Биыл Қазақстан спортшылары жаһандық додаларда ауыз толтырып айтарлық нәтижеге қол жеткізді. Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты секілді бәсекелерде туымыз желбіреді. Бұдан бөлек, елімізде биыл кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті.

Сонымен, Туризм және спорт министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, осы жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан құрамасының спортшылары халықаралық жарыстардан 621 медаль жеңіп алған. Ұлу жылын алтын жауған жылға теңесек, артық айтқандық емес. Өйткені сайыпқырандарымыз 213 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Бұған 191 күміс жүлде ме 217 қола медальді қосыңыз.

Күні кеше Черногорияның Будве қаласында жастар арасында бокстан әлем чемпионаты өткен. Байрақты бәсекеде жерлестеріміз 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль иеленді. Осылайша, күрзі жұдырықты қыз-жігіттеріміз жалпы саны 17 жүлдені қанжығасына байлап, турнир кестесінің бірінші сатысына жайғасты. Сайысқа 25 сайыпқыранымыз аттанғанын ескерсек, бұл – өте жақсы нәтиже.

Алтыннан тау тұрғызған алтаудың қатарында Бексұлтан Боранбек (51 кг), Сабырхан Төрехан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг), Санжарәлі Бегалиев (75 кг), Элянұр Тұрғанова (50 кг) және Аружан Зейноллаева (81 кг) бар. Жастарымыздың Еуропа төріндегі жеңісі былғары қолғап шеберлерінің әлі алар асуы алда екенін дәлелдейді.

Қазақстан спорты үшін ұлу жылы жаңалыққа толы болды. Бұрын-соңды жүлде алмаған сайыстарда өрендеріміз топ жарды. Осы орайда, ең әуелі еске Олимпиада ойындары түседі. Естеріңізде шығар, Қазақстан төртжылдықтың байрақты бәсекесінде 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медальді қоржынымызға салып, жалпы командалық есепте 43-орынға тұрақтады.

Париж төріндегі жалғыз алтынды дзюдо шебері Елдос Сметов иеленді. Жамбылдың жампозы бұған дейінгі Олимпиада ойындарында күміс (Рио, 2016 жыл) және қола (Токио, 2021 жыл) жүлдеге қол жеткізген еді. Осылайша, Ольга Рыпаковадан кейін үш мәрте жүлдегерлер қатарынан табылып отыр. Айта кетерлігі сол, бұған дейін Қазақстан дзюдо шеберлері татамиде топ жармаған еді. Тек 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Асхат Житкеев күміс, 2016 жылы Рио Олимпиадасында Галбадраһ Отгонцэцэг қола медаль тағынды. Париж төрінде Ғұсман Қырғызбаев жүлделі үшінші орыннан көрінді. Жалпы, қоржынымызда дзюдодан 6 медаль бар екенін, соның жартысын Елдос Сметов иеленгенін ескерсек, биылғы жылды табысты деуге толық негіз бар.

Сондай-ақ гимнастикадан да тарихи медальға қол жеткіздік. Нариман Құрбанов Қазақстан тарихында тұңғыш рет аталған спорт түрінен Олимпиададағы жүлдегелер қатарынан табылды. Спорттық гимнастикадан сынға түскен Алматының атлеті күміс медаль иеленді.

Сол секілді Александра Ле мен Ислам Сәтпаев та Париж төрінде жүлдесін атып алды. Жастарымыз 10 метрге пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден сынға түсіп, қола медальді қанжығасына байлады. Қазақстан соңғы рет аталған спорт түрінен жүлдеге сонау 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қол жеткізген еді. Алайда құралайды көзге атқан көшпенділердің ұрпағы содан кейінгі Олимпиада ойындарында жүлдегер атана алмай келген-тұғын. Міне, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев Қазақстан спортшыларының әлеуеті бар екенін дәлелдеп отыр.

Қазақстан қашан да бокс державасы саналып келген-ді. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары былғары қолғап шеберлеріміз төртжылдықтың байрақты бәсекесінде ала-құла ойын өрнегін көрсетіп жүр. Парижде де күрзі жұдырықты қыз-жігіттеріміз шаршы алаңда шыдамдылық таныта алмады. Еуропа төрінен боксшыларымыз екі медаль әкелді. Жалғыз күмісті 80 келі салмақта сынға түскен Нұрбек Оралбай иеленсе, қола медальді қайсар қызымыз Назым Қызайбай қанжығасына байлады.

Соңғысы Олимпиадада жүлде салған үшінші қызымыз атанып отыр. Бұған дейін Марина Вольнова Лондонда (2012 жыл), Дариға Шакимова Риода (2016 жыл) жеңіс тұғырына көтеріліп, қола медаль иеленген болатын. Ал Демеу Жадыраев Парижде күміспен күптеліп, Нұрбақыт Теңізбаев (2008 жыл, күміс) пен Юрий Мельниченко (1996 жыл, алтын) бастаған жолды жалғастырды.

Паралимпиада ойындарында спортшыларымыз ерледі. Екі алтын, 3 күміс және 4 қола медаль олжалаған сайыпқырандарымыз жалпы командалық есепте 39-орынға табан тіреді. Пауерлифтингтен сынға түскен Давид Дегтярев екінші мәрте Паралимпиадада топ жарды. Бұған дейін Токиода (2021 жыл) топ жарған ол өз салмақ дәрежесінде тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеді. Сондай-ақ дзюдошы Ақмарал Науатбек те еліміздің әнұранын Париж төрінде шырқатты.

