Ойланып көрейікші: бүгінде қазақстандық мектептерде балалар тәрбиесімен шынайы мағынада, мысалы, кеңестік жылдары сияқты айналысады ма? Иә, ол кезде оқу процесі аса мәжбүрлеуші және шамадан тыс идеологияланған болғаны анық, бірақ қанша дегенмен мемлекет орта мектептер мен мектептен тыс мекемелер арқылы (пионерлік үйлер, аула клубтары, Тимур қозғалысы және т.б.) балаларға белгілі бір құндылықтарды насихаттайтын. Ал бүгінде мемлекет оның барлығын ата-аналардың міндетіне сырып тастап, өзі одан бас тартты деген сезім туындайды. Біз осы мәселеге қатысты педагогикалық қоғамдастық өкілдерінің пікірлерін білуге ​​шешім қабылдап, оларға келесі сұрақтарды қойдық:   

- Бүгінде қазақстандық мектептерде балалар тәрбиесімен айналысады ма?

- Қазіргі жағдайда тәсілдердің қайсысы қолайлы – бұрынғы әдістер ме әлде бүгінгілер ме? Мемлекет (ең алдымен мектептер арқылы) балаларды тәрбиелеу процесіне қатысуы тиіс пе? Егер тиіс болса, онда ол оған қалайша қатысуы қажет?

Дариға Берденова, әдебиет және орыс тілі мұғалімі:

«Тәрбиелеу процесі бюрократиялық нәрсе болып кеткен»

Мектептер балалар тәрбиесімен айналысады. Басқа мәселе – қалай айналысатыныда. Әрине, кеңес заманындағы балалар тәрбиесін және қазіргі кездегіні салыстыру – ақылсыздық. Өйткені шарттар өте ерекшеленеді. Бірақ мен бұл процесс бұрынғы кездері аса мәжбүрлеуші болған деп үзілді-кесілді айтпас едім.

Сынып жетекшілері өз қалауы бойынша сынып мінездемелерін, балалардың жеке ерекшеліктерін, олардың қабілеттері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру жоспарларын дербес құратын. Яғни, сараландыру тәсілі қолданылатын. Мемлекет тек бағыттарды – адамгершілік, эстетикалық, патриоттық, дене шынықтыру-сауықтыру, мәдени, еңбек және басқа бағыттарды анықтап беретін, ал оқу жоспарлары оларға сәйкес құрылатын. Бірақ мұғалімдер өз қалауы бойынша тек сынып сағаттарын өткізу уақыты мен орнын ғана емес, сонымен қатар мұражайға, кинотеатрға, тауға немесе жай ғана саябаққа саяхат жасау сияқты түрлі іс-шараларды өткізу уақыты мен орнын таңдап айқындау мүмкіндігіне ие болған.   

Сынып сағатын балалар мен мұғалім үшін ыңғайлы кез келген уақытқа қоюға болатын – әдетте ол соңғы сабақтар. Егер мен ол сабақты мұражайда өткізуді жоспарлаған болсам (эстетикалық бағыт шеңберінде), онда мен Кастеев атындағы мұражайды немесе басқа мәдени орталықты таңдайтынмын. Балалар (көбінесе ата-аналарымен бірге) металл сынықтарын, макулатураны жинап, аумақты тазалау үшін сенбіліктерге қатысқанында ешбір жамандық жоқ. Бұл тек қай сынып, қай мектеп көбірек жинайтынына қатысты жарыс қана емес, сонымен бірге ұжымды (сыныпты, мектепті) біріктіретін іс-әрекет болып табылатын. Сол кезде бірлесіп жұмыс істеу қабілеті, өзара көмек көрсету, жолдастарына көмектесу ниеті тәрбиеленетін, сонымен қатар оқушылар өз еліне, қаласына көмектесіп жатқанын және олардың жақсаруына үлес қосқандарын сезінетін.

