Қаңтар айындағы оқиғаларды тоқтаусыз талқылау аясында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды этносаралық қақтығыстың – Қордай трагедиясының екі жылдығы біртүрлі білінбей өтіп кетті. Сол кездің өзінде, екі жыл бұрын, біздің сарапшыларымыз егер қазақ-дүнген қақтығысының мән-жайын тексеруі толық жүргізілмейтін болса, біржақты жүргізілсе, одан сабақ алынбаса, онда оның салдары өте қайғылы болуы ықтимал деп ескерткен болатын. Біз көріп отырғанымыздай, бұл болжамдар орындалды. Мұндай әлеуметтік катаклизмдерге үстірт қарау не нәрселермен қауіпті екендігі жөнінде біз белгілі құқық қорғаушы, қоғам қайраткері Евгений Жовтиспен әңгімелесіп отырмыз.
- Қордайдағы қиратуларға дейін биліктің ұлтаралық қақтығыстарға реакциясы біршама жұмсақ болғанын мойындауымыз қажет. Соның салдарынан бұл саладағы мәселелер тек ушыға түсті. Соңғы екі жылда бірдеңе өзгерді ме?
- Наурыз-сәуір айларында Қазақстан БҰҰ-да республика сонау 1998 жылы қосылған Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы халықаралық конвенцияның (НКЖХК) орындалуы туралы есеп беретін болады. Еліміз кезекті біріктірілген (8-11-ші) баяндаманы 2019 жылы, Қордай оқиғасына дейін, жіберген. Бірақ оған қарамастан, ол ұсынылған кезде бұл тақырып міндетті түрде көтерілетіні сөзсіз. Әрине, БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің мүшелері тергеу жұмыстарының қалай жүргізілгеніне және әділеттілікті орнатуға қол жеткізілгені жөніндегі мәселеге қызығушылық танытатын болады. Меніңше, мұнда бізде мақтанатын ештеңе жоқ сияқты, өйткені қақтығыстың екі жағы да қанағаттанбады және мұны жасыруға ешбір мүмкіндік жоқ. Әділетсіз үкімдер, тергеу барысында орын алған көптеген заң бұзушылықтар, тіпті азаптаулар туралы адвокаттар, БАҚ және жәбірленушілердің өздері де хабарлаған болатын.
Өздерін құрбанбыз деп есептейтін дүнгендердің (егер олардың шабуылға ұшырағанын, олардың жақындарын өлтіріп, мүгедек еткендерін, олардың биснестерін және үйлері мен көліктерінің қиратып тастағанын, бірақ сонымен бірге олар осы уақытқа дейін сотта әділеттілікке және келтірілген залалдың барабар өтелуіне қол жеткізе алмағанын есепке алатын болсақ) көңілдері қалғаны түсінікті. Сонымен қатар, қазақтар жағынан да наразылар аз емес: адамдар өздерінің зорлық-зомбылыққа қатысы жоқтығын және заңсыз сотталғанын дәлелдеуге тырысуда (мұндай хабарламалардың бірін біз жақында ғана алдық). Бірақ, ең күдікті нәрсе – біз Қордай қиратуларының көлеңкесінде кімдер тұрғанын, олар қандай мақсатты көздегенін сол қалпы анықтай алмадық. Өйткені, дүнген ауылдарына шабуыл жасағандардың көбінің ұйымдасып, біреудің басқаруымен әрекет еткені анық – бұл туралы сіздерге кез келген тәуелсіз бақылаушы айта алады. Алайда билік мұның барлығын тәртіпсіздікке ұласқан тұрмыстық жанжалдар деп бағалай салды...
Осыған ұқсас нәрсені біз осыдан 10 жыл бұрын Жаңаөзен қаласында бір топ адам кенеттен қала алаңындағы мұнайшылардың наразылық акциясына ығысып, соңы қайғылы оқиғаға ұласқан тәртіпсіздіктерге ұласқанда көрген болатынбыз. Сол кезде де жазықсыздар сотталып, арандатушылықтың нақты ұйымдастырушылары көлеңкеде қалып қойды. Біз жақында орын алған қаңтардағы тәртіпсіздіктерді жоспарлағандардың аты-жөнін де білмей қаламыз деп қорқамын, өйткені біздің назарымызды қандай да бір «шетелдік із» нұсқасына, ондайға сенетіндер аз болғанына қарамастан, аударып жіберуге тырысып жатыр.
- Тізбектелген реакцияға ұқсайды... Бұл үш қайғылы оқиғаның арасында қандай ортақ нәрсе бар?
