Джо Байденнің Ақ үйге келуіне байланысты, сарапшылар АҚШ-тың өзінің дәстүрлі қарсыластары – Ресей мен Қытайға, оның ішінде Орталық Азияға, әсіресе барлық үш геосаяси ойыншының мүдделері соқтығысатын Қазақстанға белсенді кіру арқылы қысымның күшеюін күтуде. Стратегиялық маңызды өңір үшін жаһандық күрес одан әрі қалай өрістетілетіні және біздің елдеріміздің жолы қандай болуы тиіс жөнінде біз саяси ғылымдар докторы, профессор, ҚР президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулинмен әңгімелестік.
- Мұрат Тұрарұлы, сарапшылардың осындай бағалауымен сіз келісесіз бе?
- Иә, келісемін. Жағдай өзгеріп жатқаны анық, жаңа нюанстар пайда болды. Расын айтсақ, Батыстың, ең алдымен Америка Құрама Штаттарының Орталық Азияға қатысты саясаты қандай болатынын әзірге болжау қиын. Ақ үйдің жаңа әкімшілігі қаржылық, экономикалық, дипломатиялық, кадрлық, әскери-саяси және әскери-стратегиялық, технологиялық және идеологиялық ресурстардың тапшылығы жағдайында әрекет ететіні анық.
Біз үшін қазір Вашингтонның өзінің сыртқы саяси жетістіктерінің бірі – АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиясын (2020 жылы 5 ақпандағы) қалай жүзеге асыратыны маңызды. Осы құжатқа сәйкес, Вашингтон үшін Қазақстан мен Өзбекстандағы саяси басшылықтарының ауысуы аймақтың жетекші мемлекеттері ретінде үлкен қызығушылық тудырады. Басты мақсат – Орталық Азия елдерінің егемендігін қамтамасыз ету. Посткеңестік кеңістікті американдық көзқарасы арқылы қабылдау, негізінен, шағын және жаңа мемлекеттерді Ресей атты империялық, отарлық және агрессивті гегемоннан қорғау қажеттілігіне негізделген.
- Ал бұл «белсенді ену» нақты неден көрінетін болады?
- Орталық Азия Дональд Трамп әкімшілігінің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының қатарында болған жоқ, бірақ соңғы кезде Вашингтонның біздің өңірге назары айтарлықтай өсті. Бұл жәйт бірқатар факторларға байланысты.
Біріншіден, АҚШ-тың Орталық Азиядағы белсенділігі американдық билеуші топтардың Қытайға әртүрлі бағыттар бойынша қарсы тұруға бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді. Ол сондай-ақ дәстүрлі түрде осы өңірді өз мүдделерінің аумағы ретінде қарастыратын Ресейдің мүдделеріне әсер етеді. Егер ҚХР Орталық Азия елдерінің экономикасында жетекші орын алған болса, онда Ресей Федерациясының жауапкершік саласына, ең алдымен, қауіпсіздік мәселелері кіреді.
Екіншіден, АҚШ-тың өңірге деген қызығушылығының тағы бір өсуі Дональд Трамптың әскерлерді шығаруға дайындалып жатқан мәлімдемесі өзекті еткен Ауғанстан проблемасына байланысты.
Үшіншіден, американдық капиталдың Орталық Азия экономикасына инвестициялар жасауға белгілі бір қызығушылығын ескеру қажет.
АҚШ-тың осы өңірге қатысты саясатындағы елеулі өзгерістер бір жыл бұрын анықталған болатын. Мұны растайтын маңызды оқиға – 2020 жылдың ақпан айында мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның Қазақстан мен Өзбекстанға (сонымен қатар ТМД-ның басқа да республикаларына) сапары болып табылады. Өзбекстандағы «С5+1» министрлік кездесуінің отырысы барысында ол Орталық Азия бойынша жаңа стратегияны ұсынды. Іс жүзінде дәл сол уақыт аралығында оны АҚШ мемлекеттік департаменті де жариялады.
Айта кетейік, Штаттар медиатор рөлін атқарған «С5+1» (ОА плюс АҚШ) форматын іске қосу сәтінде ол бірегей болды, өйткені өңір елдерінің өз диалог алаңы болмады. Бір кездері өткір болған мұндай диалогқа деген қажеттілік бүгінде барынша азайтылды. Тұрақты негізде өтіп жатқан Орталық Азия елдері басшыларының саммиттері олардың өз бетінше әрекет ете бастағанын көрсетеді.
- Орталық Азия бойынша америкалық жаңа стратегияның басты ерекшелігі неде?
