Статистика бәрін біледі делінеді. Расын айтқанда, «Статистика барлық жалған ғылымдардың арасындағы ең нақтысы» - деген сөздер де бар. Қалай болғанда да, статистика айналамыздағы болып жатқан нәрселерде, оның үстіне өмірдің әртүрлі салаларында, бағыттануға көмектеседі, ойлар мен қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Бүгінгі әңгіме ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ақпараттық-талдау орталығы дайындаған, жуырда ғана жарық көрген «Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің статистикасы» деп аталатын Ұлттық жинағындағы цифрлар мен фактілер туралы болады.

Мектептер: балалар ағынына олардың шамасы келе ме?

Ең алдымен, еліміздегі мектеп оқушылары санының қарқынды өсуі көзге түседі. Алты жыл ішінде (2014-2020) ол 750 мыңнан астамға өсіп, 3,4 миллионға жуық мөлшерге жетті. Бұл қарқын сақталған жағдайға, төрт жылда тек күндізгі мемлекеттік оқу орындарында оқушылардың саны төрт миллиондық межеден асып түседі. Ал оған қоса жекеменшік мектептер де, арнайы мектептер де, интернаттар да бар – расын айтсақ, оларда онша көп бала оқымайды.  

Бұл ретте мектептер саны шамалы ғана өзгерді. Соның салдарынан оларға артылатын жүктеме өсіп кетті.

Егер барлық аймақтарда оқушылар саны біркелкі өскен болса, онда бір жөн. Бірақ кейбіреулерінде соңғы алты жылда ол 15 проценттен азырақ өсті (Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды ​​облыстары), басқаларында 30 процентке немесе одан да көп өсті. Мысалы, Атырау облысында – 35 процентке, Алматыда – 41 процентке, Маңғыстауда – 47 процентке, Нұр-Сұлтанда – тіпті 77 процентке өсіп кетті. Демек, бұл республиканың батысында және астаналарда мектептерге жүктеме республикалық көрсеткіштен әлдеқайда артып кеткен жағдай болып отыр. Ал осы тенденцияның алдымыздағы жылдары өзгере қоюы екіталай.  

Дегенмен, Ұлттық жинақтағы деректерге қарағанда, сыни көрсеткіштерге әлі де алыс. Мысалы, БАҚ-тағы жарияланымдарға сенетін болсақ, Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Шымкентте, оқушылар орнының жетіспеушілігі ерекше қатты сезіледі, бастауыш сыныптардағы оқушылардың толтыру көрсеткішінің орташа саны 28-ден аспайды, ал жоғары сыныптарда – 21-26 аралығында ауытқып тұрады. Алайда, мұнда біз «аурухана бойынша орташа температура» мәселесіне тап болып отырған болармыз. Кейбір мектептерде толтыру көрсеткіші 20-дан аз болуы мүмкін, ал басқаларында, әсіресе белсенді тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан аудандарында орналасқан мектептерде, толтыру көрсеткіші 35 немесе одан да көп болуы мүмкін. Бірақ орташа есеппен алғанда өте жақсы көрініс пайда болады.   

Жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы жеті мыңға жуық мектептің 1123-інде спорт залдары жоқ, 718-інде кітапханалар жоқ, 838-інде асхана немесе буфет жоқ, екі мыңнан астамында жаңа модификациядағы оқу кабинеттер жоқ. 509-да дәретханалар тек аулада ғана бар, ондай мектептер әсіресе Түркістан облысында көп: 899 мектептің 371-інде балалар даладағы дәретханаларға баруға мәжбүр. Мұндай оқу орындары Алматы облысында өте көп (111). Оңтүстік облыстарда қыс еліміздің басқа аумағында сияқты онша қатты болмайтыны түсінікті, бірақ қанша дегенмен, ол жерде де әдетте нөлден төмен температура тұрақты түрде болады. Гигиена жөнінде біз айтпаймыз.  

Алайда көшедегі мектептердегі дәретхана мәселесі екі жыл бұрын Қазақстан жұртшылығының назарына басқа жағдайға байланысты түскен болатын: дәретханалардың бірінде сабақтан сұранған 12 жасар оқушы қызды ер адам зорлаған. Бұл Тараз қаласында орын алған оқиға. Бiлiм беру саласының басшыларының осы мәселеге назар аударуына дәл сол қайғылы оқиға итермелеген болса керек. Ресми статистиканың мәліметіне сәйкес, егер 2015-2019 жылдар аралығында ауладағы дәретханалары бар білім беру мекемелерінің үлесі аздап қана төмендеген болса – 40,5-тен 32,9 процентке дейін (екі жыл бұрын шамамен екі мың болған), онда кейнде ол күрт төмендеді – 7,3 процентке дейін. Төтенше оқиға орын алған Жамбыл облысының өзінде қазір ауладағы дәретханасы бар үш мектеп қана қалды: оның екеуі – ауылдық, біреуі – қалалық. Ал еліміздің он жеті өңірінің сегізінде – республикалық маңызы бар үш қалада, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бұл мәселе толығымен шешілді.  

