Қордай трагедиясынан кейін Қазақстандағы этносаралық қатынастардың шиеленісуін әрі қарай жасыру мағынасыз болып қалды. Ал осы жәйт бұл саладағы мемлекеттік саясатты түбегейлі өзгертуді талап етеді. Сондай-ақ, сарапшылардың пікірінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы консультативтік-кеңесші орган бола отырып, жаңа бағыт үшін маңызды жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Сонымен қатар, ол жақында, 28 сәуірде өтетін өзінің келесі сессиясында өзгеруге, яғни көбінесе көрнекі құрылымнан нақты жұмыс істейтін құрылымға айналуға дайын екендігін көрсетуі тиіс. ҚХА мен мемлекеттен азаматтарымыз қандай шешімдер күтетіні жайлы біз «Еуразиялық саясат институты» Ақпараттық-талдау орталығының басшысы, «Лад» республикалық славян қозғалысының төрағасы Максим Крамаренкомен әңгімелестік.

- Максим Борисович, сіз елдегі этносаралық қатынастардың динамикасын қандай деп бағалайсыз?

- ҚХА-ның жиырма тоғызыншы сессиясының негізгі «Бірлік, бейбітшілік және келісімнің 30 жылы» деген тақырыбы біздің шындыққа біршама сай келеді. Расында да, өткен жылдары тәуелсіз және еркін өмір сүру кезінде Қазақстан этносаралық және конфессияаралық деңгейде қандай да бір ірі қақтығыстардан сақтана алды. Бұл жерде, әрине, интернационализмнің кеңестік «ұйытқысы» үлкен рөл атқарды. КСРО 1991 жылы өз өмір сүруін тоқтатса да, біздің көпшілігіміз осы уақытқа дейін инерция бойынша бізде терең орнаған кеңестік дүниетанымның көзқарастарымен өмір сүріп келдік.

Бұл жәйт бірқатар факторлардың арқасында орын алды: осыдан 80 жыл бұрын гитлерлік Германия соғысты бастаған кезде басымызға келіп түскен ортақ қайғылы оқиға және біздің сол соғыстағы барлығымыз үшін ортақ Жеңіс; Қазақстанда үлкен кеңес елі халықтарының өкілдері салған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыта отырып, тың жерлерді игеру; 60 жыл бұрын, Қазақстан жерінен ғарышқа алғашқы адам ұшқан кездегі біздің ғылыми-техникалық триумфымыз және халықтар достығын оятқан кеңес адамдарының басқа да көптеген жеңістері. Бірақ бұл ресурс қазір аяқталуда. Өткен 30 жыл ішінде «этноұлттық саясаты бар, халықтардың баяғы сол достығы арқасында ұлттық азшылықтарды қолдау және алға жылжыту саясаты бар кеңестік шындық» деген не екенін білмейтін қазақстандықтардың біртұтас буыны өсті.  

- Сіздің ойыңызша, бұл вакуум немен толтырылып жатыр?

- КСРО-ның жойылуымен этносаяси құрылымның бұл формасы демократияның үлгісі деп мәлімдеп, республика Батыс Еуропа үлгісі бойынша мемлекет-ұлт құруға бет алды. Мемлекеттік құрылыстың осындай қағидаты бар институттарының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясы болды, оның мақсаттары оның қызметін регламенттейтін заңда жазылған. Бұл қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, этностардың азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету.

Бұл ретте республикада тұратын ұлттық азшылықтардың, диаспоралардың мүдделерін қамтамасыз етудің барлық мәселелері оңайлықпен шешіле салды. Оларды, құқықтық ұғымдарды заңнамада белгілеместен, жойып тастады. Мұндай саяси шешімнің қисындамасы қарапайым – заңда тиісті құқықтық ұғым болмаса, демек, Қазақстанда ұлттық азшылықтар мен диаспоралар жоқ деген сөз. Алайда бұл ұғымдар біздің республикамыз халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде мойындайтын бірқатар халықаралық актілерде көрсетілген.

Осы жерде, менің ойымша, біз өзіміз лақтырған су астындағы тастарға өзіміз сүріне бастадық. Нәтижесінде, әділ құқықтық тәсілдің орнына бұл мәселе біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан этносаясатты әлі де қауіпсіз талқылауға болатын «кухнядағы саясаттану» деңгейіне өтіп кетті. Бірақ дәл сол жерде наразылық үшін «құнарлы топырақ» жетілуі ықтимал, бұл Қордай трагедиясына ұқсас оқиғаларға әкелуі мүмкін.

- Әңгіме қандай «су астындағы тастар» жайлы болып отыр?

