Еліміздің өмірін оған дейін және одан кейін деп екіге бөлген қаңтар оқиғасының басталғанына бүгін тура 100 күн толды. Олар егемендіктің бүкіл кезеңінде Қазақстан үшін ең ауыр сынақ болды. Сонымен қатар, бұл біздің үш онжылдық бойы дұрыс бағытта жүріп келдік пе, соңында қандай нәтижеге қол жеткізгенімізді көрсететін өзіндік өлшем. Қазір, көңіл-күйге бой алдырмай, орын алған нәрсені байсалдылықпен түсінуге уақыт келген кезде, билік те, қоғам да «қанды қаңтардан» сабақ алды деп айтуға бола ма? Сөз мамандарға беріледі.

Андрей Чеботарев, «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры:

«Қаңтар оқиғасының сабақтары бірден жатталып алатынына ешкім кепілдік бермейді»

- Қаңтар оқиғасы мемлекет үшін де, қоғам үшін де ауқымды сынақ болды. Олар көптеген сабақтар әкелді, олардың арасында мен мыналарды ерекше атап өткім келер еді.

Біріншіден, қоғамдағы наразылық көңіл-күйінің деңгейін дұрыс бағаламау. Ал соның арасында, қаңтарда ел аймақтарының басым бөлігін қамтыған бұрын-соңды болмаған жаппай наразылық орын алды. Оның үстіне, олардың географиясы әдетте халықтың саяси белсенділігі төмен болатын аймақтардың – Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстары есебінен кеңейді. Бұл ретте адамдардың көшелерге шығуы стихиялы сипатта болды және олардың бірде-бір жетекші немесе үйлестіруші орталықтары болмады.

Билік бұрыннан бері наразылықты көбінесе оппозициялық бірлестіктер мен жекелеген азаматтық белсенділердің қызметімен байланыстырып келген болатын. Сондықтан барлық күш соларды зиянсыздандыруға бағытталған. Ал қоғамдағы жағдайды, халықтың әртүрлі қабаттары мен топтарының қажеттіліктерін, құндылықтары мен көңіл-күйлерін (әсіресе COVID-19 пандемиясы жағдайында қазақстандықтардың едәуір бөлігінің әлеуметтік әл-ауқатының нашарлауына байланысты) ешкім мұқият зерттеген жоқ.

Екіншіден, ел басшылығының жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына қатысты ақталмаған үміті. Наразылық кеіннен тәртіпсіздік пен қарулы қақтығысқа ұласқан Алматы, Шымкент және басқа да қалаларда әкімдер де, күш құрылымдары да тұрақтылық пен құқық тәртібін, соның ішінде жағдай азды-көпті бақылауда болған тәртіпсіздіктердің бастапқы кезеңінде олардың қатысушыларымен келіссөздерге кірісу арқылы, қамтамасыз ете алмады.

Үшіншіден, билік пен халық арасында буфер бола алатын партиялар, қозғалыстар, кәсіподақтар және т.б. түріндегі азаматтық қоғамның ықпалды институттарының болмауы. Бұл мемлекеттің саяси алаңды оппозициядан және жалпы мемлекттің бақылауына жатпайтын бірлестіктерден «тазарту» бойынша көп жылғы күш-жігерінің нәтижесінде орын алған жағдай. Сонымен қатар, адал партиялар, ҮЕҰ, қоғамдық кеңестер, Қазақстан халқы Ассамблеясы, т.б. іс жүзінде бұл оқиғаларда өздерін ешқандай түрде көрсетпеді. Нәтижесінде билік жалғыз өзі ғана наразылық білдірген көптеген азаматтармен бетпе-бет келіп, сырттан көмек сұрауға мәжбүр болды.

Төртіншіден, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен ресми саяси бағыттың оң жақтары туралы қуатты үгіт-насихат жүргізу, оның ішінде әлеуметтік желілерде әлеуметтік теңсіздік пен әлеуметтік әділетсіздіктің жоғары деңгейі жағдайында, шешілмеген және шиеленіскен жағдайда түрлі салалардағы проблемалардың саны және қоғамда көптеген бөлетін сызықтардың болуы іс жүзінде ешқандай әсер бермеді. Соның салдарынан бүгінде біз, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі мен идеялық-саяси мұрасының жаппай құнсыздануының куәсі болыпотырмыз.

Жалпы алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтардағы парламентшілер алдында сөйлеген сөзінен бастап, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын халыққа Жолдауына дейінгі айтылғанның бәрі оның және оның жақын ортасының қаңтардағы оқиғалардың себептері мен салдарына түсіністік танытқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы ұсынған саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы, оларды барынша жоюға бағытталған шаралардың ауқымды кешені де осының пайдасына куәлік етеді.

