Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде орын алған процестер кей кездері қисынсыздығымен және біршама парадоксалдығымен ерекшеленеді. Соңғы үрдістер бұл трендті тағы да растады. Мемлекет пен қоғам коронавирустық пандемияға байланысты алаңдап жүрсе, біздің даңқты ұлттық патриоттарымыз қазақ тілі үшін кезекті жорыққа аттануға осыдан лайық уақыт таппады.
Үлкен әлемге «терезе»
Олар үш жыл бұрын орыс тілін конституциялық мәртебесінен (оған сәйкес «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады») айыру қажеттілігі туралы атышулы бастамасын тағы бір рет көтеруді ұйғарды.
Олардың іс-әрекетінде негізінде жаңа ештеңе жоқ, бірақ күтпеген жерден олар соқтығысудың басқа түрін, атап айтқанда – орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беруді талап етіп қарсы бастама тудырды. Тіл мәселесі онсыз да ішкі шиеленістің қайнар көзі болғанын ескеретін болсақ, оқиғалардың осылай дамуы алаңдатпай қоймайды.
Мәселені осындай етіп тұжырымдау ұлттық-патриоттық лагерьде эмоциялар дауылын тудыратынын мен өте жақсы түсінемін. Алайда, менің көзқарасым бойынша, осыны түсінетін және шындықты мойындайтын кез келді. Сонымен қатар, бұл жағдай біз үшін ешқандай қорлау бола алмайтынын түсіну керек. Бұл қалыптасқан тарихи практика. Осыған сүйене отырып, орыс тілін автоматты түрде Ресей империясының отаршылдық саясатымен немесе Кеңес өкіметі жүргізген орыстандыру саясатымен теңестіруге болмайды. Әрине, бұл сәттердің бәрі кезінде орын алған болатын.
Осы жерде менің кейбір оппоненттерім мәселені осылай тұжырымдау парадоксалды және тіпті қисынсыз болып көрінеді деп айтуы мүмкін, ал рационалды логика тұрғысынан олардың айтқаны дұрыс болады. Бірақ мен баяғы кезде болған теріс сипаттағы фактілер мен процестерге үңілуді уақытша болса да тоқтатып, нақты жағдайдың категорияларын ескеруді ұсынамын. Жоқ-жоқ, мен ешбір жағдайда оларды ұмытуды ұсынып отырған жоқпын. Алайда, оларды шексіз абсолюттендіру кем дегенде біржақтылық және ақылсыздық болар еді.
Сонымен, біріншіден, қалай да болмасын, бірақ дәл осы орыс тілі қазақтардың үлкен әлем терезесін «жарып шығып», азды-көпті танылуына әкелген құралға айналды. Алайда, шындығына келер болсақ, біз әлем халқының басым бөлігі үшін әлі де абстрактілі ұғым екенімізді мойындауымыз қажет. Атышулы Саша Барон Коэн өзінің кейіпкері Борат арқылы онша жағымды түрде болмаса да, біз туралы бүкіл әлемге жар салды. Әрине, бұл бізге ұнауы мүмкін емес. Бірақ шынымен де, кез-келген жағымсыз жағдайда белгілі бір оң элемент болады – соның нәтижесінде басқа елдер Қазақстанға көбірек қызығушылық таныта бастады. Коэн жасаған бейнені қандай да бір деңгейде түзету үшін біз көп күш жұмсауға мәжбүр болдық. Біздің Рахат-Би Әбдісағин, Александр Винокуров, Геннадий Головкин, Марат Бисенғалиев, Тимур Бекмамбетов, Димаш Құдайберген және басқалар сияқты таланттарымыздың бар екендігіне шүкір, соның арқасында әлемдік қоғамдастық алдындағы имиджіміз жақсы жаққа өзгере бастады.
Кемсінуден арылатын кез келді
Алайда, шындығын айтайық: егер жоғарыда аталған жарқын тұлғалардың барлығы тек ұлттық мәдениет шеңберінде ғана қозғалған болса, бүгінгі күні олардың әрқайсысы бүкіл әлемде танымал болу дәрежесіне жетулері екіталай. Олардың тағдырында орыс тілі факторы маңызды рөл атқарды деп айтуға батылым бар. Мен орыс тілінің құрметіне арнап жыр салмаймын, бірақ бұл біреулерге қаншалықты ұнамаса да жай ғана фактіні мойындауды ұсынамын.
