Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі жаңа түбегейлі реформалардың қарсаңында тұрған сияқты болып көрінеді. Мінеки бір жылдан астам уақыт бойы елімізде университеттерді бәсекеге қабілеттілік лигалары бойынша рейтингілеу идеясы талқыланып жатыр. Ол идеяны ең бірінші болып Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында оның мүшелерінің бірі Асылбек Қожахметов айтқан еді. Кейін бұл бастаманы мемлекет басшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және бірқатар мәжілісмендер қолдады. Саралау жүйесін әзірлеу жөніндегі міндет тiптi бiлiм беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасына енгiзiп үлгерген. Алайда ең соңғы шешім қабылданбай қалды.
Бастамашылардың ойлауынша, бірінші лигаға «халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті» жоғары оқу орындары, екіншісіне – «ұлттық (республикалық) деңгейдегі бәсекеге қабілетті» жоғары оқу орындары кіреді, үшінші лигаға «өңірлік деңгейдегі бәсекеге қабілетті» жоғары оқу орындары кіреді. Қалғандарының барлығы төртінші топқа жатқызылады және олардың ұсынылатын қызметтерінің сапасын арттыру үшін, оларды үнемі қатаң тексеруден өткізіп тұрады. Сонымен қатар, алғашқы екі санаттағы университеттер іс жүзінде мемлекеттік бақылаудан босатылып, барынша академиялық еркіндікке ие болады. Үшінші топтағы университеттерге келетін болсақ, оларды тек тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша тексеруден өткізеді.
Өздігінен бұл идея, әрине, қызығарлық, бірақ іс жүзінде ол қалай болып көрінеді? Оны іске асыру қаншалықты мүмкін? Бұл идея шынымен де еліміздегі жоғары білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береме? Ұсынылған схема тағы да бір түкке тұрғысыз реформаға айналып кетпей, жөндеп іске қосылуы үшін, университеттерді кімдер және қалайша саралауы тиіс? Сөз мамандарға беріледі.
Мағбат Спанов, экономист:
Одан да көп шатасушылық тудырудың қажеті не?
- Бұл бастама қазақстандық білімнің беделін көтеру ниетінен туындап отырғаны түсінікті, бірақ, менің ойымша, оның плюстерінен гөрі кемшіліктері көбірек сияқты. Еріксіз ойға Қазақстан футболымен салыстыру келеді: жиырма жыл бұрын ол азиялық конфедерациядан еуропалық конфедерацияға ауысқанда, олар да жақсырақ болғанын қалаған еді, ал нәтижесінде біз бүгін француздардан 0:8 есебімен жойқын жеңіліске ұшырадық.
Біріншіден, бізде бақылаушы органдар онсыз да аса жеткілікті. Жыл сайын университеттердің білім беру бағдарламаларының сапа стандарттарына сәйкестігін тексеруді жүргізіп, содан кейін олардың аккредитациясын растайтын немесе кері қайтарып алатын арнайы агенттіктер бар. Оған қоса, университеттер үнемі халықаралық аккредитациядан өтіп тұрады, бұл, әрине, айтарлықтай қаржы қажет етеді. Оның үстіне, тәуелсіз бағалау бар – оны «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілердің жекелеген ЖОО түлектеріне деген сұранысын ескере отырып жүргізеді, менің ойымша, бұл ең дұрыс шешім болып табылады.
Мұнда ақылға қонымды сұрақ туындайды: шын мәнінде қазірдің өзінде қолданыста бар құрылымдарды қайталап, параллельді құрылымдар жасаудың қажеті не? Оның үстіне, бұл қосымша шығындар, және, мен сізге айтайын, ол аз ақша емес. Мұнда ешқандай ғылыми, шығармашылық тәсілдер жөнінде әңгіме, әрине, айтылып отырған жоқ, сондықтан бұл бастама қаржылық ресурстарды қайта бөлісуге айналып кетеді...
