Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға дейінгі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасының жобасы бойынша жариялаған ұсыныстар бізді зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығына қалай қол жеткізуге болады және зейнетке шыққан қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін қалайша жақсартуға болады деген мәселені көтеруге мәжбүр етті. Расын айтсақ, қоғамдық талдауға бөлінген уақыт жеткіліксіз болды ма (небары екі апта), әлде қоғам қауіпсіз қартаюға үлкен үміт тұдырмайтын үздіксіз реформалардан шаршады ма, бірақ бұл құжат тиісті талқылану алмады. Біз осы жағдайды түзетуге шешім қабылдай отырып, сарапшыларға оның оң және теріс жақтары туралы, сондай-ақ өзгертулер күшіне енсе кімдер ұтып, кімдер ұтылатыны жөнінде жорамал жасауды ұсындық.

Данияр Жұмекенов, Wall Street Invest Partners сарапшысы:

«Мемлекет қаржылық жағынан өз уәделерін орындай алмауы мүмкін»

Зейнетақы жүйесі барлық ТМД елдері үшін ең ауыр мәселелердің бірі болып табылады, ал Қазақстан, өкінішке орай, бұл жерде ерекшеленбейді. Айқын мәселе – лайықты ақша төлеу үшін бюджетте ақша жеткіліксіз: ауыстыру коэффициенті (зейнетақы мөлшерінің жалақыға қатынасы) шамамен 45% құрайды. Мысалы, қаржылық жағынан өркендеген Еуропада бұл көрсеткіш 70% жуық.  

Типтік демографиялық проблеманы да есепке алмауға болмайды: жасы 65-тен жоғары қазақстандықтардың үлесі жалпы халықтың 7,8% құрайды, ал 2010 жылдардың басында ол айтарлықтай төмен болды – 6,7%. Зейнеткерлер саны әлі де өсе беретін болады, ал жұмыспен қамтылғандарға ауыртпалық көбейе түседі. Айтпақшы, бұл зейнетке шығу жасының төмендеуін күтуге болмайтын себептердің бірі.

Осы жағдайдан шығудың оңай жолы болуы мүмкін емес – шығындарды қаржыландыру көздерін іздеу керек. Ал таңдау мұнда көп емес. Ең оңай нұсқа – жұмыс берушілерге міндетті төлемдер көлемін көбейту және зейнеткерлік жасты ұлғайту. Одан гөрі күрделі нұсқа – мүмкіндігінше көп адамдар ашық түрде жұмыс істеп, бюджетке төлемдер жасау үшін көлеңкелі сектормен күресу. Жалпы, бұл өте өзекті мәселе, өйткені салық органдарынан жасырынған жұмысшылар тек өздерін ғана емес, басқаларды да жақсы зейнетақылардан айырады.

Мұнда қазірдің өзінде өз жемісін беріп жатқан салық салу жүйесін цифрландыру көмектесуі керек: 2019 жылдың соңына дейін, Қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша, бюджетке қосымша 1,5 трлн теңге түсті, ал көлеңкедегі сектордың үлесі 23,6% дейін төмендеді. Бұл жылдам өтетін процесс емес – 2025 жылға қарай соңғы көрсеткішті 20% дейін төмендету жоспарланып отыр, бірақ ұзақ мерзімді перспективада өзгерістер елдің қаржылық жүйесінің тұрақтылығын нығайта отырып, айтарлықтай оң нәтиже беруі керек.

Қазір зейнетақы үш компоненттен құрастырылады. Бірінші бөлігі – негізгі бөлік, оны бәрі алады, екіншісі – ынтымақтық бөлік (оған 1998 жылға дейін жұмыс істеген қазақстандықтар үміттене алады), үшіншісі – жинақталатын бөлік (жалақыдан 10 проценттік аударымдар). Шенеуніктердің есептері бойынша, ынтымақтық бөлігі 2043 жылға дейін өз мәнін біртіндеп жоғалтады, одан кейін ол төленбейтін болады. Демек, ұзақ мерзімді жоспарлар қалған екі компонентпен байланысты.

