Өткен материалда біз Қазақстанда әртүрлі көзқарас тудыратын тақырып көтердік. Бұл мәселе көптеген адамдарды ашуландырады, өйткені олардың пікірінше әйелдер құқығын қорғау қозғалысы біздің қоғам үшін, біздің «ұлттық кодымыз» үшін жат нәрсе. Бәлкім, мұның себебі феминизм Қазақстанға жақында ғана келгендігінде және әзірге нашар зерттелгенінде болар. Біз зерттеушілер Камила Ковязина және Ғалым Жүсіпбекке өз пікірлерімен бөлісуді ұсына отырып, осы тақырыпты жалғастыруды шештік.
Ғалым Жүсіпбек, зерттеуші, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің доценті:
«Феминизм мықты әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуына ықпал етеді»
- Феминизмді қазақстандық қоғам қалай қабылдайтыны жайлы айту қиын, өйткені бұл тақырыпқа қатысты сүйенетіндей зерттеулер біздің елімізде әзірге аз. Бірақ менің байқауым бойынша, ересек ұрпақ және орта буын өкілдері феминизмге теріс немесе, кем дегенде, күдікпен қарайды, бұл әсіресе ер адамдарға қатысты. Ал жастар тарапынан оған деген көзқарас айтарлықтай жақсы.
Бір қызығы, феминизм әйелдер ортасында да белгілі бір жақтырмаушылық тудырады. Менің ойымша, бұл осы қозғалыстың белсенділерінің кейбір өте жарқын, бірақ адамдардың қабылдауына ауыр тиетін қоғамдық іс-әрекеттерінен туындаған жәйт. Бұл реакция түсінікті, өйткені дәстүрлерді «қайта жаңарту» және діндарлықтың өсу процесі жүріп жатқан қоғамдарда (бұл процесс абсолютті емес, оның өз шекаралары бар), әдетте, «қасиетті» нәрсеге қандай да болмасын «қол сұғушылық», мейлі ол ұлттық киім болсын немесе «әйелдік қарапайымдылық» жайлы белгілі бір тыйымдар болсын, жақтырмаушылықпен қабылданады.
Сонымен қатар, феминизм әйел денесін объект ретінде қабылдауға қарсы, сондықтан оның қоғамдық моральға қайшы келетін кейбір әрекеттермен байланысы жөнінде айту мүмкін емес. Дәл осы әйелдер құқығын қорғаушылар порнографияға, жезөкшелікке идеологиялық түрде қарсы шыққан, жыныстық қанаушылықтың құрбандарын қорғауға және реабилитациялауға тырысатыны да кездейсоқ емес.
Оның үстіне, мұндай қоғамдарда кеңінен таралған стереотипке қарамастан, феминизмнің немесе әйелдер құқығы үшін қозғалыстың ерлер құқығын төмендетумен ешқандай байланысы жоқ. Керісінше, ол кез-келген жынысқа қатысты дискриминацияны (сексизмді) қолдамайды. Оның басты мақсаты – әйел үстемдігі емес, жүйелік теңсіздікке қарсы тұру, өйткені қазақстандық әйелдер өкінішке орай, онымен күн сайын бетпе-бет келіп, сол арқылы азаматтық, әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтарда шектеулі болады.
Әйелге объект ретінде қараудың тағы бір қыры – ол ең алдымен адам ретінде құнды болса да, оны тек «ана» ретінде қарастыратыны. Мұндай тар ұғым, өкінішке орай, дәстүрлі консервативтік нұсқауларды ұстанатын көптеген қазақстандықтарға тән. Патриархалды өткен кездегідей, олар әйелдің құндылығын тек ұрпақ туып, оны өсіруінде ғана көреді. Мысалы, ешқашан отбасын құруды ойламаған философ, ақын, ислам аскеттерінің алғашқы ұрпағының өкілі Рабиа аль-Адавия олардың қателіктерінің айқын дәлелі бола алады.
Басқаша айтқанда, феминизмнің негізгі идеясы – қоғамды әйелдерді барлық құқықтар жиынтығы бар адамдар ретінде көруге мәжбүр ету. Сондықтан феминизм барлық бағыттарда: отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы, жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы, «бос уақыт құқығы» үшін және «өзі болу құқығы» үшін, бірдей жалақы үшін, тегін мектепке дейінгі мекемелерді дамыту үшін, жалғыз басты аналар мен көп балалы отбасыларға лайықты төлемдер үшін, декреттік демалыс бойынша тиісті жәрдемақылар үшін және т. б. үшін күресіп жатыр.