- Американдық дипломаттардың құжаттары мен ауызша түсіндірулерінен Вашингтон Мәскеу және Пекинмен осы өңірге әсер ету үшін бәсекелесуге дайын екендігі көрінеді. Әңгіме, атап айтқанда, ОА мемлекеттерінің біртұтас блок ретінде әрекет етуі, сондай-ақ байланысты Ресей және Қытаймен емес, Ауғанстан және Пәкістанмен нығайтуы жөнінде болып отыр. Алайда, стратегияның өзі бұл өңірдегі АҚШ-тың нақты түрлері жөнінде аз мәлімдейді. Ал Мәскеуді олардың практикалық қадамдары көбірек алаңдатады.
Американдық аналитикалық қоғамдастық дайындаған Вашингтонға арналған ұсыныстарға келесі элементтер кіреді:
- Ынтымақтастық иерархиясын құру. Демек, Қазақстанмен және Өзбекстанмен ынтымақтастықты басым ету.
- Басқа мемлекеттердің үлесі мен мүмкіндіктерін мойындау және қабылдау. Яғни, аймақтағы АҚШ-тың Ресей және Қытаймен ортақ мақсаттары бар екенін ескеріп, қарсыластардың әрекеттерін өз мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдаланудың жолын табу.
- Егер реформаларға сұраныс болмаса, оларды талап етпеу. Яғни, өзгерістер жөніндегі талаптары Орталық Азия елдері азаматтарының өздерінен бастау алуы тиіс, ал АҚШ-тың реформаторлық бағдарламасы ең алдымен демократияны таратуға емес, бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталуы тиіс.
- Қауіпсіздік пен құндылықтар арасындағы тепе-теңдікті табу. Яғни, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты адам құқықтарына қатысты жағдайға тәуелді етпеу.
- Ислам радикализмінің шамадан тыс қаупіне жауап ретінде АҚШ саясатын милитаризациялаудан аулақ болу. Яғни, өңірдегі діни экстремизмнен туындайтын АҚШ қауіпсіздігіне төнетін қауіпті тым ауыр қабылдамау.
- Қолда бар ықпал ету тетіктерін тиімді пайдалану, «өз бағасын көтеру» және маңыздылық дәрежесіне сәйкес нақты міндеттер қою. Мысалы, өңірдің кейбір жоғары оқу орындарында «американдық бұрыштар» жұмыс істейді. Олар Өзбекстанды қоспағанда (мұнда олардың қатысуы елшіліктің шеңберімен шектеледі – елшіліктен тыс бөлімдерді ашуға жергілікті биліктің шешімі жоқ сияқты), ОА-ның барлық елдерінде бар.
АҚШ-тың «қазіргі шақырылымдағы» Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей және Орталық Азия бөлек бағытта ерекшеленетінін айта кету керек. Посткеңестік кеңістіктегі басқа республикалар, бәлкім, еуропалық бөлімде қалады. Менің ойымша, Джозеф Байден әкімшілігі Еуразияны бөлшектендіріп ұстауға және Азиядағы қытайлық қарсыластармен, ең алдымен Үндістанмен байланысын нығайтуға тырысады. Мұндай курс Мәскеу мен Делидің стратегиялық серіктестігін жалғастыруға елеулі әлеуетті қиындықтар туғызады.
Сонымен бірге, американдық экономикалық саясаттың негізгі құралдары – инфрақұрылымдық (ең алдымен құбыр желісі) жоспарлау, халықаралық қаржы институттарының бағдарламалары, либералды реформаларды жүзеге асыруға гранттар, санкциялар. Бұл құрал болашақта да сақталатынына күмән жоқ.
- Вашингтон өзін нақты неден қорғауға тырысады?
- Америка Құрама Штаттарының стратегиясы өзінің экономикалық байланыстарын кеңейтуінен гөрі Ресей мен Қытайды геосаяси тежеу міндеттеріне бағытталған. Ақ үй Мәскеу және Пекиннің балама ұсыныстары болып табылатын және олардың Орталық Азия экономикасына әсерін азайтуға арналған транзиттік дәліздер мен интеграциялық жоспарларды алға жылжытуы кездейсоқ емес.
Бұл үшін негіз бар. Д. Трамптың әкімшілігі билікке келген кезде әртүрлі әсер ету құралдары арқылы саяси ықпал жасау мүмкіндіктері түрінде жеткілікті мұраға ие болды. Кезінде У.Клинтонның әкімшілігі, Дж.Буш (кіші), Б. Обама, әрдайым дәйекті емес болса да, бірақ мақсатты түрде, Вашингтон республикалардың әрқайсысындағы саяси процестерге әсер ете алатын орта құру үшін, әр түрлі «жұмсақ күш» институттарын имплантациялады.
