Тұңғыш президенттің атына айтылып жатқан сынаудың толқынында «Назарбаев университетін» (НУ) және «Назарбаев зияткерлік мектептерін» (НЗМ) жабуға шақырулар күшейе түсті. Олардың ойы бойынша сол оқу орындары қомақты бюджеттік қаражатты «жеп», білім берудегі сегрегацияны тудырады. Шынымен де, бір НЗМ-нің әрбір оқушысы үшін әдеттегі қарапайым мектепте оқитын бір балаға қарағанда мемлекет он есеге жуық көп ақша жұмсайды. Назарбаев университетінде де осыған ұқсас жағдай, мемлекет жыл сайын әр студент үшін бірнеше миллион теңге жолдайды. Бұл ретте әлеуметтік әділеттілік қағидасы бұзылып отырған жоқ па? Барлық мектептер тең дәрежеде болып, бірдей қаржы алуы керек емес пе еді? Әлде елімізге элиталық білім беру мекемелері - басқаларға үлгі ретінде - бәрібір қажет пе? Осы көзқарастардың қайсысы ел мүддесіне көбірек сай келеді?

Бұған дейін біз басылымымыздың беттерінде бұл мәселелерді бірнеше рет сарапшылармен талқылаған болатынбыз. Егер қысқаша айтатын болсақ, кейбіреулері элиталық білім беру қажет деп, оған тыйым салынбауы тиіс деп, бірақ ол жекеменшік болуы керек деп – кем дегенде мемлекеттің есебінен қаржыландырмауы тиіс деп есептейді. Олардың пікірінше, нарықтың өзі ауқатты отбасылар үшін жаппай орта білімнен жоғары сапалы білім беру қызметтерін жасайтын болады.

«Жекеменшік оқу орындарының пайда болуына байланысты, білім беру қызметтерінің нарықтық дифференциациясы кез келген басқа түрлер сияқты табиғи ғана емес, сонымен қатар пайдалы. Ал мемлекеттік деңгейде зияткерлік сегрегация, әсіресе егер ол бастауыш мектепте орын алатын болса, қауіпті де, тиімсіз де. Өйткені бұл жерде субъективтік сипаттағы қателіктер орын алуы сөзсіз, ал оның жалпы халық үшін бағасы тым жоғары болып шығуы ықтимал. Ондай жағдайда көптеген дарынды балалар (біреу олардың дарындылығын көре алмаған жағдайда немесе көргісі келмейтін болса) жақсы білім алудың сыртында қалып қалуы мүмкін. Сондықтан, элиталық білім беруді жоймастан, жаппай білім беруді қажетті деңгейге көтеру қажет», – деп айтқан болатын «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті, қазір мәжіліс депутаты Қанат Нұров.

Ал басқаларының айтуынша, білім беру жүйесін барлық ресурстарды тек бірнеше «өсу нүктелеріне» шоғырландыру арқылы дамытудың мағынасыз деп санайды, өйткені серпінді жобалар (бұл жағдайда НУ және НЗМ) бүкіл саланы толығымен өздерімен бірге алға тарта алмайды. «Бір жағынан, мұндай білім беру мекемелерін жабудың қажеті жоқ, өйткені олардың инфрақұрылымын салуға көп қаражат жұмсалды, ал екінші жағынан, қазіргі статус-кво әділетсіз және ел мөлшерінде онша тиімді емес. Бұл жерде әдеттегі мектептердегі әрбір оқушыға кететін шығынды бірнеше есеге көбейту керек», - деді тарихшы, саясаттанушы Жақсылық Сәбитов. Оның пікірінше, НЗМ дамытудың екі нұсқасы бар. Біріншісі – бұл құрылымды Қазақстанның әрбір аудан орталығында өзінің интеллектуалдық мектебі болатындай жағдайға дейін кеңейту. Ал екіншісі – интернатта оқи алатын еліміздің алыс түкпір-түкпірлерінен келген балаларға 20-30 проценттік квота енгізу. «НЗМ-дар басқа елдердің еңбек нарығы үшін жақсы білімді ұл-қыздарды дайындайтын орын болып қалмай ауыл жастары мен қаржылай аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар үшін әлеуметтік лифт жүйесіне айналуы тиіс», - деп қосты саясаттанушы.

