30 қаңтарда Қазақстан өткізген ең асқақ және көп шығынды халықаралық іс-шаралардың алғашқысы – VII қысқы Азия ойындарының ашылғанына тура 10 жыл толады. Сол кезде, 2011 жылдың басында, көптеген отандастарымыз осы іс-шара шын мәнінде жаһандық ауқымда, ол біздің елімізді бүкіл әлемге танымал етеді, отандық спортты бұрын-соңды болмаған биіктікке көтереді деп шын жүректен сенген еді.
Көзбояушылық
Азиадаға дайындық барысында қазақстандық БАҚ-та халықты бұл бүкіл планета тамашалайтын өте мәртебелі және беделді халықаралық жарыстар екендігіне сендіру мақсатында кең насихаттау науқаны басталды. Маңыздылығын одан әрі көтеру үшін тіпті еліміздің барлық аймақтарында «алау эстафеталары» (әдетте олар Олимпиада ойындарының алдында ғана ұйымдастырылады) өткізіліп, теледидар трансляцияларында көрсетілді. Осы Ойындардың мәртебесін барабар бағалауға шақырған аз ғана журналистер Азиадаға кіршалдыру әрекетіне ұмтылыстары мен патриотизмнің жоқтығы үшін айыпталды. Алайда, бүгін, он жылдан кейін, кімдікі дұрыс, ал кім жоқ нәрсені бар сияқы етіп көрсеткені жөнінде қорытынды жасауға болады.
Азияның Олимпиадалық кеңесі (АОК) белгілеген кезеңділікке сәйкес, ағымдағы 2021 жылғы қаңтар-ақпанда кезекті 9-шы қысқы Азиада өтуі тиіс. Алайда ол өткізілмейді. Мәселе мүлдем коронавируста емес. АОК ресми сайтында барлық комплексті континенталды жарыстардың күнтізбесін табуға болады: 2022 және 2026 жылдардағы жазғы Азия ойындары, жабық ғимараттағы және жекпе-жектегі Азия ойындары, жағажайдағы, паралимпиадалық, жасөспірімдер арасындағы спорт ойындары... Олардың кейбіреулерін түсінікті себептерге байланысты кейінге қалдыру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ қысқы Азиада тіпті еш жерде айтылмаған.
Себебі, Азияның Олимпиадалық кеңесі оған деген қызығушылығын мүлдем жоғалтты. Бұл 2018 жылғы 8-ші Азия ойындарынан кейін болды, сол кезде тағы да барлық медальдар (192-нің 191-і) тек төрт елдің – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстанның өкілдеріне берілді. Шын мәнінде, континенттің басқа жерлерінде объективті себептерге байланысты халық қысқы спорт түрлерімен сол қалпы айналыса бастамады. Көптеген елдерде оған ауа-райы мен климаттық жағдайлар жол бермейді, өйткені ол жерлерде қар мен аяз болмайды. Ал жабық ғимараттарда тек мұз айдынында ғана өтетін, оның үстіне өте қымбат (олимпиадалық бағдарламаға кіретін 109-дан 33-і) спорт түрлерін дамытуға болады.
Сонымен қатар, бұл Ойындарды өткізгісі келетін елдер жоқ. Жалпы алғанда өздерінде сегізден жеті қысқы Азиаданы қабылдаған «үлкен азиялық үштік» (Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея) бұдан былай телевизияға да, демеушілерге де мүлдем қызықсыз және қаржылық жағынан да, имидждік жағынан да ештеңе бермейтін, бәсекелестік деңгейі төмен жарыстарға ақша жұмсағысы келмейді. Оның үстіне, соңғы жылдары дәл осы үш ел Олимпиадалардың қожайыны болды: 2018 және 2022 жылдары (қыстық) – сәйкесінше Оңтүстік Корея мен Қытай, 2020 жылы (жаздық, 2021 жылға ауыстырылды) – Жапония. Ал ұсақ-түйекке шашылудың олар үшін мағынасы жоқ.
Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, АОК қысқы Азиадаларды белгісіз мерзімге тоқтатты. Оларды қайтадан өткізуді ұзақ уақыт күтуге тура келуі мүмкін.
Менің ойымша, жоғарыда айтылғаннын бәрі осы жарыстардың мәртебесі әрдайым өте төмен болғанын түсіну үшін әбден жекілікті. Ал осыдан он жыл бұрын ҚР спорт басшылығы Қазақстан қысқы Азиаданы өткізу құқығын жеңіп алды деп мәлімдегенде, бұл алдау екені анық. Біреуден бір нәрсені күресте жеңіп алуға болады, ал бұл жағдайда Азияның Олимпиадалық кеңесі басқа ешкім талап етпеген нәрсені бізге аса қуанышпен берді. Біздің спорт шенеуніктеріміздің бұл мәлімдемесі, сол Ойындардың айналасындағы барлық үгіт-насихат алдауы сияқты, тек бір мақсатты көздеп, ел билігі мен қоғам алдында оларды өткізуге үлкен қаржылық шығындарды ақтауға бағытталған.