Бұдан шығатыны, феминизм және қазіргі неолибералды капитализм (кейбір сыншылар атайтындай «нарықтық фундаментализм») идеологиялық қарсыластар болып табылады. Егер біріншісі күшті әлеуметтік мемлекетті жақтайтын болса, екіншісі, керісінше, әлеуметтік бағдарламаларды тоқтатуға, медицина мен білім беруді коммерцияландыруға мүдделі, бұл ең алдымен әйелдерге соққы болады. 1990 жылдардағы шок арқылы іске асырылған терапия нәтижесінде бұрынғы социалистік лагерь елдеріндегі капитализмнің мұндай моделінің қарқынды дамуы халықтың барлық топтарының кедейленуіне, әлеуметтік саясаттың құлдырауына, отбасылардың жойылуына, кедейліктің феминизациялануына және әйелдердің бұрын-соңды болмағандай дәрежеде объектке айлануына әкелді, бұл «жыныстық стратегияларға» әкеліп, оларды «жыныстық объект» деңгейіне дейін түсірді.
Дәл сол уақытта феминизм идеялары Солтүстік Еуропа елдерінде әлеуметтік әл-ауқат мемлекетінің моделін сақтауда үлкен рөл атқарды. Назар аударуға турарлық нәрсе – оның идеяларының бірі: «Егер тегін балабақшалар болмаса, ал кішкентай балалары бар отбасылар екінші табыс көзінсіз, яғни жәрдемақысыз өмір сүре алмаса, онда таңдау еркіндігі туралы айту мүмкін емес». Мысалы, Швецияда әйелдердің 99% айналысатын туыстарына (және басқа адамдарға да) күтім жасау ресми еңбек нарығының бөлігі ретінде қарастырылады және ол үшін мемлекет лайықты түрде ақша төлейді. Сонымен қатар, ол әйелдер жұмыс тәжірибесін жоғалтпайды және тіпті ақылы демалысқа құқылы (мұндай кезеңдерде оларды әлеуметтік қызметкерлер ауыстырады).
Бұл құбылысты көбірек түсіну үшін негізінен дамыған батыс елдерінде, сонымен қатар Малайзия мен Индонезияда шоғырланған исламдық феминизмге назар аудару керек. Бұл ешқандай оксюморон емес – тек бұл тұжырымдаманың айналасында көптеген қате түсініктер бар. Шын мәнінде, исламдық феминизм патриархалды-консервативті түсіндірулерден эгалитаризмге деген ұмтылыспен, адам тегі өкілдерінің онтологиялық, моральдық және этикалық теңдігін жариялайтын Құранның негізгі принциптеріне қайшы келетін мұсылман дәстүрлері мен хадистерінің «деконструкциясымен» (сыни қайта ойлаумен) ерекшеленеді.
Барынша кең мағынада, исламдық феминизм – бұл әйелдер құқығы мен әйелдік үшін күрестің өзіндік діни платформасы. Оның өкілдері, атап айтқанда, гендерлік теңдікке емес, «әйелдердің тұрыс-жүрісін бақылауға» негізделген «адамның ар-намысы» тұжырымдамасының патриархалды түсіндірмесін қайта қарауды жақтайды. Алайда, посткеңестік елдер үшін исламдық феминизм әлі де өте экзотикалық нәрсе болып табылады.
Қазақстан үшін феминизм сөзсіз пайдалы болуы мүмкін. Ол, біріншіден, қоғамды патернализм, сексизм, кландық, эйджизм және эйбилизм сияқты ескірген және зиянды әлеуметтік нормалардан құтқара алады. Екіншіден, құқықтық, мәдени және интеллектуалдық салаларды қоса алғанда, азаматтардың жан-жақты дамуы тұрғысынан оң ықпал ете алады. Үшіншіден, олардың барлық деңгейлерінде барынша қолжетімді медицина мен білімі бар мықты әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуына ықпал ете алады.