- Қаңтар оқиғасы – алдыңғы екі қайғылы оқиға сияқты, бірақ одан да күрделірек сценарийі бойынша дерлік өрбіді. Мұның барлығы саяси оппозицияның, наразы азаматтардың, азаматтық белсенділердің және т.б. бейбіт наразылық шерулерінен басталды, оларға материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілмеген, ашуланған жастар, негізінен ауыл жастары, тез арада қосылды. Бұл ретте бастапқыда ол наразылық та бейбіт түрінде болды, бірақ белгілі бір кезеңде оның бір бөлігі радикалданып, жолындағының бәрін қирата бастады. Бұл әдеттегі тәжірибе, оған тіпті дамыған елдер, соның ішінде АҚШ, Франция және Германия да бетпе-бет келеді – ол жақта әдеттегі сияқты болып көрінетін наразылықтар бір сәтте қиратуларға айналып кетуі ықтимал.
Ал осы жағдайды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздіктерге, қарулы шабуылдарға айналдырғандар осындай тобыр психологиясын да, оны агрессияға қалайша итермелеуге болатынын да білетіні анық. Бұл жағдайды криминалмен және жергілікті элитамен байланысы бар және соғысу тәжірибесіне ие қарулы топтарды енгізу үшін қолайлы жағдай жасау үшін пайдаланылды. Олар басқарылған, бір-бірімен хабарласып отырған және барлық басқа топтарды тартқан негізгі рөл атқарды. Соның ішінде кейбір ислам радикалдарын да тартты – олар жасырынып отырған жерлерінен шығып, полиция бөлімшелеріне және елдің бір емес, бірнеше өңіріне жасалған шабуылдарға қатысты.
- Ал егер билік осы жолы да нағыз қылмыскерлерді әшкерелейміз деген уәдесін орындамай, бар күшін «пешкаларды» құдалауға жұмсайтын болса ше? Мұндай қайғылы оқиғаларды тергеуге үстірт қараудың қандай қауіптері бар?
- Әрине, мұндай бейберекетсіздікті түсіну оңай емес, кімнің артында кім тұрғанын, кімнің соңынан кімдер ергенін түсіну қиын, бірақ мұны анықтау өте маңызды. Қарапайым орындаушыларды ұстап алып, бірақ нағыз ұйымдастырушылар мен манипуляторларға сол қалпы қол жеткізе алмай, олардың нағыз ниеттерін түсінбей, біз қауіпті үрдісті тоқтата алмаймыз және әлеуметтік наразылық түрінде басталатын ұқсас оқиғалардың қайталану мүмкіндігін жоя алмаймыз. Тәуекел азаймайды.
Сонымен қатар, біржақты тергеу жүргізу және әділетсіз үкімдер қарапайым азаматтардың сенімсіздігін, үрей мен наразылықты тудырып, ақырында наразылық көңіл-күйінің көтерілуіне әкеледі. Оның үстіне, бұл кейбіреулерде жазасыздық, ойына келгенді жасауға рұқсат етілу, ал басқаларында күшсіздік сезімі пайда болуы үшін құнарлы негіз болып табылады. Дүнгендерді қиратуларға қатысты да тергеудің біржақтылығы байқалды, мұндай жанжалдар аясындағы бірқатар іс-шаралар жауап ретінде жүзеге асырылып жатқаны ескерілмеді. Бір ұлтқа мейірім танытып, екінші ұлттың құқығын елемеу арқылы ұлтаралық шиеленісті азайту мүмкін емес. Мұндай саясат, керісінше, адамдарды жаңа қақтығыстарға итермелейді, оны әрқашан үшінші күштер пайдалануы ықтимал.
- Қазақ-дүнген қақтығысынан кейінгі алғашқы айларда мемлекет ұлтаралық қарым-қатынас саласындағы саясатты жетілдірумен шындап айналысуға кіріскен сияқты еді, бірақ уақыт өте бұл белсенділік айтарлықтай «солып» қалды. Сіз қалай ойлайсыз, сол қысқа ғана болса да дауылды іс-әрекеттің әсері болды ма?
- Иә, сол көңіл-күй менің есімде және ол оң өзгерістерге белгілі бір үміттерді оятқан болатын. Қордай өңіріндегі оқиғаның салдарын жою бойынша үкіметтік комиссия құрылып, ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі жанынан этносаралық қатынастарды дамыту комитеті және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Соңғысы, айтпақшы, бірқатар зерттеулер жүргізіп, ұсыныстары бар бірнеше негізделген әдістемелік құралдар шығарды. Менің білуімше, бұл институт қазіргі кезде де сарапшылық талқылауларды жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар, түрлі пікірталастар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, оның аясында сарапшылар еліміздегі этносаясат қандай болуы тиіс екендігі жайлы өз ұсыныстарын айта алды. Бұл толқында билік кемсітушілікке қарсы заңнаманы енгізу идеясын қарастыруға дайын болған еді... Бірақ содан кейін ковид келді, сондықтан бәрі сөз деңгейінде қалып қойды. Мен ешқандай ерекше әсер байқамадым.
