Жаңа реформалар белгілі бір салаларда басталған кезде, бұл көбінесе алдыңғы барлық реформалар олардың авторлары күткен нәтиже бермегенін немесе мүлдем сәтсіз болып шыққанын білдіреді. Осы себептердің біріншісін де, екіншісін де мемлекетіміздің тіл саясатына жатқызуға болады – оны реформалау қажет екендігін жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында айтқан болатын, бірақ бұл ретте ол латын әліпбиіне көшу туралы айтып отырмағанын ескертті. Сонымен бірге, ол, бәлкім сараптамалық ойлар мен ұсыныстарға орын қалдыра отырып, қандай нақты өзгерістер қажет екенін айтпады. Біз елдегі күрделі тілдік жағдай жайлы және одан шығудың қандай жолы Қазақстан үшін неғұрлым ауыртпалықсыз және барынша оңтайлы болатыны жөнінде екі көзқарасты ұсына отырып, осы пікірталасқа қосылуды жөн көрдік.
Жұлдыз Смағұлова, социолингвист, КИМЭП университетінің білім беру және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы:
«Ең бастысы – орыс тілінен алшақтау емес, ең бастысы – қарым-қатынас жасау»
- Жаңа реформа сіздің ойыңызша қандай болуы тиіс?
- Мен алдымен терминдерді айқындап алуды ұсынамын. Әлеуметтік лингвистикада «тіл реформасы» – тілді өзгерту мақсатында жоспар жасау дегенді білдіреді. Бұл әліпбидің реформасы немесе емленің реформасы болуы мүмкін. Әліпби ауыстырудың әйгілі мысалдары – Түркиядағы араб графикасынан латын графикасына көшуі және 1950 жылдары Қытайда жеңілдетілген жазудың енгізілуі бола алады. Ал емле реформасының мысалдары ретінде 1918 жылғы орыс емле реформасын немесе Германиядағы 1996 жылғы емле реформасын алуға болады. Тілді стандарттау және кодификациялау да тіл реформасының түрлеріне жатады. Мысалы, қазіргі иврит тілі ежелгі еврей тілінің грамматикасын, әсіресе синтаксисін жеңілдетудің нәтижесі болып табылады.
Мұндай реформалардың жиі кездесетін себебі – тілді модернизациялауға деген ұмтылыс, бұл оны үйрену мен қолдануды оңайырақ етіп жасау үшін жеңілдетуде көрініс алады. Әрине, әрқашан идеялық, символдық жағы да орын алады. Көбінесе реформа – бұл қандай да бір әлеуметтік өзгерістердің символы болып табылады. Мұндай тілдік пуризм ұлттық құрылыс үдерісіндегі елдерге және отаршылдықтан кейінгі көптеген мәдениеттерге тән.
Қазақстанда бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселе қазақ тілінің емлесін өзгерту, әліпбиді ауыстыру, жаңа сөздер, терминдер шығару, т.б. қажет болып отырғанында... Мұндай реформаны қоғам қабылдасын десек, оның түпкі мақсаты – қазақ тілін үйренуге, қолдануға ыңғайлы болуы. Бірақ әзірге бізде өткен кеңестік кезеңнен алшақтау ниеті басым болып отырған сияқты. Басқаша айтқанда, идеологиялық мотив прагматикалық мотивтен басым болуда.
«Тілдік реформа» деген тар тұжырымдамасынан басқа, дәстүрлі түрде корпустық жоспарлау (белгілі бір мағынада тілдік реформаның синонимі), мәртебелік жоспарлау, тілдің таралуын жоспарлау және сәйкестендіру болып бөлінетін «тілді жоспарлау» деген кеңірек тұжырымдама бар. Ел басшылығы жоспарлаудың қандай түріне баса мән беретінін білгіміз келер еді.
- Қандай нәрсеге көбірек көңіл бөлу керек? Бұл процеске азаматтарды қалайша тартуға болады? Олар бұған дайын ба?
- Менің ойымша, тілдің идеологиясына және тіл тәжірибесіне қатысты көптеген шешімдер реактивті сипатқа ие болып отырған сияқты. Олардың негізі – қазақ тілінің жағдайы дағдарысқа ұшырағанын аңғартатын мазасыздыққа немесе эмоционалды дискурсқа негізделген. Бірақ бұл моральдық дүрбелең негізсіз, өйткені қазақ тілі бекітілген құқықтық мәртебеге ие, ана тілінде сөйлейтіндер ең көп бірінші жүздікке (әлемдегі 5-6 мың тілдің ішінен) кіреді, барлық салаларда белсенді қолданылады және үнемі өзгеріп, қолданылу аясын кеңейтіп отырады. Сонымен қатар көпшілігі мемлекеттік тілде білім алған немесе алып жатқан қазақстандықтардың ұрпағы өсіп келе жатқанын ұмытпаңыздар.
