Жақында ғана үкімет басшысы ретінде тағайындалған Әлихан Смайылов – Қазақстан тарихындағы премьер-министр құрметті атағының он бірінші иегері. Көптеген адамдар оны өтпелі тұлға ретінде қабылдайды, өйткені оның осы лауазымды атқаратын адамдар үшін дәстүрлі болып табылатын саяси «салмағы», керек десеңіз – элитарлығы жоқ. Бірақ, негізінде, премьер-министрдің басына алтын жалатылған ореол немесе аузына алтын қасық қажет пе? Біздің саяси шындық жағдайында оның күші неде болуы тиіс? Осыны анықтауға тырысып көрейік.
Қорқақтар және қылмыскерлер
Еліміздің тәуелсіз өмір сүрген отыз жылдан астам уақыт ішінде билікті тек барлық сынақтардан өткен «мастодонттар», немесе, әдетте айтылатындай, бас әріппен жазылатын басқарушылар басқаратын. Олардың мұндай жоғары лауазымға тағайындалуы әрдайым дерлік ақталған болып көрінетін және бұлыңғыр болса да, бірақ әрқашан тағдырға әсер ететін өзгерістерге үміт тұдыратын. Өзгерістер, әрине, өздерін ұзақ уақыт күттірмей келетін, бірақ сонымен бірге олар ұзаққа созылған апокалипсис сияқты болып көрінетін.
Қазақстан Республикасының тұңғыш премьер-министрі, Қонаевтың шәкірті, табысты кеңес қызметкері Сергей Терещенко ел үшін ең қиын кезеңде: КСРО-ның ыдырауы, экономикалық байланыстардың үзілуі, рубль аймағынан шығуы, гиперинфляция және үнемі өмір сүрудің жаңа көздерін іздеу кезінде үкіметті басқаруға мәжбүр болды. Партиялық аппаратшы, экономикалық білімі болғанына қарамастан, қалыптасып келе жатқан жабайы капитализмді тежеу оның қолынан келмегені түсінікті.
Үш жылдық азаптан кейін тұңғыш президент Терещенконы жаңа толқынның «реформаторы» Әкежан Қажыгелдинмен алмастырып, іс жүзінде оған карт-бланш берді. Бірақ Әкежан Мағжанұлының оны қолдану әдісі елді одан да үлкен қиындыққа душар етіп, тығырыққа тіреп тастады: оның өзіне артылған сенімді қалай пайдаланғандығы қылмыстық істің 35 томында түрлі-түсті суреттелген. Атап айтқанда, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мемлекетке миллиардтаған доллар зиян келтіргені үшін Қажыгелдиннің мүлкін тәркіленіп, өзі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазақстандықтардың көпшілігі үшін оның билік еткен жылдары ұлттық байлық сатып, «жас түріктер» руын мемлекеттік қызметке шақырып, өз қолымен бөтелкедегі жынды шығарып жібергенімен есте қалды.
Бұл мұрамен кейінірек өткен ғасырдың соңы мен осы ғасырдың басында үкіметті де басқарған елдің қазіргі президенті айналысуға мәжбүр болды. ҚДТ-ның (Қазақстанның демократиялық таңдауы) құрылуы, Рахат Әлиевтің шексіз билігі, мемлекет басшысының өміріне қастандық жасау – Қасым-Жомарт Тоқаевқа премьер-министр ретінде, мінеки, осындай нәрселермен айналысуға тура келді. Ол осы постта президентке «немесе мен, немесе мына жастар» деп ультиматум қойып, Нұрсұлтан Назарбаевтың оның жағына шығуымен есте қалды.
Бірақ Тоқаевтың белсенді қатысуымен еңсерілген сол есте қаларлық саяси дағдарыс басталғанға дейін елімізді экономикалық катаклизмдер шайқалта берді. Қажыгелдин кеткеннен кейін, олармен күресуге Нұрлан Балғымбаев шақырылды. Жаман ба, жақсы ма, бірақ мұнай бағасының күрт құлдырауынан туындаған алғашқы қаржылық дағдарысқа ол төтеп бере алды, бірақ өз креслосын сақтай алмады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін үкіметті Иманғали Тасмағамбетов басқарды. Бірақ ол бұл қызметте бір жарым жылға жетер-жетпес уақыт болды – оны Жер кодексінің төңірегінде басталып кеткен жанжал «жеп» қойды. Сол кезде Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет парламент үкіметке сенімсіздік білдірді. Тасмағамбетовтен эстафета Даниал Ахметовке берілді, оның тұсында шын мәнінде көтерінкі көңілмен жасалатын баяндамалар және жалған мәліметтер дәуірі басталды. Телеэкрандардан бізге ірі жобалардың жүзеге асырылып жатқаны жайлы, жаңа ауқымды өндірістердің іске қосылғаны туралы хабарлар айтыла бастады, алайда бұл «жетістіктер» мамандар арасында ғана емес, жай тұрғындар арасында да сұрақтар тудырды.