- Қазақстан үшін кемсітушілікке қарсы заңнаманы қабылдау неліктен соншалықты маңызды? Ал оны қабылдауға не кедергі болып отыр?
- Барлығымыз білетіндей, қазақстандық заңнамада «кемсіту» ұғымы жоқ және бұл күрделі мәселе, өйткені онымен күресетін тетіктер, процедуралар, институттар жоқ. Бұл азаматтардың құқықтары этникалық, гендерлік, діни және кез келген басқа да белгілер бойынша бұзылған жағдайда жүгінетін жері жоқ деген сөз – кемсітулер әртүрлі болады ғой. Олар кез келген жерде – жұмыста, дүкенде, үйде кездесуі мүмкін өзіне деген біржақты көзқарастан тиімді қорғаныс құралдарынан айырған. Иә, біздің Қылмыстық кодексте «теңдікті бұзу» деген 145-бап (кез келген негіздермен) бар, бірақ ол «өлі» болғандықтан, адамдардың сұранысын қанағаттандырмайды.
Сарапшылар бұл туралы көп жылдар бойы айтып, жалықпай ұсыныстар дайындап, НКЖХК-ны жүзеге асыру туралы ресми баяндамаларға өз түсініктемелерін жазып келеді. Біз БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетіне есеп беруді сонау 2004 жылы бастағанымызды ескертемін, біз біріктірілген 1-3-ші баяндаманы жібердік, содан кейін 2010 жылы – біріктірілген 4-5, 2014 жылы – біріктірілген 6-7-ші, және, сайып келгенде, 2019 жылы, мен бұрын атап өткенімдей, біріктірілген 8-11-ші баяндаманы жібердік. Оның үстіне 2010 жылы Қазақстанға БҰҰ-ның азшылық мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшысы келген болатын. Айта кету керек, БҰҰ-ның мамандандырылған құрылымдары бұл мәселеге қатты алаңдаушылық білдіріп отыр, өйткені біз олардан жылдан жылға жүйелі ұсынымдар (оның ішінде кемсітушілікке қарсы заңнаманы қабылдау туралы да) алып тұрамыз. Бірақ, өкінішке орай, осы уақытқа дейін бұл бағытта нақты ілгерілеушілік байқалып жатқан жоқ.
Бұл мәселеде біз осы жолды ұстанған әлемнің көптеген елдерінен әлдеқайда артта қалдық. Оның үстіне, бірінші қатарда аумағында әртүрлі этностар өмір сүріп жатқан елдер тұр. Қазақстан халқының төрттен бір бөлігіне жуығы қазақ еместер екенін ескерсек, біз баяғыда солардан үлгі алып, арнайы заңнамаларды әзірлеуді және соның нәтижесінде тиісті тетіктер мен институттарды құруды айтпағанда, өмірдің барлық саласына тікелей немесе жанама түрде «кемсіту» ұғымын енгізу арқылы бұл мәселені жүйелі деңгейде шешуіміз керек еді.
Әрине, біз тоғысқан қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанымызды түсінемін. Қазір бірден бірнеше тенденциялар – билік транзиті, коронавирустың пандемиясы, тәртіпсіздіктер және т.б.. бірінің үстінен бірі қабаттасып жатыр. Бірақ бұл мұндай маңызды мәселелірдің шешуін кейінге сырып тастау үшін негіз болмауы тиіс, әсіресе бұл біз бетпе-бет келіп отырған барлық әлеуметтік сілкіністердің тікелей салдары болып табылады. Өзіңіз дұрыс атап өткендей, Қордай қиратуларынан кейін билік аздап қозғала бастады, бірақ қызбалықтар басыла салысымен, олар да бірден босаңсып, «ұлтаралық татулық пен келісім» деген елестерге берілуін жалғастырды. Ал бұл ретте, біз талай рет байқағанымыздай, ұлтаралық қатынастар – ол кез келген сәтте, кез келген себеппен жарылып кететін порох салынған бөшке. Ұлтаралық қатынастарға үстірт шаралар жарамайды...
