Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды, енді ол соңғы бір жарым жыл бойы болғандай қашықтықтан оқыту форматында емес, дәстүрлі форматта өтуі тиіс. Демек, қазақстандық мектеп оқушыларының алған білім сапасы туралы айтатын уақыт келді. Оның үстіне, PISA-ның соңғы халықаралық зерттеуінің қорытындыларына арналған және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығы дайындаған Ұлттық баяндама еркін қолжетімділікте пайда болып, көпшіліктің назарына ұсынылды.
Аутсайдерлер қатарында
Көптеген сарапшылардың пікірінше, бұл ауқымды тәуелсіз халықаралық зерттеу – әр түрлі елдердегі мектептегі білім беру деңгейінің ең объективті және шынайы көрінісі болып табылады. Ол үш жылда бір рет өткізіледі және 15 жасқа толған оқушыларды – негізінен жоғары сынып оқушыларын және аз дәрежеде орта арнаулы оқу орындарында: колледждерде, училищелерде оқитындарды қамтиды. Кезекті PISA тестілеуін биыл өткізу керек болған еді, бірақ пандемия оны болдырмады, сондықтан оны енді 2022 жылы ұйымдастыру жоспарлануда. Қалай да болмасын, оған тиісті дайындықтар қазірдің өзінде басталып кетті.
Соңғы зерттеу 2018 жылы өткізілді, ол еліміздің барлық аймақтарындағы алты жүзден астам білім беру ұйымдарында оқитын жиырма мыңға жуық қазақстандық балаларды қамтыған болатын. Алайда, жүргізілген зерттеулер бойынша деректердің үлкен көлемін қорытындылау, оларды өңдеу және тестке қатысушылардың әр түрлі топтары бойынша талдау жасау көп уақытты қажет етеді. Сөйтіп, Қазақстан көрсеткен алғашқы «жалпы» нәтижелер тек 2019 жылдың соңында жарияланды, ал Ұлттық баяндаманы тағы бір жарым жыл күтуге тура келді. Бірақ қазір ол көпшіліктің назарына ұсынылды және онымен танысу ойланатындай көп нәрселерге жол ашады.
Өткен жылдың қарашасында QMonitor-да жарияланған «Мұндай білім деңгейімен Қазақстан «үздік 30» туралы тіпті армандай алмайды», деп аталатын мақалада PISA-2018 нәтижелері бойынша біздің оқушылардың көрсеткіштері ұсынылды. Бұл зерттеуге 77 ел қатысты және жалпы жіктеу деп аталатын (сауаттылықтың үш түрі бойынша орташа балл – оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылығы және табиғи-ғылыми сауаттылығы) Қазақстан 62-64 орындарды Әзірбайжан және Босниямен бөлісті. Бізден де төмен орындарда тек 13 мемлекет орналасты – Латын Америкасы, Таяу Шығыс, өмір сүру деңгейі өте төмен екі Азия елі, сондай-ақ Косово мен Солтүстік Македония сияқты жақында танылған елдер.
Бұл орташа балл бойынша (Қазақстанда ол 402,3 құрады), біз әлемдегі ең дамыған он шақты елдерді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы елдерден айтарлықтай төменбіз (ЭЫДҰ көрсеткіші бойынша орташа балл бүтін 488,3 құрайды). Біз бұрынғы КСРО республикаларының көпшілігінен де – Эстониядан (525,3), Латвиядан (487,3), Ресейден (481,7), Литвада (479,3), Беларусьтен (472,3), Украинадан (462,7), тіпті Молдовадан (424,3) көп ұтылып қалдық. Алайда отыз жыл бұрын бәріміз бірдей бастапқы шарттардан бастадық емес пе. Ал ең өкініштісі, Қазақстан 2012 жылмен салыстырғанда тіпті өзінің орташа баллын нашарлатты: сол кезде ол 416,6 болған. Басқаша айтқанда, біздің артта қалушылығымыз тек өсе түсті.
Бұл жерде тағы бір маңызды сәт бар. PISA-2018 зерттеуін ұйымдастырушылардың айтуынша, 30 баллдық айырмашылық бір жылдық оқуға сәйкес келеді. 15 жасар қазақстандықтар ЭЫДҰ елдерінен, Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан алған білімі мен құзыреттілігі, алған ақпаратын ассимиляциялау және оны өз білімі мен интеллектуалдық әлеуетін арттыру үшін қолдану мүмкіндігі бойынша құрдастарынан екі жылға немесе одан да көп уақытқа артта қалатыны белгілі болды.
Үлкен айырмашылық
Бірақ мұның бәрі, былайша айтқанда, «аурухана бойынша орташа температура», яғни ел бойынша. Жақында жарияланған Ұлттық баяндама жағдайды «жеке палаталар» (аймақтар) контекстінде бағалауға мүмкіндік береді. Және белгілі болғандай, Қазақстанның бірқатар аймақтарында ЭЫДҰ елдерінен артта қалу енді екі – екі жарым жыл емес, тіпті төрт жыл және одан да көп. Басқаша айтқанда, Атырау облысындағы 15 жасар орташа статистикалық оқушы, айталық, Батыс Еуропадағы, Балтық жағалауы немесе Жапониядағы 11 жасар орташа статистикалық оқушымен бір интеллектуалды деңгейде болып табылады.