Мен жаңа конституциялық реформаның жарияланғанын ерекше атап өтер едім. Оның аясында, ең алдымен, парламент мәжілісі пропорционалды негізде құрыла бастаған 2007 жылы тоқтатылған парламенттік сайлауға қатысу процесінде азаматтарға пассивті құқықтың қайтарылуын атап өткен жөн. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысты да солай жасалатын болады. Тағы бір маңызды шара – 1995 жылы Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының қабылдануымен таратылған Конституциялық соттың қызметін қалпына келтіру болмақ. Менің ойымша, бұл азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүмкіндіктерін арттыратын болады.

Сонымен қатар, қаңтар оқиғасының сабақтарын билік пен қоғам әп-сәтте жаттап алатынына ешкім де, ештеңе де (ең алдымен, бүкіл қазақ қоғамының да, саяси элитаның да біркелкі емес болғандықтан) кепілдік бермейді. Ортақ нәрсенің пайдасына өз мүдделері мен ұстанымдарынан бас тартуға дайын адамдар саны шамалы. Сондықтан жетекші саяси күштердің толыққанды диалогын ұйымдастыра отырып, ең өзекті мәселелер бойынша ымыраға келу үшін ресми және бейресми алаңдардың барлық түрін пайдалану керек. Оның үстіне, жаңа саяси трансформацияларды жүзеге асыру үшін, мысалы, парламент пен мемлекеттік аппарат жұмысындағы кейбір аспектілерді өзгерту немесе бірнеше жаңа партияларды тіркеу жеткіліксіз болады. Қоғам мен еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында, экономикалық жүйеге қатысты да айтарлықтай өзгерістер еңгізілуі тиіс. Сондай-ақ реформа процесіне барынша көп мүдделі азаматтарды тарту маңызды.

Уразғали Селтеев, Еуразиялық интеграция институтының директоры:

«Қаңтар оқиғалары нақты өзгерістерге түрткі болды»

- Егер қаңтар оқиғаларының негізгі сабақтары жөнінде айтатын болсақ, онда мен бірнеше түйінді жайттарға тоқталып кетер едім.

Біріншісі – тоқырау: саяси да, экономикалық та. Қаңтар оқиғалары біздің экономикамызды реформалау бойынша көптеген және қымбатқа түсетін мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан, әрқашан сыртқы жағдайларға тәуелді ресурстық экономика болғанын және болып қала беретінін баршаның есіне түсірді. Біз құрылымдық реформаларды жүргізу және экономиканы әртараптандыру мақсатында «нөлдік» жылдары кезінде байқалған энергияның жоғары бағасының серпінін пайдаланбағанымыз анық. Диверсификацияландыру да, индустрияландыру да бізде тек бос сөз деңгейінде ғана орын алған болып шықты. Нәтижесінде бұл азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан, тұрақты жұмыс орындарының апатты жетіспеушілігінен көрінді: біздің елімізде халықтың демографиялық өсу деңгейіне сәйкес келетін кәсіпорындар мен салалардың қажетті саны сол қалпы пайда болмады.

Екінші мәселе – мемлекет игіліктерін әділетсіз бөлінуі, бұл туралы, шын мәнінде, президент бір емес, бірнеше рет айтқан болатын. Біз азаматтардың тар тобының елдегі барлық негізгі ресурстарды иемденіп, өздерінің жеке мүдделері үшін пайдалану мүмкіндігіне ие болған жағдайға жол бердік.

Үшіншіден, мемлекеттік аппарат азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделерін барабар бағалауды және есепке алуды тоқтатқан. Барлық бұрмаланған статистика және тұтастай алғанда, елде, аймақтарда, қоғамда болып жатқан оқиғаларды басқару элитасының дұрыс емес қабылдауы да қаңтар оқиғасына (олардың басталуы елдің әртүрлі қалаларында бейбіт митингілер өткізуге байланысты) себеп болды. Орын алған оқиғадан біз сабақ алдық па? Әрине, алдық. Президент Тоқаев жоғарыда аталған проблемалардың бар екенін баяғыда айтқан болатын, бірақ сол кезде, қаңтарға дейін болған саяси конъюнктура жағдайында, жақында айтылғанға ұқсас түбегейлі саяси реформаларды іске асыруға кірісу өте қиын болды. Тым үлкен қарсылық көрсетілетін. Ол бастаған кез келген түрлендірулер әрқашан элита ішіндегі топтардың мүдделеріне тіреліп қалатын. Тиісінше, не саясатта, не экономикада нақты реформалар жүргізу мүмкін емес болды. Бірақ мен мемлекет басшысының 11 қаңтарда мәжілісте сөйлеген сөзінде осы мәселелердің барлығын айтып, оны шешудің жолдарын ел болашақ қозғалысының векторын көрсететін тарихи сөйлеген сөзін бетбұрыс деп есептеймін. Сондықтан, біз «Жаңа Қазақстан» туралы, «Екінші Республика» туралы туралы сөз қозғағанда, бұл кезекті бос идеологемалар емес бұл біз барлығымыз ұмтылатын жолдың, модельдің белгісі, бұл Қазақстанның болашағы бейнесінің айқын суреттемесі.

