Кез келген басқа қоғамдағыдай, қазақстандық қоғамда дәстүршілдер де, либералдар да бар. Бұл жерде әңгіме саяси либерализм жөнінде емес, жеке тұлға мен адам санасының дәстүрлі моральдің, діннің және т. б. шектеулерінен бостандығы жайлы болып отырғанын нақтылап алайық. Біздің елімізде бұл екі топтың сандық тұрғыдан арақатынасы қандай және болашақта олардың қайсысы жеңеді? Осы тақырып бойынша ой қозғауға біз белгілі қоғам қайраткерлерін шақыра отырып, оларға келесі сұрақтарға жауап беруді ұсындық:
1. Осы топтардың қайсысының саны басым және неліктен?
2. Сіздің ойыңызша, жақын арада олардың арасындағы арақатынас қалай өзгереді?
3. Жалпы, біздің қоғамдағы дәстүрлі және либералды құндылықтардың болашағы қандай болуы ықтимал?
Марат Толыбаев, блогер:
«Дамудың паровозын тоқтату мүмкін емес»
1. Менің жеке сезінулерім бойынша, саны жағынан алғанда Қазақстанда дәстүршілдер (консерваторлар) көбірек. Бұған бірнеше себептер бар.
Біріншісі. Ауыл тұрғындары. Біздің еліміздің азаматтарының жартысына жуығы ірі қалаларда емес, ауылдық жерлерде тұрады, бұл өз тұрғындарының байланыстарының шектеулі болғандықтан, әрқашан туыстар арасындағы тығыз қарым-қатынас орны, берік отбасылық байланыстар орны болып табылатын. Бұл жайт өз кезегінде әлеуметтік нормалар жүйесінің қатаң ережелерін және бір-біріне жоғарылатылған моральдық талаптарды білдіреді.
Күнделікті өмірде адамдар негізінен бейтаныс кісілермен кездесетін үлкен қалаларда мінез-құлық әлдеқайда жеңіл және еркіндеу болады. Ал көптеген тұрғындардың шоғырлануы адамдардың көпшілігін өзін ерекше етіп көрсетуге, қалай да болмасын өздерінің даралығын білдіруге итермелейді. Сондықтан мегаполистерде өмірге деген әр түрлі көзқарастары бар, қоғамға, отбасына, жыныстық қатынасқа және т. б. дәстүрлі емес көзқарасы бар адамдар соншалықты көп.
Екіншісі. Қоғамның үлкен бөлігінің инерциясы. Бұл тек Қазақстанға ғана тән нәрсе емес. Кез келген мемлекетте, кез келген қоғамда прогрессивті бөлік, негізгі бейтарап масса және консервативті бөлік болады. Әдетте екі шектегі бөліктер саны бойынша азырақ болады. Бірақ прогрессивті азшылық өзгерістерге, модернизацияға ұмтылады, ал адамдардың көпшілігі инертті болып табылады, сондықтан олар қалыптысқан әдеттері бойынша тұрақтылыққа, яғни қоғамның консервативті бөлігіне қарай, ұмтылады. Адамдарды өз жағына тарту үшін консервативті азшылыққа қарағанда прогрессивті азшылыққа көбірек күш салуға түра келеді.
Үшіншісі. Кеңестік мұра. Қазақстан бұрынғы КСРО құрамында болған, ал онда тоталитаризм және либерализмді жақтырмаушылық өз билігін жүргізген. Өкінішке орай, егемендік алғаннан кейін Қазақстан өзінің идеологиялық парадигмасын түбегейлі өзгертпей, социалистік бояуын сақтап қалды. Біздің елімізде жеке адамның мүддесінен гөрі әлі де қоғамның мүддесі басым. Ал бұл патриархат пен консерватизмнің негізі болып табылады.