Сондай-ақ мектептерді «әлсіз» және «күшті» деп, ал балаларды үш сарапқа: біріншісі – барлық жеңілдіктері бар элиталық мектептердің оқушылары, екіншісі – әдеттегі мектеп оқушылары, үшінші – 9-сыныпты бітірген балалар (оларға тіпті ҰБТ-ға түсуге де мүмкіндік бермей, колледждерге жібереді) деп бөлудің еш мәні жоқ деген пікір айтылды. Осындай бөлуден тек зиян ғана бар дейді. «Мемлекет өзі өзінің аяғына оқ атып отырған болып шығады, өйткені ол 10-15-20 жылдан кейін аз ғана бөлігі білімді, табысты, ал басым бөлігі надан, жеңіліске ұшырайтын ұрпақ алатын болып отыр. Бұл ретте, дәл осы азшылыққа жұмыссыздардан, кедейлерден тұратын, мемлекет көмегіне мұқтаж көпшілікті тамақтандыру ісі де жүктелетін болады. Оның үстіне соңғылары үнемі күшейе түсетін әлеуметтік шиеленістің көзіне айналады, өйткені оларға дұрыс қамқорлық жасамағаны үшін билікке наразы болады. Ал бұл мәселе терең әлеуметтік теңсіздігі бар барлық елдерге тән. Әртүрлі рейтингтерге сәйкес, адам капиталын, демек, білім мен өмірдің жоғары деңгейін әрбір адамның басты басымдығы етіп қоятын мемлекеттің азаматтары ғана өздерін «бақыттымыз» деп сезінеді», - деп түйіндеді PR маманы Нұркен Халықберген.

Сол уақыттан бері Қазақстанда және бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер (оның үстіне жақсы жаққа емес) орын алды. Осы орайда, біз «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» төңірегіндегі жағдайға екінші жағынан – «жаңа шындықтың» көзқарасы тұрғысынан қарауды шештік. Мамандарға сөз.

Серік Ирсалиев, «Астана» халықаралық университетінің және «Белес» қоғамдық бірлестігінің президенті:

«Біз бұл жетістіктерді еліміздің барлық білім беру орындарында да қайталау қажет»

- «Екінші республика» құру мәселесінде «баланы» сумен бірге лақтырып жібермеу үшін аса сақтық танытып, өте салмақты шешім қабылдау қажет. Ал конформизмнің оған ешқандай қатысы жоқ. Қирату – құру емес. Жабу – ашудан гөрі жеңіл.

НЗМ және НУ-ға қатысты ең алдымен терминологияны анықтап алуымыз қажет: «элиталық» дегеніміз не? Бұл таңдаулы балаларға және студенттерге арналған оқу орны ма?  Ал ондай болса, бұл таңдаулы балалар мен студенттер кімдер? Ең таланттылар және еңбекқорлар ма, әлде ақсүйектер отбасынан шыққандар ма? Егер студенттерді іріктеу, оқыту және бітіру жұмыстарын ұйымдастыруда меритократия принципі сақталса, білім берудің бұл флагмандарына не кінә тағуға болады?

Басқа мәселе – әлеуметтік әділеттілік және сапалы білім алуға барлығына тең қолжетімділік. Бір жыл бұрын Қауіпсіздік кеңесінің отырысында алдағы онжылдық «білімнің ұлттық идеясы» белгісімен өтуі керектігі айтылған болатын. Менің көзқарасым бойынша, әрбір қазақстандық мектебі қаржыландыру, ұстаздық біліктілік, менеджмент жағынан НЗМ-ге ұқсап, әрбір ЖОО НУ параметрлеріне сай болуы тиіс деген қағидаға негізделу керек. Әрине, бұл қымбат, көп еңбек етуді қажет етеді, орындалмайтын қиялдар шегінде. Бірақ бұл ұлттың интеллектуалдық әлеуетін және бәсекеге қабілетті адами капиталдың дамуына, демек, тұтастай алғанда біздің Қазақстанды дамытудың жалғыз және даусыз жолы. Ішкі саясатының басым бағыты ретінде адами капиталды дамытуды таңдаған және қатал жаһандық бәсекеде көшбасшылыққа қол жеткізген барлық елдер осыны істеді.