Объективті түрде айтатын болсақ, бұрын жіберілген қателер қазір түзетіліп жатыр. Азғана уақыт өтті – бар болғаны үш ай ғана, бірақ бәрі бірден керемет нәтиже алғысы келеді, бұл, әрине, принципті түрде болуы мүмкін емес. Ең бастысы – өзгерістер динамикасы айқын көрінуде. Атап айтқанда, мемлекеттік аппарат басқаша жұмыс істей бастады, оған дәл сол қаңтар оқиғасы түрткі болды. Егер сол кезде көптеген шенеуніктер тығылып қалған болса, ал көшеге шығып халықпен сөйлесуге қорықпағандардың саны аз болса, енді мегаполистер мен облыс орталықтары деңгейінде ғана емес, аудан деңгейінде де мемлекеттік қызметкерлер өз тәкаппарлықтарын ысырып тастап, зейінді әрі ашық бола бастағандары анық. Мен сондай-ақ әлеуметтік талаптарға барабар жауаптарды көріп отырмын. Қазір еңбек ұжымдарында көптеген ереуілдер, митингілер өтіп жатыр, адамдар әділ талаптар қояды, соның ішінде жалақыны индекстеуге қатысты. Көптеген жағдайларда жалақы мөлшері шынымен де инфляция деңгейіне, елдегі қазіргі экономикалық жағдайға сәйкес келмеді. Ал қазір енді бұл мәселелер шешіле бастады. Қаңтар оқиғасынан сабақ алынғанына экономиканы нақты монополиясыздандыру үдерісі де куә бола алады. Енді тек республика деңгейінде ғана емес, аймақтарда да монополиялардың табиғи бытыраңқылығы орын алатын болады (маңызды инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары да белгілі бір элитаішілік топтардың немесе жергілікті мафияның қолында болды). Оның үстіне бұл процестің динамикасы өте жақсы. Сондай-ақ, қазір кеденде қалайша тәртіп орнатылып жатқаны да оған дәлел. Барлық істер ашық түрде тергеліп, нысандар мемлекетке қайтарылып жатыр, демек, олар халыққа қайтарылып жатыр.

Шын мәнінде, біз көріп отырғандай, қоғам тарапынан айтылып жатқан ауыртпашылықты мәселелердің барлығына билік үн қосып, оларды шешу үшін жедел де, жүйелі де шараларды қолға алып жатыр. Әңгіме, әрине, саяси реформалар жөнінде болып отыр. Саяси құрамдас экономикалық құрамдас бөлікпен қатар жүру тиіс деген түсінік келді. Оның үстіне саяси қондырма дамудың негізіне айналады. Саяси бәсекеліксіз, ашық саяси ортасыз экономика дамымайды, экономикада да бәсекелестік орта болмайды. Бұл кез келген демократиялық және экономикалық дамыған мемлекеттердің өмір сүруінің негізі болып табылады, бірақ біз бұл бағытта тек алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз.

Кейбіреулерге президенттің 16 наурыздағы Жолдауында айтқан шаралары түбегейлі емес, жеткіліксіз болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде олар, әсіресе жергілікті жерлерде, көп нәрсені өзгертуі керек. Неліктен кейбір азаматтарда мұндай түсінік бар? Өйткені, қазір азаматтардың, қоғамның үлкен сеніміне ие болған президентті қоспағанда, барлық билік институттары халық тарапынан сенімді жоғалтты. Адамдар мемлекеттік, қоғамдық, саяси институттарға, өз өтініштері мен мүдделерін білдірудің әдеттегі тетіктері мен құралдарына сенуден қалды.

Шынында да, белгілі бір скепсис бар. Бірақ бірте-бірте, реформалар қарқын алған кезде, олар заңнамамен қамтамасыз етіліп, іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанда, менің ойымша, адамдар азаматтық, саяси бастаманы көрсетудің барлық тетіктері құқықтық салада жұмыс істей алатынын көріп, оны пайдалана бастайды және осылайша билікке өздерінің сигналдарын жеткізеді. Ал азаматтық, саяси белсенділік ояна бастады. Әрине, барлық аймақтарда емес – әр жерде әр түрлі, бірақ жалпы алғанда бұл митингтер мен петициялар арқылы байқалады.