Ұлттық баяндамада PISA зерттеуінде бағаланған сауаттылықтың үш түрінің әрқайсысы бойынша аймақтық контекстте деректер бөлек ұсынылады. Біз сондай-ақ орташа баллды көрсетуді шештік – ол «жалпы орташа балл» (жасыл түспен ерекшеленген). Нәтижесінде біз келесі кестені алдық, онда аймақтар олардың нәтижелері бойынша орналастырылған:
PISA-2018 нәтижелері бойынша Қазақстан аймақтарының көрсеткіштері
Екі астананың көшбасшылығы әбден түсінікті – бұл жерде халықтың өмір сүру деңгейі де жоғары (ол да аса маңызды фактор), білім алу үшін жақсы жағдайлар жасалған, білікті мектеп педагогтары да көбірек, репетиторлық қызмет нарығы да едәуір сапалы. Бірақ аймақтарға келетін болсақ, мұнда қызықты және сонымен бірге қорқынышты заңдылық пайда болады.
Егер солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда көрсеткіштер тұтастай республикаға қарағанда айтарлықтай жоғары болса (және, мысалы, Қарағандыда, Қостанайда, СҚО-да оларды астаналықтармен салыстыруға болады – 420 балл және одан жоғары), онда оңтүстік пен батыста жағдай әлдеқайда нашар. Алайда, дәл сол жақтарда елдегі қазақ халқының басым көпшілігі тұрады, ал негізгі аутсайдерлер болып табылатын Маңғыстау мен Атырау облыстарында (орташа көрсеткіш сәйкесінше 372,3 және 362,3) қазақтардың саны 90 проценттен асады. Қызылорда облысындағы жағдай да онша жақсы емес (386,3 балл), онда «титулдық» этникалық топтың үлесі 96 проценттен асады, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанда (тестілеу кезінде ол дәл осылай аталатын және Шымкент сол кезде оның құрамында болатын) және Алматы облысында – тиісінше 380,7 және 379,7.
Елдің солтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысы арасындағы мұндай елеулі айырмашылықты бұрынғы өнеркәсіптік дамығандығымен, демек, урбанизацияланғандығымен түсіндіруге болатын еді. Өйткені қалаларда, белгілі себептермен, әдетте ауыл мектептеріне қарағанда сапалы білім береді. Бірақ, белгілі болғандай, осындай түсініктемені мұнда қолдануға болмайды. Салыстыру үшін, мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл балаларының және Атырау облысындағы қалалық балалардың көрсеткіштерін алайық: оқу сауаттылығы – сәйкесінше 402 және 354, математикалық сауаттылығы – 427 және 388, табиғи-ғылыми сауаттылығы – 412 және 367, орташа балл – 413,7 және 369, 7. Жалпы сауаттылықтың үш түрі бойынша айырмашылық 44 балды құрады. Басқаша айтқанда, Атырау облысы орталығының орташа статистиалық оқушысы (және бұл қалада мектеп оқушыларының басым көпшілігі қазақ тілінде оқиды) білім беру дағдылары мен құзыреттілігі деңгейі бойынша өзінің СҚО-ның шалғайдағы ауылдық жерлеріндегі орташа статистикалық құрдастарынан бір жарым жылға жуық артта қалып отыр, ал мұнда тұратын халықтың үштен екісін қазақ еместер құрайды.
Екі астананың қазақ және орыс сыныптарындағы оқушылардың көрсеткіштерінде айырмашылық одан да жоғары. Мысалы, Нұр-Сұлтанда оқу сауаттылығынан 80 балл (387 және 467), математика сауаттылығынан – 46 (427 және 473), табиғи-ғылыми сауттылығынан – 75 балл (390 және 465), орташа есеппен – 67 балл (401,3 және 468.3) болды. Осыған ұқсас сурет, дерлік Алматыда да. Жалпы алғанда екі астананың орыс тілді мектеп оқушыларының білімі мен құзыреттілік деңгейі Италия, Словакия, Ресей, Израиль сияқты елдерге тән деңгейге жақын, ал қазақ тілді оқушылар Албания, Босния, Перу деңгейіне жақын деп айтуға болады...
Түйіндеменің орнына
Жоғарыда айтылғанның бәрінен қорытынды өздігінен туындайды: отандық орта білім беру жүйесінің ең әлсіз буындары – бұл қазақ тілді халықтың басым көпшілігі тұратын оңтүстік пен Батыс өңірлер және оқыту мемлекеттік тілде жүргізілетін мектептер. PISA зерттеуі шеңберінде бағаланатын сауаттылықтың барлық түрлеріндегі Қазақстанның көрсеткіштерін төмендететіндер дәл осылар.
Осыған байланысты қазіргі заманғы «ана тілі» үшін күрескерлерге: сіздер нақты маңызды нәрсемен айналысып жатырсызрдар ма? – деген сұрақ туындайды. Сонда сіздер шынымен де қазақ тілінде оқытатын мектеп білімінің төмендігінен гөрі мемлекеттік тілді білмейтін «титулдық емес» этникалық топтардың өкілдері (сатушы әйелдер, даяшылар, шаштараздар және т. б) қазақ тілі үшін көбірек қауіп төндіреді деп ойлайсыздарма? Егер жағдай түбегейлі өзгертілмесе, онда тіпті қазақтардың өздері де көп ұзамай балаларын ана тілінде оқытудан бас тарта бастайтыны анық – кез келген саналы ата-ана баласының білімді және бәсекеге қабілетті болғанын қалайды. Және, айтпақшы, мұндай тенденция соңғы жылдары байқалып жатыр, ол жөнінде біздің басылым осыдан бір-екі ай бұрын «Қазақ сыныптарындағы оқушылардың үлесі төмендеп жатыр, ал орыс сыныптырының үлесі – өсуде» деген мақалада жазған болатын.
Қазақ патриоттары дүкендерде жұмыс істейтін қорғансыз әйелдерді қорқытудың орнына, оларды камераға қарап кешірім сұрауға мәжбүрлеп, бұл туралы өздерін жарнамалаудың немесе әлеуметтік желілерде осындай ұлттық популистерді қорғау үшін аузынан көбік шашыратудың орнына дәл осы мәселелермен айналысулары тиіс.