Сондықтан, сапалы білімге тең қол жеткізу мәселелерінде әлеуметтік әділеттілікке жету үшін эталон және «маяк» ретінде үлкен қиындықпен және қыруар ақшаға жасалған нәрсені жабудың қажеті жоқ, кересінше олардың жетістіктерін білім беру орындарының барлығына көбейту қажет. Біздің еліміз де, халқымыз да соған лайық.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы, «Қазақстанда кімдер кім болып табылады» өмірбаяндық энциклопедиясының бас редакторы:

«Олар шынымен де білім сапасының жаңа стандарттарын белгілеуде»

- НЗМ және НУ-дың жабылуын талап ететіндерге жай ғана олардың атаулары ұнамайды деп күдіктенемін. Бұл толқында, бәлкім, ерте ме, кеш пе, ребрендинг туралы мәселе туындауы ықтимал, бірақ біз қандай да бір түбегейлі шараларды көруіміз екіталай. Мәселе Қазақстанға жаңа білім беру технологиялары аса қажет болып отырғандығында, ал мұндай оқу орындары бұл міндетті атқарып жатыр. Расын айтсам, НУ жетістіктеріне қатысты мен біржақты баға бере алмаймын, бірақ НЗМ-ге келетін болсақ, оң нәтижелер анық көрініп тұр. Өздеріне айтылып жатқан жиі сынға қарамастан, олар шынымен де білім сапасының жаңа стандарттарын қалыптастырып отыр, оны басқа мектептерге де енгізуге болады. Бәлкім, тіпті НЗМ желісін кеңейту туралы ойлану дұрыс шығар, сонда қазіргіден де көп дарынды балалар сондай оқу орындарында оқи алатын болады.

Қалай болғанда да, арнайы оқу орындары қажет. Оның дәлелі ретінде, мысалы, жарты ғасыр ішінде Қазақстанның саяси, ғылыми және іскер элитасының көптеген өкілдерін тәрбиелеп шығарған Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі жөнінде (РФММ) айтуға болады. Тағы бір жайт, ата-ананың бәрі балаларының «арнайы» оқу орындарында оқып, сапалы білім алуына қызыға бермейді, кейбіреулерге қарапайым диплом (бір нәрсемен айналысса болды) жеткілікті. Бұл факторды да ескеру қажет.

Өкінішке қарай, мұндай қызығушылық жергілікті билік тарапынан да жиі байқалмайды. Мысалы, мен былтыр қала мектептерінің толып жатқаны жөнінде жазған болатынмын; оларда 20-30 бірінші сыныптары бар! Белгілі болғандай, Денсаулық сақтау министрлігі әдеттегі сыныптағы балалардың ең көп саны 25-тен аспауы тиіс деген стандартты алып тастаған. Бұл жайт, ең алдымен, әкімдерге тиімді екені анық, өйткені ол үш ауысымдық оқу проблемасын жояды және сонымен бірге көптеген жаңа мектептер салуды талап етпейді, бірақ сонымен бірге мұғалімдер мен оқушыларға одан туындайтын барлық жағымсыз салдармен елеулі қолайсыздықтар туғызады.

Қазір Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жалпы алғанда елімізде, атап айтқанда, мегаполистерде оқушылрға арналған орындардың тапшылығы байқалып жатқанына қарамастан, бұл норманы қайтаруға тырысып жатыр. Жаңа мектептерді салу қарқыны халықтың өсу қарқыны мен ішкі көші-қон қарқынына үлгермей жатқанына қоса, бұл үдеріс үнемі келеңсіздіктермен қатар жүреді: біресе құрылыс корпорациялары жұмысты сапасыз жүргізеді, біресе бағаны өрескел асыра бағалайды. Бұл қазірдің өзінде жүйеге айналып кетті – дәл осылай, мысалы, біз алдымен аурухана қорын жекешелендіріп, «оңтайландырып», пандемия кезінде модульдік ковид ауруханаларын салдық. Баса айтамын, бізге жай ғана жаңа мектептер емес, сапалы, экологиялық таза оқу ортасы, қажетті құрал-жабдықтары бар, жақсы мұғалімдері бар мектептер қажет.

Назарбаев университетіне келетін болсақ, меніңше, оны аса көп жарнамалап жіберген сияқты. Ол өзін автономиялық мәртебеге ие деп көрсетуге және Білім және ғылым министрлігіне бағынбайды деп көрсетуге бар күшін салады, бірақ сонымен бірге ол белсенді түрде мемлекеттен қаржыландырылады. Білім берудің жаңа стандарттарын белгілейтін университеттер қажет екені анық. Бірақ елімізде, оның ішінде елордада да басқаларға зиянын тигізбей, дамытуды қажет ететін басқа да жоғары оқу орындары бар екенін ұмытпауымыз керек.