Қазір ондай нәрсе жоқ. Ал кей кездері менде: «Біз кімдерді өсіріп, тәрбиелеп жатырмыз- деген сұрақ туындайды. Қазіргі балалардың көпшілігі тіпті тақтаны дұрыс жуа алмайды, қоқысты жинап шығарып тастауға шамалары жоқ, шаңды сүрту – олар үшін тіпті апат тәрізді! Оларды сол іс-әрекеттердің барлығынан ҚАУІПСІЗДІК ТЕХНИКАСЫ қорғайды! Құдай сақтасын, егер балаға бірдеңе болып қалса – оған бүкіл мектеп жауапты болады. Ал кеңес кезінде осындай нәрселердің ешқайсысынан қорықпайтын. Балалар мектеп алаңын абаттандырумен, ағаштар мен бұталар және гүлдер отырғызумен, жас өсімдіктерге күтім жасаумен айналысатын. Көптеген мектептерде жылыжайлар мен хайуанаттар бағының бұрыштары болатын. Еңбек сабақтары шын мәнінде еңбек ету сабақтары болып табылатын. Ал енді оқу бағдарламасына технология деп аталатын пән енгізілген.

Ушаковтың түсіндірме сөздігіне сәйкес, технология дегеніміз – «бұл ғылымдардың бірлескен, қандай да бір шикізатты өңделген өнімге, дайын өнімге өңдеу әдістері туралы ақпарат, осындай өңдеуге арналған процестердің жиынтығы». Ожегов сөздігінде технологияға «белгілі бір саладағы өндіріс әдістері мен процестерінің жиынтығы, сонымен қатар өндіріс әдістерінің ғылыми сипаттамасы» деген анықтама берілген. Бұл сізге бір нәрсе туралы айтады ма?

Иә, кеңестік мектептегі тәрбие идеологияландырылған болатын. Бірақ мен мұнда ешқандай заңсыздық көріп тұрғаным жоқ. Балалар өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілікпен тәрбиеленетін, оның тарихын мақтан тұтатын. Тимур қозғалысының өзі қаншалықты еді! Балалар ардагерлерге демеушілік көрсетіп, науқастар мен жалғызбасты адамдарға көмектесетін. Оларды тек сөз арқылы ғана жанашыр болуға емес, тек мейрамдарда ғана көмек көрсетуге емес – тұрақты түрде және нақты іс-әрекет арқылы көмектесіп, жанашыр болуға үйрететін. Жақсылықты инструкция бойынша немесе бұйрық арқылы емес, жан мен жүректің қалауы бойынша жасауды үйрететін. Бұл кеңестік білім беру жүйесіне тән басты нәрсе болып табылады. Балалар суды да тасып, отынды да дайындап, едендерді де жуып, демеушілік ететін өнімдерді жазылып берілген тізім бойынша сатып алу үшін дүкенге де жүгіріп барып келетін. Мұның не жамандығы болды?

Қазіргі кезде біздің шенеуніктер осының бәрін жоққа шығарып, оқу процесін бюрократияға айналдырып жіберді. Кімдерді құттықтау керек жөнінде және сыйлыққа не алу керек дегені жазылған (көбінесе мармелад пен шай) тізімдер жоғарыдан төменге қарай түсіріледі. Оның үстіне, сыйлыққа ақша жинауға болмайды, өйкені ата-аналар бір жерге жазып жіберуі мүмкін, сондықтан мармелад пен шайды өздеріңіз сатып алыңыздар, ал балалар барып құттықтасын делінеді.

Менің ойымша, мектептердің, мұғалімдердің және сынып жетекшілерінің жұмысын кейбір жансыз циклограммалармен шектеуге болмайды, оларды көбінесе оқу процесінің шынайы табиғатын түсінуден мұлдем алыс адамдар ойдан шығарып жасайды. Мектеп (ал бұл менің жеке пікірім) оқу процесін дәл осы жеке білім беру мекемесі үшін маңызды болып табылатын жеке ерекшеліктерге, проблемалар мен міндеттерге сүйене отырып қалай құру керектігін өзі анықтауы тиіс. Кеңестік мектеп оқушылардың үйлесімді дамуына қамқорлық жасайтын еді. Енді бұл, өкінішке орай, жоғалтылды.

