Біздің басылым қазақ тілінің тағдырына қатысты мәселерді жиі көтеріп отырады, ал әрбір дерлік мұндай жариялым оқырмандардың әр түрлі реакцияларын тудырады. Кейбіреулер бізді тіпті қазақ тілінің жауы деп атаудан аз қалады. Бірақ оның қазіргі жай-күйіне сыни көзқарас пен жағдайды тек әкімшілік әдістермен өзгертуге әрекет жасауына, яғни барлық адамдарды қазақ тілін білуге міндеттеуге, орыс тілін және т. б. тілдерді қолдануды шектеуге қарсылық қазақ тілі нақты сұранысқа ие болған жағдайда ғана өзінің конституциялық мәртебесіне сай келетін орынға ие болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Ал қазақ тілі нақты сұранысқа ие болу үшін, ол түпкілікті, тіпті революциялық түрде, жаңғыртылуы қажет. Олай болмаса, қазақ тілі бұрынғысынша жаһандану үдерістерінің жиегінде қала беретін болады.
Соңғы 10-12 жыл ішінде мен қоғамдық пікірдің кең ауқымын білдіретін әртүрлі сарапшылармен бірнеше рет әңгімелескен едім. Алайда, қазақ тілінің негізгі мәселелерін жоюға болатын бірыңғай шешу жолдарын таппадым. Қанша адам болса, сонша пікір бар дегендей. Бірақ одан тіл тасымалдаушыларына да, тілдің өзіне де ешқандай жеңілдік жоқ. Әсіресе, оның шынайы жанашырларына оңай емес.
Қандай да бір парадоксалды жағдай қалыптасады. Бір жағынан, тіл тасымалдаушылар саны жыл сайын артып келеді, ал екінші жағынан, қазақ тілінің сұраныс деңгейі және, әсіресе, оны пайдаланудың сапалық деңгейі бұрынғысынша көптеген өзгерістер мен жақсартуларды талап етеді.
Ал жағдайдың осылайша қалыптасқанының басты себебі неде? Бұл мәселе туралы айтылған көптеген пікірлердің ішінен менің өзіме белгілі зерттеуші Қанағат Жүкештің көзқарасы дұрыстау сияқты болып көрінеді. Оның ой-пікірінің негізгі мағынасы келесідей. Қазақ тілі – аграрлық қоғамның өнімі, ол қазір де дәл сондай болып қалып отыр. Біз, қазақтар, осы аграрлық ойлаудан құтылмағанша, біздің тіліміз қазіргі дәуірдің сұраныстарына, әсіресе жаһандану процестеріне сәйкес келмейтін болып қала береді.
Мен тілтанушы емеспін, бірақ, дегенмен, құрметті зерттеушінің пайымдауында маңызды мағына бар деп ойлаймын. Түсіндіруге тырысамын. Кез келген тіл, соның ішінде әлемдік (ағылшын, француз, неміс, орыс, испан) – қандай да бір вакуумда орын алып отырған жоқ. Ол іс жүзінде перманентті режимде басқа тілдердің сыртқы әсеріне ұшырап отырады, сондықтан осы арқылы және өзге де ілеспе факторлардың ықпалымен өзгеріске ұшырайды, өзіне басқа тілдердің қандай да бір сөздерін сіңіріп алады. Яғни, кез келген тілдің дамуы – бұл сөздік базасын кеңейтудің, орфография ережелерін өзгертудің, сөйлемдерді құрастырудың үздіксіз процесі.
Басқаша айтқанда, тіл қатып қалған және ешбір өзгеріссіз қала беретін нәрсе емес. Өмірден бір мысал келтіремін.
