Биылғы жылы Нобель премиясына 120 жыл толады. Бұл жәйт Қазақстанда оны алуға лайық әлеуетті кандидаттар бар ма және таяу болашақта олардың пайда болуы мүмкін бе деген сұрақ төңірегінде ойлануға себеп болды. Өкінішке орай, біз осы жарияланымды дайындау барысында түсініктеме алу үшін жүгінген барлық дерлік мамандар осы тақырып бойынша жауап беруге қиналды. Бірақ олардың кейбіреулері қазақстандық ғылымның жалпы жай-күйі жөнінде және неліктен беделді премия бізге жақындамай, керісінше, уақыт өткен сайын алыстап бара жатқаны жөнінде өз пікірлерін айтуға келісті.
Чоқан Лаумулин, философия докторы, Кембридж Орталық Азия форумы, Кембридж университеті Иса колледжінің ғылыми қызметкері:
«Жаратылыстану ғылымдарда Қазақстанның мүмкіндігі елес тәрізді көрінеді»
- Нобель премиясы физика, химия, физиология мен медицина, әдебиет сияқты бес бағыт бойынша, сонымен қатар әлемдегі бейбітшілікке үлес қосқаны үшін беріледі. Осы санаттағы марапаттау рәсімі дәстүрлі түрде Норвегияда (Осло), қалған санаттар үшін – Швецияда (Стокгольм) өтеді. Альфред Нобель есімімен аталатын экономика бойынша алтыншысы бар, бірақ ресми түрде ол Нобель премиясына жатпайды, оны 1969 жылы Швеция Банкі тағайындаған. Сондықтан мен премияның негізін қалаушы 1895 жылы өзі атап кеткен бес санат жөнінде ғана айтамын.
Менің бірден атап кететінім: адамзаттың дамуына әсер еткен ғылыми жетістіктер соншалықты әр түрлі болғандықтан, оларды бағалау кезінде тек Нобель комитетінің шешімдерімен шектелу мүмкін емес. Басқаша айтқанда, бұл премия тек критерийлердің бірі ретінде ғана қарастырылуы керек. Сонымен қатар, ол өзінің қазіргі «салмағын» соғыстан кейінгі жылдары ғана алды (мен екінші дүниежүзілік соғысты айтып отырмын), сол уақытқа дейін оның ғылыми әлемдегі мәртебесі онша жоғары болған жоқ. Бүгінгі таңда Нобель премиясының лауреаттары сөзсіз және үлкен құрметке ие, әсіресе қоғамдық жазықтықта.
Қазақстандық ғалымдарға келетін болсақ, менің жеке пікірімше, олардың бұл премияны алатын мүмкіндіктері жоқ. Қалай болғанда да, дәл қазіргі шындықта ол мүмкін емес. Негізгі себептердің бірі ретінде мен дамымаған ғылыми саясатты, ғылымды нашар қаржыландыруды және сонымен бірге сандық көрсеткіштерге ұмтылуды атар едім. Нобель премиясы ғалымдардың қызығушылықтарын қанағаттандыру әрекеттері арқылы мүмкін болатын іргелі ғылыми жаңалықтар үшін беріледі, бұл ең іргелі ғылымға негізделген. Қазақстанда ғылыми саясат көбінесе қолданбалы зерттеулерге бағытталған. Ал ғалымдардың қызығушылығын қанағаттандыру үшін мемлекет қаражат бөлсе де, оны әрең жасайды.
Сонымен қатар, Альберт Эйнштейн сияқты өздері жалғыз жұмыс істейтін ғалымдардың кезеңі баяғыда өтіп кетті. Қазіргі нобелиаттар – ең алдымен мықты ғылыми мектептердің өкілдері. Бүгінгі таңда тіпті бір бағыттың өзінде ғылыми жаңалық ұжымдық еңбектің нәтижесі болып табылады, оған әртүрлі зертханалар мен елдерден ондаған немесе одан да көп ғалымдар қатысады. Қазақстанда бұл мәселеде айқын «жетіспеушілік» бар. Отандық ғылыми құрылымдар және жалпы ғылыми даму дамыған елдердің орташа деңгейінен артта қалып отыр.
- Нобель комитеті өз шешімдерінде қаншалықты объективті және тәуелсіз?
- Менің ойымша, жаратылыстану-ғылыми бағыттар бойынша Нобель премиясының барлық лауреаттары оны лайықты түрде алды, өйткені олар ғылым мен технологияның дамуына түбегейлі үлес қосып, осылайша адамзаттың өмір сүру сапасын жақсартты, қоршаған әлем мен ғаламның табиғаты жөнінде білімдерін байыта түсті. Ал гуманитарлық бағыттар жылдар өткен сайын үлкен саясаттың құрбаны болып келеді.
- Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстанда Нобель премиясын алуға лайықты адамдар болды ма (мүмкін олар бүгін де бар шығар)? Осы қатарда өткен кездегі және қазіргі жазушылардың, ғалымдардың қайсысын атауға болады?
- Премияны қолға тапсыру кезінде оны тек өмір сүріп жүргендер ала алатындықтан, өткеннің кейбір фигураларын қарастырудың мағынасы жоқ, тіпті дұрыс емес. Әйтпесе, әлемнің көптеген ғалымдары бұл премияны қайтыс болғаннан кейін талап ете алатын еді.
Мен айтып өткендей, жаратылыстану ғылымдары бойынша – физика, химия, физиология мен медицина – Қазақстанның мүмкіндігі елес тәрізді көрінеді. Ал әдебиет саласындағы жетістіктер туралы айтар болсақ, Олжас Омарұлы Сүлейменов ең алдымен «Жер, адамға тағзым ет!» (айтпақшы, биыл ол поэманың шыққанына 60 жыл болады) деген поэмасы үшін, өзге шығармаларын айтпағанда, нақты үміткер бола алар еді.
1961 жылы 12 сәуірде орын алған оқиғаны кейбір көрнекті ғалымдар «өркениеттің дамуына ғана емес, сонымен бірге жер бетіндегі тіршіліктің дамуына да қосқан зор үлес» деп атайды (мұнда мен Кембридж университетінің Кавендиш зертханасының профессоры Гилберт Лонзаричтың сөздерін келтірдім). Уақыт өте келе сол кезеңнің саяси-экономикалық шарттары ұмытылады, бірақ ғарышқа алғашқы қадам жасаған ұлт мәңгі есте қалады. Бұл оқиғаны дәл сол күні жырға салған алғашқы адам – Олжас Сүлейменов деген қазақ, ол төрт айдан кейін 85 жасқа толады. Қазақстанда басқа да көрнекті жазушылар шығармашылықпен айналысуда, бірақ менің ойымша, оның фигурасы бәрінен де Нобель комитетінің өлшемдеріне сәйкес келеді.
Виктор Тейфель, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық астрономиялық одақтың мүшесі:
«Ғылымға деген осындай көзқараспен Нобель премиясының лауреаттары жөнінде тек армандауымыз ғана қалады»
- «Нөлдік» жылдардың ортасында белгілі бір университет қайраткері (этикалық себептер бойынша оның фамилиясын атамаймын) баспасөзде «Нобель бастамасымен» шыққан болатын. Оның «данышпан» идеясының мәні – 2012 жылға қарай Қазақстанда Нобель премиясының лауреаттарының немесе ең болмағанда әлеуетті кандидаттардың пайда болуы. Кейіннен бұл адам «ҚР ғылым туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысты. Соңғысы 2011 жылдың ақпан айында қабылданды, бірақ ол, өкінішке орай, керемет ашылулар жасауға мүмкіндік беретін дәрежедегі ғылымның дамуына ықпал етпеді. Қазір 2021 жыл келді, ал Нобель номинанттары жөнінде ешбір хабар жоқ. Бұл, әрине, біздің талантты ғалымдарымыз болмағандықтан емес – олар шығармашылық жұмыс үшін жақсы жағдай іздеп шетелге кетпегендердің арасында да бар.
Сол кезде айтарлықтай биік трибуналардан жаңа заң ғалымның мәртебесін жоғары көтеріп, оны бюрократиялық озбырлықтан құтқарады деп бірнеше рет айтылғаны есімде. Құжат жобасында ғылымды қамтамасыз ету бөлігінде барлығы дұрыс жазылғанын мойындау қажет. Бұл жерде әңгіме ғылыми қызмет үшін қандай да болмасын қолайлы жағдай туғызуға бағытталған базалық ұзақ мерзімді қаржыландыру жөнінде болған. Алайда, нәтижесінде, заңның соңғы нұсқасында бұл норма жоғалып кетті. Біреудің жексұрын қолы ол жерге өзгеріс енгізіп жіберген, ал оған сәйкес алдағы уақытта бүкіл қазақстандық ғылым қысқа мерзімді гранттармен қаржыландырылуы тиіс болды. Базалық қаржыландыруда тек әкімшілік-басқару және шаруашылық персоналы ғана қалды. Яғни, ғалымның мәртебесі тұрақты жалақысын сақтап қалған еден жуатын адамның мәртебесінен де төмендеп кетті, ал біз толығымен гранттарға тәуелді болып қалдық. Гранттарға қол жеткізуді лотерея ұтып алумен салыстыруға болады.
