Сыртқы істер министрлігіне бірқатар қосымша құзырет берілуі ықтимал. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа өзгеріске сай, енді аталған ведомствоға мына функциялар беріледі:
- ҚР Үкіметі бекітетін дипломатиялық поштаны жоспарлау, жиынтықтау, ресімдеу, жөнелту, жеткізу, қабылдап алу, сақтау тәртібін әзірлеу және бекіту;
- ҚР Үкіметі бекітетін дипломатиялық поштаны пайдалану құқығы бар Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұйымдарының тізбесін әзірлеу және бекіту;
- инвесторлар үшін «бір терезе» жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасасу тәртібін әзірлеу және бекіту;
- дипломатиялық қызмет жұмыскерлерінің өкiлдiк керек-жарағы туралы ереженi әзірлеу және бекіту;
- ҚР халықаралық шарттарын жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарларын әзірлеу қағидаларын айқындау.
Айта кетейік, қазіргі заңнама бойынша бұл құзыреттер Сыртқы істер министрлігінің құзыретіне кірмейді.
Қаулы жобасы 7 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.