Екіншіден, кімдер және қандай критерийлер бойынша халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде бәсекеге қабілеттілікті бағалайтын болады? Өйткені, бізде статустар бойынша жіктеу бар ғой: зерттеулік, ұлттық, мемлекеттік, мемлекеттік емес және т.б. Одан да көп шатасушылық тудырудың қажеті не? Онсыз да көптеген университеттер, әсіресе жекеменшік университеттер қаржыландыру жағынан да, мемлекеттік көмекті қамту жағынан да, материалдық-техникалық базасы жағынан да, сапасы жағынан да сол ЕҰУ-мен, ҚазҰУ-мен бәсекеге түсе алмайтыны анық, өйткені олар қол жеткізбес биіктікке көтеріліп үлгерді, енді оларды құып жету іс жүзінде мүмкін емес.
Үшіншіден, біз көбінесе формализмге беріліп кетеміз де, бәрін және барлығын, әсіресе білім беру саласында, құрылымдауға тырысамыз. Бұл есеп беру тұрғысынан жақсы да шығар, бірақ оқу процесінің өзі үшін бұл тәсіл өте зиянды. Жарқын мысал – мектеп оқушылары мен студенттердің білім сапасына өте кері әсерін тигізген онлайн білім беру. Бұл неліктен осылай болды? Себебі кез келген мектеп, мейлі бастауыш болсын, мейлі жоғары болсын, ең алдымен – ол жеке тұлға аралық байланыс: мұғалім-студент, профессор-студент т.б., ал қалғанының бәрі – тиімсіз.
Қазақстандағы білім деңгейі өте қатты төмендеп кеткенін және оның нысанымен емес, мазмұнымен жұмыс істеуге кірісетін кез келгенін бәрі де жақсы түсінеді. Атап айтқанда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі конкурс өткізген кезде, қазақстандық білім беруге нұқсан келтіре отырып, батыстық білімге басымдық беруді доғару қажет. Өз басым профессор, университет оқытушысы ретінде және көп жылғы бақылауларыма сүйене отырып, шетелдік және отандық ЖОО түлектерінің арасында ерекше айырмашылық жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Тек шетелдік студенттер шет тілдерді ғана жақсырақ білетіні болмаса... Мен қазір магистранттар және докторанттар туралы айтып отырғаным жоқ – бұл жерде басқа ерекшеліктер бар. Сөз бакалавр дәрежесі туралы болып отыр – бұл деңгейде бәрі студенттің өзіне, оның қаншалықты ынталы оқитынына, не нәрсеге ұмтылатынына және т.б. тікелей байланысты. Өз кезегінде оның мақсаттары мен ұстанымдары еліміздегі макроэкономикалық және саяси ортаға тәуелді. Бірақ мұнда бәрі әлдеқайда маңыздырақ, сондықтан университеттердің ешбір рейтингтері бұған әсер ете алмайды.
Есімде сақталғаны, 2015-2016 жылдары Қазақстанда «кәсіпкерлік университет» деген тұжырымдаманы енгізуге белсенді түрде лобби жасалған. Осы тақырыпта көптеген кездесулер болды, әдемі сөздер айтылды, бірақ нәтижесінде не шықты? Нөл! Талқыланып жатқан бастаманы да дәл осындай тағдыр күтіп отырған сияқты болып көрінеді. Тіпті оны бекітіп, барлық университеттерді «лигалар» бойынша орналастырып қойса да, одан ары қарай не болады? Ең жақсы жағдайда, психологиялық қанағаттану болады, одан артық ештеңе болмайды. Оқу орындарын бірінші, екінші, үшінші (жақсы және ең нашар) деп бөліп тастап, әділ бәсеке түрінде орын алатын ғажайыпты күтіп отыруға болмайды. Жоғарыда айтқанымдай, бізде «Атамекеннің» рейтингісін қоса алғанда, қолжетімді рейтингтер әбден жеткілікті. Қанша дегенмен, жұмыс берушілердің, студенттердің және олардың ата-аналарының кері байланысы – ең объективті бағалау болып табылады.
Асқар Нұрша, саясаттанушы:
«Осылайша, біз жасанды теңсіздікті құрамыз»
- Бұл идеяда ұтымды негіздер, әрине, бар. Анық көрініп тұрғандай, оның бастамашылары халықаралық стандарттарға сай келетін қазақстандық жоғары оқу орындарын қажетсіз тексерулер мен реттеулерден босату үшін оларға ерекше мәртебе бергісі келеді. Алайда, іс жүзінде мұндай рейтинг университеттердің өздеріне пайдасыз болып, жалпы отандық жоғары білім беру жүйесі үшін жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
Мемлекеттің басты міндеті – университеттерге сапалы дамуға мүдделі болуы үшін және әлемдік білім беру стандарттарына ұмтылуы үшін жағдай жасау. Оларды төрт категорияға бөліп, жасанды теңсіздікті тудыру арқылы ондай нәтижеге қол жеткізу екіталай. Керісінше, біз бұрынғыдан да көп кедергілер мен шектеулерді аламыз, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты (ұлттық аккредиттеу, әртүрлі деңгейдегі тексерулер бойынша) күшейтеміз.