Ахметовті командирлік орында алмастырған Кәрім Мәсімов (айтпақшы, ол екі рет мемлекеттік басқару тізгінін ұстаған болатын) бұл тенденцияларды нығайтып, шын мәнінде оларды абсолютті деңгейге көтерді. Сонымен қатар, оның тұсында мемлекеттің экономикадағы қатысуы айтарлықтай өсе түсті. Мәсімовтің екі премьер-министрлігінің арасына жұмыс істеген Серік Ахметов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс пен 10 жылға бас бостандығынан айырылуымен ғана есте қалды.
Бақытжан Сағынтаев Мәсімовтің орнына келген сәтке таман премьердің ел экономикасын басқарудағы рөліне қатысты елестер ешкімде қалмаған сияқты. Және бұл негізсіз емес. Ақырында Сағынтаевтың кабинетін «қорқақтар» деп атаған тұңғыш президент оны өкінішсіз отставкаға жіберді. Оның орнына келген Асқар Маминнің командасы да осындай баға алатын еді, бірақ өзінің туа біткен дипломатиясының арқасында қазіргі мемлекет басшысы мұндай «эпитеттерді» қолдануы екіталай. Қалай болғанда да, Маминнің үкіметін, бәлкім, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең еліктегіш деп атауға болады.
Ал енді, мінеки, бұл қызмет Әлихан Смайыловқа сеніп тапсырылды. Оның дәуірі қалай аяқталатынын тек болжауға болады... Сонымен қатар, біздің көз алдымызда өтіп шыққан «вагонжетекшілерінің» сериясы тек премьер-министрдің жұмысын бағалау критерийлеріне қатысты ғана емес, сонымен қатар осы лауазымға үміткерлердің қандай жеке қасиеттері болуы тиіс деген сұрақтарды тудырмай қоймайды. Біз сол сұрақтарды мамандардың алдына қойдық.
Замир Қаражанов, саясаттанушы:
«Премьер-министрлер қызмет деңгейіне дейін тоқырауға ұшырады»
- Егер Қазақстан тарихын ретроспективада қарайтын болсақ, онда екі премьер-министр елдің дамуына үлкен әсер еткені сөзсіз. Бұл Әкежан Қажыгелдин және Кәрім Мәсімов. Сонымен бірге олар үкіметті ел үшін дағдарыс жағдайында басқарды және екеуі де қарама-қарсы бағыттарды ұстанды. Егер 1990 жылдары Әкежан Қажыгелдин экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтумен, нарықтық механизмдерді қалыптастырумен және бәсекелестікті дамытумен айналысқан болса, Кәрім Мәсімов «нөлдік» жылдың екінші жартысында «қолмен басқаруды» пайдаланып, нәтижесінде елдің экономикасына мемлекеттің көбірек қатысуын қолдады.
Алдыңғы премьерлардың жалпы жұмысына қатысты айтатын болсақ, оны көптеген көрсеткіштер бойынша бағалауға болады, бірақ көбінесе әлеуметтік-экономикалық нәтижелер критерий болып табылады. Бірақ мұндай бағалау шартты мінездемеге ие, өйткені дамыған елдерде өмір сүру деңгейіне емес, өмір сүру сапасына басты назар аударылады. Алайда мәселе онда емес, Қазақстанның барлық премьер-министрлерінің жұмысын бағалаудың мағынасыздығында. Бұл ұзақ, қызықсыз және перспективасыз. Олардың барлығы өз заманының өнімі болғанын және өзіндік «өсу кезеңдерін» бастан өткеріп жатқан бір жүйеден шыққанын білу маңызды. Премьер-министрлердің тұлғалары, олардың жеке және кәсіби қасиеттері биліктің жоғарғы деңгейінде, элитада, олар қызметке қабылданған жерде орын алып жатқан процестерді көрсетті. Ал ерік-жігері күштілері, іскерлері, тәуелсіздері барған сайын азая берді.
