Қазақстандықтардың үштен бір бөлігі Covid-19-ға қарсы егілуді жоспарлап отырған жоқ. Біз тағы да аутсайдерлер қатарындамыз, өйткені еліміздегі вакцинация деңгейі әлемге қарағанда нашар. Қазақстан 86 елдің арасында 58-орында. Бұл Finprom зерттеу деректері, алайда бұл жай сандар сияқты болып көнінеді. Бірақ бұл адамдардың өмірі. Адамдар коронавирустан өлуді жалғастырып жатқан кезде, вакцинацияға қарсы болғандар роликтер жазып, адамдардың қорқынышының арқасында миллиондаған ақша табуда. Антиваксерлер деген кімдер? Неліктен біз ғылымға қарағанда конспирология мен қастандық теориясына көбірек сенеміз және олар бізді сендіргісі келгендей, фармацевтикалық компанияларға вакциналарды өндіру соншалықты тиімді ме? Бұл туралы біз Faсtcheck.kz бас редакторы Павел Банниковпен әңгімелесеміз.

Белсенді зиянды азшылық

- Вакцинацияға қарсылардың қозғалысы Covid-19 дәуірінде ғана пайда болған жоқ. Антиваксерлер бірнеше ғасыр бұрын да болған. Яғни, ағарту ісі мен білім беру сол қалпы біздің халқымыздың едәуір бөлігіне ақылды болуға мүмкіндік бермеді ме?

- ХХ ғасырда қалыптасқан білім адамдарды ақылды ете ала ма деген үлкен сұрақ туындайды. Жақында біз Новосібірдегі аудармашы, ғылымды насихаттаушы Андрей Щетниковпен адамның ойлау қабілетімен не болып жатқандығы жөнінде әңгімелестік. Неліктен адамдардың осыншама саны ғылыми білімді агрессивті түрде қабылдайды? Қоғамдық сананы, оның қалай жұмыс істейтіні туралы зерттеулер бар. Мектепте ойлаудың ғылыми әдісі туралы айтылған болатын, бірақ ойлауға сол қалпы үйретпеді.

Бізді мектепте қалай оқытқан еді? Алдымен мифологиялық ойлау болады, содан кейін діни ойлау қалыптасады, тек содан кейін ғана ғылыми ойлау пайда болады. Осылайша қоғамның эволюциясы жүреді. Біз құлдық жүйеден коммунизмге қалай көшсек, дәл солай мифологиялық ойлаудан ұтымды және ғылыми ойға көшудеміз. Бұл схема мектеп кезінен бастап біздің басымызда бар, бірақ бұл мүлдем шындық емес.

Мифологиялық ойлау ешқайда және ешқашан жоғалған емес. Басқа мәселе – біз тек оның шеңберінде ғана ойланбаймыз. Бірақ адамзаттың едәуір бөлігіне солай ойлау және өмір сүру оңайырақ. Яғни, процестерді ғылым тұрғысынан рационализациялауға және түсіндіруге тырыспай, «Зевс ат-арбасымен аспанда шауып келе жатыр, сондықтан күн күркірейді» деген қағидат бойынша өмір сүру әлдеқайда оңай.

Мәселе ми – энергияны ең көп тұтатын орган болғандығында, өйткені ол бүкіл энергияның 25% дейін жұмсайды. Осы энергияны үнемдеу үшін ми бірқатар осылайша аталатын танымдық бұрмаланулар жасады. Эволюция процесінде бұл біз үшін пайдалы болған.

Ал енді біз ақпараттық қоғамға өтіп, технологиямен, ғылыммен қақтығыс пайда болған кезде, көптеген танымдық бұрмаланулар бізге кедергі бола бастады. Дәл солар қастандық теорияларын тудыратын механизмнің бөлігі болып табылады.