2. Қоғамның прогрессивті, негізгі бейтарап және консервативті бөліктерге бөлінуі әрқашан орын алатын болады. Мұнда алға жүріп келе жатқан пойызбен салыстыру орынды. Оның локомотиві, негізгі құрамы және «құйрығы» бар және ол қоршаған ортаға байланысты қозғалады. Локомотив алға тартуды жалғастыра береді, оның алдында әрқашан жаңа қабылдау көкжиектері бірінен соң бірі ашыла береді. Біздің жағдайда да солай. Бүкіл қоғам соңғы жылдары прогрессивті бола бастаған сияқты, мысалы, әйелдер мен жыныстық азшылықтардың құқықтарына, жануарларға (вегандар), қоршаған ортаға және т.б. Мұның себебі – қоғамның негізгі бөлігі осындай идеяларды қабылдауға қабілетті болған деңгейге өсіп жетілдгенінде. Бірақ сонымен бірге біздің жастар бұл ілгерілеуді енді прогресс деп есептемейді, ол оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай отырып, бұдан да үлкен жетістіктерге жету жөнінде, мысалы, суицид құқығы, жынысын өзгерту құқығы, бүкіл әлем бойынша еркін жүру құқығы жайлы ойланып жатыр. Біздің қоғамның негізгі бөлігі мұндай нәрселерге әзірге дайын емес. Бірақ аз уақыт өткеннен кейін бұл батыл идеялар үйреншікті жағдайға айналып кетеді.
3. Барлығы өзгеретін болады. Даму локомотивін тоқтату мүмкін емес.
Либералдар өзгере бастайды. Дәлірек айтқанда, либералды идеялар өзгереді, ал олармен бірге мұндай идеялардың тасымалдаушылары да өзгереді. Енді бұл басқа адамдар болады – біздің қазіргі балаларымыз.
Консерваторлар да өзгере бастайды. Кейбір революциялық идеяларға олар үйреніп, олармен келіседі. Ал кейбір мүлдем архаикалық құндылықтардан олар өздігінен бас тартады. Консерваторлардың қатары да үнемі өзгеріп отырады, оның ішінде қоғамның «бейтарап» бөлігіндегі адамдармен, бірақ кейбір мәселелерде тіпті бұрынғы либералдармен де толтырылып отырып өзгерістерге ұшырыйтын болады.
Адамдардың көпшілігі өз өмірлерінде локомотивтен бастап «құйрығына» дейін осы шартты пойыздың барлық құрамының бойынан өтіп шығуды үлгереді. Алдында олар прогресті қолдайды. Содан кейін өз көзқарастарын мойындатуға қол жеткізеді, сондықтан оларға барлығы да ұнайтын болады. Содан кейін, бұрынғыданда жаңа идеялар пайда болған кезде, олар қорқа бастайды және басқаларды да қорқыта жөнеледі. Олар енді өзгерістерді қаламай кетеді. Олар консерваторлар мен кәрі күңкілдерге айналады: олардың пікірінше жастық шақ кезінде бәрі жақсырақ болған – шөп те жасылдау еді, күн де жарқындау еді... Тек аздаған адамдар ғана қартайғанға дейін жастар сияқты жігерлі және прогрессивті болуды жалғастыра отырып, барлық нәрсеге ашық болып қала береді.
Бұл трансформацияда, әрине, барлығы салыстырмалы. Біреулер консервативті отбасында туып-өсті және бала кезінен «Қазақстан қоғамы» деп аталатын пойыздың «құйрығына» тап болды. Бірақ ол өз өмірінде трансформациядан өтіп, тіпті бүкіл пойыз бойынша емес болсада, ең болмағанда өзінің «вагоны бойынша» – отбасы, ауыл, қала ішінде трансформациядан өтетін болады.
Ал одан да кеңірек алатын болсақ, «Қазақстан» деп аталатын бүкіл пойыз «әлем» деп аталатын алып пойыздың құйрығында баяу ғана келе жатыр. Еуропада немесе Америкада норма деп есептелетін нәрселердің көпшілігі, мысалы, еркін митингілер мен демонстрациялар, жеке түрмелер және т.б., Қазақстанда әлі де сақтықпен қабылданады. Біраз уақыттан кейін біз де олардың қазіргі деңгейіне жетеміз. Бірақ сол уақыт ішінде олар одан да алға кетіп қалады. Әлемдік пойыздың локомотивіне жетіп, оған ену үшін бізге көп уақыт пен күш салу қажет.