1970 жылдары Петропавл пединститутында сол аймақта танымал және құрметті адам – жергілікті неміс қоғамынан шыққан Андрей Андреевич Карстен проректор болып жұмыс істеді. Оның ата-бабалары Екатерина II кезінде Ресей империясына қоныс аударған болатын. Ал осы қоныс аударушылардың кейінгі ұрпақтары әртүрлі коллизияларға байланысты ХХ ғасырдың басына қарай Қазақстанға көшіп келген. Қауым ата-бабалардың тілін, салт-дәстүрлерін сақтауға тырысып, өте тұйық өмір сүрді. 1970-ші жылдардың соңында Карстен мәдени алмасу желісі бойынша қандай да бір делегацияның құрамында ГФР-ға барды («темір шымылдығы» деп аталатын уақытта бұл өте сирек кездесетін ерекше оқиға болды). Тарихи отанына келіп, ол немісше сөйлесуге әрекеттенді. Бірақ, анықталғандай, ол жердегі тұрғындар оны мүлдем түсінбейді екен, өйткені Андрей Андреевич олармен сөйлесуге тырысқан тіл XVIII ғасырдың екінші жартысындағы неміс қоғамының тілі болып шықты. Ол тіл қоныс аударушылардың жабық қоғамы жағдайында сақтана алды, бұл ретте, шын мәнінде, эволюциялық трансформация процестерінің ықпалына ұшырамай, архаикалық тіл болып қалды. Қалай болғанда да, А. А. Карстеннің өзі дәл осындай түсініктеме берді. Бұл аталған Екатерина II кезінде өмір сүрген орыс адамы уақыт машинасымен бүгінгі Ресейге келгенмен бірдей. Менің ойымша, оған қазіргі орыстармен тілдесу қиын болар еді.
Бұл мысалды неліктен келтіріп отырмын дейсіздер ме? Менің көзқарасым бойынша, қазақ тілінің дамымауының негізгі себебі оның технологиялық және мәдениеттанулық тұрғыда икемделмегенінде. Ол үнемі өзгеріп жатқан қоршаған әлемге сәйкес етіліп өзгертілмеді. Қ. Жүкештің берген бағалауына қайта орала отырып, қазақ тілі тіпті XXI ғасырда да ХІХ ғасырдың дәстүрлі (көшпелі) қазақ қоғамының тілі болып қала береді деп айтуға болады. Ал басқа мәселе: неліктен осылай болып қалды? Бұл енді тағы бір бөлек және одан да кең көлемді тақырып, бірақ мен өз жауабымның нұсқасын тұжырымдауға тырысамын: XX ғасырдың ең үлкен әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси катаклизмдері қазақ тілін айналып өтіп, оның мәдени мәнін қозғамай кетті. Қазақ тілін табиғи-ғылыми сегментке енгізуге біршама әрекеттер жасалғанмен, ол өнеркәсіп тіліне, қаржы тіліне және, әрине, ғарыштық технологиялар тіліне айнала алмады.
Мен осы тақырып бойынша бірнеше рет профессор Зифа Матеновна Рахимбековамен (библиографиялық анықтамаларда жазылғандай, ол Шығыстағы алғашқы техника ғылымдарының әйел-докторы) әңгімелестім. Оның айтуынша, басқа да жұмыстармен айналысумен қатар, ол өз өмірінің бір бөлігін қазақ тілінде техникалық терминология жасауға арнаған екен. Жасауын жасады, бірақ, егер мен Зифа Матеновнаны дұрыс түсінген болсам, оның еңбектерінің нәтижелері кеңінен пайдаланылған жоқ.
Бұл тақырыпқа одан да тереңдеу үңілмеймін, бірақ, қорытынды онша жақсы емес болып шықты деп ойлаймын. Есімін атамауды өтінген менің басқа әңгімелесушім айтқандай, қазіргі жағдайда қазақ тілі бүгінгі заман талаптарына сәйкес емес деген жалғыз ғана қарапайым себеппен, оны бүгінгі күннің шындығына еңгізу мүмкін емес. Осы сөздерден кейін маған қаншама көп ашулы сөздер айтылатынын елестете аламын. Бірақ, шығыс даналығының айтуынша, халва деп қанша рет қайталап айта берсең де, ауызыңда оның дәмі сезілмейтіні анық.
Мен қазақ тілінің жағдайы мен болашағы жөнінде бірнеше рет пікір алмасқан қазақ тілінің танымал насихаттаушысы Земфира Ержанның еңбегін құрметтеп, бағалаймын. Біздің көзқарасымыз әрқашан және барлық нәрселерде бірдей бола бермегеніне қарамастан, оның «Фейсбуктегі» парақшасынан бір дәйексөз келтіруді жөн көремін: «Қазақстандағы тіл саясатының әдістері сәтсіз және болашақсыз. Бұған себепші – елдегі гуманитарлық ғылыми ортаның болмауы. Сондықтан бүгінгі таңда «қазақ тілінің рөлін күшейтуге» деген үміт, өкінішке орай, негізсіз деп есептеймін».