Жалпы алғанда, жақында ұсынылған өзгерістер өте жақсы болып көрінеді, өйткені олар ең төменгі төлемді көбейту туралы болып отыр. «Минималды кепілдендірілген зейнетақы» тұжырымдамасын енгізу «базалық» бөлігінің ребрендингінің бір түрі ретінде қарастырылуы керек, нәтижесінде мемлекеттік төлемдер біршама икемденеді – олар ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - 150% болады. Сонымен қатар, қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін адамдар мен мүгедектерге қосымша өсу коэффициенттерін енгізу ұсынылды, бұл да оңды мәселе болып табылады.

Менің ойымша басты проблема – мемлекет өз уәделерін қаржылық тұрғыдан орындай алмау қаупі жоғары болғандығында, өйткені төлемдер көлемін ұлғайту үшін белсенді экономикалық өсімді қамтамасыз ету қажет. Мен бір цифрды келтіремін: мемлекеттік бюджеттен 2019 жылы зейнетақымен қамсыздандыруға 2018 жылға қарағанда 14% көп ақша жұмсалды. Сонымен бірге төлемдер мөлшері ұлғаюы керек болғанымен, болашақ зейнетақы үшін негізгі жауапкершілік әлі де халықтың өзіне жүктелетін болады. Мұндағы мәселе зейнеткерлік жүйесінде емес, жалпы экономикада, өйткені біз күнкөрістің ең жоғары деңгейіне әзірше қол жеткізе алмаймыз. Экономикалық прогресс болмаған жағдайда шын мәнінде нақты өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес.

Айман Тұрсынқан, экономист:

«Үкімет ынтымақтық пенсиялық жүйені қалпына келтіруге бет бұруда»

Менің ойымша, кезекті реформа аясында ұсынылған шаралар салық жинауды көбейту арқылы жұмыс істейтін азаматтарға ауыртпалықты арттырады (үкімет кепілдендірілген төлемдер үшін қаражатты басқа қай жерден алады?) және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жақсаруына түрткі болмайды.

Мен мемлекеттік органдарға жанұя асыраушы белгілі бір мерзімге өзінің сақтандыру полисіне үй мүшелерін қосуға құқылы болатын ерікті отбасылық сақтандыруды енгізу мүмкіндігін қарастыруды бірнеше рет ұсындым (бұл туралы төменде толығырақ айтамын). Ия, оны осындай сақтандыруға ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер жасау және жанама қолдау шараларын қолдану қажет, бірақ бұл жұмыс істемейтін отбасы мүшелерінің зейнеткерлік жасқа жеткен кездегі мәселесін шешер еді.

Уәкілетті органдар жан-жақты көп өлшемді талдау жүргізудің орнына үкіметке ЖЗШ (жеке зейнетақы шоты) ену тереңдігі проблемасын шешудің ең тиімсіз сценарийлерінің бірін ұсынды. 2016 жылдан бастап міндетті зейнеткерлік жарналарын күшпен жинауды қуаттандыру жөніндегі шараларға белсенді лоббизм басталды. 2018 жылдың басында қоғамдық тыңдаулар мен жан-жақты пікірсайыстардың тиісті рәсімдерінсіз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БЖЗ (жұмыссыздарға салынатын салық деп аталатын бірыңғай жиынтық төлем) енгізу, ерікті зейнеткерлік жарналарын міндетті зейнетақы жарналарына айналдыру – МЗЖ (барлық азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттардан аударымдар), әйелдердің зейнетке шығу жасын, олар ерлерге қарағанда 6-8 жылға ұзақтау өмір сүреді деген сылтаумен ұлғайту сияқты нәрселер еңгізу үшін карт-бланш алуға қол жеткізді. Өз кезегінде, Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласының бюджеттік компонентін қаржыландыру көзі ретінде Міндетті медициналық сақтандыру қорын құруға және сонымен қатар қарапайым ақысыз медициналық көмек деңгейін минимизациялауға мүмкіндік алды. Осылайша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЗЖ да, АҚК-дан төленетін МЗЖ да енгізілді, ал ММСҚ-ға (міндетті медициналық сақтандыру қоры) аударымдар ерікті емес, міндетті болды. 2020 жылдың екінші жартысында ММСҚ мен МӘМФ (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры) бірыңғай ӘМСҚ-ға (Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры) біріктірілді.