Франциядағы Паралимпиада ойындарында Еркін Ғаббасов нысана көздеуден, Нұрдәулет Жұмағали жүзуден, Ерғали Шәмей дзюдодан күміс медальді қанжығасына байлады. Дастан Мұқашбаев жеңіл атлетикадан, Даяна Федосова, Зарина Райфова, Жұрқамырза Шүкірбеков дзюдодан қола жүлдегер атанды.

Өздеріңізге мәлім, 8-13 қыркүйек күндері Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткен болатын. Бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған айтулы аламанда әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жалпы саны 112 медальға (43 алтын, 32 күміс, 37 қола) қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Көшпенділердің Олимпиадасы саналған бұл додадағы жетістігіміз Қазақстан спортшылары кез келген спорт түріне бейім бола алатынын көрсетеді. Тек жеткілікті қолдау көрсетілсе болғаны. Әйтпесе, шетелдерде медальдан тау тұрғызатын елдің спортшылары бізден бір мысқал артық та емес, бір мысқал кем де емес екені анық.

Сайыпқырандарымыз биыл физикалық тұрғыда ғана емес, ақыл-ой жағынан да ешкімге дес бермейтінін дәлелдеді. Мәселен, маусым айында Үндістанның Гандинагар қаласында өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазыбек Нөгербек топ жарды. FIDE аясында өткен турнирде Қазыбек 11 ойын өткізіп, алты мәрте қарсыласынан айласын асырса, 5 ойында тең түсті. Осылайша, 8,5 ұпаймен жеңіске жетті.

Жалпы, Қазыбек Нөгербек осындай нәтижеге қол жеткізген төртінші шахматшымыз. Бұған дейін 20 жасқа дейінгілер арасында Дәрмен Сәдуақасов (1998 жылы), Динара Сәдуақасова (2016) мен Жансая Әбдімәлік (2017) әлем чемпионы атанған-тұғын.

Шахматшыларымыздың жетістігі мұнымен тоқтап қалмайды. Биыл Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өткен 45-ші шахмат Олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, күміспен күптелді. Құрамында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман бар қыздар құрамасы 18 ұпай жинап, екінші орыннан табылды. Қазақстаннан бір ұпайға артық жинаған Үндістан жеңіс тұғырының биігінен көрінді. Күміс медаль – Қазақстан шахматшылары үшін тарихи нәтиже екені айдан анық.

Бұдан бөлек, Қазақстан биыл бұрын-соңды бағынбай келген белестердің биігіне қол жеткізді. Мысалы, жыл басында Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных шашасына қар жұқтырған жоқ. Осылайша, аталған спорт түрінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш чемпион атанды.

Сол секілді ақпанда Қатар мемлекетінде өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында да спортшыларымыз топ жарды. Әртістік жүзуден аралас дуэт бағдарламасында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова ешкімге дес бермей, мықтылығын дәлелдеп, жеңіс тұғырының биігіне көтерілді.

Наурызда Роттердамда (Нидерланд) шорт-тректен әлем чемпионаты өткен-тұғын. Осы сайыста ұлттық құрама мүшесі Денис Никиша күміс жүлдеге қол жеткізді. Айта кету керек, Қазақстан спортшылары әлем біріншіліктерінде жүлдегерлер қатарынан көрінген емес. Осылайша, шорт-тректен ел тарихындағы алғашқы жүлдені иеленген Денис Никиша өз есімін Қазақстан тарихында күміс әріппен жазды.

Ал спорттық гимнастикадан Ташкентте өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Аида Бауыржанова ел қоржынын қола жүлдемен толықтырды. Бұл да Қазақстан үшін тарихи нәтиже. Биылғы спорттағы жетістіктеріміздің қатарында Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі де бар. Қарсыласын сұлатып түсіретін жуан жұдырықты боксшымыз қазан айында Андрей Михайловичпен қолғап түйістірген еді. Әлемдегі төрт басты белбеудің бірі – IBF аясында сынға түскен Әлімханұлы тоғызыншы раундта шаршы алаң иесін нокаутпен жеңді. Сөйтіп, Жәнібек жеңісті жылнамасын он алты кездесуге дейін жалғастырды.

Командалық сайыстарда ұлттық құрамамыз медаль олжаламаса да, жанкүйер көңілінен шығатын ойын өрнегін көрсетті. Өзбекстанда футзалдан өткен әлем чемпионатында Оразов бастаған жігіттер ширек финалға дейін жетті. Әсіресе, 1/8 финалда бас жүлдеден үміткер, 2021 жылғы әлем чемпиондары Португалия құрамасын жарыс жолынан тайдырды. Тек ширек финалда болашақ финалист Аргентинаға есе жіберіп қойды.

Хоккейшілеріміз де биылғы әлем чемпионатында тәуір нәтиже көрсетті. Швеция, АҚШ, Германия секілді азулы қарсыластармен бір топқа түскен ұлттық құрама мүшелері 6 ұпай жинап, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалды. Енді, хоккейшілеріміз келесі жылы Стокгольмде өтетін әлем біріншілігінде өнер көрсетеді.

Міне, Қазақстан спортшыларының биылғы жетістіктері осындай. Айта кетерлігі, сайыпқырандарымыз бұрын-соңды медаль бұйырмай келген спорт түрлерінен жүлде салып отыр. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спорт туралы айтқаны еске түседі. «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр», деген еді Президент Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуде.

Салаға жауапты министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз атқарып, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлсе, онда келешекте тарихи жеңістеріміз көп болатыны анық.