Асхат Асылбеков, қоғам қайраткері:
«Дәстүрлі құндылықтардың болашағы күмән туғызады»
1. Бүкіл посткеңестік кеңістіктегідей, Қазақстанда да консервативті дәстүршілдік басым. Иә, бізде жоғары білімі бар адамдардың проценті жоғары, бірақ ұлттық өзін-өзі танудың өсуі, ұлттық әдет-ғұрыптың жаңғыруы, тарихты қайта қарау және мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңеюі дәстүрлі құндылықтардың сақталуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, барлық этностардың өкілдері дәстүрлерді ұстанушылар болып табылады. Қазақстанның ақпараттық өрісінде дәстүрлі құндылықтарды насихаттайтын ресейлік телевидение басым, ал, мысалы, Ресей Федерациясында ЛГБТ-ны насихатауға қарсы бағытта қабылданып жаткқан заңдар Қазақстанда да талқыланады, оның үстіне оларды өте көп адамдар құптайды.
Біздің қоғам өзінің негізгі тұрғысынан гомофобиялық болып табылады. Ал ағымдағы жылдың 8 наурызында көрініс тапқан дәстүрлі емес қозғалыстардың өкілдері тарапынан көрсеткетілген белсенділік олардың аз екендігін ғана көрсетеді. Сонымен қатар студенттер арасында өздерін дәстүрлі емес топтар қатарына қосып есептейтін студенттердің саны артып келеді. Парадоксальды нәрсе – олардың көпшілігі үшін бұл ата-анасына тәуелділікке наразылық білдірудің бір түрі. Бүлікшілдік жастарға тән, бірақ біраз уақыттан кейін «экспериментаторлардың» көпшілігі өздерінің табиғи түрде ұрпақты болу функциясына қайта оралады.
Менің ойымша, ересектер арасындағы қарым-қатынастар да бұрынғыдан гөрі еркінірек болып кетті. Ажырасулар, толық емес отбасылар және «өздері үшін» бала туатындардың саны айтарлықтай өсті. Көптеген ерлер мен әйелдерде сыртта сүйіспеншілік байланыстары бар. Әйелдердің экономикалық белсенділігінің артуы оларды өз құндылықтарын қайта бағалауға мәжбүр етеді, ал бүгінде ерлердің мәртебесі бұрынғыдай жоғары емес. Енді ер адам өзінің ақылдылығын, іскерлігін және «өмірде ұтымды орналасу» қабілетін дәлелдеуі керек. Көптеген әйелдер, соның ішінде тұрмыстағы әйелдер де, мансапқа көбірек уақыт бөле бастады. Бұл отбасындағы балалардың санына өз әсерін тигізеді.
2. Болашақта біздің еліміз әлемдік тенденциялардың ағынын ұстанады деп ойлаймын. Әлемдік державалар тарапынан еліміздің басшылығына қысым жасау деген сияқты факторды жоққа шығаруға болмайды. Обаманың президенттігі кезінде АҚШ-тың барлық елшіліктері ЛГБТ қоғамдастығын белсенді түрде қолдай бастағанын және басқа елдерден жыныстық азшылықтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді талап еткенін еске түсіру ғана жеткілікті.
Интернеттің мүмкіндіктері және кез келген ақпаратқа еркін қол жеткізу өз нәтижелерін береді, сондай-ақ «еркіндетілген» адамдардың саны арта түседі. Бірақ қалай болғанда да, азшылықтар ұзақ жылдар бойы қоғамның негізгі бөлігі тарапынан айыпталатын болып қала береді. Сондай-ақ, Қазақстанды исламдандыру үдерісін ескеру қажет, ал ислам ондай өмір салтына үзілді-кесілді теріс көзқарасқа ие. Жастар мен орта жастағы адамдар арасында сенушілердің саны тез өсуде, ендігі әрі негізгі шектеу факторы ұлттық құндылықтар жүйесі емес, дін болады деп болжауға болады.