Беделі түскен жинақтаушы зейнеткерлік жүйесінің орнына үкімет ынтымақтық зейнетақы жүйесін қайта қалпына келтіруге бет бұрып жатқанын байқауға болады. Ал бұл жәйт азаматтардың қарттыққа арналған жинақтарын реквизициялауға әкелуі мүмкін, бұған жол беруге болмайды. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша есепке сәйкес, БЖЗҚ-да 12 241 445 612 мың теңге жинақтаушы зейнеткерлік ақша жиналды (бұл 12,2 трлн теңге). Олар 11,5 миллион салымшының есепшотында орналасқан. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және ММСҚ активтері біріккенге дейін сәйкесінше 1 439 миллиард теңгеге және 972 миллиард теңгеге жетті.

БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы есебіне сәйкес 22 жыл ішінде жинақталған кірістілік 533,7% құрады, ал инфляция – тек 455,0% құрады деп жазылған. Тиісінше, бір жылдағы орташа кірістілік 3,6% құрайды. Алайда, Экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректері бойынша, дәл осы кезеңде теңге 542,8% девальвацияға ұшырады. Демек, БЖЗҚ қазірдің өзінде жинақтау функциясын орындай алмады, ал 22 жыл ішінде салымшылардың жинақ ақшасы кем дегенде 9,1% құнсыздалды. Яғни, салымшылардың жинағына қосылған инвестициялық кіріс инфляция деңгейін жаба алмайды. Оның үстіне Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша нақты инфляция ұлттық статистика көрсеткеннен 5-10% жоғары болғанын ескеру қажет.

Ал құрылған нәрсені бұзбай, керісінше оның бастапқы функциясын қалпына келтіре отырып, азаматтарды әлеуметтік қорғау мен зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты проблемаларды қалай шешуге болады? Менің ойымша, ол үшін келесі шаралар қажет.

Біріншіден, инвесторларға инвестициялық құралдар жөнінде тәуелсіз шешімдер қабылдауға немесе жинақталған қаражатты сақтандыру аннуитетіне аударуға мүмкіндік берілуі керек (бұл жедел қажеттіліктер үшін ішінара мерзімінен бұрын алынғаннан басқа).

Бүгінгі күні БЖЗҚ портфелінде мемлекеттік бағалы қағаздар 43,22%, Ұлттық банктің ноталарындағы және екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) акцияларындағы салымдар – 9,14%, ал шет мемлекеттердің, үкіметтік емес шетелдік эмитенттердің және халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарындағы салымдар – 20,89% құрайды. Сонымен бірге, қазақстандық экономикалық субъектілерге, негізінен квазимемлекеттік секторға тікелей инвестициялар 26,43% құрайды.

Ұлттық экономиканы ынталандыру тұрғысынан бізде инвестициялық портфель құрылымы өте әлсіз. Мысалы, егер біз мемлекеттік бюджеттің кірістерін ұлғайтуды шешсек, онда, әрине, барлық күш отандық жеке өндірушілерді жақсы қайтарым коэффициентімен (салық ауыртпалығы) қолдауға бағытталуы керек. Қазақстандық зауытқа инвестиция жасай отырып, біз бюджетке салықтар аламыз, инвестициялар үшін ақы төлейміз және негізгі қарызды өтейміз. Ақыр соңыңда, актив біздің құзырымыздың шеңберінде болады. Демек, мұнда үш түрлі пайда бар.

Ал біз шетелдік эмитенттерге ақша салған кезде не болады? Біз тек төмен инвестициялық кірісті аламыз, бірақ мұндай эмитент бізді «алдамайды» деп үміттеніп, жинақтау функциясын сақтаймыз. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, Ұлттық банктің зұлым тағдыры біздің зейнеткерлік  ақшамызды шетелдік «алаяқтық» компанияларға салуға мәжбүр етеді.