Қайталап айтамын: бұл қозғалыстың негізгі идеясы – әйелдің адам құқықтарының барлық спектрі бар екенін көрсету. Менің ойымша, қазақстандықтардың өз дүниетанымында барынша ақпараттандырылған және инклюзивті жас буыны феминизмге қатысты қалыптасқан стереотиптері мен наным-сенімдерді жеңе алады.
Камила Ковязина, әлеуметтанушы, қоғамдық саясат саласындағы зерттеуші:
«Халықтың көп бөлігі феминизмді қабылдаудан әлі алыс»
- Өкінішке орай, біздің елімізде қазақстандықтардың феминизм мен феминисткаларға деген көзқарастары тақырыбында зерттеулер жүргізілген жоқ, сондықтан мен тек жанама деректерге сүйене аламын. Алайда, әлеуметтік сауалнама жүргізбей де біздің өміріміздің түрлі салаларында әлі де гендерлік теңсіздік сақталып отырғаны түсінікті. Қазақстандық ерлердің өздерінің қабілеттіліктерінен, мақсаткерлігінен еш кем түспейтін, тіпті білімділігі жағынан оларды басып озатын әйелдерге қарағанда ресурстары, құқықтары мен билігі көбірек екені анық (жұмыс істейтін ерлер арасында ЖОО дипломдары 38%, ал әйелдер арасында 50% бар – ред. ескерт).
Айталық, ең феминизацияланған салада – білім беруде – желілік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 80%, ал басшылар арасында – тек 40% құрайды. Неліктен? Мәселе әйелді көшбасшы ретінде қабылдауында. 2018 жылы «Қазақстандық қоғамның әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары» зерттеуі аясында жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсеткендей: біздің отандастарымыздың 51% саяси көшбасшылар мен бизнес басшыларының рөліне ер адамдар көбірек сәйкес келеді деген пікірмен келіседі (ерлердің өздері арасында 57% солай есептейді, әйелдер арасында – 46%). Бір қарағанда, индикатор жаман емес сияқты болып көрінеді, бірақ егер біз оны зерттеудің басқа қорытындыларымен бірге қарастыратын болсақ, онда айтарлықтай көңілсіз көрініс пайда болмайды.
Мысалы, қазақстандықтардың 65% отбасы үлкен болуы керек деп есептейді. Бұл дегеніміз, әйелдер неғурлым көп туып, өздерінің кәсіби дамуына, қаржылық тәуелсіздігіне және басқа да жеке мүдделеріне неғурлым аз көңіл бөлуі керек. Өйткені үлкен отбасындағы ана үй жұмыстарының жоғары жүктемесіне байланысты еңбек қызметіне толық қатысу, өзінің жеке жетістіктеріне қол жеткізуге және өз біліктілігін арттыруға айтарлықтай төмен мүмкіндіктерге ие. Бұған тағы бір мән-жайды қосқан жөн: әрбір үшінші респондент егер анасы жұмыс істейтін болса, бұл оның балалары үшін жаман деп есептейді...
Әйелдің денесіне, оның жеке шекараларына қатысты айтатын болсақ, біздің елде оның сыртқы келбетін қалай қабылдайтыны бойынша қорытынды жасауға болады. Мысалы, қазақстандықтардың 74% киім таңдау – әр адамның жеке (және заңды түрде бекітілген) құқығы болғанына қарамастан, әйел адам ашық, әдепсіз киінбеуі керек деп есептейді.
Менің ойымша, бұл бағалаулардың барлығы біздің қоғамның феминизмге деген көзқарасын өте айқын сипаттайды. Турасын айтқанда, халықтың үлкен бөлігі оны қабылдаудан әлі де алыс, ал көптеген адамдарда тіпті ол туралы еске алудың өзі қабылдамаушылық тудырады. Бақытымызға орай, қазақстандықтардың жаңа буыны оған дұрыс қарайды: сауалнамалар өткізу кезінде жас респонденттер жоғарыда келтірілген мәлімдемелермен жиі келіспейді, ал әлеуметтік желілерде біз қыздар арасында феминистік өзіндік сананың өсуін байқап отырмыз.
