Қазақстандағы тіл мәселесі бойынша пікірталастар барған сайын жиіленіп, қатаң қарама-қайшылықтарға айналып жатыр. Бұл шиеленісті қалай жоюға болады? Мұнда қандай да болмасын консенсуске қол жеткізу мүмкін бе? Тараптарды татуластыратын немесе кем дегенде қарсыласу қызбалығын төмендететін «ымыралы-оңтайлы» нұсқа бар ма? Ал мүмкін, мұның бәрі пайдасыз болып, қақтығыс деңгейі тек арта түсе ме? Сөз біздің сарапшыларға беріледі.
Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы, блогер, бұрынғы дипломат:
«Жаңа ештеңе ойлап шығарудың қажеті жоқ – тек жағдай жасау керек»
- Қазақ тілінің басты проблемасы – еліміздегі халықтың бір бөлігі оны білмейтіндігінде екенін біз бәріміз де түсінеміз. Егер жөндеп қарап көрсек, бұл соншалықты қиын мәселе де емес – тәуелсіздіктің 30 жылында оны оңай шешуге болар еді. Ол үшін оқытушылардың еңбегіне жеткілікті ақы төлей отырып (мұндай жұмысқа келісетін сауатты адамдар көп болатынына мен сенімдімін) қазақ тілін оқыту курстарын барлық жерлерде ашып және білім алушылардың өздері үшін қаржылық ынталандыру жүйесін жаппай ұйымдастыру жеткілікті болады. Мұндай шаралар қолданылатын болса, менің ойымша бір-екі жыл ішінде еліміздің бүкіл халқы аз да болса қазақ тілінде сөйлеп кетер еді.
Айтпақшы, үш жыл бұрын мен бұл ұсынысты теледидарлық бағдарламалардың бірінде айтуға тырысқан болатынмын, бірақ оның жүргізушілері пікірталасты басқа жаққа әкетіп бара жатырсыз деп айыптап, маған сөйлеуге мүмкіндік бермеді. Алайда, осы жылдар ішінде халықтың қазақ тілін жаппай меңгеруі үшін қолайлы жағдай жасауға мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктері болғанына келісетін шығарсыз. Оның орнына ол қазіргі кезде ешкім тіпті есіне де алмайтын мағынасыз имидждік жобаларға одан да көп ақша жұмсауды жөн көрді.
Сонымен қатар, халықтың кейбір топтары қазақ тілін қажет етпеуінің объективті себептері де бар, ал оларды елемеуге болмайды. Оның коммуникативті функцияларына салыстырғанда, ақпараттық функциялары өте шектеулі. Бұл түсінікті, өйткені қазақ тілі, мысалы, орыс тілі сияқты халықаралық қарым-қатынас тілі емес. Ал орыс тілі арқылы біз ақпараттың, соның ішінде ғылыми-техникалық ақпараттың көп бөлігіне қол жеткіземіз. Шын мәнінде, бұл жәйт қазақстандықтардың көпшілігі орыс тілінде еркін сөйлейтіндігін және біздің ресейлік ақпараттық кеңістікке байланып отырғанымызды түсіндіреді. Егер біз әлемдегі ең ықпалды деп есептелетін ағылшын тілін жақсы білетін болсақ, онда, әрине, орыс тілі одан ұтылып қалар еді. Мысалы, әзірбайжандар үшін түрік тілі әлемдік ақпараттық кеңістікке жетелеу қызметін атқарады және олардың ешқайсысы бұл жөнінде алаңдамайды.
Қарапайым тілмен айтқанда, орыс тіліне қарсы күрескеніміз – өз-өзімізге зиян келтіргеніміз деген сөз. Қазақстандықтардың оны иеленуі біздің бәсекелестік артықшылығымыз болып табылады. Карл Маркс қайталап айта бергенді ұнатқандай, «шет тілі – өмірлік күрестегі қару болып табылады». Бұл шынымен де солай. Егер қазақ тілі бізге бүкіл түркі әлемін ашатын болса, орыс тілі – бүкіл славян әлемін ашады. Мінеки, дәл осы жөнінде айту керек.