- Вакцинацияның қазіргі қарсыластары: «Біз вакциналарға тұтасай алғанда қарсы емеспіз, біз коронавирустан егілетін вакциналарға қарсымыз» дейді. Халықтың бұл бөлігін антиваксерлер деп атау қаншалықты дұрыс?

- Антиваксерлер – бұл толығымен ғылымға қарсы позицияларда тұратын, ал ғылымды өздеріне қолайлы болған кезде ғана қолданатын вакцинацияның нағыз қарсыластары. Олар вакцинацияның зиянды екендігіне адамдардың барынша көп санын сендіруге тырысады. Бұл белсенді зиянды азшылық.

Бірақ әртүрлі білімге ие, әртүрлі тәжірибеге ие адамдар бар, олар вакцинация туралы аз білгендіктен, жартылай мифологиялық ойлау аясында жүргендер. Олар вакцинацияға қарсы емес, өздері бала кезінен корь, полиомиелит, туберкулез және басқа ауруларға қарсы егіліп, балаларын да вакцинациялайды.

Бірақ мұнда жаңадан бір нәрсе шығып, жаңа вакцина пайда болды. Әрине, барлық жаңа нәрселерден біз қорқамыз. Оған қоса, үкіметтеріміз бен министрліктеріміз өз рөлін атқарды – бұл Қазақстанға да, Ресейге де қатысты. Олар вакцинаны насихаттау тұрғысынан не істеді – одан да өздері үндемей, әзірлеушілерге сөз бергендері дұрыс болар еді. Нәтижесінде мәселе ішкі жағынан саясаттандырылды, қазір ол сыртқы жағынан да саясаттандырылды.

- Сен қазіргі кезде Ресейде тұрып жатырсың. Ресейде вакциналарға деген сенімшілік Қазақстанға қарағанда жоғары ма?

- Ресейдегі жағдай бұдан әлдеқайда нашар. Мен вакцинацияланғандардың проценті бойынша емес, жеткілікті дәрежеде барабар адамдар вакцинацияға қалай қарайтындығы бойынша пікір білдіріп отырмын.

Мысалы, Ресейде халықтың жартысы, олар өте білімді адамдар, тиімділігі жағынан өздерінде бар және ең дәлелденген Спутник-V вакцинасына сенбейтін жағдай қалыптасты. Олар Ковивак вакцинасын күтіп жүр, ал ол туралы ақпарат жоқ деуге болады. Бұл, әрине, әзірлеушілердің кінәсі емес, бұл көбінесе саясаткерлер мен Роспотребнадзордың кінәсі, олар бізде 100% тиімді вакцина бар деп мәлімдеді. Ал ондай вакцина болмайды. Осыдан кейін мемлекетке және вакцинацияға деген қандай сенім болуы мүмкін?

- Пандемия басталысымен ақпараттық алаң түрлі дәрігерлер мен профессорлардың вакциналар туралы күмәнді пікірлеріне толып кетті. Неліктен вакцинацияға қарсылар арасында медицина қызметкерлері мен ғалымдар барған сайын көбейіп келеді?

- Ғылым дегеніміз – бұл монолит емес екенін түсіну керек, онда да жаңашылдар, консерваторлар, центристер бар. Ғылым, сонымен қатар, идеялар үшін күрес, дәл сенің ғылыми әрірлеулерін қабылдағаны үшін кұрес.

Өте консервативті позицияларда тұратын мамандар мен ғалымдар бар – мысалы, Академик Зверев сияқты. Ол осыдан 30 жыл бұрын өзекті болған принциптерге негізделеді, ол кезде вакцинаны 5 жыл бойы сынақтан өткізу керек болатын, әйтпесе оның тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденді деп есептелмейтін. Ол жаңа технологиялардың пайда болуының соңғы 50 жылы болмағандай, әле де 80-ші жылдарда қалып қойды.