Қеңес мектебіне сағыныш білдіріп отыр деген айыппен маған қарай тастардың атқылауында күмәнім жоқ. Бірақ бұл мәселеге адал көзқараспен қарайықшы. Жақында менің бір шәкіртім, он алты жасар бала, ар-ұждансыз өмір сүру оңайырақ екендігін айтты. Оның үстіне, ол өзінің айналасындағылар да осылай ойлайтынына сенімді. Мен жақсы білетін, ақылды және дамыған жас балада мұндай ой қайдан пайда болды? Ол ар-ұждан өмірге кедергі келтіретіні жөнінде айтады. Мысалы, неліктен кейбір адамдарға бәрін жасауға болады, ал басқалары тәрбиесінің арқасында моральдық принциптерді жоққа шығара алмайды? Оның сөздері менде қорқыныш сезімін тудырды. Ал сіздерде?

Сіз «мемлекет (ең алдымен мектептер арқылы) балаларды тәрбиелеу процесіне қатысуы тиіс пе?» деген сұрақ қойып отырсыз. Ол оған қатысуға тиістілігімен ғана шектелмей, қатысуға тіпті міндетті. Мемлекет өзінің болашағы қандай болатынын білуі тиіс. Болашақ дегеніміз – мінеки, ол біздің көз алдымызда өсіп келеді. Ал оның қандай болып өсетініне кім жауап беретін болады? Сірә, әдеттегідей барлығын ата-аналар мен мектептің жауапсыздығына кінә арта салатын болар. Ал мемлекет болса шетте қалып және оның бұған ешқандай қатысы жоқ сияқты болып қалады. Олар бізге: біз сіздерге дайын нұсқауларды, жоспарларды, циклограммаларды жібердік пе? Жібердік. Ал сіздер, ақымақтар, солар бойынша балаларға тәрбиелей алмадыңыздар – деп айта салады.

Осымен әңгіме бітеді...

Александр Землянский, мектепте білім беру жүйесінің ардагері:

«Тәрбиелеусіз білім беру – нонсенс»

Менің көзқарасым бойынша, қазіргі мектептегі «тәрбие процесі» деген ұғымның өзі іс жүзінде өз мағынасынан айырылған. Егер сіз кез-келген мектептің салтанатты кіреберісіне барсаңыз, онда «№... мектеп КММ» деген жазуды көресіз. Енді осы қысқартылған әріптерді толығымен оқып көрейік. Сол жазуға сәйкес, бүгінде мектеп – «қазыналық мемлекеттік мекеме» болып табылады. Осы сөйлемге: «... білім беру қызметтерін көрсетуге арналған» деген сөздерді қосуға болады.

Мұнда бірқатар заңды сұрақтарды туындайды. Ал сонда тәрбие қайда қалды? Тәрбиелеусіз оқыту мүмкін бе? Бірақ, бәлкім, «білім беру қызметтерін көрсету» шеңберінде олар онсыз да өз жұмыстарын жасай беретін болар. Өйткені, қызмет көрсеткенде, айталық, қызмет көрсету саласында ешкім (сол шаштараз, етікші немесе қонақ үйдің ресепшні) біреулердің тәрбиесімен айналыспайды ғой. Осы логикаға сүйене отырып, біз бүгінгі күні мектеп мұғалімі формальды түрде болса да жоғарыда аталған мамандықтардың өкілдеріне теңестірілген деп есептеуге құқығымыз бар. Яғни, бүгінгі мұғалімнің міндеті қарапайым және оңай – «білім беру қызметтері» деп аталатын нәрселерді ұсыну.

Біреулер мені шамадан тыс асырып жіберді деп айтады. Мүмкін. Бірақ егер біз білім беру саласындағы бюрократтар ұсынған тәсілдері жөнінде айтатын болсақ, онда бәрі дәл мен ойлағандай болады. Поп қандай болса, оған келушілер де оған лайық дегендей...

Бірақ сонымен бірге парадоксалды жағдай қалыптасады. Мектептен және атап айтқанда мұғалімдерден оқушылардың патриоттық сезімін оятып, дамытуды талап етеді. Алайда тәрбиелеусіз патриотизмді, сонымен қатар жалпы білім беруді іске асыру қаншалықты мүмкін? Нәтижесінде жабық шеңбер пайда болады. Ал ақырында кім барлығына кінәлі болып шығады? Әбден дұрыс, мұғалім кінәлі. Өйткені оны ертегідегі әйгілі кейіпкердің жағдайына қойып, одан орындауға мүмкін емес міндеттерді талап етеді...