Бұл постының астында lidieva l ' azzat есімді оппоненттің өте қызықты түсініктемесі бар: «Елдегі гуманитарлық ғылыми ортаның болмауы – бұл қазақ тілінің дамуының болмауының себебі емес. Гуманитарлық және ғылыми ортаның жоқтығының себебі – қазақ тілінің жүйелі түрде тоқтаусыз лингвоциды».
Бір қарағанда, олардың ой-пікірлері мен көтеріп отырған мәселе туралы емес сияқты, бірақ ол тек бастапқы көз жүгірткен кезде ғана солай болып көрінеді. Менің З. Ержан ханыммен келісетінім – тіл саясатын жүзеге асыру әдістерінің өздері дұрыс емес. Ал біздің келіспейтін жеріміз – қазақ тіліндегі қазіргі қайғылы жағдай көбінесе оның архаикалықтылығымен байланыстысы, бірақ осы сөз қазақ әлеміне қатысты қандай да бір нәрселерге қолданылса, құрметті З. Ержан өте қатты ашуланады. Бірақ, айқын нәрсені жоққа шығара отырып, біз өз бастарын құмға тыққан танымал құстар тәрізді болып қалмаймыз ба? Өйткені, жылдар өткен сайын дәл сол архаика және оған деген тартымдылықтың күшейе түскені қазақ социумының мәдениеттанулық прогрессін тежеп отырғаны анық көрінеді ғой. Демек, біз өз тілімізді жаңғыртуды батыл әрі даусыз қолға алмайынша, алға ешқандай елеулі қозғалыс болмайды және осы бағыттағы барлық іс-әрекеттеріміз мираждардың соңынан еріп жүрумен тең дегенді түсіну уақыты келді.
Қазіргі әлемде неліктен ағылшын тілі басым болып отыр? Барлығы өте қарапайым және түсінікті: өйткені дәл оның тасымалдаушылары барлық өнеркәсіптік революциялардың, мәдени саладағы технологиялық серпілістер мен инновациялардың бастауында тұрды. Тиісінше, ағылшын тілі сол жаһандану мәдениетінің жетекші құрылымы болып табылады. Ал енді тағы бір сұрақ: ал біздің өте төмен деңгейдегі (егер ел бойынша орташа деңгейді алатын болсақ) ағылшын тілімен, сондай-ақ тым «жек көрінішті» орыс тілімен... және байырғы, 19 ғасырдың мал өсірушілерінің тілімен, оған қоса 20-шы және 21-ші ғасырдың әлсіз филологиясымен бізге ОЛ ЖЕРДЕ ОРЫН БАР МА?
Жақында Алматыда II Халықаралық жазушылар форумы өткен болатын, ал оған қатысушылар көркем аударма мәселелерін талқылаған еді. Ол жерде: неліктен қазақ жазушыларының шығармалары туралы әлемде дерлік ешкім білмейді? – деген басты сұрақ орын алды. Жауап өте қарапайым. Өйткені олар ағылшын тіліне аударылмайды. Сондықтан қазақ әдебиеті тек қана өзінше бір нәрсе болып қала береді.
Сонымен қатар, ағылшын тілді беделді аудармашылар қазақ тілінен аударудың күрделілігі жөнінде өкінішпен айтады. Менің ойымша, бұл қазақ тілі әлі де архаикалық болып қала беретінімен және онда көптеген қабаттар бар болғандығымен байланысты. Олар қазақ тілін меңгермеген адамдар үшін, ал егер шындығына келер болсақ, тіпті тіл тасымалдаушылардың көпшілігі үшін де мүлдем түсініксіз және қолжетімді емес.