АҚШ-тың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі – Еуразияда континенттің халқы мен ресурстарын біріктіре алатын супер державаның пайда болуына жол бермеу. Мұндай ауыр салмақтының пайда болуы күштердің жаһандық тепе-теңдігін түбегейлі өзгертіп, американдық көшбасшылыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттарының үстем держава ретіндегі соңғы императиві – бұл Еуразияда қарсыластың пайда болуына жол бермеу. Мұны істеу үшін оның бөлшектенуін және онда мүмкін болатын көптеген дұшпандық державалардың болуын сақтау қажет. Бұл ұзақ мерзімді стратегия Ресейдің жандануына әкеледі.
- Яғни, АҚШ-тың негізгі күш-жігері Ресей Федерациясына қарсы бағыттала ма?
- Иә, Джозеф Байден командасының нұсқасы бойынша АҚШ үшін негізгі стратегиялық қарсылас Ресей болады. Сондықтан Штаттар Ресей Федерациясы үшін геосаяси маңызды аумақтарда белсенділігін арттыруға ниетті. Жақында мемлекеттік хатшы лауазымына бекітілген Тони Блинкеннің мәлімдемесіне сүйенетін болсақ, американдықтардың НАТО-дағы серіктестері Мәскеуді тоқтату үшін белсенді қадамдар жасайды. Посткеңестік елдер есебінен Солтүстік Атлантикалық Альянсты кеңейту мәселелері пысықталуда деген пікір бар. Оларға АҚШ пен НАТО-ның көмегі Вашингтонның жаңа стратегиясында бөлек жолмен жүреді.
Ресей мен АҚШ Орталық Азиямен байланысты бірқатар мәселелер бойынша бір-біріне қарсы тұруда. Кейбір келіспеушіліктер тек символдық болып табылады және практикалық әрекеттерге тікелей әсер етпейді. Басқалары, керісінше, саясаттың қалыптасуына тікелей әсер етеді.
- Сіз қалай ойлайсыз, ОА елдері, атап айтқанда, Қазақстан АҚШ тарапынан өзіне жоғары дәрежеде көңіл бөлуден ұтады ма, әлде көбірек ұтылады ма?
- Орталық Азия елдерімен диалогтың бірыңғай форматы бар екенін айта отырып, Вашингтон прагматикалық ойыншы ретінде олардың біртұтас емес екенін және олардың арасында үлкен үйкеліс бар екенін түсінеді. Сондықтан АҚШ-тың оларға қатысты бірыңғай стратегиясы жасалды деп айтуға негіз жоқ. «С5+1» форматы PR-жобаға, АҚШ-тың өңірге деген қызығушылығын жоғалтпағанын көрсетуге көбірек ұқсайды. Көпвекторлы сыртқы саясат – бұл дәл қазір Вашингтон өзінің Орталық Азиядағы әріптестерінен күтетіні.
АҚШ, ең алдымен, аймақтағы әскери-стратегиялық үстемдікке мүдделі. Мысалы, 2016 жылдан бастап олар Өзбекстанмен әскери-саяси байланыстарды айтарлықтай белсенді түрде нығайтты. Атап айтқанда, олар Ташкентке Талибанмен келіссөздерде маңызды рөл жүктеуге тырысты, ал өз әскерлерінің едәуір бөлігі шығарылғаннан кейін – ол арқылы Ауғанстандағы жағдайға әсер етуді жалғастырды. 2019 жылдың ақпан айында Өзбекстанда АҚШ әскери күштерінің әсерлі миссиясы болды – АҚШ-тың қолдауымен Өзбекстан астанасында Орталық және Оңтүстік Азия елдері бас штаб бастықтарының кездесуі өтті.
АҚШ Орталық Азия мемлекеттерімен, соның ішінде Қазақстанмен, Ауғанстанға бағыттанатын және Ауғанстаннан жіберілетін американдық әскери, барлау және өзге де әскери авиацияның әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшу мүмкіндігін талқылауда. Американдықтар осындай жобалар мен келісімдердің көмегімен бұл өңірде (оны Ресей мен Қытайды тежеу үшін пайдалану мақсатында) тұрақтағысы келеді, деп есептейді Мәскеуде.
Бірақ оған қарамастан, Беларуссиядағы, Қырғызстандағы, Украинадағы және Кавказдағы оқиғалар аясында біздің ел ресейлік периферияны тұрақсыздандыру үшін келесі тамаша алаң ретінде көрінеді. Қазақстан оқиғалардың мұндай дамуынан, әрине, пайда көрмейді. Оның үстіне, ҚР-ның көршілер үшін бірегей стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, егер тұрақсыздандыру тым алысқа баратын болса, біз қосымша сыртқы интервенцияны алуымыз ықтимал.