Өкінішке орай, көптеген қазақ тілі үшін күресушілер мұны мойындаудан бас тартады және орыс тілін қолдануды шектеуді талап етіп, және оны көбінесе тіпті ультиматум түрінде айтады. Әкімшілік жолмен бұған қол жеткізе алмағанықтан, олар өздерінің «тілдік ережелерін» күнделікті тұрмыстық деңгейде орындатуға тырысады. Бірақ бұл азаматтарды қазақ тілін үйренуге мәжбүрлейтін әдістер емес екені анық – олар оған тек зиян келтіреді және қоғамда шиеленіс тудырады.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа ештеңе ойлап шығарудың қажеті жоқ – жоғарыда айтқанымдай, жай ғана қолайлы жағдай жасаумен қатар, қазақ тілін жаппай үйрену үшін тиісті ынталандыру ұсыну қажет. Негізгі мақсат – оны коммуникация жасаудың қуатты құралына айналдыру, ол үшін бос сөзді азайтып, нақты істерді көбірек жасау қажет. Мысалы, оны мектептерде оқуды жетілдіруді қолға алып, соған сәйкес оқулықтар шығаруға кірісетін кез келді. Ал қазіргі жағдайға қарай отырып, қазақ тілімен салыстырғанда, ағылшын тілін меңгеру оңайырақ деген ойға бой алдырасың. Бұл биліктің мемлекеттік тіл проблемаларына үстірт көзқарасын айқын көрсетеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары қазақ тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болғанына назар аударғым келеді. Сөздік қордың байлығы тұрғысынан бұл жақсы да шығар, бірақ практикалық тұрғыдан алғанда, әсіресе қазіргі әлемде оңайлық пен нақтылық бағаланатынын ескерсек – екіталай. Иә, мен қазақ тілі реформалауды қажет ететіндігімен келісемін, бірақ бұл, мысалы, кириллицадан латын әліпбиіне көшу сияқты қиын және күрделі нәрсе болмауы тиіс. Бәлкім, керісінше, грамматиканы жеңілдету қажет болар, сондай-ақ кейбір ережелерді ырықтандыру және т.б., тілді үйрену мен қолдануды жеңілдету керек болатын шығар. Алайда, бұл осы саладағы мамандардың ісі.
Марат Толыбаев, кәсіпкер, қоғам қайраткері:
«Орыс тілі қысымға да ұшырамауы, қолдау да алмауы тиіс»
- Қазақстанның қазақтілді және орыстілді тұрғындарының арасындағы ымыраға келу мынадай негізгі ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілген кезде болуы мүмкін деп есептеймін.
Біріншіден, тек қана қазақ тілі мемлекеттік тіл болады. Бұл бірегей тіл – халқымыздың айрықша ерекшеліктерінің бірі.
Екіншіден, орыс тілі қысымға ұшырамайды, бірақ қолдау да алмайды. Ол шет тілдерінің біріне айналады. Тілек білдірушілердің барлығына орыс тілінде сөйлесуге болады, бірақ ол басқа мемлекеттік емес тілдерден ерекшеленбейді. Мысалы, мемлекеттік органдардың жауаптары орыс тілінде берілуге міндетті емес болады. Мектептерде орыс тілін оқыту көлемі кез келген басқа шет тілінен көп емес болады. Мемлекеттік мекемелердің ғимараттарындағы маңдайша жазулар орыс тілінде болмайды (жеке компаниялардың ғимараттарында болуы мүмкін).
Үшіншіден, жоғарыда аталған жағдайға көшу баяу және біртіндеп жүзеге асырылады, бірақ оған көшу процессі мәңгілікке созылмайды. Оны мүлтіксіз орындау шартымен іс-қимылдың нақты күнтізбелік жоспары қабылданады.
Земфира Ержан, мәдениеттанушы:
«Шенеуніктердің қазақ тіліне деген немқұрайдылығы айқын»
- Мемлекеттік тіл ешбір дәрежеде азаматтар арасында қандай да бір қарама-қайшылық туындататын негіз болып табылмайтынына сенімдімін. Қазір, ҚР тәуелсіздігінің үшінші онжылдығының соңына таман, барлық қазақстандық қоғам бұл біздің мемлекеттілігіміздің маңызды атрибуты екенін және оның ұстанымын нығайту қажеттігін түсінеді. Сондықтан қазақ тілін үйрену керек пе, жоқ па деген мәселе күн тәртібінен әлдеқашан алынып тасталған.