Қорыта айтқанда, қазір іске қосылып жатқан реформалар мемлекеттін жария саясаттың ландшафтын қалыптастырып жатқанын атап өткім келеді. Және барлық шенеуніктер қандай-да бір жолмен халықтың алдына шығып, өз шешімдерін түсіндіріп, оларды қорғауға, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделері мен талаптарын осы шешімдерге біріктіруге тура келетініне дайын болуы тиіс. Ал адамдар өз құқықтарын қорғауды үйренеді.

Қаңтардағы оқиғаларды бағалау тұрғысынан орын алып жатқан өзгерістерді байқай отырып, олар маңызды бетбұрыс болып, түбегейлі, нақты реформалар мен өзгерістердің ұйытқысы болды деп айтуымызға болады.

Айман Жүсіпова, Eurasian Center for People Management жоба жетекшісі:

«Қоғамдық күтулер уақытша тоқтатылып тұр»

- Сабақтар алу жөнінде айтпас бұрын, қаңтардағы оқиғаларға әкелген жағдайдың түпкі себептері туралы айту керек деп ойлаймын. Қазір мұндай көзқарас барған сайын қалыптасып, қолдау табуда: елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап, газ бағасының бірден өсуі триггер ретінде әрекет етсе де, терең себеп әлеуметтік әділеттілікке жинақталған сұраныс жазықтығында жатыр. Бұл тұрғыда елімізде олигархтардың қалай пайда болғандығы жөнінде, олардың капиталдарының табиғаты туралы сұрақтар әбден түсінікті.

Бұл ретте қаңтар оқиғасының кенеттен болып қалмағанын айта кеткеніміз жөн. 2021 жыл бойы әлеуметтік және еңбек жанжалдарының күрт өсуі тіркелді, ал өткен жылдар ішінде біз сыртқы көші-қонның өсуін байқадық. Біріншісі де, екіншісі де қоғамдағы жетіліп келген әлеуметтік қысымның көрсеткіші еді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді және жалпы Интернетті пайдаланушылар саны күрт өскен пандемия кезеңінде ерекше дамуға ие болған қоғамдық пікір институты сияқты фактор Қазақстанда барған сайын күшейе түскендігімен келіспеуге болмайды. Қоғам, өзін-өзі ұйымдастырудың, қоғамдық ой-пікірлердің жолдарын дамыта отырып, мемлекеттік институттардың тиімділігі мәселелерін талқылауға шығара бастады, елдің дамуы туралы өзіндік (ресмиден өзгеше) пікір айта бастады. Осы кезеңде, айтпақшы, үгіт-насихат әсерінің айтарлықтай төмендеуі тіркелді.

Қаңтар айының сабақтарына келіп, оларды осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, әзірге елдің одан әрі даму болашағына қатысты қоғамдық күтулер уақытша тоқтатылып тұр, өйткені жүзеге асырылып жатқан саясатта айтарлықтай өзгерістер орын алмады. Ал қоғамда жинақталған шиеленіс ешқайда кеткен жоқ. Шамасы, оны азайтуға тек жоғары лауазымды тұлғаларды қамауға алу ғана мүмкіндік береді деген ой бар сияқты. Бірақ мұнда қарапайым азаматтардың күнделікті өмірі деңгейінде бұл факт ешқандай көрініс таппайтынын түсіну керек – олар кейбіреулерін тұтқынға алады, ал басқалары бұрынғыдай жұмысты ашық емес түрінде істеуді жалғастыра алады. Азаматтардың сұранысы басқа жазықтықта – әлеуметтік әділеттілік, қабылданған шешімдердің ашықтығы, жалақыны көтеру, елде жүзеге асырылып жатқан саясатқа әсер ету мүмкіндігі жазықтықтығында жатыр. Бірақ…   

Ағымдағы жағдайды қабылдау векторын өзгертіп (мысалы, әртүрлі елдердегі бақыт деңгейін зерттеуге арналған көптеген халықаралық зерттеулердің авторлары сияқты) жағдайға «төменнен» қарауды үйрену маңызды. Ол зерттеушілер қарапайым азаматтардың күнделікті өмірін талдайды, яғни жағдайды қарапайым халықтың көзімен көрсетеді. Мемлекет деңгейінде мұндай көзқарастың жоқтығы тіпті ішкі жалпы өнімі (ВВП) бойынша гүлденген елдердің де аутсайдерлер қатарына шығып қалуына әсер етеді. Әлеуметтік наразылықтар тек кедей елдерде ғана болмайды. Бұл жерде ең бастысы – әлеуметтік әділеттілік факторы бірінші орынға қойылғандығы немесе қойылмағандығы.