Жақында Қазақстанда өте белсенді және тіпті аса қызулықпен феминистердің шеруі талқыланды. Дәл осындай қызу пікірталастар «Еуропалық үлгілер» бойынша жазылған отбасылық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы төңірегінде де орын алған болатын. Сонымен қатар қазір де карантин күндері кезінде тойларға қатысты көзқарастар мысалында біз осындай уақытта да дәстүрлерден бас тартпау әбден орынды нәрсе деп есептейтіндердің және олардың қарсыластарының пікірлерінің қақтығысын көреміз. Қазақстанда архаикалық және заманауи құндылықтарды жақтайтын адамдар арасында айтарлықтай қақтығыстар бар деп айтуға бола ма? Әлде бұл ұлттық және батыстық құндылықтарды жақтаушылардың арасындағы қақтығыс па? Қай жақтың пікірі дұрыс? Бұл пікір-таласта кімдер жеңеді? Қандай да бір консенсус болуы мүмкін бе?
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:
«Бізде әлі де қандай да бір идеал ретінде жалпыға ортақ бірлікке ұмтылу бар»
- Қазіргі кездегі резонанстық оқиғалар төңірегінде орын алатын даулар, менің ойымша, біздің қоғам бастан кешіп жатқан өте маңызды үдерістің көрінісі болып табылады. Әңгіме Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін басталып, бірақ жаһандану мен жаңа технологиялардың әсерінен соңғы он жыл ішінде едәуір жылдамдатылған құндылықтар трансформациясы жөнінде болып отыр. Жалпы алғанда, бұл процесс бұрынғы дәстүрлі қағидалардың бұзылуына және жаңартылған өмір салты мен ойлаудың енуіне әкелді. Нәтижесінде біздің қоғам айтарлықтай әртүрлі бола бастады, жаңа әлеуметтік топтар және адамдардар өздерінің белгілі бір әлеуметтік топтар мен қауымдастықтарға сәйкестігін түсінуінің жаңа формалары пайда болды.
Қазір біз бір жақтан екінші жаққа ауысу жағдайында тұрмыз: дәстүрлі өмір салты әлі де өз позициясын жоғалтқан жоқ, ал онымен салыстырғанда біршама заманауи мәдениет (өзінің барлық атрибуттарымен) біртіндеп өзіне лайық орын алып жатыр. Айтпақшы, World Values Survey деп аталатын халықаралық құндылықтарды зерттеу бұл фактіні жақсы сүреттейді. Әлемдік құндылықтар Картасында Қазақстан бір жағынан неғұрлым дәстүрлі елдердің, екінші жағынан зайырлы елдердің тура ортасында орналасқан.
Мұндай екі жақтың қақ ортасында болу біздің қоғамда көптеген қақтығыстарды тудырады. Негізгі антагонистер ретінде шығатындар – бұл әлеуметтік желілердің арқасында бір-бірін көруге мүмкіндік алған шартты шеткі дәстүршілдер мен либералдар. Бірыңғай ақпараттық кеңістікте орналасу – осы лагерьлерді поляризациялаудың қосымша факторы болып табылады. Алайда, мен жағдайды драматизациялаудан аулақпын.
Өкінішке орай, бізде әлі де қандай да бір идеал ретінде жалпыға ортақ бірлікке ұмтылу бар. Ал негізінде әртүрлі болуды тереңдету біздің заманымыздың басты тренді болып табылады, ол әлеуметтік желілер еніп, қоғам дамыған сайын күшейе түседі. Тиісінше, осындай қақтығыстардан алшақ болуға және оларды басып тастауға болмайды, керісінше, әркім өзін басқаларға тең сезінетін инклюзивті саяси орта құруға тырысу қажет.
Ирина Черных, Қазақ-Неміс университетінің профессоры:
«Дәстүрлі құндылықтар» жөніндегі түсініктер біргелкі емес»
- Келтірілген мысалдардың, менің ойымша, әртүрлі салаларға қатысы бар және олар қазақстандықтардың әртүрлі мүдделері мен құндылықтарын қозғайды, сол себепті қоғамды олардың негізінде дәстүрлі (архаикалық) құндылықтардың тасымалдаушылары және модернистік құндылықтардың тасымалдаушылары деп екі полярлық топқа бөлу онша дұрыс емес.