Немесе біз қазақстандық банктерге ақша салғанда не болады? Біз жай ғана отандық өндірушілерді қаржыландыру үшін артық төлеуге мәжбүр етеміз және капиталды оффшордан қосымша шығарып алуға ықпал тигіземіз. Тауар өндіруші, салық салмағының қалыпты коэффициенті бойынша төлеудің орнына, ең көп дегенде 2,5% төлейді, өйткені ол өзінің барлық маржасын 12% - 50% мөлшерлемемен банктерге береді. Нәтижесінде кәсіпорындар банкроттыққа ұшырайды, жалпы төлем қабілетсіздігі пайда болады, ал банкирлер, ШОБ-тың жойылуына өздері кінәлі бола отырып, үкіметтен ақша сұрауға жүгіреді. Содан кейін мемлекет оларға тағы да көмек көрсетеді, бірақ барлық ақша қайтадан жоғалып кетеді – инвестициялық кіріс те жоқ, экономикалық даму түрінде бюджеттен кәсіпорындардан салық түсімдері де қайтарылмайды. Оның үстіне, жұмыссыздар мен кедейлер санының өсуіне байланысты, әлеуметтік қорғау шығындарын көбейтуге тұра келеді.

Қаржы жинақтаушы жүйенің қазіргі жетілмегендігі оны жою керек дегенді білдірмейді – мәселе онда емес, басқаруда. Ол жерді ретке келтіру керек, соның ішінде зейнеткерлік активтерін басқарушыларына қатысты толық люстрация жүргізу керек, сотқа талап қою мерзімін жойып, ұрланған және орынсыз жұмсалған сомаларды қайтарып алу қажет.

Екіншіден, секвестрленуге жатпайтын бюджет баптары (білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғауға арналған қаражат) мұқият тексеріліп, сыбайлас жемқорлық схемалары мен күмәнді кіші бағдарламалардан тазартылуы керек. Бюджеттің атқарылу тиімділігі, өмір деңгейі мен ұсынылатын білім беру, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын сипаттайтын нақты көрсеткіштерге байланысты болуы керек.

Үшіншіден, еңбекке қабілеттілігі немесе кірісі жоғалған жағдайда, әлеуметтік сақтандыру жарналары салымшыларға сақтандыру сыйлықақысы түрінде тұлғаның жеке шотына байланып төленуі керек.

Төртіншіден, медициналық қызметтердің деңгейі (бюджеттік қаражат есебінен негізгі медициналық көмекті қоспағанда) асыраушының отбасы мүшелеріне арналған ерікті саясаты бар қызметкердің медициналық жарналарының деңгейіне сәйкес келуі керек – бұл азаматтардың отандық медицинаға деген сенімін арттырады.

Бесіншіден, ресми жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарға әлеуметтік қамсыздандыру және зейнетақымен қамсыздандыру үшін норвегиялық модельге негізделген ерікті кешенді сақтандыру бағдарламасы жасалуы керек. Полистің иесі (сақтандыратын адам) отбасының асыраушысы немесе пассивті кірісті (ақысын) алушы болады. Сонымен қатар, бұл бірыңғай әлеуметтік сақтандыру төлемі түрінде микроскопиялық төлемдерге балама болар еді. Осы бағдарламаның мағынасы сақтандыру полисін ұстаушысы оның ішіне жұмыс істемейтін отбасы мүшелерін белгілі бір мерзімге немесе өмір бойына қосу құқығы болатындығында. Отбасы мүшелерінің жасына байланысты пакет әлеуметтік, медициналық сақтандыруды, білім алуға және тұрғын үйге берілетін гранттарды, зейнетақы сақтандыру аннуитеттерін қамтуы мүмкін.

Ақырында, алтыншыдан, жалақы қорынан бюджетке аударылатын салықтар (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, ҚҚС бөлігі) тек бюджеттік сала – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және БЖЗҚ-а жеткілікті үлес қоса алмайтын азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін ынтымақтық зейнетақы жүйесіне арналған мақсатты қаржыландыруға бағытталуы керек. Бұл қаржылық тәуелділікті қолдау емес, мемлекеттің өзінің негізгі әлеуметтік міндеттемелерін орындауы.