Феминизм ұлттық кодпен қалай үйлеседі? Кейбір тарихшылардың пікірінше, отырықшы халықтардың өкілдеріне қарағанда қазақ қыздары ежелден айтарлықтай еркін болған. Олар мұны ұзақ көшу кезінде әйелдер ер адамдар сияқты құнды жұмыс күші болғандығымен, ал соғыс кезінде, күйеулері үйде болмаған жағдайда, үй шаруашылығын толығымен басқаратындығымен байланыстырады. Осы тұрғыдан алғанда, бәлкім, қазіргі феминизм ұлттық мәдениетке сәйкес келеді, бірақ медальдың әрдайым кері жағы бар: мен әйелге меншік құқығын білдіретін кейбір қазақ дәстүрлерін айтып отырмын – мысалы, қалың мал (қалыңдық үшін ақы төлеу).
Жалпы алғанда, феминизм салыстырмалы түрде жас құбылыс ретінде қалай да болмасын ұлттық кодпен немесе дінмен үйлесуі міндетті емес деп есептеймін. Әйелді екінші сортты адам ретінде қабылдау, адамның жекеменшігі ретінде, кәсіби тұрғыда онша жетілмеген қызметкер және т.б., ретінде қабылдау, менің ойымша, бұл сөзсіз өткенге кетуі керек. Сауд Арабиясына қараңыздаршы – тіпті оларда да біртіндеп әйелдерге арналған жеңілдіктер енгізіліп, феминистік белсенділер түрмелерден бірінен соң бірі босатылып жатыр. Бұл жәйт ұлттық код та, дін де бұл жағдайда бейімделгіш, пластикалық сипатқа ие екенін көрсетеді.
Қазақстанда феминизмнің дамуының пайдасы, егер оның мәнін дұрыс түсінсе, сөзсіз. Феминизмнің негізгі мақсаты – гендерлік теңдікке қол жеткізу болып табылады, ол халықтың жартысына (яғни әйелдерге) өзінің жеке тұлға ретінде әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық құқықтар мен мүмкіндіктер береді, нәтижесінде еңбек нарығында қосымша жұмыс күші пайда болады, бұл жаңа экономикалық тауашалардың дамуына, қаржы ағындарының күшеюіне және т. б. ықпал етеді.
Әйелдердің экономикаға қосылуы ЖІӨ-нің өсуіне әкелетінін дәлелдейтін көптеген зерттеулер бар. Бұл түсінікті, өйткені білімі мен жұмысы бар болғандықтан, олар қаржылық тұрғыдан тұрақты және сәйкесінше мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі үшін аз ауыртпалық тудырады. Кейбір зерттеушілер тіпті саяси шешімдер қабылдауға байланысты салаларда әйелдердің саны неғұрлым көп болса, соғұрлым сыбайлас жемқорлық аз болады деп сеніммен мәлімдейді. Мен бұдан былай гендерлік теңдікке ұмтылатын елдегі әр қыздың мүмкіндіктері кең болады деп айтпаймын.
Бірақ әзірге мұндай перспективалар анық емес болып көрінеді. Шындығында, жағдай қайғылы болып қала беруде. Статистика бойынша, 2019 жылы (ал шын мәнінде жыл сайын дерлік) Қазақстанда некенің 13,5% 19 жасқа дейінгі қыздармен жасалды. Біздің көршілерімізде жағдай одан да нашар: мысалы, Қырғызстанда мұндай некелердің үлесі 20%, Тәжікстанда – 44% құрайды. Яғни, мектеп оқушылары немесе тек орта білім алушылар әйел болып жатыр. Ал енді ой қозғап көрейік, қай қыздың дамуына көбірек жағдай болады – тәуелсіз шешімдер қабылдауға, әр түрлі өмірге, сайып келгенде, мектептен кейін оқуын жалғастырып, жұмыс істеуге барған қызда ма әлде тұрмысқа шыққан және, мүмкін, бала туа бастаған қызда ма? Феминизм барлық қыздардың бірінші топта болып, ал екінші топқа түспеуін жақтайды.
Бір сөзбен айтқанда, феминизмде ел үшін де, қоғам үшін де көптеген артықшылықтар бар. Ал кемшіліктер мен ауытқулар кез-келген әлеуметтік қозғалыста, ағымда, дінде бар. Бұл қандайда бір радикалдардың кесірінен бүкіл қозғалысты жоққа шығару қажет деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымдай, егер біз феминизмді қолдасақ және оның басты мақсаты болып табылатын гендерлік теңдікке ұмтылсақ, біз бәріміз ұтамыз.