп шу шығарды.
Егер тіпті Ресей парламентіндегі адам мұндай шабуылдарға жол берген болса, онда саясаттанушылардың және журналистердің барлық түрлері туралы, көрші елдің әртүрлі ақпараттық ресурстары жөнінде не айтуға болады? Мінеки, соңғы аптада жарық көрген және елімізге арналған басылымдардың тек кейбірінің тақырыптары: «Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің ашық жауы болып кеткен бе?», «Қазақстан: Батысқа бет бұру – мемлекеттің ыдырауына төте жол», «Қазақстанда «украинизация» жарияланды: Тоқаевтың үлкен ойыны», «Ресей одақтастарының шапалақтары барған сайын қаттырақ сезіліп барады»...
Олардың авторлары жақында Нью-Йоркте америкалық саясаткерлермен және бизнесмендермен, Еуропалық Одақ басшылығымен кездесулері, сыртқы істер министрлерінің келесі кездесуін С5+1 форматында (Орталық Азия елдері және АҚШ) Астана қаласында өткізу туралы ұсынысы үшін Қазақстан билігіне және атап айтқанда мемлекет басшысына кінә тағып отыр. Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізбеу және қайталама санкцияларға ұшырамау мақсатында АҚШ әкімшілігімен және Еурокомиссиямен кеңесулер де наразылық туғызып жатыр. Тіпті Батыс елдеріне біздің экспортымыздың артуы да қандай да бір қастандық ретінде көрсетіліп жатыр.
Әсіресе, Regnum федералдық ақпарат агенттігі өз порталында күн сайын дерлік Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қатысты жағымсыз жарияланымдарды орналастыра отырып, истерияны қамшылауда белсенділік танытып жатыр. Қыркүйек айының аяғында жарық көрген кейбір тақырыптарды келтірсек те жеткілікті: «Көпвекторлы Қазақстан Ресейге және Қытайға қарсы», «Қазақстан Батыстың Ресейге қарсы тұру құралына айналды», «Қазақстан саудаға жасауға және саудаласуға ұмтылуда әбден абдырап кетті».
Естеріңізге сала кету жөн болар, дәл осы ресурс Ресейдің ең көп сілтеме жасайтын 20 қоғамдық-саяси басылымының қатарына енген (ол Қазақстанда тамыз айының соңында бұғатталған), Путиннің Назарбаевпен маусымдағы кездесуінен кейін «сарапшылар» бірінің аузымен Назарбаев «Солтүстік Қазақстанды басқаруы ықтимал» деген нұсқаны алға тартқан болатын.
Яғни, шын мәнінде, ол осы аумақтың бөлінуін жақтап шықты және сонымен бірге Қазақстан Республикасының бірінші президентін екінші президентке (оның есте сақтау қабілеті төмен дей отырып) қарсы қойды.
Осыншама агрессивті шабуылға бір күн бұрын «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан Ресей Федерациясымен ынтымақтастықты жалғастырады, бірақ сонымен бірге Ресейге қарсы санкцияларды бұзуға ниеттенбейді» - деген сөздері себеп болды. Ал Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумында ДХР мен ЛХР-ға қатысты Тоқаевтың есте қаларлық мәлімдемесінен кейін Regnum басшысы Модест Колеров сөзбе-сөз мағынада өт шашыратты.
Оған қоса, осы тектес басылымдар және олардың «сарапшылары» біздің елімізге жақын арада күйреуді және архаикаға сырғып кетуді болжап отыр, бұған қыркүйектегі басқа басылымдардағы жарияланған мақалаардың тақырыптары дәлел: «Қазақстан мемлекеттік апат жолында», «Қазақстан бұрын да тайпалар елі болған, әлі де солай болып табылады және келешекте де сондай болып қала беретін болады», және т.б. Мұндай болжамдар Батыстың ықпалымен және Кремльдің жетегіне көзді жұмып еріп жүре беруге қарсы болумен тікелей байланыстырылады.
Әрине, бұл ретте мақаладан мақалаға (Затулиннің сұхбаты да ерекшелік болған жоқ) қаңтар оқиғасы кезіндегі ҰҚШҰ-ның (ОДКБ) десанты туралы еске салулар мен «алғыссыздық» туралы айыптаулар көшіріліп айтылып жатыр. Және, әрине, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің ДХР, ЛХР және Запорожье мен Херсон облыстары аумақтарының бір бөлігінде жақында өткен референдумға қатысты мәлімдемесі (Тоқаев бұл мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымын бұған дейін анық және екіұшты емес етіп айтып кеткеніне қарамастан) ашуландырды.