Менің көзқарасымды жақсы түсіну үшін кеңестік кезеңдегі қазақ сахнасының ең жарқын жұлдызы Роза Рымбаевамен мысал келтіремін. Вокалдық қабілеттері бойынша ол тек Қазақстан мен Кеңес Одағында ғана емес, бүкіл әлемдегі ең жақсы әншілердің бірі болғанына өзім әрқашан сенетінмін және әлі де сеніп келемін. Басқа мәселе, объективті және субъективті себептермен ол тек ұлттық мәдениет шеңберінде қалды. Бірақ басқа жағдайда ол дәл сол Далида, Мирей Матье және басқа да әлем жұлдыздарының деңгейіне жете алар еді. Әрине, айтылған сөздер оның әншілік дарыны мен Отан алдындағы қызмет деңгейін ешбір төмендетпейді. Ол өз ісінде үнемі бірінші орында тұрған және солай болып қала береді және заңды түрде қазақ ұлтының алтын қорына енгізілген.
Екіншіден, бізге өзіміздің ішкі кемсінуімізден және орыс тілі жөнінде «ол басқыншылардың немесе отаршылдардың тілі» деген тарихи стереотиптер мен идеологиялық догмаларға шексіз жүгіну әдетінен арылуға кірісетін кез келді. Қазіргі күннің жағдайына сүйену керек. Ал бүгінде орыс тілі – біздің қазақ әлемінің органикалық компоненті болып табылады. Иә-иә, дәл осылай. Ресейге де, оның қазіргі билеушілерінің саясатына да жалтақтаудың қажеті жоқ. Біздегі орыс тілінің (әлемтану мен дүниетануды кеңейту құралы ретінде) олармен ешқандай байланысы жоқ. Өйткені біздегі орыс тілі өзімізге тиесілі, яғни мүлдем жат немесе жағымсыз нәрсе емес.
Мен бұл мысалды айтып өткен болатынмын, бірақ, оны қайтадан қолданғым келеді. Тіл мәселелеріне арналған «дөңгелек үстелдердің» бірінде белгілі қазақстандық қайраткер Петр Своик өте қызықты нәрсе айтты. Оның мәні келесідей болды: егер қандай да бір сиқыршының қалауымен орыстардың барлығы Қазақстаннан кенеттен жоғалып кетсе, осындай жағдайда да орыс тілі кем дегенде елу жыл бойы қолданыста болады. Білесіздер ме, сол іс-шараға қатысқан ұлттық патриоттардың ешқайсысы оған бір ауыз сөз айтпады. Менің жеке өзіме оның сөздері шамадан тыс асырылып айтылған да емес, өзі қалаған нәрсені бар деп жариялау әрекеті де емес сияқты болып сезінді. Себебі бұл бізге берілген нәрсе, ал одан қашып құтылу мүмкін емес.
Конституцияны қозғаудың қажеті жоқ...
Ұлттық патриоттар ұсынып отырған нәрсе – бұл, шын мәнінде, Конституцияның негізгі нормаларының бірін өзгерту әрекетінен басқа ештеңе емес. Алайда, сонымен бірге оларды соншама тітіркендіретін дәл осы норманың арқасында Қазақстанда егемендік тарихының барлық кезеңінде этносаралық келісім мен ішкі тұрақтылықты сақтау мүмкін болғанын ұмытпаған жөн болар еді. Демек, ұлттық патриоттардың бастамасын жүзеге асыру ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздануына әкелуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Ал бұл бізге керек пе?
Осы жағдайдан шығудың жолы қандай болуы мүмкін? Менің ойымша, ол онша қиын емес. Конституцияда ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Кенеттен қозғалыстар жасаудың керегі жоқ. Қолданыстағы конституциялық нормалар тұрақтылықты қамтамасыз етті, тіл тақырыбында айтылмаған және жазылмаған консенсусқа қол жеткізілді. Оларды әртүрлі топтардың көңілінен шығу үшін өзгерту біздің мемлекеттілігімізге қатысты күрделі мәселелер тұдырады.
