Qazaqstan Monitor-дың өткен нөмірінде «Тілдік парадокс. Қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың үлесі азайып, орыс сыныптарындағылардың үлесі өсіп барады» деп аталатын мақала жарияланған. Ол, негізінен, айқындаушы сипатта болды, яғни ол мақалада мұндай, бір қарағанда күтпеген үрдістің ықтимал себептері қарастырылмады. Ал трендтің өзгеруіне әкелуі ықтимал факторларды анықтауға тырысусыз әңгіме толық емес болады.
Соншалықты әртүрлі оңтүстік пен солтүстік
Ол мақалада әңгіме не жайлы болғанын қысқаша естеріңізге саламын. КСРО ыдыраған кезге таман біздің республикамызда қазақ тілінде білім алып жатқан оқушылардың үлесі үштен бір бөлігін (32,4%) құраған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында ол екі есеге жуық – 62,5%-ке дейін ұлғайды. Содан кейін тағы бірнеше жыл бойы бұл үлес өсуді, бірақ әлдеқайда төмен қарқынмен, жалғастырды. Ал 2014 жылдан кейін ол бір белгіде қатып қалды. Ақыр соңында, соңғы жылдары, осы жеті жыл ішінде қазақ оқушыларының үлесі үш проценттік тармаққа – 73%-тен 76%-ке дейін өскеніне қарамастан, ол үлестің біртіндеп төмендеу үрдісі байқалды: 65,69 – 65,60 – 65,35.
Ал орыс тілінде оқитын балалардың үлес салмағы сол 2014 жылы өзінің тарихи минимумына (30,6%) дейін төмендеп, кейін ұлғая бастады және соңғы жеті жылда бір проценттік тармаққа (31,54%) өсті. Абсолютті цифрларда мұндай мектеп оқушыларының саны қарастырылып отырған кезеңде, бұған дейін ол тек қысқарып қана отырғанына қарамастан, 800 мыңнан 1,1 миллионға дейін немесе үштен бірінен артық өсті (!).
Бұған белгілі бір үлес бөлігін өз ана тілдерінде оқып жүрген балаларын (Қазақстанда мұндай мектептер мен сыныптар бар) орыс тілінде оқытатын мектептерге бағыттаған өзбек, ұйғыр және тәжік диаспоралары қосты. Бірақ қанша дегенмен, қазақтардың өздері Пушкиннің тілінде білім алуға жиі басымдық бере бастағаны шешуші әсер етті. Осындай нұсқаның пайдасына бір жағынан қазақ сыныптарындағы оқушылар саны және екінші жағынан «титулдық» ұлт оқушыларының жалпы саны арасындағы проценттік арақатынастың өзгеруінің теріс динамикасын келтіруге болады. Бұл көрсеткіш (оны шартты түрде ҚҚТБАБД – қазақтардың қазақ тілінде білім алуға бейілділік деңгейі деп атайық) соңғы бес жылда 88,6%-тен 85,9%-ке дейін, немесе үш проценттік тармаққа төмендеді.
Ал бұл деңгей өңірлер бөлінісінде қалай болып көрінеді? Мұны төменде ұсынылған кестеден білуге болады:
Түркістан облысының жүз проценттен асатын көрсеткіші кейбіреулерді таңғалдыруы мүмкін, – ол жақта қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың саны қазақ оқушыларына қарағанда көп. Бірақ бұл ерекше аймақ: ол жерде өзбек және өзге де түркі тілдес отбасыларынан, сондай-ақ тәжік отбасыларынан шыққан жүз мыңнан астам бала тұрады (олар жалпы оқушылар контингентінің шамамен 20% құрайды) және олардың бір бөлігі қазақ сыныптарында оқиды. Оның үстіне жекелеген ауылдарда басқа мектептер жоқ. Қалған облыстарда осы және өзге де этникалық азшылықтардың үлесі (әрине, орыстарды қоспағанда) онша көп емес.
Кестеден көрініп тұрғандай, тұрақты заңдылық байқалады. Алматы қаласынан өзге (бұл ерекше тармақ) еліміздің бүкіл оңтүстігінде және Маңғыстауда қарастырылып отырған көрсеткіш 90 проценттен асады. Бірақ солтүстікке қарай неғұрлым алыс болған сайын, соғұрлым төмен болады: Қарағанды облысында – 80,6, Ақмола облысында – 74,4, Павлодар облысында – 68,6, Солтүстік Қазақстан облысында – 60,6, Қостанай облысында – 54,4. Егер жалпы солтүстік өңірлер мен Нұр-Сұлтан қаласын алсақ, ол жақта қазақ балаларының үштен екісі ғана, тіпті одан да азы ата-баба тілінде білім алады.
Енді оң жақтағы бағанға (жарқын түспен белгіленген) назар аударыңыздар, ол соңғы бес жылдағы ҚҚТБАБД өзгеру динамикасын көрсетеді. Одан осы кезеңде шартты «қазақтардың қазақ тілінде білім алуға бейілділігінің деңгейі» барлық жерде, тіпті ең тығыз қоныстанған, ең көп балалы және ең аграрлық Түркістан облысын (Алматы облысымен қатар) қоспағанда, оңтүстікте де төмендегені байқалады. Бірақ егер оңтүстік өңірлерде тұтастай алғанда теріс динамика онша көп емес болса (1,1-ден 2,4 проценттік тармаққа дейін, тек Шымкент қаласында ғана ол айтарлықтай көп болып шықты), онда Қазақстанның солтүстігінде және астанасында ҚҚТБАБД бірден 5-6 проценттік тармаққа төмендеді.
Не маңыздырақ – тіл ме әлде білім бе?