Тақырып бойынша пікір
Қордай өңіріндегі оқиға қаңтар трагедиясының өзіндік алғы сөзі болды деген болжамды бір топ дүнген ұлтының өкілдерін қорғаған Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Болат Омаров та айтады:
- Қордай өңіріндегі ауылдардағы тәртіпсіздіктерді жоғары шенді, өте ықпалды адамдар ұйымдастырды деген сезім бар. Олардың ықпалдылығы соншалық, тіпті ақырында әділетсіз үкім шығарған Бас прокуратура да, Ішкі істер министрлігі де, ҰҚК да, соттар да оларға бағынышты. Бұл күдіктер тек қылмыстық іс материалдарына негізделген фактілерді салыстырудан кейін туындаған. Олар Алматыдағы қайғылы оқиғаның аясында өздерін ақыры бекітті. Қордай қиратулары бұдан да ауқымды, жойқын қаңтар шабуылдарының алдындағы прологы, репетиция болды деп негізсіз емес түрде есептеймін. Бұл дәл сол бір ықпалды күштердің кінәсінен осыдан екі жыл бұрынғы оқиғалардың жан-жақты сараланбауы, одан тиісті қорытындылар мен тағылымдардың алынбауы салдарынан болды.
Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғалардың жоспарлы түрде жүргізілгенін және оған белгілі бір ықпалды күштердің тартылғанына мына фактілер куәгерлік етеді:
Біріншіден, жол патрульдік қызметі, Ішкі істер министрлігінің жедел қызметтері, ҰҚК 2020 жылғы 7-8 ақпанда Қордай ауданына, одан әрі «Қарасу» бақылау-өткізу бекеті арқылы шекаралық аймақтағы Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Бұлар батыр ауылдарына қарай ішінде адамдары бар автокөліктердің күдікті жаппай қозғалысын «байқамауды жөн көрді». Шын мәнінде, оларды қақтығыс болып жатқан аймаққа ешбір кедергісіз өткізіп жіберді. Сол көліктердің, ішіндегі адамдармен және тонап алған мүліктерімен кері бағытта жүруі де емін-еркін жүзеге асырылды. Тәртіп сақшылары шекаралық аймақ режимінің сақталуын тексеру бойынша өздерінің тікелей қызметтік міндеттерін орындамай, шабуыл жасаушылардың өтуіне тосқауыл қою шараларын қолданбау арқылы аталған ауылдардағы тәртіпсіздіктердің өршуіне ықпал еткені болып шықта. Алайда оларға қатысты ешқандай шара қолданылған жоқ.
Екіншіден, дәл осы ауылдарға оқиғалардың қарсаңында (2020 жылдың 5 ақпанынан бастап) және олар аяқталғанға дейін, Жамбыл облысы ІІолиция департаментінің патрульдік полиция батальонының 14 бригадасы жіберілген. Бұл күштерді нақты осы секторға ауыстырудың қандай қажеттілігі болды? Неліктен олар қиратулар мен кісі өлтірулердің алдын алмады?
Үшіншіден, іс бойынша берілген кейбір жеке куәгерлердің жауаптарына қарағанда, шабуыл жасаушылардың арасында бірдей киім киген спорттық денелі жастар ерекше көзге түскен. Олар оқиғаға белсенді қатысушылардың белгілері анық түсірілген іске қоса берілген бейнематериалдарда да байқалды.
Төртіншіден, ауданның бұрынғы прокуроры мен бұрынғы ҰҚКД бастығының айғақтарынан белгілі болғандай, шабуыл жасағандар тарапынан тәртіпсіздікке қатысушылардың саны 10 мыңнан астам адам болып шықты! Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары ел президенті мен жоғары тұрған құрылымдарға қатысушылардың саны туралы жалған, ондаған рет азайтылған мәлімдемені жеткізіп, оларды шын мәнінде қолайсыз жағдайға қойды.
Бесіншіден, 8 ақпанда Ұлттық ұлан офицерлері бірнеше мың тәртіпсіздікке қатысушылардың жалпы санының 44-і ғана ұсталды. Неге соншама аз? Оның үстіне келесі күні бұл адамдардың барлығы Қордай аудандық ішкі істер бөлімінен босатылды. Қандай негіз бойынша?
Алтыншыдан, айыптау актісі бойынша жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін небәрі 51 ғана адам сотқа тартылған, оның 14-і дүнгендер, 37-сі қазақтар болып шықты. Соңғыларының 33-і Қордай ауданының, біреуі көршілес Мерке ауданының және үшеуі Алматы қаласының тұрғындары. Оқиғаға Семей, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларынан да азаматтардың келгені анықталғанына қарамастан, тергеу-жедел тобының неліктен негізінен жергілікті тұрғындарды ғана жауапқа тартумен шектелгені жұмбақ күйінде қалып отыр.