Егер Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы онжылдығында үкіметті басқарғандардың ықпалы сезілген болса, онда соңғы жылдары сезілмейтін болды. Кімдерді тағайындаса да, елде айтарлықтай өзгерістер орын алған емес. Премьер-министр, Конституция бойынша ықпалды тұлға бола отырып, лауазымдық деңгейге дейін тоқырауға ұшырады. Тағайындалған орыннан босатылғанға дейін ол өз қызмет орынында жай ғана отыратын. Жағдай бір кездері тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министрлердің біріне оның жұмысы тек үкімет отырыстарын өткізумен ғана шектелгенін айтып, ескерту жасаған дәрежеге дейін жеткен.
Премьер-министр қандай қасиеттерге ие болуы тиіс дейсіз бе? Менің ойымша, ол дирижер болуы қажет, оның шығармашылығының мәнін ешкім түсіндіре алмайды, бірақ сонымен бірге ол өзі аспапта ойнамаса да, музыкалық концерт онсыз болмайтынын бәрі біледі. Премьер-министр бүкіл үкіметтің жұмыс ырғағын белгілейді, «көркемдік жетекші» және ұйымдастырушы қызметін атқарады, сонымен қатар оның «шығармашылық ұжымында» ешқайсысы жалған әрекет етпеуін қамтамасыз етеді. Асыл тұлғаның көптеген қасиеттерін тізбектеп, өлімге әкелетін жеті күнәны атауға болады, бірақ адамның бойында қалыптасқан кәсіби қасиеттер оның өмір сүріп, жұмыс істейтін жағдайларына байланысты екенін түсіну керек. Егер шенеуніктен креслода отырып өткізген уақытына емес, нәтижесіне қарай талап етілсе, оның бойында нәтижелі болуға мүмкіндік беретін қасиеттер қалыптасады. Ал егер бұл жасалмаса, онда одан ешқандай пайда болмайды.
Біздің елдің жағдайында премьер-министр тәуелсіз, принципті және талапшыл болуы тиіс. Әрине, көпшілік алдында емес, бағыныштылармен, әріптестермен қарым-қатынаста сондай болуы қажет.
Жақсылық Сәбитов, саясаттанушы:
«Басты бағдар – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты»
- Біз премьер-министрлердің жұмысының сапасы туралы сөз қозғағанда, осы қызметті атқарған қайраткерлер әрқашан президенттен өздері атқару тиіс тапсырмалардың тізімін алып тұратындығынан бастау керек. Сондықтан олардың қызметін, ең алдымен, мемлекет басшысының тапсырмаларын қаншалықты орындағанына қарап бағалау керек. Үкімет жұмысының тиімділігін азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты сияқты негізгі бағалауға келетін болсақ, бұл критерий тұңғыш президент кезінде ешқашан негізгі болған емес. Нәтижесінде бізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын сипаттайтын көптеген көрсеткіштер бойынша төмен коэффициенттерге иеміз. Атап айтқанда, бюджеттің жалпы ішкі өнімге қатынасы, ұлттық байлықтағы жалақының төмен үлесі мен пайданың жоғары үлесі, көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейі және қолма-қол ақшасыз төлемдердің төмен деңгейі туралы айтып отырмын. Қазіргі президенттің тұсында бар проблемалар мойындалып, бұрынғы үкіметтер жіберген кемшіліктерді түзету жұмыстары басталды.
Жоғарыда аталған көрсеткіштер экономика, салық салу, сондай-ақ әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруда дамудың мүмкін бағдарлары ретінде қабылданады деп үміттенемін.
Мен тек төрт көрсеткішті (бюджеттің ЖІӨ-ге қатынасы, ұлттық байлықтың құрылымы, қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі, сондай-ақ салық декларациясын тапсыратын адамдардың үлесі) алсақ та және жүйелі негізде «жол картасын» әзірлеп, олардың кем дегенде шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне дейін ұлғаюына қол жеткізу үшін экономиканың өзінің айтарлықтай өсуін де, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуды да қамтамасыз етуге болады деп есептеймін. Бұл құрылымда мемлекет басшысы дамудың негізін айқындайтын тұлға ретінде әрекет етеді, ал премьер-министр «жол картасының» өзін жүзеге асыруға жауапты болады.
Бұрынғы президенттің тұсында жоспарланған нәрселердің көбін орындауға қол жеткізіле алмады. Себебі – қажетті мақсат қойылмағанында. Адалдық жайлы ойлар, саяси тұрақтылық және басқа да нюанстар азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға қатысты дәлелдерден басым болды. Қазіргі уақытта бұл тәсіл ескірген, барлық салада мемлекеттік саясатты жүргізуде «әлеуметтік әділеттілік» қағидасы бірінші орынға шығуы тиіс.