Жасанды түрде енгізілген кернеуді басу үшін таза техникалық тәсілді қолдану керек. Сөз не жөнінде болып отыр? Көпшілікке арналған мәтіндердердің бәрінде үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін –барлық жерде және міндетті түрде қолдану туралы мемлекет басшысының Жарлығы қажет. Әңгіме белгілер, бланкілер, құжаттама, ақпарат алмасу туралы болып отыр... Мұнда цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға болады. Барлық құжаттаманы қағазсыз форматқа аудару қойылған талаптың 90 процентін шешеді. Пісіп-жетілген әлеуметтік мәселені саяси алаңдардағы қақтығыстарсыз, заманауи технологияларды қолдану арқылы әдемілікпен шешуге болады.
Мұндай тәжірибе бізде, мысалы, Алматы метросында, бұрыннан бар. Ол ешкімді тітіркендірмейді, ешкім онда барлығы тек мемлекеттік тілде болсын деп талап етпейді.
Егеменді тарихтың бүкіл кезеңінде толеранттылық жөніндегі тезис біздің мемлекеттік идеологиямыздың негізі болғанын және бұл еліміздің тартымды имиджін құруға ықпал еткенін ұмытпайық. Алайда, Қордайдағы қайғылы оқиғалардан кейін, өкінішке орай, ол имидж біршама бүлінді. Ал егер ұлттық патриоттардың ұсынысы іске асырылатын болса, онда ұлтаралық келісім орны ретіндегі Қазақстанның беделі мүлдем жойылады.
Керек тастың ауырлығы жоқ
Ұлттық патриоттар «орыс тілі біз үшін – шет тілі» деген тезисті тоқтаусыз айтуды ұнатады. Бірақ, шын мәнінде, бұл күлкілі. Егер қазақ қоғамының басым бөлігі оны жастайынан бойына сіңіріп, сол тілде білім алып, ғылыммен, шығармашылық қызметпен және тағы басқа нәрселермен орыс тілінде айналысқан болса, ол қандай шетелдік тіл. Мен еріксіз бұрынғы эпизодты есіме түсірдім. 80-жылдардың екінші жартысында ең танымал кеңес ақыны Евгений Евтушенко біздің Мұхтар Шахановты қолынан жетектеп, егер мен қателеспесем, Одақтар үйінің Бағаналы залының сахнасына ертіп шықты, ол шығармаларын орыс тілінде оқыды және оны шынымен де керемет түрде жасады. Дәл сол сәттен бастап ол Қазақстаннан басқа жерлерде танымал болды. Ал бүгінде Шаханов орыс тіліне қарсы қозғалыстың басында тұр. Бұл күлкілі нәрсе емес пе?..
Қазіргі кезде Қазақстанға келіп жатқан кейбір орыс лингвистері мен аудармашылары біздің елімізде орыс тілінің сапасы Ресей Федерациясының көптеген аймақтарына қарағанда анағұрлым жоғары екенін атап өтеді. Орыс тілін білу бізге, бейнелеп айтқанда, солтүстіктегі көршілеріміз – орыстардың сейфтерінің кілті болып табылады, олардың тәжірибесі мен дағдыларын, құралдарын пайдалануға және шешім қабылдау механизмін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қазақтарда «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген ежелгі халық даналығы бар. Осы тұрғыдан алғанда, бізге – қазақтарға, орыс тілі әлі де өте пайдалы жүк болып табылады. Сондықтан, білім көкжиегін кеңейтетін және бізді әлдеқайда бәсекеге қабілетті ететін нәрседен бас тарту – дұрыс әрекет пе?
Шынын айту керек, біздің кейбір қайраткерлердің орыс тілін ешбір негізсіз теріске шығаруға ұмтылысы мен үшін түсініксіз жұмбақ. Бұл бізге бас ауруынан басқа ештеңе бермейді.
