Отандық бюрократияның өкілдерінің бір көрнекті қасиеті бар. Олар не отқа күймейді, не суға батпайды, ал үрлемелі аспаптардың дыбысы оларға жеңіске аттану маршы түрінде естіледі, сол ырғақтың сүйемелдеуімен олар, ешнәрсеге қарамастан, өз мансаптарын құрады. «Іріп-шіріген» Батыстың бір жерінде масқара болған немесе ұрлықпен айналысқан мемлекеттік қызметкерлер біржола есептен шығарылып тасталатын еді. Бірақ біз үшін бұл стандартты тәжірибе демесек те, әдеттегі оқиға болып табылады.

Өткен кездердің «батырлары».

Осыдан онша көп емес уақыт бұрын Бердібек Сапарбаевтың жасаған «қылмысына» қатысты ақпарат айдыны ашу-ызадан жарылып кетуге аз қалды. Жамбыл облысының басшысын Тараздың бұрынғы әкімі Қайрат Досаевты (ол бұған дейін өзіне сеніп тапсырылған аумақта 12 жасар мектеп оқушысын зорлау оқиғасы орын алғандықтан мемлекеттік қызметтен босатылған) басқармалардың бірінің басшысы етіп тағайындауға батылы барғаны үшін Линч жазасына ұшыратуға аз қалды. Сол кездегі отставка расында да резонанс тудырған еді, ол шын мәнінде Досаев мырзаның кейінгі мансабындағы толқуларға қоғам белсенділерінің назарын аударды. Алайда, сол отставка біздің шенеуніктердің суға батпайтынын айғақтап тұрған осыған ұқсас басқа да тәжірибелерден ешбір ерекшеленбейді. Досаевқа дейін де, одан кейін де айыпталуға үшыраған мемлекеттік қызметкерлер жиі судан құрғақ түрінде шығып, «қатардан» шығып қалуды тіпті ойламаған. Президенттің өзі оны жұмыстан шығаруға бұйрық берсе де – бұл бұрын-соңды ешқашан орын алмаған нәрсе емес қой. Бірақ ақырында қатардан шығып қалғандар да онша алысқа ұшып кеткен жоқ.   

Біздің сарапшылар түсіндіргендей, заңнама нормалары шенеунікті «шулы» отставкадан кейін басқа қызметке тағайындауға тыйым салмайды. Сондай-ақ сөгіс те әрі қарай жұмыс істеуге шектеу болып табылмайды. Сонымен, әдеттегі кадрлық водевильдегідей – «бәрі жақсы, сұлу-әсем маркиза». Шындығында да, егер біреулер «ұрлау – ішу – түрмеге түсу» деген қағидамен өмір сүрсе, онда неліктен басқаларға «лауазым алу – ойына келгенін істеу – жаңа лауазым алу» деген қағида бойынша өмір сүрмеске? Ал мысалдар, айталық, бірінен бірі асып түседі.   

Бір кездері, 2000-шы жылдардың аяғында (мұны есінде сақтап қалғандар аз болар) Шығыс Қазақстан облысын Әділғазы Бергенев басқарған. Бірақ көп уақыт емес, өйткені ресми тұжырым бойынша, ол «биліктің қриминалмен қосылуына жол берді». Сол кездегі елдің жоғары басшылығында жауапты қызметтерді атқарып жүрген премьер-министр Кәрім Мәсімов және президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин Бергеневті лаузымынан босату үшін асығыс түрде сол аймаққа келуге мәжбүр болды. Есімізде қалғаны, Аслан Мусин сәтсіздікке ұшыраған әкімді айыптай отырып: «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері арасындағы қиянат жасау фактілері төрт есеге өсті. Өткен жылы түрлі деңгейдегі 14 әкім тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Атқарушы билік өкілдері 173 сыбайлас жемқорлықтық қылмыс, 324 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы индекс бойынша республика өңірлері арасында соңғы орында тұр. Бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың осы процестерді іс жүзінде басқармайтынын, құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестірмейтінін көрсетеді. Облыстық шенеуніктердің криминогендік құрылымдармен бірігуі орын алды» – деген болатын.