Істің шын мәнінде, Затулин және оған ұқсас басқалары да, көршілес елдің, яғни біздің мемлекетіміздің, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізу құқығына, ұлттық мүддеге және ұлттық қауіпсіздікті қалайша қамтамасыз ететінімізге қатысты өз идеяларымызға сәйкес белгілі бір қадамдар жасау құқығына күмән келтіріп отыр. Сонымен бірге олардың өздері АҚШ-ты көптеген басқа елдерді (бірінші кезекте еуропалық елдерді және, әсіресе, Украинаны) өздерінің еркіне бағындырды деп, оларды нақты саяси және экономикалық егемендіктен айырды деп үнемі айыптап отырады. Бір сөзбен айтқанда, мұнда қос стандарттар орын алып отыр.
Мұндай жақтырмаушылық жөніндегі мәлімдемелер жасау арқылы олар тек біздің елде орысофобиялық сезімдерді қоздырады, яғни шын мәнінде Ресейдің өзінің мүддесіне қарсы әрекет етеді. Бұл көңіл-күй әсіресе Ресей Федерациясында ішінара әскери жұмылдыру жарияланғаннан кейін және Ресей-Украина майданына барғысы келмейтіндердің Қазақстанға ағылуынан кейін айқын байқала бастады. Руссофобияға бейім адамдар бұл көңіл-күйлерден әлеуетті «бесінші колоннаны» көреді, болашақ «сыпайы кішкентай адамдарды» көреді. Алайда, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған келу-кету статистикасына қарағанда, бұл адамдардың көпшілігі үшін біздің еліміз тек транзиттік аумақ болып табылады. Оның үстіне олардың өздері де Ресеймен белгілі бір келісімдер және міндеттер арқылы байланысқан Қазақстан Ресей Федерациясының әскерге шақырудан қашып жүрген азаматтары үшін ең қолайлы жер емес екенін жақсы түсініп отыр.
Ал егер түрлі қоғам қайраткерлерінің, әсіресе ұлттық-патриоттық лагерь деп аталатын топ өкілдерінің ЕАЭО-дан және ҰҚШҰ-дан шығу талаптары, олардың Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптауға батылы бармағаны үшін Қазақстан билігін сынға алуларына келетін болсақ, бұл популизмнен басқа ештеңе емес. Мұндай қадамдар қазіргі жағдайда біздің мемлекетіміз үшін ең күтпеген және, бәлкім, қайғылы зардаптарға толы. Өйткені олар солтүстіктегі көршілеріміз тарапынан ашық жаушыл қадамдар ретінде қабылданатын болады. Ал бізбен өте ұзақ шекарасы бар, ядролық қаруғ ие және қазір бекінген әлемдік державалардың бірімен талас-тартыс жасау біздің мүддемізге сай келмейтіні анық. Оған қоса, сол ЕАЭО-дан шығу Қазақстан экономикасына, азаматтардың әл-ауқатына оң әсер ететіні әлі де факт емес екені анық.
Ешнәрсеге жауап бермейтіндіктен ойына келгенінің барлығын айта бере алатын осындай «патриоттардан» ерекшелігі, елдің саяси басшылығы, бұл сөздер қаншалықты пафосты болып естілсе де, халықтың тағдыры үшін, халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алады. Қазақстандықтар, мемлекеттілік пен аумақтық тұтастықты сақтағанды қалайды. Ал егер Ресей мен Батыстың ашық әскери текетіресінің ықтималдығын жоққа шығаруға болмайтын қазіргі өте қиын кезеңде Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маневр жасау, позицияны ұстану керек болса, өрескел айтқанда, «біздікілерге де емес, сендердікілерге де емес» («немесе біздікілерге де, сендердікілерге де», кімге қалай ұнайды), неге олый істеуге болмасқа?
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 27 қыркүйекте Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуінде айтқан сөзін дәл осы тұрғыда қабылдау керек сияқты деп ойлаймын: «...Осындай оңай емес жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен БҰҰ-да дауыс беру кезінде бейтарап позицияны ұстанады. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді... Біз үшін барлығынан да бастысы – аумақтық тұтастық және халқымыздың әл-ауқаты. Сондықтан біз парасаттылық, сабырлық танытуға тиіспіз, арандатушылар жетегінде кетуімізге болмайды... Біздің жақын маңайымызда ауқымды соғыс жүріп жатыр. Осыны есте сақтай отырып, біз ең алдымен еліміздің қауіпсіздігін ойлауға тиіспіз. Егер біз шекарамыздың мызғымастығын қамтамасыз етсек, сырттан келетін шабуылдардан сақтансақ, онда біздің әл-ауқатымыз сақталады. Бұл біздің еліміз үшін де, жеке мен үшін де басты мақсат болып табылады».
Айтпақшы, келесі күні дүние жүзіндегі жетекші ақпараттық телеарналардың бірінде, өз назарын Қазақстанға сирек аударатын Euronews хабарларында, Тоқаев сөйлеген сөзінің үзіндісі күні бойы қайталанып көрсетіле берді...