- ҚХА-ның идеологиялық тетігіне бейресми түрде енгізілген этномәдени бірлестіктер басшылары арқылы батыстық озық қоғамдарында өзін өзі қандай да бір ұлттың немесе этникалық топтың өкілімін деп атамайды деген ой еңгізуге тырысады. Көп қолданылатын сілтеме, мысалы, Францияға қатысты болды, онда барлығы өздерін французбыз деп атайды, кейде олар (бұл батыстық мемлекет-ұлттың ерекше белгісі дей отрып) өздерінің испан немесе орыс тектес екендігін қосымша айтады. Алайда Франция жөнінде келтірілген мысалдың өзі, жұмсақтықпен айтқанда, сенгісіз болып шығады. Бұл елде әлі де өздерін бретондықпыз деп атайтын азаматтар бар, олар өз тілдерін қорғауды және дамытуды талап етеді, сонымен қатар саяси оқшауланудың қандай да бір түріне қол жеткізуге қарсы емес.

Сонымен қатар, Арнольд Джозеф Тойнбидің саяси институттарды бір қоғамнан екінші қоғамға механикалық түрде көшіре салу қаупі жөніндегі ескертуін ешкім есепке алмайды. «Бейбітшілік пен Батыс» деп аталатын еңбегінде ол Батыс Еуропада таралған мемлекет-ұлт сияқты саяси институтты орнату Шығыс Еуропа үшін, әсіресе Азия үшін қауіпті екендігіне назар аударды. Оның пікірі Батыс Еуропада тілдік карта құрақ көрпеге ұқсайтындығына, ал тілдердің шекарасы сол жерде дамыған мемлекеттерге сай болатындығына негізделген. Немесе, кем дегенде, «бір тілде сөйлейтін адамдар көп жағдайда бір қауымдастықты басқа қауымдастықтардан бөлетін жеткілікті айқын лингвистикалық шекаралары бар бір ықшам аймақта шағын қауымдастықтарда тұрады».

Бірақ әлемнің басқа жақтарында жағдай мүлдем басқаша. Ондағы тіл картасы «жарқыраған жібек жамылғысына» ұқсайды, өйткені «әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар соншалықты айқын бөлінбейді... олар географиялық тұрғыдан араласып, сол бір қалалар мен ауылдардың бір көшесіндегі үйлерден үйлерге ауысады». Сондықтан, ғалымның пікірінше, Батыс Еуропа мемлекеттерінен тыс жерде «мемлекет-ұлт» сияқты институтты күштеп еңгізу толқулар мен күйреуге әкеледі.

- Қазақстан үшін мұндай тәсілдің қандай салдары болуы ықтимал?

- ҚХА-ның сол сессияларында және мемлекеттік насихаттың ақпараттық себебі болып табылатын басқа да іс-шараларда Қазақстанда бір ғана халық бар деген тезис жиі айтылады. Бірақ егер біз ҚХА туралы заңға жүгінетін болсақ, онда бізде екі халық тұратынын көреміз. Кем дегенде, оны оқығаннан кейін дәл осындай тұжырым пайда болады, өйткені онда «Қазақстан халқы» деген сөз тіркесі кездеседі, бірақ сол жерде оған қоса «қазақ халқы» деген сөз тіркесі де қолданылады. Және бұл бір-бірін алмастырмайтын, яғни бірдей емес ұғымдар. Сонымен, біз бір халықпыз ба, әлде жоқ па?! Және бұл тәсіл ассимиляцияға әкелмейді ме?

Шындығын айтсақ, «қазақстан этностары» деген сөз тіркесі де бар. Бірақ, өз тағдырын біздің республикамен байланыстырған түрлі ұлт өкілдерінен тұратын қазақстандық саяси ұлт құруға ұмтылу дұрысырақ шығар? Республикадан тыс жерде орыс, татар, армян және басқа да халықтар бар екенін біле отырып, этникалық топ деп аталу біртүрлі оғаш көрінеді ғой.

Қазақстанда қандай да бір диаспораның жоқтығы туралы тезис те оғаш көрінеді, өйткені қанша дегенмен ҚХА туралы заңда оның шетелдегі қазақ диаспорасымен байланысты дамытумен айналысатыны айтылған. Ал сонда басқа елдермен екіжақты қарым-қатынастардағы тепе-теңдік қағидасы қайда қалады? Мәселен, Украинаға бізде өз диаспорасын құру құқығына жол берілмеді. Кем дегенде, біз оны заңнамалық деңгейде мойындамаймыз, өйткені украиндар – Қазақстан халқы этностарының бірі. Бірақ сонымен қатар Украинада біз қолдау көрсетіп отырған қазақ диаспорасы бар.

Сонымен бірге, басқа мемлекеттердің диаспораларын және олардың мүдделерін мойындау «аналық» елдерінен инвестициялар тартуға ықпал етуі ықтимал. Өйткені, оның мүдделері заңмен қорғалатынын білетін адам өзінің жеке игіліктеріне қол жеткізуге тырысады, бұл мұндай қоғамның жалпы игіліктеріне тікелей және оң әсерін тигізеді. Неліктен мұндай диаспоралардың өкілдерінен шыққан және тұрып жатқан мемлекеттерінің арасында қосымша коммуникациялар құруды қамтамасыз ететін ҚР СІМ жанынан қоғамдық-консультативтік орган құрмасқа?

