Біздің алдыңғы сұхбаттастарымыз болжағандай, парламенттің төменгі палатасына сайлау 19 наурызда, яғни екі айға жетпейтін уақыттан кейін өтеді. Жарқын саяси шоуды олар, әрине, күтіп отырған жоқ, бірақ олардың ойлауынша, бұл жолы интригасыз бола қоймайды. Алдағы сайлау науқаны қазақстандық сайлаушыларды немен таң қалдырады екен? Бұл жөнінде өз ойларымен философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Юрий Булуктаев бөлісті.
- Юрий Очирович, сайлау алдындағы жарыстан сіздің күтулеріңіз қандай, ол қаншалықты қызық болады?
- Алдағы мәжілістік сайлау процесі қызықты болуына үміт артуға тұрарлық, өйткені депутаттық мандаттардың 70 проценті пропорционалдық жүйе бойынша, 30 проценті мажоритарлық жүйе бойынша дауға салынатын болады. Егер менің есептеулерім дұрыс болып шықса, онда мандаттарды бөлу принципі мынадай болады: 69-ы партиялық тізімге енгізілген кандидаттарға, 29-ы – бір мандатты округтер бойынша дауыс беру қорытындысы бойынша өтеді. Барлығы 98 депутат.
- Ал Қазақстанның саяси жүйесін өзгертуде алдағы сайлау, сіздің ойыңызша, қандай рөл атқаратын болады?
- Бәлкім, жаңа үлгідегі партиялық-саяси жүйе қалыптасатын болар. Яғни, партиялық-саяси салада бір партия үстемдік құрған бірлі-жарым партиялық жүйе жеңіліске ұшырауы ықтимал. Өздеріңіз білесіздер, ол Қазақстанда 15 жылдан астам өмір сүрді және «Аманат» болып реинкарнацияланған «Нұр Отан» партиясы әрқашан басым рөл атқарып келді. «Аманат» сайлаудан кейін саяси Олимпте өз орынын сақтап қала ма? Бұл сұрақтың жауабы алдағы сайлау науқанының интригаларының бірі болмақ. Егер ол партиялық-саяси кеңістікте үстем болып қала беретін болса, онда партиялық жүйенің түрі де өзгермейді.
- Сіз қалай ойлайсыз, осыншама аз мерзімнің ішінде жаңа ойыншылар келуге үлгере ме? Егер солай болса, олар қандай болады?
- Бүгінгі таңда ресми тіркеуден жеті саяси партия өтті: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы (ҚХП), «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), жаңа партиялардан – «Байтақ» және «Республика». Гипотетикалық мағынада алғанда, сайлауға дейін тағы да кейбір партиялар, мысалы, «Намыс» немесе «Халық дербестігі» тіркелуі ықтимал. Бірақ олардың брендтері мен бағдарламаларын жылжыту үшін уақыттары өте шектеулі.
Естеріңізге сала кетейін, қыркүйек айында Әділет министрлігі 18 өтініш келіп түскені жөнінде хабарлаған болатын. Бірақ егер партия деп аталуға үміткерлердің кейбіреулері тіркеу талаптарын толық орындай алмаған болса, басқалары стратегия ретінде кейінге қалдырылған нұсқаны таңдады, яғни олар өз армандарын болашақта жүзеге асыруға үміттеніп отыр. Бұл туралы, жекелеп айтқанда, тіркелмеген «Ынтымақ» партиясының жетекшісі Мейрам Қажыкен хабарлады. Ол сайлауға бір мандатты округтердің бірінен өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде қатысады. Оның тиісті тәжірибесі бар – ол ел президенттігіне үміткер болған.
Ал саяси саладағы жаңа ойыншылардың қандай болатыны – бөлек әңгіменің тақырыбы.
- Сонымен, бізде партиялардың үш тобы бар: парламенттік; бұрыннан тіркелген партиялар, бірақ мәжілісте өкілдік етпеген партиялар; жақында тіркелгендер партиялар. Сіздің ойыңызша, бұл топтардың әрқайсысы өз-өздерін қалай көрсетеді және қандай қиындықтарға тап болады?
- Қайтадан парламентке өтуге «Аманат», ҚХП және «Ақ жол» партияларының мүмкіндіктері жоғары. Олардың сайлау саласындағы бәсекелестіктің ресурстары да бар, жинақталған көпжылдық тәжірибесі де жеткілікті дәрежеде. Сайлауға қатысуға өту кедергісі 5 процентке дейін төмендегенін еңсеріп, «Ауыл» парламенттік партиясына айналу мүмкіндігі бар. Ал ЖСДП партиясына әртүрлі себептермен мұны іске асыру қиынға түседі.
Ал жаңа партиялардың – «Байтақ» және «Республика» – мәні де, сапасы да әзірге айқын емес. Олар саяси бұлшық еттерін шыңдап үлгермегенмен, «Ақ жол» және «Аманат» партияларының белгілі бір дауыстарын тартып алу мүмкіндері бар. Олар табысқа жеткілікті мөлшерде сайлаушыларды өздерінің пайдалылығына сендіре ала ма? Бұл да алдағы сайлаудың интригаларының бірі.
- Сіздің болжамыңыз бойынша, соңғы нәтиже қандай болады - кімдер және қанша дауыс жинайды?
- Парламентте «Аманат», ҚХП, «Ақ жол» және «Ауыл» партияларының өкілділігі болады деп ойлаймын. Кейбір депутаттардың бір мандатты округтер бойынша сайланатынын ескеретін болсақ, мәжіліске басқа партиялардың да жекелеген кандидаттары кіруі ықтимал.
Ал кімдер және қанша дауыс жинайды деген сұраққа жауап беру – жанама көрсеткіштер арқылы болжам жасаумен бірдей. Сонымен қатар, ол интригалардың тағы біреуі. Тек қана алдыңғы сайлаумен салыстырғанда «Аманат» және «Ақ жол» депутаттық мандаттарының белгілі бір бөлігін жоғалтады деп болжаймын. Ал ҚХП өзінің нәтижелерін айтарлықтай жақсартады.
- Сіздің ойыңызша. бір мандатты округтерде сайлау алдындағы күрес қаншалықты қызу болады? Оппозициялық кандидаттардың мәжіліске өту ықтималдығы қандай?
- Ол жерде шиеленісті күрес күтіліп отыр, өйткені партиялардың өкілдері парламенттегі орын үшін өздерінің арасында да, өзін-өзі ұсынған кандидаттармен де таласады. Бұл ретте оппозициялық кандидаттардың мәжіліске өту ықтималдығы, менің ойымша, онша үлкен емес.