Бергеневтің келешек тағдыры қызығарлықсыз еді – мұндай фиаскодан кейін «жоғарыға шығу» мүмкін емес іс сияқты болып көрінді. Бірақ уақыт емдейді деп бекер айтылмаған. Ол жүйенің жүрегіне Бергеневтің салған жарасын да емдеді. Сипатталған оқиғалардан кейін сегіз жыл өткен соң Әділғазы Сәдуақасұлы қайтадан мансабын құрастыра бастады, бірақ қандай-да бір жай жерде емес, ал... Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде, шын мәнінде, сол жерде ол әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр.

Бұл оқиға қазіргі Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың басынан бұрынғы бір кездері өткен оқиғаны еске түсіреді. Оған да жастық шағында жанжалдың басылуын «күтіп отыруға» тура келді. Шындығына келсек, оның Бергеневтен айырмашылығы, жүз миллионнан астам доллар жинап үлгерді. Ол осы уақыт ішінде «Форбс» журналының қазақстандық тізімінде ең соңғы емес қатарында орналасқан. 2006 жылы Досаев Денсаулық сақтау министрі болған кезде, оңтүстікқазақстандық балалардың ВИЧ инфекциясын жаппай жұқтыру фактісіне жол берді, ол үшін сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевпен бірге қызметінен босатылды. Бұл шешімді жоғары деңгейде – президенттің өзі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қабылдады. Бірақ тура алты жылдан кейін Досаев жетекші мемлекеттік қызметке оралып, Экономикалық даму және сауда министрлігін басқарды. Ал Болат Жылқышиевке келер болсақ, оның да кейінгі мансабы сәтті болды. Қауіпсіздік кеңесінің жойқын отырысынан кейін ол қандай-да түсініксіз себептермен бірден «Қазатомөнеркәсіпке» ауысып, оның үстіне бірден вице-президенттік лаузымына ие болып, содан кейін тіпті парламентте алты жыл отырып шықты. Енді ол қайтадан Қазатомөнеркәсіпте омбудсмен қызметін атқарып жүр.   

Ал, мінеки, соңғы онжылдықтағы ішкі саясаттағы ең резонансты оқиғалардың бірі (ол бүкіл елді шарпыған жер митингілерімен тікелей байланысты болғандықтан, көптің есінде болса керек) – 2016 жылдың мамырында еліміздің тұңғыш президенті өзі Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізумен айналысқан Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевты қызметінен босатты. «Ол осы заң жобасын әзірлеуге жауапты болды, осы заңнамалық актінің нормаларын қабылдау және енгізу бойынша жұмыс жасады. (...) Тапсырманы орындай алмады, үкіметті сәтсіздікке ұшыратты», – деп Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді сол кезде. Бірақ, Елбасы осы сөзін аяқтап жатқанда, біреу Өскенбаевты жаңа қызметке тағайындау туралы бұйрық жазуға кірісіп кеткен көрінеді. Ол бірден «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ бсқарушы директорының креслосына орналасты, ал екі жылдан кейін ол Инвестициялар және даму министрінің орынбасары болды. Бүгінде Қайырбек Өскенбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі қызметін атқарып жүр.

Бір кездегі «қылмыскерлер» де «ат үстінде».

Масқараланып қана қоймай, Қылмыстық кодекстің қысымына ұшыраған шенеуніктер де істен тыс қалып жатқан жоқ. Ресми түрде олар, әрине, мемлекеттік қызметке қайта орала алмайды және әдетте мұндай жағдайларда айтатындай, олар «қоғамдық қатынастар саласында» жұмыс істейді, бірақ іс жүзінде әлі де жүйенің бір бөлігі, немесе тіпті тұтастай, оның үстіне тәуелсіз, механизмдері болып табылады.  

Осы орайда бұрынғы Көлік және коммуникация министрі, ал бүгін елдегі шешім қабылдау үдерісіне әсер етіп қана қоймай, көбінесе оның эпицентрі ретінде әрекет ететін «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы сияқты қуатты да беделді құрылымның қазіргі басшысы – Абылай Мырзахметовті еске түсіруге болады. Ол жемқорлыққа қарсы күресетін мекеменің қысымына түскен биліктің жоғары эшелонының алғашқы өкілдерінің бірі болды. Бас прокуратура оны ұйымдасқан қылмыстық топ құрғандығы үшін (Мырзахметов ҚТЖ президенті болған кезде), сеніп тапсырылған мүлікті ысырап етіп және жымқырғаны үшін, жалған құжаттар жасағаны үшін, жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін, заңсыз жолмен алынған ақшалай және өзге де мүлікті заңдастырғаны үшін, сондай-ақ 3,3 млрд астам сомаға жымқыру жасағаны үшін қылмыстық іс қозғап, айыптады.... Сот Абылай Мырзахметовті бірқатар тағылған әрекеттері үшін кінәлі деп тауып, шартты түрде мүлкі тәркіленіп, екі жыл мерзімге мемлекеттік органдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, сондай-ақ оны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы үкім шығарды, сонымен қатар миллиард теңгеден астам сомада келтірілген залалды өтеуге міндеттеді.  