Бұл құрметті академик өз идеяларын таратқан кезде, осы жылы вакциналарды әзірлеуге соңғы 30 жыл ішінде салынбаған ақша құйылғанын халыққа түсіндіру қиын. Әлемнің барлық елдері қандай экономикалық шығындарға ұшырағанын көріп, тезірек қалпына келу үшін ғылымға миллиардтаған қаражат салуды ұйғарды.

Егер пациенттерді вакцинациялаудан бас тартуға шақыратын дәрігерлер туралы айтатын болсақ, онда мәселе білімнің жетілмегенінде. Вирусолог Әсел Мұсабекова медициналық жоғары оқу орындарының түлектері арасында вирусология саласындағы білім бойынша зерттеу жүргізді. Олардың білімі 70-80 жылдар деңгейінде екені белгілі болды. Олар соңғы онжылдықта осы салада не болып жатқандығы туралы ештеңе білмейді. Олар Кеңес Одағында жазылған оқулықтар бойынша білім алған. Вирусология – бұл өте жоғары технологиялық және дамып келе жатқан сала. Жеткілікті білім алмаған адамдардан не күтуге болады?

Барлық жақсылықты қолдап, барлық жаманға қарсы күресүшілер

- Қазақстанда антиваксерлерді кімдер қолдайды? Қастандық теориясынан ақша табуға бола ма?

- Ақша табудың бірінші және оңай тәсілі – интернеттегі роликтер. Арналар желісін құрып, онда қастандық теориясы туралы бейнелерді жүктеп, ондаған мың көрулер алып, жарнама арқылы ақша табуға болады. Қазір YouTube осындай мазмұнды бұғаттай бастады, бірақ ішінара.

Екінші. Ресейлік шарлатандар одан әрі кетті. Олар автомобильдер мен ноутбуктерге 5G-ден қорғайды деп жапсырмалар жасайды, 5G радиациясынан «қорғайтын» парфюмерия сатылады. Адамдар соған сенеді.

Үшінші нәрсе – саяси капитал. АҚШ пен Британияда антиваксерлік насихаттау осылай жүргізіледі.

АҚШ-та кіші Роберт Кеннеди 20 жылдан астам уақыт бойы антиваксерлік насихатпен айналысып келеді. Соңғы кезде оның қоры өте кең тарап, үлкен саяси ықпалға ие болды.

Қазақстанда қазір саяси капиталды жүзеге асыруға талпыныс бар. Бізде тергеу жұмыстары жүргізілді, онда топтар мен аккаунттар бойынша Қазақстанда дезинформациялық желінің қалай жұмыс істейтінін көрсеттік. Ол орталықтандырылмаған, бұл бірнеше әртүрлі топтар, олардың әрқайсысында өз мүдделері бар.

Мысалы, сайентологтардың психиатриямен және психикалық ауруларды дәрілік емдеумен күресуге қызығушылығы бар. Олар Денсаулық Кодексінің қарсыластары.

Жеке тұлғалар да бар. Мысалы, ақпараттық кеңістікте карантиндік шаралармен және Батыстың зиянды әсерімен аса белсенді күресетін эпатажды «спортшы». Ол дәстүрлі құндылықтар үшіни «күрескер» және БҰҰ мен ЮНИСЕФ құжаттары туралы жалған ақпарат таратушы. Оның айтуынша, бізде педофилия заңдастырылмақшы.

Үшінші топ – «Саналы адамдар бірлігі» қозғалысы, мүлдем ақылдан тайған адамдар. Ол қозғалыс Ресейден келді, бұл оғаш құжаттарға қол қоятын жартылай секталық желі қауымдастығы. Олар өздері тұратын елдің заңдарын мойындаудан бас тартатындарын жазады, оны адамзатқа пайдалануға береді және алғашқы жаратушының кейбір заңдарын сақтауға міндеттенеді. Олар да вакцинацияға қарсы, өйткені бұл олардың түсінігінде «геноцид».