Тұтастай алғанда, НУ-дың жетістігі туралы ақпарат өте қарама-қайшы. Мысалы, ол Қазақстанның университеттері мен ғылыми ұйымдары арасында басылымдық қызметтің көшбасшысы болып есептеледі, бірақ біз бұл рейтингтер мен шетелдік басылымдардағы жарияланымдарды оңай сатып алуға және сатуға (200, 300 долларға, ал жазу және орналастыру арқылы – бірнеше мың долларға сатып алуға болатынын жақсы білеміз). Алғашында халықаралық ғылымометрияны отандық ғылымды объективті бағалау мақсатында енгізілгені түсінікті, бірақ көп ұзамай бұл сыбайлас жемқорлықтың кезекті тауашасы екені белгілі болды.

Қандай да бір жаңа нәрсені енгізген кезде, ең алдымен, парасаттылыққа сүйену қажет. Бізде бәрі үгіт-насихатқа кетіп қалады, сонда шіріп кетеді. Кез келген реформаның нәтижесіне қарап, мұнда немесе «тағы бір» реформа керек, немесе жақсы тергеуші керек екенін түсінесің. Қалай біз сыбайлас жемқорлықты жеңу мақсатында  әдеттегі емтихандардан ҰБТ-ның пайдасына бас тартқанымызды, нәтижесінде емтихан тесттерін сату төңірегінде жанжалдар пайда болғанын немесе ұлттық ғылыми кеңестерге негізделген ғылымды гранттық қаржыландыру жүйесін қалай енгізгенін, бірақ әділетсіз бөлуге тап болғанымызды есіңізге түсіріңізші. Бәлкім, бұл процестердің барлығын жасанды интеллектке сеніп тапсыратын кез келді. Менің ойымша, бұл тапсырманы компьютер адамдарға қарағанда жақсы орындайды.

Қазақстанға рейтингтерге бағытталған емес, нақты нәтижелерге бағытталған даму үлгілері қажет. Бірақ біз қандай нәрсе істесек те, әрқашан күткеннен керісінше нәтиже аламыз. Мысалы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «киелі жерлерді» іздеуді алайық, бұл жерде тіленген нәрсені бар екендей қылып көрсетуге мүмкін емес сияқты. Бірақ арада бір ай өтпей-ақ облыс әкімдері қанша көне қала тапқанын бірінен соң бірі есеп бере бастады, ал кейбіреулері тіпті өздерінің «алтын адамдарының» табылғанын да жария етті. Осыншама қазба жұмыстарын соншалықты аз уақыттың ішінде жүргізу шындыққа жанаспайтыны анық. Оның үстіне, ғылыми жаңалықтармен айналысу – әкімдердің ісі емес, өйткені техникалық жағынан оларға ешқандай қатысы жоқ.

Білім беру жүйесіне қайта орала отырып, мен қорытындылай кеткім келеді: оны, әрине, жетілдіру керек, бірақ оны үгіт-насихат, фанатизм, нәтижеге назар аудару және сыбайлас жемқорлық схемаларын барынша азайту арқылы жасау қажет. Өкінішке орай, біздің елімізде бұл іс жүзінде мүмкін емес.

 Дастан Елдесов, публицист:

«Оларды жабу арқылы елдегі білім сапасының төмендігі мәселесін шешуге болмайды»

- Арнайы мектептер кеңес заманында да болған. Сәйкес конкурстан өткен балалардың аз ғана проценті сонда оқитын. Әдетте, басты назар оқушылардың санына емес, білім сапасына аударылатын. «Назарбаев зияткерлік мектептері» (бұрынғы Республикалық физика-математика мектебі, Білім-инновация лицейлеріне сияқты) осы үлгінің негізгі қағидаттарын көшіріп алды: адал және кең бәсекелестік негізінде қабылдау, әр түрлі аймақтар мен халықтың топтарының балалары үшін тегін білім беру және мектеп-интернаттар, тереңдетілген пәндерді зерттеу.