Содан кейін, біз әртүрлі жекеменшік нысандарының, яғни мемлекеттік және мемлекеттік емес университеттер бар екендігін ескеруіміз керек – олар мүлде әртүрлі капитал мен іскерлік және саяси ықпалының деңгейіне ие. Олардың қайсысы неғұрлым лайықтырақ екенін кімдер және қалай анықтайды? Ол қаншалықты ашық және объективті болады? Бұл жерде де сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар ғой.
Осы жолмен жүру арқылы біз тек қана жоғары білім жүйесіне артық әбігершілікті, қажетсіз қағазбастылықты ғана қосамыз, ал түптеп келгенде біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Университеттерді қажетсіз тексерулер мен ережелерден арылту үшін әлдеқайда ұтымды нұсқаларды іздеу қажет. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті университеттер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жеке негізде тиісті құжаттаманы ұсыну арқылы өз бетінше дәлелдей алады деп есептеймін.
Жеке өз басым университеттерді мемлекеттік бақылаудан мүлдем айыруды жақтамаймын, өйткені бұл ұлттық саясатқа қайшы келеді. Осы немесе басқа жоғары оқу орны жоғары халықаралық стандарттарға қаншалықты қол жеткізе алса да, ол қазақстандық болып қала береді, сондықтан ол қоғам алдында есеп беріп, мемлекеттің дамуының белгілі бір басымдықтарын сақтауы тиіс.
Жақсылық Сәбитов, тарихшы, саясаттанушы:
«Білім беру бағдарламаларын рейтингілеу дұрысырақ»
- Тұтастай алғанда, бұл идея айтарлықтай практикалық және назар аударуға тұрарлық екені сөзсіз. Бірақ кейбір университеттер әмбебап емес және белгілі бір профильдегі мамандарды ғана дайындайтынын ескерген жөн. Сондықтан оларды қандай да бір лигаға жатқызу қиын болады.
Менің ойымша, университеттерді емес, олардың білім беру бағдарламаларын әртүрлі бағыттар бойынша рейтинг жасау дұрысырақ болады. Мысалы, әлеуметтік ғылымдар бойынша бөлек рейтинг, гуманитарлық ғылымдар бойынша бөлек, педагогикалық жоғары оқу орындары бойынша бөлек рейтинг болуы керек, және т.б. Өйткені, университет ғылымның бір саласында көшбасшы болып, бірақ басқаларында мүлдем көрсетілмейтіні сирек кездесетін жайт емес.
Егер дәл сондай рейтингтерді құрастырса, онда, әрине, профессорлық-оқытушылар құрамын сипаттайтын ғылыми-метриялық көрсеткіштерді (мақалалар саны, дәйексөздер және үш деректер базасы үшін Хирш индексі: Web of Science, Scopus, RSCI өзегі) пайдалану жөн болады. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ғылыми әлеует жоғары оқу орындарының жалпы бәсекеге қабілеттілік индексінің кемінде 50 процентін алуы тиіс.
Осыған қоса, егер мемлекеттік білім беру тапсырысы жөнінде айтатын болсақ, онда, менің ойымша, олардың тек ғылым саласы бойынша үздік 20-ға кіретіндері ғана магистрларды дайындау құқығына ие болуы тиіс, және тек үздік 10-ның ішіне кіретін жоғары оқу орындары ғана PhD дайындау құқығына ие болуы тиіс. Тағы да қайталап айтамын, сөз арнайы мемлекеттік тапсырыс туралы болып отыр.
Жалпы алғанда, бастама назар аударуға тұрарлық, бірақ оны егжей-тегжейлі тәптіштеп, жария тезистер санатынан нормативтік құқықтық актілер санатына көшіру бойынша әлі де көп жұмыс атқару қажет.