Халықтың және жеке топтардың құндылық бағдары әрқашан әлдеқайда күрделі болып табылады: кейбір мәселелерде адам белгілі бір шартты «модернистік құндылықтарды» қабылдай алады, ал басқа мәселелерде «архаикалық» деп белгіленген құндылықтарды қорғауы мүмкін. «Құндылықтар бөлінісі» негізінде құрылған топтар іс жүзінде біртекті емес. Бір жағынан, бұл қоғамда айқын бәсекелес идеологиялардың болмауына байланысты, ал екінші жағынан, оның өзі Қазақстанда біріктіруші идеялардың болмауының факторы болып табылады. Осыған байланысты, мысалы, «дәстүрлі құндылықтар» жөніндегі түсініктер біргелкі емес, тіпті өзара ерекшеленетін көзқарастардың үлкен санын да оған тектестіруге тырысады. Соңғы жағдай дәстүрдің не екенін және оның қалай өзгеретінін түсінбеуден бастап, жергілікті немесе отбасылық деңгейде өзінің билік позициясын нығайтуға деген қарапайым ниетпен аяқталатын әртүрлі мотивтерден туындайды. Модерн құндылықтарына қатысты да дәл осындай жағдай қалыптасуда.
Мәселенің тағы бір жағы бар – бұл қазақстандық қоғамы жөнінде ғылыми білімді ілгерілетуге деген жүйелік қондырғының болмауы. Мысал ретінде феминистік қозғалыстар тобы ұйымдастырған 8 наурыздағы әйелдер шеруінің жағдайын алайық. Бұл шеруге қатысушылардың ешқайсысы карантин кезеңінде тойға бармайды деп сеніммен айтуға бола ма? Феминизмнің бірде-бір сыншысы пандемиядан туындаған шектеу режимі кезеңінде қазақстандықтардың бұқаралық іс-шараларға қатысуын немесе қандай да бір басқа карантинге қарсы акцияларды бір мезгілде сынға алмайды деп сеніммен айтуға бола ма? Әйелдер шеруін сынға алғандар мен отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңға қарсы шыққандар арасында тең белгісін қоюға бола ма? Арнайы жүйелік зерттеулерсіз мұндай мәлімдемелер әлемді қара-ақ түспен көрсетуге тырысады.
Мысалы, 8 наурызда феминистік шеруге қатысушылар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізілді ме? Өкінішке орай, мен мұндай өлшемдер туралы естіген жоқпын. Олардың болмауы Қазақстанда жұмыс істейтін әлеуметтік орталықтардың мұндай зерттеулерді өз бетінше жүргізе алмайтындығымен, ал мемлекет немесе мемлекеттік емес қорлар тарапынан зерттеулерге «тапсырыс» болмауымен түсіндіріледі.
Ғалым Жүсіпбек, зерттеуші, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің доценті:
«Бұл елдің жалпы дамуына кедергі келтіретін проблемалармен қауіпті»
- Белгілі бір орталарда «мәдениет» ұғымын ескіше түсіну жиі кездеседі, олар оны монолитті, біргелкі, біртекті және тарихта қатып қалған құбылыс деп есептейді. Сонымен қатар, біздің кейбір отандастарымыз мәдениетті «түпнұсқалық» және «өзіндік» деп түсінеді. Оның үстіне, мұндай «түпнұсқа мәдениеттің» (дәстүрлердің) жандануы, әсіресе тоталитарлық кеңестік өткеннен кейін, абсолютті және өзіндік «ұлттық идея» ретінде қабылдануы мүмкін. Қазақ зиялыларының бір бөлігі оны тіпті «деколонизация» және «десоветтендіру» әдісі ретінде қарастырады, алайда бұл жалған түсініктер екені анық. Осылайша түсіндірілген мәдениет қандай құндылықтар тасымалдай алады? Әрине, ондай мәдениетте архаика, патриархалдық элементтер, ал кейбір жерлерде тіпті обскурантизм де болады.
Ол аз болғандай, кейбір орталарда қазіргі (заманауи) әлеуметтік, гендерлік және тіпті саяси мәселелердің шешімін эпикалық, патриархалды-консервативті өткеннен іздеу үрдісі байқалады. Мұның бәріне қосымша сталиндік-кеңестік ұлттық құрылыс тұжырымдамасының мұрасы, яғни «ұлт» және «этникалық»/«этностық» ұғымдарын тікелей сәйкестендіру, сондай-ақ белгілі бір архаикалық діни түсініктер мен діннің этникалық мәртебесі қабаттасады.
Мұндай бұрмаланған түсінік отандастарымыздың бір бөлігін кейбір архаикалық, патриархалды мәдени-этникалық және діни идеяларды (әңгіме әмбебап сипатқа ие нәрселер жөнінде емес) ұлттық құндылықтар ретінде қарастыруға итермелейді. Саяси ғылым мен қазіргі заманғы құқық тұрғысынан бұл, әрине, дұрыс емес және тұтастай алғанда елдің дамуына кедергі келтіретін проблемалармен қауіпті. Қанша дегенмен, ұлт – бұл қазіргі заманғы құбылыс, ол, ең алдымен, әсіресе XXI ғасыр жағдайында, ұлт кешенді, инклюзивті феномен ретінде қарастырылатын кезде, этникалық мемлекет немесе бір дінді ұстанатындардың мемлекеті емес, олардың шығу тегі мен дүниетанымына қарамастан, азаматтардың саяси одағын білдіреді.