Кінәсіз кінәлі
Ұлттық патриоттардың үндеуін қолдаған жазушы-драматург Дулат Исабеков өз ұстанымын былайша түсіндірді: «Бүгінгі таңда Қазақстанда сауатты қазақ тілінде хабар тарататын бірде-бір телеарна жоқ. Егер «Қазақстан» ұлттық арнасы эфирде қателік жіберсе, қалғандары жөнінде не айтуға болады? Бүгінде карантин кезеңінде сол шенеуніктердің онлайн-шараларды қалай өткізетінін көріп отырмыз. Осы елде өмір сүре отырып, шет мемлекеттің мемлекеттік тілінде сөйлеу - бұл нағыз сатқындық. Қазақ тілі жер бетінен жоғалып кеткен күні Қазақстан мемлекеті де жойылатынын олар қалай түсінбейді?! Біз ресей губерниясы емеспіз, сондықтан орыс тіліне жалтақтауды доғаруымыз керек. Конституцияның 7-бабындағы 2-тармағын алып тастап, «Тіл туралы» арнайы заң қабылдау керек.
Ақсақалмен дауласқым келмейді, бірақ оның дәлелдері мені біраз таңқалдырды. Қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының (бұл жағдайда теледидар) қазақ тілі ережелерін бұзатынын мойындай отырып, ол жағдайды түзетудің бір ғана әдісін – орыс тілін қазіргі мәртебесінен айыруды (?) көріп отыр.
Оның сөзсіз дұрыс айтқаны – қазақ баспасөзінде қателіктер толып жатыр. Бірақ бұған орыс тілі қаншалықты кінәлі және оның бұған қандай қатысы бар? Еріксіз онша жағымды емес қорытынды туындайды: бұл шын мәнінде ана тілін уақыт талабына бейімдеудегі өзіміздің дәрменсіздігімізді мойындау болып табылады.
Ең қызығы – мұндай қайғылы көрініс көптеген жылдар бойы жалғасып келеді. Бұл мәсеел жөнінде сонау тоқсаныншы жылдары белгілі қазақстандық орыс тілді журналист Жәнібек Сүлеев көп жазған болатын (айтпақшы, ол оқыту қазақ тілінде жүргізілетін педагогикалық жоғары оқу орындарын ашып, сталиндік репрессия кезінде оққа ұшқан «алашордашы» Біләл Сүлеевтің немересі). Содан бері көп уақыт өтті, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына, әсіресе мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруға, көп ақша келді, бірақ Д.Исабековтың айтуы бойынша сапа бұрын да болған емес, әлі де жоқ. Бұған тағы да орыс тілі кінәлі ме? Түсініксіз логика.
Бүгін біз пандемия мен экономикалық дағдарыстың салдарынан туындаған қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатырмыз. Осындай сәтте әлеуметтік тұрақтылықтың қайығын шайқау – шын мәнінде нағыз екіжүзділік.
Тақырып бойынша ой-пікір
Қарастырылып отырған мәселе бойынша біз бірқатар қазақстандық сарапшыларға өз пікірлерін білдіруді өтіндік. Өкінішке орай, олардың біреуі ғана, бірақ аты-жөнін атамау шартпен, өз ойымен бөлісуге келісті. Мінеки, оның пікірі:
«Неліктен біз мұндай айқын артықшылықтан бас тартуға тиіспіз?»
- Тәуелсіз Қазақстандағы орыс тіліне қарсы күрес қазақтардың өздерінің басты артықшылықтары мен құндылықтарының бірі – азиялық емес халықтар әлемінде қарым-қатынас жасау, олардан үйрену және ең жақсысын қабылдау қабілетінен айырылуына алып келді. Біреулер ағылшын тілі бар емес пе деп айтуы мүмкін. Бірақ біздің елде оны халықтың бір-екі проценті ғана жеткілікті деңгейде біледі.
Орыс тілінен саналы түрде (қасақана) бас тарту – өзі-өзін азапқа салу және өз тәніне зиян келтірумен тең. Бұл бір тілді қазақ өз елінің қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінбейтіндігіне әкеледі, өйткені еліміз көбінесе орыс тілінің негізінде құрылған. Әңгіме коммуникация туралы емес, елдің материалдық-заттық негізін құрайтын нәрсе жөнінде болып отыр. Әрине, тек таза қазақстандық, басқа әлемнен толық оқшауланған мемлекеттілікті құру нұсқасы ықтимал.
Бірақ оның қандай болатынын бірден болжауға болады, оның үстіне біздің көз алдымызда көптеген мысалдар (Гамсахурдиа кезіндегі Грузия, Элчибей дәуіріндегі Әзірбайжан) бар.