Қазақ тілі көптеген өлшемдерге ие және оның қайталанбас ерекшеліктері бар. Бірақ бүгінде тілдің мұндай қасиеттері қаншалықты маңызды және қажет? Олар қазіргі заманғы сұраныстарға бейімделу тұрғысынан тілдің мүмкіндіктерін байлап тастамайды ма? Бір кезде әңгіме барысында қазақ тілінің көрнекті білгірі Герольд Бельгер тіліміздің сөздік қоры миллиондаған сөздерден тұратынын айтты. Мен одан: «Егер Пушкин өзінің өшпес шығармаларын жазғанда 30-40 мың сөз пайдаланған болса, бізге соншалықты көп сөздің не қажеті бар? Орыс тілі одан кедей болып қалды ма немесе азырақ сұранысқа ие болды ма? Сонымен қатар, бұл оған әлемдік тілдердің бірі болуға кедергі келтірмеді ғой» – деп сұрадым. Герольд Карлович менің сөздерімнің мәні бар, бірақ оны ол емес, біз, қазақтар шешуіміз керек деп жауап берді. Бірақ біз осы қадамды жасауды қашан ниет етеміз?
Тәуелсіздік жылдары қазақ тілін дамытуға айтарлықтай қаражат жұмсалды. Оған кеткен ақшаның көлемін айтуға ешкімнің батылы бармайды. Бұл бекер-ақ, өйткені өте қызықты болар еді. Қалай болса да, мемлекет мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайды (бұл жалпы алғанда дұрыс) және оған елеулі артықшылықтар береді. Алайда, орыс тілді халықтын елден кетуіне қарамастан, қазақ тілі орыс тілімен бәсекеде жеңілуді жалғастыруда. Іс жүргізуде «ұлы және күшті» орыс тілі өркендей түседі. Оқыту сапасы бойынша орыс тілді мектептер қазақ тілінде оқытатын мектептерден озып кетеді. Ал кімде кім «Мирас» және Tamos Education сияқты жеке меншік мектептерде қазақ тілін үйретуге орта білім берудің отандық витринасы – Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегідей және басқа да, бірақ әдеттегі мектептердегідей уақыт беріледі деп сеніммен айта алады ма? Әрине жоқ!
Қазақ тілінен ағылшын тіліне оқыту тұрғысынан да ерекше нәтижелер жоқ. Сонда English-ті орыс тілі арқылы үйрену оңайырақ болып шыққаны ма? Мамандар кез-келген әлемдік тіл бойынша қазақ тілінің оқыту базасын оның архаикалығымен байланыстыра отырып, оны әлсіз деп ашық айтады. Бірақ егер бұл шынымен солай болса, оны жаңғыртатын уақыт келді. Қашанғы бос сөздер айтумен шектеле беруге болады?..
Бүгінде кез келген тілдің әрекет қабілеттілігінің тағы бір өлшемі бар – ол Интернет. Бұл мағынада қазақ тілінің позициясы, ашығын айтар болсақ, өте нашар. Бұл кітап шығаруға да, әсіресе арнайы әдебиеттерді шығару туралы айтар болсақ, қатысты. Осыған көз жеткізу үшін кез келген Алматы ЖОО-ның қазақ факультеттеріне кіру жеткілікті. Оқытушылар да, студенттер де қазақ тіліндегі монографиялар мен көмекші-құрал әдебиеттің жетіспеушілігі жөнінде айтады.
Сол Ресейде кез келген әлемдік кітап жаңалығы бірден орыс тіліне аударылады. Бізде бұл тұрғыда ешбір қозғалыстар жоқ және біз шын мәнінде мәңгі артта қалып отырамыз. Бұл жағдайдан шығу үміті жоқ, өйткені бізде орын алған іргелі мәселе – интеллектуал-аудармашылардың болмауы. Бұл кез келген ұлттың білім беру және мәдени деңгейінің көрсеткіші болып табылады.
Қорытынды жасай отырып, мынаны айтқым келеді. Мен бірдеңеден қателесіп немесе дұрыс түсінбей отыруым мүмкін. Сондықтан тілтанушылар мен филологтар арасында жоғары білікті мамандар өз көзқарасын білдірсе екен дегім келеді. Ал осы пікір алмасу шайқас алаңына айналмай, мемлекеттік тілді нақты жаңғырту процесінің бастапқы алаңына айналуы тиіс.
Бұл біздің тілімізге аса қажет. Бұл біз үшін өте маңызды.