Енді «идеологияландырылған» кеңестік тәрбие жөнінде айтатын болсақ. Менің ойымша, бұл сөз – мәселенің өте қарама-қайшы тұжырымы. Ал егер сіз оны тым саясаттандырылған деп айтқан болсаңыз, мен келісер едім. Менің түсінуімше, идеологиясыз тәрбиелеу процесі – бұл нонсенс. Мысалы, батыстық құндылықтар жүйесін алайық. Оны пуританизм идеологиясынсыз, ал тар форматта – кальвинизм идеологиясынсыз елестету мүмкін бе? Әрине, жоқ. Онда қарсы сұрақ туындайды: неліктен олардың тәрбиелеу жүйесінде идеология бола алады, ал бізде бұл күнә сияқты болып көрінеді?

Мен ескі мектеп жүйесін, оның ішінде тәрбиелеу деген құрамдас бөлігін мақтайын деп отырғаным жоқ. Бірақ екінші жағынан, мен бұл тұрғыда қазіргі кездегі мектеп жүйесінің артықшылығын әзірге көріп тұрған емеспін. Өкінішті-ақ…

Енді тәсілдер туралы айтар болсақ. Жас ұрпақты тәрбиелеу – күрделі және көп қырлы процесс, оған алдымен отбасы, содан кейін мектеп және, әрине, мемлекет қатысуы тиіс. Ата-аналар үшін өз балаларының табысты және моральдық нормаларға лайық адамдар болуы өте маңызды. Мектеп үшін оның түлектері жан-жақты дамып, білім алуы маңызды, өйткені бұл оның бет-бейнесі және, кешіріңіздер, жоғары рейтингтері. Ал жақсы дайындалған және саналы азаматтарсыз мемлекетті күшті және болашағы бар деп есептеуге болама? Мен мұны ешбір жалған пафоссыз айтып отырмын. Демек, жас ұрпақ тәрбиесі – ол отбасы, мектеп және мемлекет тұлғасындағы триада шешуі тиіс міндет екенін білдіреді.

Олардың әрқайсысының өз функциялары мен жауапкершілік дәрежелері бар. Отбасы баланың жеке қалыптасуының алғашқы моральдық-этикалық негізін салады. В.Маяковскийдің «Жақсы деген немене, жаман деген немене» деген тақпағы естеріңізде ме? Менің көзқарасым бойынша, бүгінде ол мүлде жаңаша естіледі. Жастайынан мінез-құлықтың маңызды негізгі ережелерін бойына сіңірмеген бала өмірде өз орнын табуда қиналатыны – әлемнің өзімен жасты аксиома.

Мектеп оқушының ересек өмірге кірген кезде ыңғайсыздық сезінбеуі үшін және мүмкіндігінше тезірек қоғамдағы өз орны мен рөлін нақты білетін толыққанды азамат болуы үшін отбасында қалыптасқан принциптерді бекітіп, әлеуметтену дағдыларын барынша дамытуы тиіс. Дәл сол мектеп ұжымшылдық сезімін, әрбір іс-әрекеті үшін міндеттілік сезімін және өз жауапкершілігін дұрыс түсінуді тәрбиелейді.

Мемлекеттің рөлі – қоғам мен азаматтар үшін айқын және түсінікті идеологияны дамыту. Бізге осы жөніндегі кез келген фобиядан арылатын уақыт келді. Идеологиясыз мемлекет болуы мүмкін емес. Идеология болмаса, қоғам идеологиялық шатасуға және бір шектен екінші шекке толқуға бейім екендігі сөзсіз.

Біз мұның көріністерін анда-санда өз өмірімізде байқай аламыз, бірақ олай болмауы тиіс. Сондықтан менің түсінуімше, идеология – бұл кейбір абстракты директивалық ұстанымдар емес. Идеология дегеніміз – бұл өзінің негізінде қоғамның әрбір мүшесінің белсенді азаматтық позициясын дамытуға ықпал ететін құндылық категориялары қалыптасатын іргетас. Және бұл әсіресе жас ұрпаққа қатысты болған кезде өте маңызды.