Сонымен қатар, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасына олардың жасы әсер ететінін түсіну керек. КСРО кезінде дүниеге келген аға буын әлі де ұзақ уақыт бойы біздің қоғамның тұрақтылығының факторы болады. Оның білімділігі және өмірге деген көзқарасы болашақ ұрпаққа XXI ғасырдың үшінші онжылдығының жаңа сынақтары мен мүмкіндіктерін соққысыз қабылдауға көмектеседі. Орта буынның өкілдері кез келген жағдайда үлкендердің пікірін басшылыққа алатын болады. Мүлде жас адамдар әлеуметтік желілер арқылы қабылдайтын кез-келген инновацияларға өте осал болып табылады. Балалардың қазіргі ұрпағы Интернеттің ықпалына бейімделіп өсті, ал ата-аналардың оларға деген әсері 20 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда әлсіз. Қазір кез-келген жалдалушылар үшін (олар діни секталар болсын, жастар топтамалары болсын немесе қызығушылық бойынша топтар болсын) өте қолайлы кезең.
3. Дәстүрлі құндылықтардың болашағы күмән туғызады. Өйткені, ұлттық жаңғыруға деген ұмтылыс ұлттық әдет-ғұрыптарымызға күмән келтіре бастаған сенушілер санының тез өсуімен бетпе-бет келеді. Ал осы екі жақ та отбасындағы және күнделікті өмірдегі қатынастарды ырықтандыруға қарсы болғанымен, олар бір-бірінен өте қатты ерекшеленеді.
Ұлттық дәстүрлерге оралу әйелдерге көбірек еркіндік береді және қазақ пен мұсылманның басты айырмашылығы дәл осында. Болашақта дәл әйелдер мәселесі басты кедергі болып, қоғамдағы жанжалдың басталуына әкеледі. Ислам әйелдерге деген өз көзқарасын баяғыда білдіріп қойған, енді қазақтардың бұрынғы байсалды исламы және салафиттер мен уаххабиттер үстемдік ететін жаңа исламы арасында күрес жүріп жатыр. Кейбіреулер оны синоним деп есептейді, бірақ олардың арасында айырмашылық бар. Қалай да болмасын, бүгінде біз қалалар мен ауылдардың көшелерінде бейтаныс адамдардың көздерінен толығымен жабық әйелдерді көріп жүрміз. Сонымен қатар көп әйел алғандардың саны да өсуде, қыздардың зайырлы мектептерде оқымауын талап етулер де барған сайын қаттырақ айтылып жатыр.
Егер мемлекет бұл процестердің барлығын өз бақылауынан тыс қалдырып тастайтын болса, онда белсенді миссионерлер өз мақсаттарына жетеді, ал сенушілер арасында радикалдардың проценті арта түседі. Бұл ерте ме, кеш пе, қоғамның бөлінуіне, тіпті қарулы қақтығыстарға әкеліп соғады. 1979 жылғы революциядан кейін толық исламдық елге айналып кеткен зайырлы Иранның тағдыры біздің есімізде сақталған. Таяуда Ауғанстанда талибан жеңіске жетті, зайырлы өмірге үйренген жүздеген мың ауғандықтар елден қашып кетті. Біздің елде бір халықтың ішінде мұндай алауыздық болмайды деп сенемін.
Басқаша айтқанда, біздің қоғам есін жиып, тіршілік етуге міндетті, ал мемлекеттік насихаттың барлық күшін ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағыттау қажет. Қазақтардың шынайы тарихын білу – мақтаныш сезіну үшін көп негіз береді. Бірақ тек ұзақ жылдар бойы бізден жасырылып келген даңқты өткенмен ғана мақтанумен шектелмей, басқа өркениетті елдермен қатар болуымыз керек. Жаңа технологиялар әлемді өзгертті, алда әлі талай керемет жаңа ашылымдар болады. Бізге әлемдік еңбек бөлінісінде өз орнымызды тауып, тоқтаусыз жұмыс істеу қажет. Бұдан басқа мүмкіндік болмайды.