НЗМ қарсыластарының аргументтері қандай екен? Біріншіден, қаржыландырудың біркелкі еместігі, дәлірек айтсақ, мемлекет зияткерлік мектептердің әрбір оқушысына қарапайым мектептің бір оқушысына қарағанда 6-10 есе көп қаражат бөледі, алайда барлығына бірдей жағдай жасалуы тиіс. Екіншіден, әлеуметтік әділетсіздік: НЗМ-ге арнайы дайындықсыз түсу мүмкін емес, бұл ауыл балалары мен аз қамтылған отбасыларды әуел бастан жеңіліске ұшыратады дейді.

Бірақ оны анықтайық. Бүгінгі күні жақсы білім алу үшін ақша төлеу керек екенін бәріміз түсінеміз – бұл әлемдік тәжірибе. Алайда НЗМ оқушалары үшін оқу тегін, оны мемлекет төлейді. Ал бұл интернаттардың, үш мезгіл тамақтанудың, мектеп киімінің, жоғары сапалы материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің, кадрлармен қамтамасыз етілуінің және тағы басқалардың болуын ескерсек, орынды сияқты болып көрінеді. Мұның бәрінің өзі жоғарылатылған қаржыландыруды болжайды. Мысалы, НЗМ-де мектеп оқушыларының өз зерттеулерін жүргізуге мүмкіндік беретін тамаша зертханалар бар, айтпақшы, бұл біздің кейбір медициналық университеттерімізде де жоқ (оларда кеңес заманынан қалған ескі зертханалар, құрал-жабдықтар ғана бар және медициналық материалдардың жетіспеушілігі орын алуда).

Бірақ, ең бастысы, бұл мектеп-интернаттар дәл ауылдық жерлерден, қала шетінен, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан немесе мүмкіндігі шектеулі немесе денсаулығында ақауы бар балалар үшін арнайы жасалған болатын. Бұл НЗМ-ге ақылы білім алуға мүмкіндігі жоқ қарапайым отбасы балаларының жиі түсетінін көрсетеді. Ал ауқатты отбасылардың балалары, әдетте, қымбат жекеменшік элиталық мектептерде немесе шетелде оқиды.

НЗМ әдеттегі мектептерден ерекшеленетіні анық – оларда жемқорлық, ата-аналардан ақша жинау, қажетсіз пәндер, т.б. жоқ. Оның орынына оларда оқу үлгерімін бағалаудың әділ жүйесі, батыстық білім беру жүйесіне бағыт-бағдар және әр адамның қабілетін ашуға жағдай жасалған. Онда шынымен де республиканың түкпір-түкпірінен келген дарынды балалар оқиды. Сондықтан олардың халықаралық олимпиадалардағы көптеген жеңістері немесе белгілі шетелдік университеттерден оқуға шақырулары ешкімді де таң қалдырмайды.

Назарбаев Университетінде де жағдай дәл осындай, онда студенттер ірі және ашық конкурс негізінде – таныссыз, парасыз, алдаусыз және Қазақстанның басқа университеттерінде жиі қолданатын емтихан тестілері «ағызып жіберусіз» қабылданатын. Мұндай байқау кейіннен білімі мен біліктілігінің жоғары деңгейін көрсететін ең мықты және лайықты жастарды іріктеуге мүмкіндік береді.

Әдеттегі мектептерде де, жоғары оқу орындарында да осындай нәтижеге ұмтылу қажет, бұл үшін бірінші кезекте мемлекет оларды қаржыландыруды, оның үстіне айтарлықтай қаржыландырудыа рттыруы тиіс. НЗМ мен НУ-ды жабу арқылы елдегі білім сапасының төмендігі мәселесін шешуге болмайды. Керісінше, мүмкіндігінше дарынды балалар өзін-өзі жүзеге асыруы мақсатында мұндай мамандандырылған оқу орындарының санын көбейту қажет.

Иә, НЗМ, НУ және «Назарбаев Қорының» жұмысында, оның ішінде шетелден келген мұғалімдердің еңбекақысын төлеу мәселесінде ашықтық жоқ деген шағымдар аз емес. Бірақ мұндай сәттерді оқу орындарының қызметін тоқтатпай да шешуге болады. Оған қоса, тұңғыш президент мәртебесін өзгерту аясында НЗМ және НУ атауларын өзгерту туралы сөз болып жатыр. Алайда бұл да проблема емес. Кезінде қазақ-түрік лицейлері «Білім-инновация лицейлеріне» айналды, бұл олардағы білім мазмұны мен сапасына ешқандай әсерін тигізген жоқ.