Ротшильд қайтыс болғанмен, оның ісі тірі

- Қастандық теориялары көп. Олардың мағынасы біреу – құпия күш әлемдік үстемдікке ұмтылып отыр, ал вакцина арқылы олар Жер халқының жартысын жойғысы келеді.

- Конспирология жойылмайды. Билл Гейтс миллиардер және жарқын қоғам қайраткері ретінде жарқырағанша, бәріне масондар, Рокфеллерлер мен Ротшильдтер және құпия әлем үкіметі кінәлі болды. Олардың екеуі де бәрінің көз алдында болуды тоқтатып еді, сахнаға Джордж Сорос шықты. 80-90 жылдары бәріне сол кінәлі болды. Содан кейін Билл Гейтс пайда болып, басты жауызға айналады. Масондар туралы қастандық теориялары сөзбе-сөз Гейтске ауыстырылды. Жай ғана фамилияларды алмастыра салды. Билл Гейтс болмаса – жаңасы келеді, мысалы, Илон Маск. Егер ол вакцинацияға қаражат салса, онда оған басты зұлымшы атағы берілетіні сөзсіз.

- «Менің ағамның әйелінің досы 100 адамның вакцинадан қайтыс болғанын айтып берді» деген көптеген хабарламалар қайдан келеді?

- Бұл фольклорист Саша Архипова өте жақсы сипаттаған антропологиялық құбылыс. Оның «Менің досымның бір танысында» деген сілтемемен көптеген ақылға симайтын әңгімелер қайдан пайда болады» деген қызықты мақаласы бар. Адам бір нәрсені бөліскісі келеді, тіпті ақпарат сенімсіз болса да, өйткені ол оған қызықты. Адам осылай қалыптасқан.

Бірақ егер сен өз атыңан бөліссең, беделіңе тәуекелдер бар. Егер бұл өтірік екені анықталса, онда осы жалғандықты сен таратқан боласың. Ал «менің досымның бір танысы» деген – бұл сенімсіз ақпарат үшін барлық жауапкершілікті жүктеуге болатын екінші дереккөз.

Сен «менің досымның әпкесі әскери базада жұмыс істейді, оларға хабарланды» деп айтқан кезде, жауапкершілік досыңның әпкесінде, тіпті ол жоқ болса да. Өтірік айтқан сен емессің. Психологиялық тұрғыдан бұл өте ыңғайлы.

Тәжірибелер жүргізілген кезде адамдар тізбектердің максималды санын құруға тырысқан болатын. Нәтижесінде адамдар тізбекті екі байланысқа дейін қысқартып, ақпарат таратты.

Кімге тиімді екенін қара

- «Вакцинация – бұл фармбизнес, біздің өмірімізге ешкім мән бермейді». Бұл коронавирустық вакцинаның қарсыластарының тезистерінің бірі. Әбден логикалық мәлімдеме.

- Біздің әлемде ешкім ештеңені тегін жасамайды. Вакцинаны жасаушылар, әрине, одан ақша тапқысы келеді. Ал мемлекеттер оларға ақы төлейді. Бірақ егер біз соңғы 20 жылдағы вакциналар нарығына қарап, оны парацетамол өндірісі сияқты дәрі-дәрмектер нарығымен салыстырсақ, онда екіншісі үлкенірек болады. Және, тиісінше, тиімдірек. Парацетамолға витаминдер қосып, оны басқаша атап, құнын 10 есе көтерсе одан тып-тыныш ақша тапқан оңайырақ.

- Яғни, пандемия фармацевтикалық бизнеске әсер еткен жоқ. Олар ақшаны бұрын қалай тауып жүрген болса, әлі де солай тауып жатыр ма?

- Иә. Сонымен қатар, фармацевтикалық компания үшін вакциналар бизнесі ең қауіпті. Қастандық теоретиктері АҚШ-та немесе Британияда фармацевтикалық компаниялар вакцинациядан кейінгі асқынуларға жауап бермейді деп айтқанды ұнатады. Ия, бұл шешімді 90-шы жылдары мемлекеттердің өздері қабылдады, міндетті вакцинациядан туындаған асқынулар үшін мемлекеттің өзі жауап береді. Бұған дейін фармацевтикалық компаниялар вакциналарды әзірлеуге қаражат салудан бас тартқан болатын.