Ал, жетіншіден, Шу аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің айғақтарынан белгілі болғандай, Масанчи ауылына барар алдында белгілі бір шенеуніктер оларға «Қордай өңіріндегі дүнген көтерілісін басып-жаншу қажеттігін хабарлаған». Назар аударыңыздар, адамдарды қылмыстық элементтердің шабуылын қорғау емес. Ал бұл іс бойынша сот «аса тез қарқынмен» жүргізілгендіктен, ол барлық материалдарды, соның ішінде осы полиция қызметкерлерінің айғақтарын жария етуді қажет емес деп есептеді. Адвокаттардың оларды сотқа шақыру туралы өтініштері әртүрлі себептермен, әртүрлі сылтаулармен қанағаттандырылмады.
Жоғарыда аталған ауылдарға жасалған шабуылдың салдарынан ресми деректер бойынша Қазақстанның он жазықсыз азамат өлтірілді, 158 адам жарақаттанды, оның ішінде 20 полиция қызметкері де әртүрлі ауырлықтағы жарақат алды. Жамбыл облысының полиция департаментінің 156 жылжымайтын мүлік объектісі, 102 автокөлік құралдары және он көлігі өртеніп, жойылды. Ұрланған мүлік пен айдалып әкетілген малдың көлемі тергеу барысында сол қалпы анықталмай қалды.
Сонымен қатар, қыс уақытында баспанасыз қалып зардап шеккен ауыл тұрғындарының басым бөлігі өздерінің өртеніп, бүлінген үйлерін өз күштерімен қалпына келтірді, өйткені оларға мемлекет тарапынан берілуге уәде етілген көмек келтірілген залалды қайталап бағалаудан кейін (төмендеу бағытында) бөлшектеніп және өте аз мөлшерде көрсетілді. Осылайша, бұл шығын бастапқыда 1 миллиард 700 миллион теңгеге бағаланса, ақырында не бары 213 миллион теңгеге дейін қысқарды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қиратылып, ұрланған көліктерге келсек, бұл мәселе мүлдем көтерілген жоқ. Сондай-ақ малды ұрлау және айдап әкету фактілері бойынша (оның саны жүздеген ірі қара мен жылқыға жеткеніне қарамастан) бірде-бір қылмыстық іс қозғалмаған.
Сонымен қатар, осы минимумға дейін қысқартылған бұл көмек тікелей мемлекеттен емес, қайдағы бір күмәнді «Щивон» аралық қорынан берілді, осыған байланысты бұл тағы бір сыбайлас жемқорлық схемасы деген күдік бар, тіпті қорқынышты трагедия жағдайында да оны қолдануға жиіркенбеген. Осылайша, кейбір шенеуніктер, сондай-ақ құрылған үкіметтік комиссия іс жүзінде мемлекет басшысының зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету туралы тапсырмасын дұрыс орындамады.
Ерекше назарды сотқа дейінгі тергеу органдарымен дүнген ұлтынан 14 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 13-і ақырында әртүрлі жазаға кесіліп, біреуін ақтауға қол жеткізілгеніне аударғым келеді. Ал бұл жайт, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қылмыстық-процестік кодексінің жекелеген нормаларына сәйкес, осы адамдардың іс-әрекеттері, сөзсіз, «қажетті қорғаныс» ұғымына сәйкес келіп, қылмыс құрамын құрмайтынына қарамастан, орын алып отыр. Олар өз ауылдарын, үйлерін, отбасыларын, мүлкін қорғауға мәжбүр болды, өйткені саны аз ғана, бытырап кеткен, қарусыз және дәрменсіз полиция қызметкерлерінің топтары маргиналдардың шабуылы кезінде мұны істей алмады. Жалпы алғанда, олардың жұмысын ауыл адамдары атқарды, бұл осы жағдайдағы сияқты айыптауға емес, мақтауға және мадақтауға тұрарлық әрекет.
Алайда, осыдан екі жыл бұрын Қордай ауданында орын алған оқиға мен 2022 жылғы 4-7 қаңтардағы қайғылы оқиға (ол кезде елдің мемлекеттік негіздері мен тәуелсіздігіне жалаңаш қылмыстық бандалар мен жалдамалылар шабуыл жасаған) арасында, менің ойымша, нақты байланыс байқалады. Егер Қордай ауданында әрекет еткен мыңдаған қылмыскерлер мен қиратушылар, сондай-ақ олардың қолдаушылары мен ұйымдастырушылары дер кезінде анықталып, жазаланған болса, Алматыдағы қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді. Соның ішінде осы себепті де әділетсіз сот үкімдерін қайта қарау қажет деп есептеймін.