Мұғалімдер: көбірек болғаны – жақсырақ болуын білдірмейді

Кеңес дәуірінің тілімен айтқанда, мектеп мұғалімдерінің білім деңгейі күн сайын тұрақты өсіп келеді. Егер КСРО-ның соңғы жылында Қазақстандағы мұғалімдердің 66,1 проценті немесе үштен екісі жоғары білімді болса, 2005 жылы 76,5-і, ал бүгінде 90,1 проценті жоғары білімге ие. Егер осындай серпін бір кездері елімізде айтулы белес деп атанған 2030 жылға қарай сақталған жағдайда, біз 100 проценттік көрсеткішке жетуіміз ықтимал.

Расын айтқанда, қазіргі Қазақстанда бір оғаш байланыстық байқалады: университет дипломы бар мұғалімдер көбейген сайын мектеп оқушыларының білімі нашарлай түседі. Осының дәлелі – әртүрлі халықаралық зерттеулер (PISA және т.б.) шеңберінде белгіленген оқырмандық, математикалық және басқа да сауаттылық бойынша біздің балаларымыздың көптеген басқа посткеңестік елдердегі құрдастарынан айтарлықтай артта қалуы.

Бұл жерде екі нәрсенің бірі әсер етіп жатыр: немесе бітпейтін реформалар мұғалімдерді әбден шаршатып бітіргені, немесе мемлекеттің осынау маңызды мамандық өкілдеріне ұзақ уақыт бойы менсінбеушілікпен қарауы (оның салдарынан педагогикалық мамандықтарға, ең беделсіз мамандықтар ретінде, негізінен «үшке» оқып, мектеп бағдарламасын әрең дегенде меңгерген оқушылар түсетін). Соңғы жылдары жағдай жақсы жаққа қарай өзгере бастаған сияқты, бірақ оған қарамастан, мемлекет тарапынан «парасатты, мейірімді, мәңгілік» егін егуге шақырылған адамдардың еңбегінің маңыздылығын екі онжылдықта бағаламау ұзақ уақыт бойы еліміз бен қоғамға өз әсерін тигізетін болады.  

Соңғы он бес жылда мектеп мұғалімдерінің жалпы саны 45 мыңға өсіп, 348,7 мыңға жетті. Дегенмен, Ұлттық жинақта айтылғандай, тағы 4,6 мың мұғалім қажет. Олардың басым бөлігі Атырау (818 мұғалімге қажеттілік бар), Алматы (703) және Түркістан (599) облыстарына қажет. Соңғы екеуімен барлығы түсінікті – бұл еліміздің ең тығыз қоныстанған аймақтары, олардың әрқайсысында екі миллион тұрғын бар. Бірақ халқы үш есе аз (660 мың шамасында ғана), республиканың негізгі мұнайлы аймағы неліктен мұғалімдерге ең мұқтаж болып шықты?

Мұндағы түсініктеме келесідей болуы мүмкін. Атырау облысы азаматтардың табысы бойынша сөзсіз көшбасшы болып табылады: өткен жылы сол аймақта орташа айлық жалақы 350,8 мың теңгені құраса, тұтастай республика бойынша 204,3 мың теңгені құраған. Айырмашылық айтарлықтай. Бұл жағдай, ал сонымен қатар осы аймақта азық-түлік пен өзге де тауарлар сыртқы жеткізіліміне тәуелді болғандықтан, ондағы өмір (Қазақстанның басқа жерлерімен салыстырғанда) айтарлықтай қымбатқа түсетіні. Бұл ретте атыраулық мұғалімдердің жалақысы басқа облыстардағы әріптестерінің жалақысымен бірдей, өйткені республика бойынша бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі бар. Тиісінше, олардың жағдайы қиынырақ, сондықтан бұл мамандыққа баруға ниеттілер саны республиканың кез келген жеріне қарағанда азырақ.