Әрине, қазақ тілі соңғы уақытқа дейін шектеулі функциялар үшін ғана қолданылып келгендіктен, белгілі бір реестрлер мен кодтарды дамытуға мұқтаж болып отыр, бірақ уақыт өте келе жағдайдың жақсаратынына сенімдімін. Қазірдің өзінде біз қазақ тілінде өзіндік ерекшелігіне ие шығармашылық контент – фильмдер, сериалдар, әндер, танымдық мазмұн, т.б. шығарудың өрлеуін байқап отырмыз. Өйткені, бұл тірі ағза ғой – ол қолданылған кезде дамиды. Қазақ тілін саясаттандырудан арылтып, аға буынға тән (ол кейбір функцияларға жарамайды дейтін) кемістік сезімінен арылу оның табиғи дамуына ықпал ете алады деп ойлаймын.
Тілді құтқару – бұл азаматтар үшін жеткіліксіз мотивация. Тіл мәселелерін шешу кейбір әлеуметтік және мәдени мәселелерді шешумен байланысты болуы тиіс. Оларың бірі – қазақ тіліндегі сапалы контенттің, әсіресе көркем және ғылыми әдебиеттердің жоқтығы. Мінеки, солардың жасалуына назар аудару қажет. Мейлі, ол аудармалар болсын, бірақ тез әрі сапалы жасалған қазақ тіліндегі бестселлер мен жаңалықтар, фильмдер, сериалдар, әсіресе мультфильмдер, танымдық подкасттар үнемі шығып тұратын болуы тиіс.
Ал ресми қазақ тіліне келетін болсақ, менің ойымша, оны жеңілдету жолымен жүру керек сияқты. Іс қағаздарының тілі ыңғайлы және түсінікті болуы тиіс. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында Simple English қозғалысы құрылған болатын, оның мақсаты – ресми мәтіндерді қалың оқырманға қолжетімді ету болды. Бізге де бұл туралы да ойлана бастау қажет деп ойлаймын. Қазір көп жағдайларда орысша түпнұсқасы болмаса, қазақ тіліндегі мәтінді түсіну қиынға соғады. Ал егер ол үшін халықаралық терминдерді қалдыру қажет болса, онда олар бола берсін. Өйткені, ең бастысы – жай ғана орыс тілінен алшақтау емес, ең бастысы – қарым-қатынас жасау.
- Тіл реформасын сәтті өткізудің құпиясы неде?
- Әлеуметтік теңсіздікке қатысты мәселелер өзекті болуы керек. Оның деңгейі төмендетілмесе, ұлтшылдық идеяларды насихаттаудың қауіпті салдары болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Өкінішке орай, мәселе әдетте тілдің өзінде емес, тереңірек әлеуметтік проблемаларда болғанына қарамастан, тіл, көбінесе өзінің таңбалылығының және көрнекілігін арқасында, бұқараны жұмылдыру құралына айналады. Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі, әсіресе ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыратын болсақ, тілді жоспарлау осы теңсіздікті жоюға көмектеседі деп ойлаймын. Жалпы алғанда, әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелер шешілмесе, оның ішінде кедейшілікті азайтылмаса, жұмыс орындарын ашылмаса, ауылдарда инфрақұрылымдар жасалмаса, ешбір тіл саясаты халықтың лайықты өмір сүруіне көмектеспейді.
Еліміздің алдында тұрған тағы бір мәселе – көбінесе кәсіби, жас және креативті халықтың жаппай кетуі. Менің ойымша, тіл саясаты таланттарды тарту және ұстап қалу үшін жағдай жасауға бағытталуы тиіс. Бұл мәдени және тілдік әртүрлілікті, толеранттылық мәдениетін дамыту және сақтау және әрбір азамат этникалық тегіне қарамастан бірдей құқықтарға ие ұлттық мемлекет емес, азаматтық мемлекет құру стратегиясы болуы мүмкін.
Және одан әрі. Мен еліміздегі орыс тілінде оқытатын мектептерді және аралас мектептерді жабу туралы үндеулерді жиі естимін, бірақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен БҰҰ-ның Адам құқықтары туралы декларациясына қайшы келетін тыйым салу және ығыстыру өте конструктивті емес екенін түсіну керек. Егер біз ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектепке бергенін қалайтын болсақ, онда ол мектептер өте сапалы білім беретіндей етіп, сонымен қатар ана тілдерін сақтауға мүмкіндік беретіндей тартымды етіп жасауымыз қажет. Мысалы, Эстонияда балаларын эстон тілінде оқытатын мектептерге беретін этникалық орыстардың саны көбейіп жатыр, өйткені олар ондағы білім сапасы орыс мектептерімен салыстырғанда жоғары екенін түсінеді. Менің ойымша, бізге көптілді мектептерді (оқыту ана тілінде және қазақ тілінде жүргізілетін) дамыту керек, бірақ бұл үшін бізге дәйекті түрде дайындалған кәсіби әкімшілік және педагогикалық кадрлар қажет. Біз ұнататындай, оны асығыс түрде жасауға болмайды.