Далаға кеткен ақша
Сол Азиадаға еліміз 1,7 миллиард доллар жұмсаған болатын. Сол кездегі бағам бойынша бұл шамамен 255 миллиард теңге – жалпы халық саны екі миллионға жуық Қазақстанның үш облысының жылдық жиынтық бюджеті сол кезде осындай болған! Ақша мүлдем ақылсыз жұмсалды, ол ақшаның едәуір бөлігі ұрланды, ал Ойындар аяқталғаннан кейін қозғалған бірнеше қылмыстық істер үлкен айсбергтің тек ұшы ғана болды деп болжау керек. Мен мағынасыз шығындардың жеке мысалдарын келтіремін.
Үлкен шенеуніктердің біріне мұз айдынындағы спорт түрлерінен жарыстарды Азиаданың ресми астанасы Алматыда емес, бұл Қазақстан астанасының әлемге танылу дәрежесін арттырады деп (ол да айқын алдау, өйткені байсалды адамдар осы Ойындар әлемге мүлдем қызықсыз екенін жақсы түсінген болатын), Астанада өткізу туралы ой келді. Ал Азияның Олимпиадалық кеңесі, Халықаралық Олимпиада комитеті сияқты, әдетте мұндай географиялық таралуды құптамаса да, бұл жағдайда оның басшылары Азиада иелерінің кез-келген қыңырлығымен келісуге дайын болды. Соның салдарынан Астанада өте қымбат тұратын мұз ареналарын салуға тура келді. Ал біраз уақыттан кейін Алматыда олардың салынуын «тағы бір дүркін» қайталауға мәжбүр болды – бұл нысандарсыз оңтүстік мегаполис 2017 жылғы Универсиаданы қабылдай алмас еді. Иә, астанамызға да хоккей, мәнерлеп сырғанау және т.б. үшін алаңдар қажет, бірақ, мысалы, құрылысы 152 миллион доллар (сол кезде 23 миллиард теңгеге жуық) тұратын және күтіп-ұстауы енді жыл сайын миллиард теңгеден асатын үлкен «Алау» мұз сарайын салу мүлдем міндетті емес еді. Айтпақшы, жақында БАҚ-тың бірі хабарлағандай, бұл нысанның баланстық құны 6,6 миллиард теңгеге дейін, яғни төрт есеге дейін, ал долларға шаққанда – тіпті он есеге дерлік (!) төмендеді.
Телетрансляцияларды ұйымдастыруға 60 миллион доллардан астам қаражат жұмсалды, бұл соманың басым бөлігін, оған сатып алынған телевизиялық аппаратураны қоса алғанда, телевизиялық хабар таратушы ретінде шақырылған шетелдік компания алып кетті. Ал екі жылдан кейін құрылған «Казспорт» мемлекеттік телеарнасының ұжымы жылжымалы телевизиялық станциялардың (ЖТС) тапшылығымен ескірген техникада жұмыс істеуге мәжбүр болды. Шығындардың көлемін түсіну мүмкін болуы үшін мен бір салыстыруды келтіремін. Еліміздегі ең бастысы деп есептелетін «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокорпорациясына (оның құрамына «Қазақстан» телеарнасы, сондай-ақ алдында аталып кеткен «Қазспорт», оған қоса «Балапан», «Абай-ТВ», бірнеше радиостанциялар мен барлық өңірлік телерадиокомпаниялар кіреді) өткен жыл бойына бюджеттен 21 миллиард теңге немесе 50 миллион долларға жуық қаражат бөлінді. Ал бір аптаға ғана созылып және шын мәнісінде тек Қазақстанда ғана тамашаланған Азиаданың түсірілімдері мен трансляциялары оған қарағанда 10 миллионға қымбатқа түсті. Бұл тағы да шығындардың ақылға қонымды болу дәрежесі жөнінде.
Жарыстарға арналған билеттерге қатысты жағдай мүлдем күлкілі болды. Ұйымдастырушылар оларды сатудан 244 миллион теңге алды, ал бұл билеттердің өзін жасатуға (билет сатушылардың еңбегін есептемегенде) 280 миллион тенге жұмсалды. Басқаша айтқанда, тіпті билеттерді басып шығару шығындары да өтелмеді. Азиада ұйымдастырушыларының пікірінше, тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ шетелден келген ондаған мың жанкүйерлер мен туристер сатып алуы тиіс болатын ондаған миллион ешкімге де қажет емес қағаздарды қалайша жойғанын көру қызықты болар еді.
Келгендер – ең көп дегенде бір жарым-екі жүз шетелдіктер. Ал сол ұйымдастырушылар уәде еткен 1260 шетелдік БАҚ өкілдері арасынан өздерінің Азиадаға қатысуы арқылы құрмет көрсеткен тек екі-үш ондығы ғана. Мысалы, Ойындарды өткізу тарихында 138 алтын медаль алған Жапониядан (оның ең жақын бәсекелесі Қытайда – 94 алтын медаль) бес журналист қана болды.