ҚХА алаңдарында осындай тақырыптарды талқылап, халықпен неғұрлым кең диалог құру жақсы болар еді. Өйткені, біздің билік саяси пікірталастар кезінде «кухняларда» талқыланатын нәрселер жөнінде аз біледі, сондықтан бұл сырттан әсер етуге лайық «құнарлы топыраққа» айналады.

ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ ПІКІРЛЕР

Ядикар Ганиев, азаматтық белсенді:

- «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның 1-бабында осы ұйымның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін заңды тұлға құрмаған мекеме ретіндегі құқықтық мәртебесі айқындалған. Бір сөзбен айтқанда, бұл қоғамдық ұйым. Демек, ҚХА өкілеттіктері мен мүмкіндіктері де осыдан туындайды. Оның үстіне, барлық ұлттық мәдени орталықтар осы заңға сәйкес Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері болып табылады. Сондықтан олар өткізетін барлық іс-шаралары көбінесе көңіл көтеретін ойын-сауық іс-әрекет екендігі таңқаларлық емес. Демек, ҚХА-ның кезекті сессиясынан ұлтаралық мәселелер бойынша қандай да бір маңызды шешімдер күту үшін оның құқықтық мәртебесін өзгерту керек және оған кіретін ұлттық мәдени бірлестіктердің өкілеттіктерін кеңейту қажет...

Оның үстіне, ҚХА этносаралық қатынастар саласындағы жағдайдың әдемі көрінісі ретінде, шамасы, ең алдымен, әлемдік қоғамдастық пен халықаралық институттарының алдында көзбояушылықпен айналысу үшін құрылды. Ал мемлекеттің осы салада атқаратын міндеттемелері бұдан әлдеқайда кең. БҰҰ-ның байырғы халықтардың құқықтары туралы декларациясының мәтініне көз жүгіртіп өту жеткілікті – сонда біз ұлтаралық келісімнің мемлекеттік саясатын құрудың мәні ҚХА белгісімен ауыстырылғанын көреміз.

Күн тәртібінде болуы мүмкін және болуы қажет нақты мәселелерді шешуге келетін болсақ, мысалы, дүнгендермен шиеленіске қатысушылары қандай жазаға тартылғаны, зардап шеккендерге өтемақы төленгені немесе төленбегені белгісіз... Басқаша айтқанда, мемлекет әділеттілік актісін жасады ма? Алайда, бұл мәселелерді көтеруге ешкімнің батылдығы жетпейтініне сенімдімін. Біз ұлтаралық қақтығыстардың көптеген жағдайлары туралы білеміз, бірақ билік оларды бұзақылық көріністерге жатқызуды жөн көреді. Шын мәнінде, біздің елімізде ұлтаралық және әлеуметтік проблемалар жасырылып жатыр.

Өкінішке орай, ҚХА-ның қазіргі басшылығынан сессияны демонстрациялық және ойын-сауық іс-шарасы рухында өткізуден басқа ештеңе күтудің қажеті жоқ.

Қуат Күнболатов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы саяси кеңесі төралқасының мүшесі:

- ҚХА – этносаралық қатынастар саласында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған құрылым. Бірақ, менің ойымша, ол әзірге сол дәрежеге дейін өскен жоқ. Бәлкім, бұл барлық басқа қабаттар сияқты, негізінен оған бөлінген мемлекеттік қаражатты игеріп, жұмыстың көрінісін жасайтын билік пен қоғам арасындағы тағы бір қосымша қабат болар... Қордай ауданында бір жыл бұрын болған жанжал осындай қорытындыға әкеледі.

Осы мәселе жөнінде ойланып көрейік. Қазақтардың жан дүниесінің кеңдігі жайлы бәрі де біледі, сондықтан мен бұл әлемдегі ең толерантты ұлттардың бірі деп айтсам қателеспеймін. Өйткені тарихтан қазақтар сөздің тура мағынасында депортацияланған халықтардың өкілдерін аштықтан өлуден құтқарып, олармен бір үзім нанымен бөліскен, баспанасымен бөліскен жағдайлар көп екені белгілі. Демек, нацизм оларға тән емес нәрсе деген қорытынды шығаруға болады.  

Қордай ауданындағы оқиғаларға қайта оралайық. Жанжалдың негізгі себебі неде? Менің ойымша, бұл жерде мәселе белгілі бір этникалық топты жек көруде емес, мұндағы мәселе заңдылық пен әділеттіліктің болмауында! Мен ҚХА-ға, ол елде тұрақтылықты сақтауға бағытталғандықтан, өз сессиялары аясында концерттерді азырақ өткізіп (кем дегенде, қазіргі кезде бұл орынсыз), ал жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының қызметінде ашықтық дәрежесін, әсіресе ұлттық азшылықтар ең жинақы тұратын жерде, арттыруға көбірек ықпал етуді ұсынар едім. Егер жергілікті жерлерде елорда тарапынан ашықтық пен арнайы бақылау болса, онда заңдылық та пайда болады, ал ол өз кезегінде этникалық топтар арасындағы қарым-қатынастардағы артықшылықтардың басым көпшілігін жояды.