Ия, бұл іс-шара ресми түрде аталатындай байқау емес, бұл нағыз лотерея. Өйткені ғалымдар олардың өтініші бюрократиялық елеуіштен өтетінін немесе өтпейтінін ешқашан білмейді. Шенеуніктер ғылыми жобалардың мазмұнына тіпті қарамай, тек ұсақ-түйектерге кінә артады деген сезім туындайды. Айталық, өткен жылдың соңында берілген 1911 өтінімнің 1031-і тіпті бірінші кезеңде және істің мәніне қатысы жоқ себептермен қабылданбай қалды. Мысалы, ғылыми жұмыс аясында қандай журналдарда және қанша ғылыми мақалалар жарияланатындығы жөнінде (бұл тек ықтимал нәтиже және оны алдын-ала болжау қиын) нұсқаулардың болмауы өтініштерді қабылдамау үшін себеп болды.
Бірақ шенеуніктердің осы және басқа да осыған ұқсас талаптарын бірнеше сағат ішінде оңай жоюға болады ғой. Алайда, БҒМ ғылым комитеті қандай да бір себептермен оларды түзетуге мүмкіндік бермей, кішігірім кемшіліктер жасағандардың барлығын жазалауды шешті. Осылайша, ұсынылған жобалардың ғылыми маңыздылығын бағалағанға дейін бірнеше мың адам іс жүзінде жұмысынан және ғылыми зерттеулерін жалғастыру мүмкіндігінен айырылып қалды. Мінеки, ғылымға келтірілген күшті соққы!
Келесі кезең – шетелдік сараптама, оны да лотерея деп атауға болады, өйткені ол сөзсіз кездейсоқтықты қамтиды. Сонымен қатар, тіпті жоғары балл да қаржыландыруды алуға кепілдік бермейді, өйткені гранттарды түпкілікті үлестірумен және олардың мөлшерін анықтаумен (осыдан туындайтын барлық салдармен) ұлттық ғылыми кеңестер айналысады.
Ғалымдарға ғылыми зерттеулермен байыпты айналысуға мүмкіндік берудің орнына, оларды мал қорадағыдай күнтізбелік жоспарларға айдап кіргізеді. Шенеуніктер онда алынған нәтижелер мен олардың құндылығына емес, тек жазылған барлық тармақтардың тікелей орындалуына көбірек қызығушылық танытады (онсыз сіздің есебіңіз қабылданбай қалуы мүмкін). Олар ғылым мен өндіріс арасындағы түбегейлі айырмашылықты түсінуге мүлдем қабілетсіз: егер өндірісте мұндай жоспар міндетті түрде қажет болса, ғылымда, керісінше, ондай тәсіл жойқын болады, өйткені ол ғалымдардың шығармашылық қызметіне кедергі келтіреді.
Демек, ғалымдар өздерінің ұзақ мерзімді ғылыми зерттеулерінен бас тартуға, сондай-ақ қысқа мерзімді гранттарға өтініш беру үшін оларды тірідей сойып, кесектерін жұлып алуға мәжбүр. Нәтижесінде, отандық ғылымның жарқын болашағын көрсететін біртұтас кенеп тесіктерінен шенеуніктер көміп тастаған ғылыми идеялар мен жобалардың көлеңкелері ғана көрінетін жыртық-жамау жамылғыға айналды.
Біздің ғылымның бөлінуі жыл ішінде бірнеше гранттық лотереяларды (оның ішінде жас ғалымдарға бөлек 12 айлық немесе 24 айлық мерзімге берілетін гранттар) өткізу арқылы одан да күрделене түседі. Жалпы, мен бұл саланы адамның жасы принципі бойынша бөлуді толығымен абсурд деп есептеймін, өйткені бұл жағдайда білім мен тәжірибені келесі ұрпаққа берудегі сабақтастық бұзылады. Университетте емес, тек ҒЗИ-да жұмыс істейтін ғылым докторы магистранттар мен PhD докторанттарын айтпағанда, тіпті магистранттың да жетекшісі бола алмайды. Оның үстіне, академиялық деп аталатын ғылыми-зерттеу институттары аспирантура мен ізденіс арқылы ғылыми кадрлар даярлау мүмкіндігінен айырылды.
Егер қазіргі гранттық жүйеде жазылған талаптарды сөзбе-сөз түсінетін болсақ, онда қысқа уақыт ішінде сіз алған гранттың арқасында бүкіл әлемдік ғылымды зерттеу саласынан асып түсуіңіз керек. Бірақ кез-келген адам ондай нәтижеге қол жеткізу екіталай деп айтады.
Ғылымға деген осындай көзқараспен Нобель премиясының лауреаттары жөнінде тек армандауымыз ғана қалады.