Қазақ тілі басқа тілдерден кем емес екендігі анық. Бірақ кез келген жағдайда, оның болашағы жөнінде жалған трагедиялық бағалаудан арылатын уақыт келді. Қазақша сөйлетін адамдар бар кезде қазақ тілі жоғалып кетпейді. Сонымен қатар, қазақ тілін өзіне тән емес жерге қойып, онымен орыс тілін алмастыруға тырыспау керек. Орыс тілі де органикалық және осында тұратын адамдардың жаны мен дүниетануының ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл екі тілді екі түрлі линзамен салыстыруға болады, оның біреуі жақын аралыққа, егжей-тегжейлі қабылдауға, ал екіншісі «перспективаны түсіну» үшін кең қамтуға және шолуға арналған. Осы екі құралды да өз қызметіне қоя алатын халықтың тағдыры өте тамаша болуы мүмкін.
Мемлекеттік тілдің айналасындағы көпжылдық іс-әрекеттерді байқай отырып, бізде оны дамытуға бағытталған ешқандай сындарлы күш салынбады деген тұжырымға амалсыздан келесіз. Ал конструктивті емес әрекеттер, өкінішке орай, толып жатыр. Жалпы алғанда, біз орыс тілін жат тіл, басқыншылардың тілі деп атай отырып, кезінде Абай орыс тілін үйренуге, тамырымызға дейін сіңіретін деңгейде білуге шақырғанына қарамастан, одан бас тартып, тіпті жойып тастауға тырысамыз. Біздің ұлы ойшымыз бұл қадамды тар, утилитарлы түсінумен шектелмеген, өйткені қазақтардың орыс тілін білуі – жабайылық пен оқшауланудан арылып, еуропалық мағынада дамуға қабілетті болудың бірден-бір мүмкіндігі екенін сезінген.
Ұлттық патриоттар қазақ тілін әмбебаптандыруға, орыс тілін онымен алмастыруға, қолдарынан келгеннің бәрін онымен толтыруға тырысқанда, қазақ тілі үшін реніш сезімі пайда болады. Толтыруға болады, бірақ бұл кенеттен барлығымыз ат-арбаға ауысқанымызбен тең. Қазақ тілін өршеленіп қорғайтын адамдарда тілдердің әрқайсысы өз орнын (біреулері рухани-құндылық, ал басқалары іс-әрекеттік) алатындығын түсіну мүлдем жоқ. Біз мұны өзгерте алмаймыз.
Орыс тілін өз тіліндей иемдену, қалыптасқан жасырын бәсекелестік кезінде, қанша ақылға қонымсыз сияқты болып көрінгенмен, өз мүдделерін, ұлттық мүдделерін қозғау үшін ерекше маңызды. Егер сол Ресеймен қазіргі кездегі немесе гипотетикалық қарама-қайшылықтар жөнінде айтатын болсақ, онда орыс тілін білуіміздің арқасында біз дәл солар сияқты ойлауға және білуге, сонымен қатар өзіміздің қажеттілігімізге сай шешім қабылдап, іс-әрекет жасауға ерекше мүмкіндікке ие болдық. Мұндай интеллектуалды және мәдени мүмкіндік ресейліктерде де, оңтүстік көршілерімізде де жоқ. Сондықтан неге біз мұндай айқын артықшылықтан бас тартуға тиіспіз?
Неліктен біз өзіміздің бір бөлігімізді – орыс тілін сақтағымыз келмейді? Мұның екі себебі бар – рух бостандығының, тәуелсіздік пен индивидуализм сезімінің жоқтығы, сондай-ақ табиғи азиялық парасаттылық пен практикалық көзқарастың жоқтығы. Егер бізде бүгін осы қасиеттер бар болса, онда біз сектанттар мен обскурантистерге (ұлттық патриоттар деп оқыңыз) олар орыс тілінен, сондай-ақ басқа да өмірлік маңызды компоненттерден өз-өздерін айыруға құқылы екенін, ал бірақ елдің басқа азаматтарын одан айыра алмайтынын ашық айтар едік. Рационалды тәсілдің қажеттілігі бізді орыс тілінің құндылығын (дәлірек айтсақ, баға жетпестігін) шын мәнінде біздің екінші ана тіліміз ретінде түсінуге итермелейтін еді...