Бірақ басқа бір сұрақ өте өткір болып тұр: қазақ тілін білмейтіндерге оны қалай үйренуге болады? Біздің әр ұлтты орыс тілді азаматтарымыз «Бізге қазақ тілін үйретіңіздер!» – деп өздерінің нағыз «жан жылауын» білдіреді. Осындай қорытындыны мен әлеуметтік желілердегі пікірлерді бақылаудан, таныстарыммен және бейтаныс адамдармен сөйлесуден жасаймын.
- Тіл мәселесін шешу үшін мемлекеттік деңгейде қандай шаралар қолдану керек?
- Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытуға жауапты барлық жүйені: тәсілдерді, идеологияны, тұжырымдамаларды түбегейлі өзгерту қажет. Өйткені, оның тиімсіз екенін біз бәріміз де жақсы көріп отырмыз. Мен одан да көбірек айта аламын: ол қазақ тіліне орасан зор және орны толмас зиян келтіреді, өйткені онда жұмыс істейтін адамдар көбінесе өрескел кәсібисіздік пен тілдің тағдырына толық немқұрайдылықты көрсетеді!
Менде мұндай мәлімдемелер жасау үшін негіздер бар. 2013 жылдан бастап мен волонтер ретінде «Қалалық орта» жобасын жүргізіп келемін, оның мақсаты – қазақ тілінде сауатсыз жазылған жарнама мәтіндерін анықтау. Барлық алгоритмдер баяғыда мұқият зерттеліп, іс жүзінде сыналып, егжей-тегжейлі жазылғанына қарамастан, осындай біздің қоғамды масқара ететін мәселе сегіз жыл бойы (!) сол қалпы шешілмеді. Шын мәнінде жарнамаға сауатты қазақ тілін қайтару – өте оңай нәрсе. Бұл тіпті айтарлықтай қаржылық салымдарды да қажет етпейді.
Онда неліктен ештеңе өзгермей жатыр? Мұның бір ғана себебі бар – мемлекеттік шенеуніктер тіл саласында туындайтын нақты жағдайлармен жұмыс істей алмайды, оның шұғыл қажеттіліктеріне сай тез арада шара қолдана алмайды. Олар үшін мемлекеттік тілді дамыту бойынша жұмыс тек мәнерлеп оқу конкурсын ұйымдастыруға, Наурызды тойлауға, ал ең жақсы жағдайда шетел әдебиетін қазақ тіліне аударуға бағытталған.
Өкінішке орай, қазіргі уақытта осы салада ұсынылған бастамалар тілдің әлеуметтік өмірінің ерекшеліктерін, оның тарихи және мәдени жағдайын ескермейді. Ал тарихи киноға каншама сенім артылса да, қазіргі жағдайда ол тәсіл нәтиже бермейді. Бұл Ленинның «өнердің арасындағы ең маңыздысы» жөніндегі фразасы жүз жыл бұрынғыдай (кино өзінің жаңа өнер болғандығына байланысты көрермендердің қызығушылығының шыңында болған кездегідей) өзекті емес болып қалғанына да байланысты емес. Бұл тіпті отандық кино индустриясы бүгінде негізінен мемлекеттік қаржыландыруды үлестіру негізінде туындаған сыбайлас жемқорлық жанжалдары арқылы әлемге әйгілі болғандықтан да емес. Оның себебі – біздің кинематографымыз да, көрерменіміз де (оған өткен туралы жедел түрде түсірілген фильмдерді көрсету арқылы ұлттық сана-сезімім оятқысы келгеніне қарамастан), маргиналданған мәдени кеңістік жағдайында өмір сүріп, тіршілік жасап жатқандығында. Тілдің құндылығын түсінбейтін қоғамда тілді қалпына келтіру мүмкін емес екені белгілі.