Жалпы алғанда, тілдік жоспарлау қоғамды іріткі салуға сылтау болмай, бізге әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзекті мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс.
Қуаныш Тастанбекова, Цукуба университетінің халықаралық білім және салыстырмалы педагогика кафедрасының доценті (Жапония):
«Жаңа реформаларда мұқтаждық жоқ – мүлдем деген сөзден»
- Тіл саласында жүргізіліп жатқан реформалар неліетен үнемі тоқтап қалады?
- Атақты филолог әрі философ Ноам Хомский бұқараны басқарудың он әдісін атаған болатын. Ал Қазақстандағы тіл саясаты солардың барлығына сәйкес келеді. Соңғы 20 жыл ішінде ол азаматтардың санасын манипуляциялау үшін өте шебер қолданылып келді. Өткір саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелерден басқа жаққа бұрып, парасаттылыққа емес, сезімге баулып, шығарманың көркін жасау қажет болғанда – тіл мәселесін көтеру әдетке айналып кеткен.
Менің көзқарасым бойынша, Қазақстанда нақты тіл саясаты іс жүзінде тек 1980-90-шы жылдардың аяғында ғана жүргізілді. Сол кезде мемлекеттік тілдің мәртебесі бекітілген болатын, соның нәтижесінде қазақ тілінде оқытатын мектептердің санын көбейту, қазақтілді БАҚ ашу, баспа әдебиеттерін шығару және елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту арқылы оны дамыту жұмыстары басталды. Ал 2000-шы жылдардағы тіл саясатын желеу етіп, мектептерге үштілділікті енгізуден бастап, қолдан жасалған істердің барлығын профанация деп айтуға болады. Сонымен қатар, орыс тілі және аз ұлттардың тілдері (оларды дамыту қажеттілігі заңмен бекітілгеніне қарамастан) мүлдем назардан тыс қалып қойды.
- Бәлкім, тіл реформаларға мүлдем мұқтаж емес шығар және ол табиғи жолмен дамуы тиіс болып, мемлекет бұл үшін тек тиісті жағдай жасауы керек шығар?
- Жаңа реформаларда ешқандай мұқтаждық жоқ – мүлде деген сөзден. Басталып кеткен реформаларды аяғына дейін жеткізу керек. Біріншіден, сөздердің аудармаларында шашыраңқылық пен шатасулар болмас үшін, терминдердің қазақ тіліне аударылуын біріктіру қажет және бір жүйеге келтіру керек. Екіншіден, көрнекі ақпаратты – лексикалық, грамматикалық, орфографиялық тұрғыдан дұрыс пішімделуі үшін қазақ тіліндегі жарнамалық және сыртқы маңдайшаларды бақылауды қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, қазақ тілін шет тілі ретінде жас ерекшеліктеріне сай оқыту әдістемесін, сонымен қатар мұғалімдердің өзін дайындау әдістемесін тиісті деңгейге жеткізу қажет. Төртіншіден, барлық жерлерде тегін сапалы қазақ тілінің курстарын ашу керек, сонымен қатар оны дамытуды азаматтардың материалдық және материалдық емес ынталандыруын ойластыру. Бесіншіден, авторлар үшін, әлем әдебиеті шығармаларын қазақ тіліне аударатын аудармашылар үшін ұйымдастырылатын конкурстардың және гранттардың және т.б. көмегімен қазақ әдебиетін дамыту қажет.
Айта кететіні, осы міндеттердің барлығын шешу үшін миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңге бөлінген болатын, бірақ нақты нәтижелерді біз көрмедік. Мұның себебі – ашық жүйелі тәсілдің болмауы, сондай-ақ тілдің қиялды дамуына емес, шындыққа деген қызығушылық болды деп есептеймін.
- Неден бастау керек және қандай нәрселерге көңіл бөлу қажет?
- Әрине, қазақ тілінің қолданыс аясы, енді демографиялық факторға байланысты, кеңейтіліп жатқаны сөзсіз. Қазақтардың үлесінің өсуі, олардың урбанизациялануы қазақ тілінің барлық жерлерде қолданыла бастауына әкеліп жатыр. Бірақ, өкінішке орай, бұл ретте оның сапасы нашарлап барады. Сондықтан, қазақ тілін қазақтарға және басқа этностар өкілдеріне үйретіп қана қоймай, жалпы сауаттылық деңгейін арттыру міндеті тұр. Қазақ тілінде сапалы тегін білім алуға болатын кезде, бәрі де оны үйрене бастайды.