Бұл мәселеде «дәстүрлі құндылықтар» қалайша түсіндірілетіні де айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Ол құндылықтарға жүгінетіндер (нәрселерді өз атауларымен атайық) консервативті патриархалды құндылықтарды білдіреді деген сезім пайда болады. Алайда патриархалдық – бұл бір кездері болған, бірақ ХХІ ғасырда қажет емес, зиянды және тіпті қауіпті болып кеткен белгілі бір саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлардың қиылысуының нәтижесі.
Мысалы, қазір жүргізіліп жатқан жаппай вакцинацияны алайық, оны біздің кейбір діндар отандастарымыз «фитрға» (адамның табиғатына) қайшы келеді деп, одан бас тартады. Бұл ауру мен оған қарсы вакциналарға қатысты мифтерді мамандар бірнеше рет теріске шығарғанына қарамастан, көптеген қазақстандықтар шын жүректен сенетін «Жер тұрғындарын чиптеу» туралы қорқынышты әңгімелер жөнінде мен тіпті айтпаймын. Естеріңізге сала кетейік, тек жаппай вакцинациялаудың арқасында ғана бір кездері біздің қалалар мен ауылдарды дифтериядан, полиомиелиттен және жүздеген мың баланы өлтіріп, мүгедек еткен басқа да қауіпті аурулардан құтқара алдық. Немесе әртүрлі қазақ руларының ең қалаулы қонағы ретінде «шешек-молда» (сөзбе-сөз айтсақ – шешекке қарсы егуші молла) болғанын еске түсіргеніміз жөн болады…
Ал «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы» заң жобасы қандай айқай-шу тудырғанын қараңыздаршы. Кейбіреулер оны тек сынға алып қана қоймай, тіпті отбасын, қоғамды және елді зорлық-зомбылық емес, керісінше, оларды мұндай қылмыстар үшін жазаны күшейтетін заң бұзатаын сияқты, оны ашық түрде қорқынышты нәрсе етіп көрсетеді. Яғни, тұжырымдамаларды ауыстыру бар, бірақ әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың қажеттілігі мен маңыздылығына ешкім дау айта алмайды. Заң жобасын алға тартқандардың ешқайсысы жанұяға немесе дінге қарсы емес, мұнда сөз мәдени және өркениеттік «жаңару», мемлекеттің өркендеуі мен дамуы жөнінде болып отыр. Оның үстіне, біздің қоғамда зорлық-зомбылық, әсіресе үйдегі қорлаушылық, көп. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, Қазақстанда әрбір үшінші әйел немесе қыз зорлық-зомбылық құрбанына айналған, ал ата-аналардың 70 проценті бала тәрбиесінде зорлық-зомбылық шараларын қолдануды мақұлдайды.
«Біздің мәдениетіміз немесе дініміз тұтасымен патриархалды, сондықтан гендерлік теңдікті қабылдамайды» деген пікірге жауап ретінде мен мынаны еске салғым келеді: кейбір қазіргі мұсылман қайраткерлері патриархалдылық –жүйелі қысымның бір түрі деп ашық айтады, ал абсолютті әділетті Алла Тағала адамзаттың бір жартысының азырақ құқықтарға ие болуына және басқа жынысқа жататындығына байланысты оған қысым жасалуына жол бермейді. Айтпақшы, ХХ ғасырдың басындағы көптеген жетекші қазақ ойшылдары мен зиялылары (біреулері ашық, біреулері жанама түрде) әйелдер құқығын қорғайтын. Көрнекті «джадидтер» мен Алаш Орда қайраткерлері де гендерлік дамуды декларациялаған. Бұрынғы империяның барлық аймақтарынан келген делегаттар қатысқан алғашқы Бүкілресейлік мұсылман съезі 1917 жылы ерлер мен әйелдердің теңдігін жариялаған, көп әйел алуға тыйым салған және қазіргі тарихта алғаш рет әйелді «кади» - судья етіп таңдады.
Мәдениет динамикалық, гетерогенді, гибридті және үнемі өзгеріп отыратын нәрсе. Ал егер ХХІ ғасырда біреулер қоғамға, мысалы, XIX ғасырда немесе тіпті XV ғасырда қолданылған нормалар мен өмір ережелерін енгізуге тырысатын болса, онда бұл ешқандай жақсылықтарға әкелмейді.