Сондықтан тілдік процестердің дамуы – жүйелік құбылыс деген түсінікке ие болу өте қажет. Классиктің сөздерін аздап өзгертіп айтсақ: барлық бақытты қоғамдар бір-біріне ұқсас, ал мемлекеттік тілдің қолданылу саласында проблемаларына ие әрбір бақытсыз қоғам өзінше бақытсыз. Бізде орын алып отырған тілдік жағдай ерекше екенін түсіну маңызды. Оны басқа елдер үшін пайдалы және тиімді болып табылған белгілі бір орташа рецепттердің көмегімен шешуге болмайды. Қазақ тілінің кеңістігін қалпына келтіру үшін ХХ ғасырдағы оның шығындарының орасан зор ауқымы, орын алған тілдік апаттың себептері мен салдары жөнінде түсінікке ие болу, сондай-ақ оның қазіргі жағдайын бағалау кезінде аса оптимистік көзқарастан арылу қажет. Соңғы уақытта көптеген мамандар қазіргі қазақ тілі өздігінен және жедел түрде креолизацияға ұшырап, яғни басқа мәдениеттің құндылықтарын сіңіріп, өзіндік ерекшелігін жоғалтып, мутант-тілге айналатынын мойындай бастады.
Алайда, ең тиімді және қазіргі заманауи тілдік ахуалдың шынайлылығына сәйкес келетін нәрсе – эпостардың мәтіндері негізінде мемлекеттік тілді оқытудың ұлттық жүйесін құру болып табылады. Бұл Қазақстан азаматтарының өз елінің мемлекеттік тілін білмеуі проблемасын қысқа мерзімде және барлық жерлерде шешуге мүмкіндік беретін жол.
Эпос ұлттық нигилизмнен арылтатын ең жақсы «емшара» болуы мүмкін. Бұдан басқа, жатталып, есте сақталған эпос жолдары әрбір қазақстандықтың қазіргі қазақ тілінің деградацияға ұшырау процестеріне қарсы тұратын сенімді тосқауылға айналатын ең қажетті лексикалық қорын құрауы мүмкін.
Мен мұны ұзақ жылдар бойы қазақ мәдениетінің түрлі аспектілері мен көріністерін зерттеген кәсіби маман ретінде айтамын. Алғашқы тұсаукесері 2009 жылы өткен «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту» үлгісіндегі жобалар бүгінде қазақстандық қоғам болып шыққан тілдік тығырықтан шығудың бірден-бір нәтижелі құралы болып табылады. Осы жылдар ішінде билік оны елемейтіні өте өкінішті.
- Дегенмен, тіл саласындағы қарама-қайшылықты әлсірететін ымыралы нұсқаны қандай етіп көресіз?
- Қайталап айтамын, Қазақстанда тіл саласында ешқандай қарама-қайшылық жоқ (егер қазақтілді және орыстілді азаматтардың тіл мүдделері мен қалауларының бөлінуі жөнінде айтар болсақ). Мәселе басқада, атап айтқанда биліктің қазіргі гуманитарлық мәселелерді шеше алмауында, кәсібисіздіктерінде, қазақ тілінің дамуына жауапты шенеуніктердің оның тағдырына немқұрайды болғандығында.
Мен өзге конфронтациялық бөлінуді көріп отырмын. Бір жағынан – бюрократиялық аппараттың инерттілігі, жаңа нәрселерден бас тартуы, оның тілдік жағдайдың тоқырауына мүдделігі. Айтпақшы, қазіргі қазақстандық қоғамда әртүрлі тілдерді таңдаған тараптар арасында татуластық мүмкін еместігі жөніндегі миф дәл осы бюрократтық аппарат үшін қолайлы, өйткені мұндай тезис белгілі бір дәрежеде оның жұмысының төмен тиімділігін ақтайды. Ал қарама-қарсы тұрғандардың екінші жағында – қазақ зиялыларының мемлекеттік тілді дамытудың баламалы және әлдеқайда пәрменді жобасын ұсынуға бағытталған үмітсіз әрекеттері.
Мемлекет мәдени және тілдік жобаларды іске асыру кәсіби білімді қажет ететінін түсінбейінше, мәдениеттің қоғамдағы рөлін түсінбейінше бұл қарама-қайшылық жойылмайды. Өкінішке орай, ХХ ғасырда қазақтарға келтірілген адами және менталды шығындар дәрежесін ескеретін болсақ, ұлттық тіл кеңістігін толыққанды қалпына келтіру үшін бізде басқа ресурстар жоқ болғандықтан, қазақ зиялылары бүгінде билікке жүгінуге мәжбүр.
Шындығын айтсам, енді бұл жөнінде менде де иллюзиялар қалған жоқ.
Фото: Азаттық радиосы