Бұл қастандық мәселесі емес, бұл таза экономика. Бигфарма ақша табуға бағытталған капиталистік құрал. Вакциналарды әзірлеуді неғұрлым пайдалы етіп жасаған кезде, фармбизнес онымен қайтадан айналысты. Жалпы, фармацевтикалық бизнес үшін күнделікті дәрі-дәрмектерді өндіру тиімдірек.

Вакцина шартты түрде 50 доллар тұрады, емдеу – жүздеген есе қымбат.

Адамдар жиі ауырады, ал вакцинация көбінесе өмір бойы бір рет жасалады. Егер қарапайым логиканы ұстанатын болсақ, фармацевтикалық компанияларға бәріміз ауырып, дәрі-дәрмек сатып алғанымыз тиімдірек болар еді.

Бұдан шығудың жолы бар ма?

- «Сіз инъекция жасадыңыз, сондықтан сабыр сақтаңыз. Бізге тимеңіз», – дейді антиваксерлер. Бұл өте қисынды естіледі. Әлде мұндай вакцинация схемасы жұмыс істемейді ме?

- Мұндай схема бір де бір вакцинациямен жұмыс істемейді. Бірінші себеп - бір де бір вакцина инфекциядан 100% қорғамайды. Көбінесе олар аурудың ауыр ағымынан қорғайды.  

Екінші. Коронавирус – өте патогенді вирус. Біз гриппен ауырған кезде симптомдарды дереу сезінеміз де үйде отырып емделеміз. Коронавируспен адам бірнеше күн бойы симптомдарды сезінбеуі мүмкін, сондықтан вирустың тасымалдаушысы болуы ықтимал. Ал вакцина бұл жағдайда тасымалдаушы болмау мүмкіндігін едәуір арттырады (бірақ толығымен жоймайды).

Үшінші. Біз коронавирустың нұсқалары пайда болып жатқанын көріп отырмыз. Қазірдің өзінде британдық штамм, бразилиялық штамм, дельта штаммы бар. Вирус мутацияға ұшырайды. Әзірге ол вакциналар жұмысын тоқтататындай күшті емес. Бірақ адам популяциясында еркін айналым болған жағдайда, ол вакцина бағытталған гендердің тұрақты тобы өзгеретін жаңа штаммға ауысуы ықтимал. Ол толығымен қауіпсіз штаммға айналуы мүмкін немесе агрессияға қарай өзгеруі мүмкін. Әзірге біз екінші нұсқаны көріп отырмыз. Бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп, онымен біз жаппай вакцинациямен күресе аламыз.

Адамдарға қысым жасап, вакцинациялауға мәжбүрлейтін биліктің әрекеттері көбінесе адамдардың антиваксерлер қатарына қосылуына әсер ете ме?

Егер біз Қазақстандағы карантиндік шаралар туралы айтатын болсақ, онда олар басынан бастап бірізділікке ие болмады. Бұл қоғамның одан сайын абыржып, ​​билікке деген сенімін тоқтатуға себеп болды.

Шектеу шаралары қалай өзгергені біздің есімізде. Таңертең оянған адам кешке не болатынын білмеді. Бизнес те не істеу керектігін түсінбейтін және түсінбеді. Байланыстың сәтсіздігі тиісті адамдарды жаппай вакцинацияға қарсы тұруға мәжбүр етеді. Ия, адамдардың жекелеген санаттарына міндетті вакцинация – бұл онша жағымды емес мемлекеттік шара. Бірақ бұл жағдайда әзірге басқа амал жоқ.

Басты сурет: CSU

Мәтіндегі сурет: Мария Гордеева