- Еліміздің билігі ұлттық мүдделерді қорғау және өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету тұрғысынан қандай позицияны ұстануы керек?
- Вашингтонның Орталық Азияға, атап айтқанда, Қазақстанға қатысты мақсаттары айқын. Мәселе тек қай кезде және қандай дәрежеде жүзеге асырылуы мүмкіндігінде. Барлығын өз назарында ұстап отыру үшін Дж.Байден әкімшілігі АҚШ-тың өңірдегі тұрақты саяси қатысуының жалғыз құралы ретінде «C5+1» форматын сақтап қалуы ықтимал. Бірақ бұл бағыттағы белсенділіктің артуын күту қажеттілігі екіталай, өйткені жақын арада Ақ үйдің жаңа иесінде басқа да негізгі сыртқы саяси міндеттер пайда болады. Бұл ЕО-мен қарым-қатынасты қалпына келтіру, Қытаймен, сондай-ақ Иранмен өзара іс-қимылдың жаңа форматын құру әрекеті, АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына және климаттың өзгеруі жөнінде Париж келісіміне оралуы, Біріккен ұлттар ұйымындағы американдық позицияларды нығайту. Бірақ болашақта демократтар міндетті түрде өз назарларын Орталық Азияға қайта аударады.
Оның үстіне ОА елдері Қытаймен және Ресеймен елеулі қайшылықтарға түскісі келуі екіталай. Жақын болашақта олар бұрынғыдай үш күш орталығы арасында маневр жасайды. Осылайша, орта мерзімді перспективада «РФ–АҚШ–ҚХР» үшбұрышындағы Орталық Азия үшін мүдделер келісімі іс жүзінде мүмкін емес. Оқиғалардың қолайлы дамуы жағдайында алдыңғы жылдары қол жеткізілген статус-кво сақталуы мүмкін.
Осындай күрделі жағдайда, атап айтқанда АҚШ-тың Орталық Азия өңіріне, әсіресе Қазақстанға қысымының ықтимал, бірақ барынша мүмкін күшеюі болған жағдайда, біз бірінші кезекте Ресеймен одақтастық қарым-қатынастарымызға екіжақты деңгейде де, ұжымдық ұйымдар (ҰҚШҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК) шеңберінде де бағдарлануымыз қажет. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы динамиканы жоғалта бастаған Қытаймен өз іс-әрекеттерімізді Мәскеумен үйлестіре отырып, өте мұқият саясат жүргізуіміз керек. Сонымен қатар, әрине, бұл өте қиын болса да, Орталық Азияның бірлігін күшейту, сондай-ақ әділ әлеуметтік саясат жүргізіп және жастармен жұмыс істей отырып, өз қорғанысымызды нығайту қажет.
Әлеуметтік саладағы мемлекеттің қаржылық ресурстары дағдарыстың жағымсыз нәтижелерінің салдарынан апатты түрде сарқылып жатқаны анық. Осыған байланысты бюджетті және оның әлеуметтік компоненттерін толықтырудың жаңа көздерін іздеу және дәстүрлі көздерін қайта қарау қажет. Бұл ҚР экономикалық саясаты бағытына елеулі түзетулер мен тіпті өзгерістер енгізуді талап етеді.
Сондай-ақ исламизация және дерусификация (десоветтендіру) процестерін тоқтату, ұлттық банк жүйесін және шетелдік (американдық) коммерциялық емес ұйымдардың белсенділігін бақылауға алу, бұзылған білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін қалпына келтіру маңызды.
Дағдарыс күшті мемлекетсіз қазақ (қазақстандық) ұлтының жан сақтап қалуы мүмкін еместігін айқын көрсетті. Іс жүзінде бұл атқарушы билікті күшейтуді қолдау және дамыту қажет дегенді білдіреді, бұл іс жүзінде дағдарыстың бірінші кезеңінде басталды.
Әрине, мұндай шаралар мен іс жүзінде бағытты неолибералдық және глобалистік бағыттан әлеуметтік және ұлттық бағыттарға толық өзгерту халықаралық әріптестер мен геосаяси ойыншылардың, әлемдік қаржы институттарының және т.б. мұқият назарын аудартады, ал мұның Қазақстан үшін, оның сыртқы саясаты, елдің халықаралық жағдайы мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін айтарлықтай салдары болуы мүмкін.