Басқа мысал – Павлодар облысының бұрынғы әкімі, қазір Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Рухани жаңғыру» институтының (шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын) басшысы Ерлан Арын. 2014 жылдың наурыз айында құқық қорғау органдары Ерлан Арынды қамауға алды. Оған алаяқтық пен 1,6 миллион теңгені жымқырғаны үшін, пара алып, ақшаны легализациялағаны үшін, тіпті ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін айып тағылды. Кейіннен айыптаулардың кейбіреулері алынып тасталды. 2015 жылы сот Арынды қызмет бабын асыра пайдалануында айыптап (ҚР ҚК-нің 307-бабы, 3-бөлігі бойынша), кінәлі деп тауып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

«Даңқты» дәстүрлерді жалғастыру ма?

Ал «масқараланған» және көрнекі түрде жұмыстан босатылған шенеуніктерді билікте және билікмаңындағы құрылымдарда сақтап қалу бағыты жалғасуда. Өткен жылдың ақпан айында Жамбыл облысындағы Қордай ауданында орын алған қайғылы оқиға бүкіл елді елең еткізді, ол жергілікті биліктің әрекетсіздігімен ұштасып, қаскүнемдіктер мен қанды қырғындарды сырттан байқап қана отырды. Бұдан кейін мемлекет басшысы облыстағы бірқатар шенеуніктерді қызметінен босатуды тапсырды. Олардың қатарында облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекова да болған еді. Ел президентіне бағынбауға ешкімнің батылы бармады. Бірақ сол жылдың жазында Сұлушаш Құрманбекова «Талап» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұрынғы «Кәсіпқор» КЕАҚ холдингі) президенті атанды. Ол қоғамның жалғыз ғана акционері – Білім және ғылым министрлігі.

Соңғы мысалдардың бірі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Дархан Әмриннің Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының басшысы қызметінен босатылуы. Мемлекет басшысының өзі «жұмыстан босатқаны» барлығын болмаса да, көп нәрсені айтады. Дархан Әмрин, шынында да, қатты «айыпқа түсті». Сол кезде президенттің баспасөз хатшысы айтқандай, «мемлекет басшысы 2021 жылғы 24 мамырда «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» (Жүрексіздіктен зардап шеккендер) мақаласында айтылған мәселелер бойынша тексеру жүргізуді тапсырды. Әңгіме Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстік өңірлерден көшіп келгендер үшін салынған тұрғын үйлердің сапасының төмендігі туралы болды. Өткізілген тексерулер нәтижесінде фактілер расталды. Үкімет және облыс әкімдігі анықталған кемшіліктерді жоюмен айналысуда. Осы бағыттағы жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастырғаны үшін Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылды. Облыс әкімінің орынбасарларына, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына, сондай-ақ облыстың бес ауданының әкіміне тәртіптік жаза қолданылды.

Бірақ қызметінен айырылып қалған Әмрин онша ұзақ уақыт қайғырмады –жұмыстан масқараланып босатылғаннан кейін көп ұзамай ол облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметіне кірісті. Оны тағайындаған адамдар кейінде ақталу үшін айтқандай, «ол жұмыстан теріс себептермен босатылған жоқ»...

Ресми тұрғыдан алғанда мұндай «прецеденттерден» мін іздеп табу қиын екені анық – ойын ережелері, қалай да болмасын, сақталды ғой. Бірақ «еститін» мемлекет болуға тырысып, өз институттарына деген сенімді арттыру қажеттігін ұдайы мәлімдейтін мемлекеттің мұндай фактілерге немқұрайлы қарайтыны таңғаларлық-ақ. Барлық деңгейдегі билік өкілдері халықтың алдында таза, жақсы, дана болып көрінуге тырыса отырып, бірақ шын мәнінде су жаңа костюм киіп алған «жануарлар» кейпінде көзге түскенде, қоғам оларды қалай бағалайтыны жөнінде неліктен ешкім ойланбайды?