Басқаша айтқанда, солтүстіктегі қазақтар оңтүстіктегілерге қарағанда орыс тілінде білім алуға көбірек бейіл. Біреулер мұны кеңестік кезеңде орын алған орыстандырудың салдары және, тиісінше, «тілдік тұқым қуалаушылық (сабақтастық)» деп түсіндіреді. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін де балаларды қазақ сыныптарына берудің айқын үрдісі байқалды ғой. Неліктен кері бағыттағы бұрылыс пайда болды?
Содан кейін, мысалы, Нұр-Сұлтанда тұрғындардың едәуір бөлігін оңтүстіктен келген «титулдық» халық өкілдері құрайды, олар айтарлықтай аз дәрежеде орыстандыруға ұшырады, бірақ соған қарамастан, елордада қазақ сыныптарындағы оқушылар саны мен қазақ оқушыларының жалпы саны арасындағы қатынас республика бойынша және тіпті Алматыдағыдан да әлдеқайда төмен. Оның үстіне, еліміздің бас қаласы ҚҚТБАБД төмендеу қарқыны бойынша үш көшбасшылардың (әлде анти-көшбасшылардың ба?) бірі болып табылады – бес жыл ішінде 5,8 проценттік тармаққа төмендеді.
Демек, трендтің өзгеруі қандай да бір өзге себептерге байланысты. Бұл жерде біз айтып отырған теріс динамика 2015-16 жылдардан басталғанына назар аударудың мәні бар. Нақ сол кезде Қазақстан мұнайдың бағасының төмендеуінен, біздің экспортымыздың басқа да баптарының құлдырауынан (сондай-ақ шикізат экономикасына нақты баламаның болмауынан) туындаған әлеуметтік-экономикалық дағдарыс белдеуіне кірген болатын, бұл «қоныс аудару көңіл-күйлердің» (оның ішінде «титулдық» этнос өкілдерінің арасында да) өсуіне алып келді. Ал өз назарларын Ресей Федерациясына қарай аудара бастаған әлеуетті мигранттар үшін орыс тілінде алынған білім қазақ тіліне қарағанда қолайлы.
Сол кезде ресейлік жоғары оқу орындарына түсетін жас қазақстандықтардың саны өсе бастады. Үлкен еңбек нарығы мен жалақысы жоғары болып табылатын көрші елге біздің еңбек мигранттарымыз да кете бастады. Ал бір жыл бұрын Владимир Путин Ресейде жұмыс істейтін адамдардың жетіспейтінін, жыл сайын олардың тапшылығы тек күшейе түсетінін айтты (айтпақшы, қазір үкімет деңгейінде тіпті тұтқындарды жұмысқа тарту мүмкіндігі қарастырылуда), сондықтан Ресей Федерациясына «орыс тілінде сөйлейтіндердің» ағымы қажет.
Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы балалар үшін оқыту тілін таңдау кезінде қазақ қоғамының кейбір бөлігінің өз қалауларын қайта қарауға алып келуі мүмкін.
Тағы бір маңызды сәт. Бұрын қандай мектептер (қазақ мектептері ме әлде орыс мектептері ме) оқыту сапасы тұрғысынан жақсырақ екендігі жөнінде даулар нақты емес және тараптардың әрқайсысында фактілер мен сандар түрінде дәлелді базаның болмағандығына байланысты таза субъективті сипатта болған. Бірақ 2011 жылдан кейін салыстырмалы деректер пайда бола бастады. Дәл сол жылы ҚР БҒМ Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық орталығы PISA тестілерін тапсыру барысында 15 жастағы қазақстандық оқушылар көрсеткен нәтижелер туралы егжей-тегжейлі есепті жариялады, бұл тестілеу алғаш рет біздің елімізді де қамтыды. Олар келесі тестілеулердің қорытындылары сияқты орыс және қазақ сыныптары оқушыларының білім деңгейі мен дағдыларының арасындағы елеулі алшақтықты анықтады. Математикалық сауаттылықта бұл алшақтық (уақыттық шеңберде алғанда) бір жылдан асады, ал оқырмандылық пен жаратылыстану ғылымында – бір жарым жылға жетеді. Өздеріңіз түсінгендей, бұл жәйт қазақ тілінде білім алатын балалардың пайдасына емес екендігі анық. Ал Қазақстандағы орыс мектептерінің оқушылары, мысалы, Эстония туралы айтпағанда, көптеген басқа елдердің, соның ішінде Ресей мен Украинаның құрдастарынан артта қалып отыр.
БАҚ-та осындай деректердің пайда болуы ата-аналардың бір бөлігінің өз ұлдары мен қыздарын қазақ мектептеріне берудің мағынасы бар ма деп ойлауына себеп болған шығар? Әрине, мемлекеттік мәртебеге ие ата-бабалардың тілін білу және сол тілде еркін сөйлеу қажет, бірақ көптеген әкелер мен аналар үшін балаларының сапалы білім алуы (біздің елімізде ол қаншалықты мүмкін болуына қарай) одан да маңызды. Сонымен қатар, мектептен тыс оқыту, білім шеңберін кеңейту тұрғысынан орыс тіліне артықшылық беріледі, өйткені орыс тілінде, қазақ тілінен айырмашылығы, көп нәрсені оқуға, тыңдауға, көруге болады.
Сондықтан, көптеген қазақ ата-аналар үшін балалар өз тамырлары туралы ұмытып кетпеуі үшін оларды үйде, отбасында, ана тілінде тәрбиелеу, ал білімді басқа тілде – орыс тілінде немесе, егер қаржылық мүмкіндіктер болса, ағылшын тілінде (жеке-меншік мектепте) беру деген нұсқа оңтайлы болып табылады. Бұл баланың болашағы үшін қамқорлық жасау арқылы негізделген әбден түсінікті прагматикалық тәсіл…