Барлығы білетін құпия
Ал рекорд – бұл енді мәңгілік сияқты – бір ғана қысқы Азиададағы алтын медаль саны бойынша біздің елімізге тиесілі және ол дәл осы 2011 жылы орнатылды. Жарыс басталардан бірнеше күн бұрын осы мақаланың авторы «Қазақстан 69 ойналатын медальдардың ішінен 29-дан 32-ге дейін алтын медаль жеңіп алып, қалғандарынан айтарлықтай озып, бірінші жалпы командалық орынды алады» деп жазған кезде, кейбір журналистер менің есім дұрыс емес деп есепеген болатын. Өйткені, төрт жыл бұрын өткен алдыңғы Ойындарда қазақстандықтар жоғары сынамалы 6 наградаға ғана ие болған. Олардың ойынша, бес еседен артық өсу қайдан келуі мүмкін?
Тіпті ашылу салтанатына дейін жарияланған «Азиада мен мәдениетсіздік» деп аталатын мақалада болашақ «триумфтың» құпиясы егжей-тегжейлі айтылған болатын. Ол құпия отандық спорт жетекшілері иелерінің жарыс бағдарламасына өзгерістер енгізу құқығын қолдана отырып (бұл қатаң талаптар міндетті түрде сақталатын Олимпиададан мүлдем алыс), оны бір уақытта тас-талқан еткенінде. Оның үстіне олар мұны мүмкіндігінше біздің спортшыларымыздың бәсекелестері неғұрлым аз болатындай және олардың жеңіске жетуіне ештеңе кедергі болмайтындай етіп жасады.
Мысалы, шаңғыда бағдарлау бойынша 8 сыйлық жиынтығы ойнатылды, ол ешқашан олимпиадалық бағдарламаға енбеген және Азияда іс жүзінде қолданылмаған. Оның үстіне, осы ерекше спорт түрінде біздің құрама үшін шақырылған ресейліктер өнер көрсетті, олар 8 алтын медальдың барлығын оңайлықпен жеңіп алды (өйткені оларға жалпы бәсекеге түсетін ешкім болмады). Айтпақшы, содан бері Қазақстанда шаңғыда бағдарлау жөнінде ештеңе естілген емес. Олимпиадалық тіркеуі жоқ доппен ойналатын хоккей турниріне тек үш құрама қатысты, ал олардың екеуінің (қырғыз және моңғол құрама командалары) дәрежесі жөнінде біздің командамыздан 0:21, 2:17 есебімен жеңілген нәтижелер айқын көрсетеді.
Бірқатар спорт түрлерінде ұйымдастырушылар қазақстандықтар өздерінің басты қарсыластарынан әлсіз болған жарыс түрлерін алып тастады. Айталық, бағдарламаға енгізілген басқа үш спорт түрлерінен (таудан жылдам түсу, супер-гигант және комбинация) айырмашылығы, шаңғышылар слалом мен алып слаломда бәсекелесу мүмкіндігінен айырылды, ал онсыз бұрын Олимпиадаларды да, Азиадаларды да елестету мүмкін емес еді, және олар Сары континентте де біршама дамыған. Нәтижесінде, осы спорт түріндегі бәсекелестіктің онсыз да төмен деңгейі мүлдем төмен болып қалды. Есесіне алдыңғы екі Азиадада бірде-бір медаль жеңіп алмаған қазақстандық тау шаңғышылары енді бірден 10, оның ішінде үш алтын медаль алды.
Егер бұрын шаңғы фристайлында мұндай ойындарда тек екі марапат жиынтығы ойнатылатын болса, бұл жолы – бірден алты жиынтық ойнатылды, ал біздің спортшыларымыз мұнда төрт спорт түрі бойынша (оның ішінде екеуі олимпиадалық емес) «алтынға» ие болды. Сонымен бірге, сноуборд мүлдем болған жоқ, оның кейбір түрлерінде – мысалы, Олимпиада бағдарламасына кіретін хафпайпта (үлкен қарлы жартылай құбырда сырғанау және ұшу) – жапондықдар мен қытайлықтар тіпті әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті.
Жарыстар бағдарламасымен басқа да көптеген манипуляциялар жасалды. Бұны көрген және осындай фарсқа қатысу ниеті болмаған Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореяның спорт функционерлері енді оған қатыспауға шешім қабылдап, өз құрама командаларының көптеген көшбасшыларын басқа халықаралық турнирлерге – 27 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өткен қысқы Универсиадаға, әлем Кубогының кезеңдеріне жіберді...
Осы жағдайлардың барлығы, қоса алғанда, алтын медальдар саны бойынша (32 медаль) «тарихи» рекорд орнатуға мүмкіндік берді. Алайда, келесі Азия ойындарында Қазақстанды өз орнына қойды: Азиада-2017-ге сол кездегі барлық мықты қазақстандық спортшылар – Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Галина Вишневская, Абзал Ажгалиев, Екатерина Айдова, Денис Кузинді қоса алғанда, «қысқы ойыншылар» аттанғанына қарамастан, біздің еліміз әдеттегі 4-ші позицияға оралып, жоғары сынамалы 9 наградаға (оның 6-ы биатлонда) ие болды.