Ал бул ретте, мәселен, көрші Ресейде әр облыстағы мұғалімдердің жалақысы бірі бірінен қатты ерекшеленеді. Айталық, өткен жылы Шешен Республикасында мектеп мұғалімдерінің жалақысы орта есеппен 24 мың рубльді құрады, Калуга облысында – 33 мың, Мәскеу облысы мен Санкт-Петербургте – 55 мың, Ямал-Ненец автономиялық округінде – 91 мың, Чукоткада – 96 мың және т. б. Яғни, еңбек жағдайлары ескеріледі, соның ішінде климатқа байланысты, әрбір нақты аймақтағы табыстың жалпы деңгейі ескеріледі, лайықты өмір сүру деңгейін қолдау үшін қажетті қаржылық шығындар ескеріледі...

Бәлкім, бір кездері біз де осыған келерміз. Әрине, кең территориясы, көптеген табиғи-климаттық аймақтары және федералдық құрылымы бар Ресейдегідей олқылықтар бізде болмауы керек, бірақ белгілі бір саралау қажет шығар. Айтпақшы, Ахметжан Есімов Алматының әкімі болып тұрғанда осындай ұсыныс жасаған болатын, бірақ оның бастамасы орталықтан қолдау таппады.   

Колледждер мен университеттер: дипломдардың соңынан жүгіруде

Түлектерге қатысты деректер де қызығушылық тудырады. Өткен жылы 9-сыныпты 265 мыңға жуық жас қазақстандықтар бітірген, ал содан кейін олардың 95 мыңға жуығы колледждерде оқуын жалғастыру үшін мектеппен қоштасты. Толық орта білімді (11 сынып) 140,6 мың ұл мен қыз алды, олардың 95,5 мыңы жоғары оқу орындарына, 22,1 мыңы колледждерге оқуға түсті. Сондай-ақ 7 мың, яғни әрбір жиырмасыншы түлек елімізден тыс жерлерге кетті. Ал тағы 15 мыңы мектептен кейін бірден еңбек қызметімен айналысуға шешім қабылдады және Ұлттық жинақта айтылғандай, мыңнан сәл астамы ғана жұмысқа орналаса алмады – бұған сенуді немесе сенбеуді өздеріңіз шешіңіздер.

Қазақстандық жоғары оқу орындары өткен жылы 152,8 мың жастарды қабылдады. Бұл негізінен оқуды жаңадан бітірген мектеп түлектері, бірақ олардың арасында колледж түлектері де көп. Айтпақшы, қолда бар деректерге сүйене отырып, орта арнаулы оқу орындарынан (қазір техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі деп аталады) диплом алғандардың жартысына жуығы мамандығы бойынша жұмысқа барады, ал екінші жартысы үшін колледждер ЖОО-ға түсудің өзіндік трамплиніне айналды.

Өткен оқу жылында ҚР азаматтығы бар жоғары оқу орындары студенттерінің жалпы саны 547,5 мың адамды құрады, бұл 2005 жылы әрбір мың тұрғынға есептегенде университет студенттері бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылар қатарына кірген кездегі «рекордтан» екі жүз мыңнан астам аз. Бірақ тіпті мұндай қысқартылған сан да біздікі сияқты шағын мемлекет үшін шамадан тыс болып көрінеді.

Дәл осы он бес жылда университеттер мен институттар саны үштен біріне қысқарды: олардың саны 181 болған, енді 128-і ғана қалды (салыстыру үшін: Қазақстанда КСРО жасаған соңғы жылдары олардың саны тек алты ондық қана болған). Алматыда бәрінен көп жоғары оқу орындары жұмыс істейді – 43, Нұр-Сұлтанда – 17 және Қарағандыда – 9. Әрбір үшінші студент гранттық негізде оқиды.

Жоғары оқу орындарына баратын жастардың ұлттық құрамына назар аудару да қызық болар еді. Өткен жылы (барлық мектеп бітірушілер арасында «титулдық» этнос өкілдерінің үлесі 75 проценттен аспағанына, ал орыстардың үлесі 17 процентке жеткеніне қарамастан) жаңадан келген 152,8 мың студенттің 128,4 мыңын, яғни 84,1 процентін қазақтар, ал, мысалы, орыстар 10 мыңнан азын, немесе 7,8 процентін құрады. Мұнда екі ықтимал себеп болуы мүмкін: біріншіден, орыстардың едәуір бөлігі жоғары білім алуға тарихи отанында ұмтылады, ал екіншіден, олардың арасында жоғары оқу орнының дипломын қалай да болмасын алуға тырысатындар аз. Дәл осындай сипаттама өзбектерге де қатысты: мектеп оқушыларының арасында олардың үлесі төрт проценттен астам, ал жоғары оқу орындарына түскендер арасында – небәрі 2,2 процентті құрады...