Айболат Құрманбай, заңгер, қоғам қайраткері:

«Қазақстан қаржылық тәуелділер елі болмауы керек»

Мен тұжырымдаманың жобасын мүлдем шикі деп есептеймін, онда зейнетақы заңнамасын түбегейлі жақсартатын Заңдар кодексіне жаңа қосымшалар жоқ. Шын мәнінде, бұл 2013 жылғы моральдық тұрғыдан ескірген «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға косметикалық түзетулер – тіпті назар аударарлық ешнәрсе жоқ. Немесе «2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу және зейнетақы жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі бар адамдар үшін ең төменгі деңгейінің 70 проценті мөлшерінде кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыны белгілеу» деп ұсынылатын болмаса. Бірақ бұл қарапайым азаматтар үшін өте күрделі тұжырым. Оның орнына ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы, мысалы, 50 айлық есептік көрсеткіш болады деп жазу оңайырақ болмай ма?

Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялады, оның ең жоғарғы құндылықтары адам және оның құқықтары болып табылады. Алайда, шын мәнінде біздің зейнетақы заңнамасы ешқандай жағдайда әлеуметтік жауапкершілікті де, әділетті де емес. Бұнымен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар ғана емес, сонымен қатар жас шамасы бойынша еңбек қызметін аяқтаған орташа табысы бар адамдар да келіседі.

Зейнеткерлік жасқа қатысты әлеуметтік маңызы бар сұрақ осы уақытқа дейін ашық күйінде қалып отыр. Жақында мәжілісмендердің тиісті үндеуіне жауап бере отырып, Асқар Мамин ешқандай шегіну болмайтынын және осындай «қажеттілік» бар деп, оны үлкейтетінін айтты. Премьер-министрдің бұл мәлімдемесі «тексеріп көру әрекеті» екені анық, ал содан кейін жаңа шақырылымдағы парламенттің қарастыруына зейнетке шығу жасын көтеру туралы ұсыныс дайындалады.

Мысалы, Ресейде бұл мәселеге әлеуметтік әділеттілікпен қарай отырып, әйелдердің зейнеткерлік жасын заң жүзінде 60 жастан, ал ерлердікін – 65 жастан белгіледі. Қазақстанда әйелдер үшін де, ерлер үшін де 63 жас деп белгіленген. Сонымен қатар, мұндай күрт секірістің, әсіресе әйелдерге қатысты (бес жылға) нақты экономикалық және әлеуметтік негіздемесі әлі берілген жоқ. Ал Маминнің дәлелдері, әсіресе халықаралық тәжірибеге сілтемелер мен «экономикалық және демографиялық факторларға негізделген ұзақ мерзімді актуарлық болжамдар», менің ойымша, қанағаттандырарлық емес. Біздің қоғамда бұл болжамдарды немесе елдік талдауларды кім көрді? Біздің білуімізше, қазір өркениетті әлем зейнет жасын төмендетуге бет бұруда.

Мен экономист емеспін, бірақ болып жатқан оқиғаның әлдеқайда қарапайым себебі бар екеніне сенімдімін – мемлекет қарт адамдарды лайықты қамтамасыз етуге қаражат тапшылығын сезіне бастады, сондықтан ол тек ең төменгі зейнетақыға кепілдік бере алады. Шенеуніктер тағы да осы әлеуметтік төлемді алушылар санын азайту арқылы ақша үнемдеуге ниетті...

Жаңа зейнеткерлік жасты заңнамалық актіде бекітілгенге дейін күтпей, осы мәселелерді жедел түрде қоғамдық талқылауды бастау қажет деп есептеймін. Бұл тақырып саяси партиялардың қазіргі сайлауалды бағдарламаларында да көрініс табуы керек. Әйтпесе, қоғамның үнсіз келісімімен парламент халықаралық тәжірибеге жүгіне отырып, зейнеткерлік жасын, мысалы Германиядағыдай 67 жасқа дейін ұзарта аламын деп қорқамын. Мен ресейлік нұсқа қолайлы деп есептеймін: әйелдер үшін бұл межені 60 жасқа дейін төмендету керек, ал ерлер үшін оны 65-ке дейін өсіруге болады, ал қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндерге 63 жасты қалдырады. Мүмкін, қазіргі заманғы әйелдер ерлерге қарағанда ұзақтау өмір сүреді, бірақ сонымен бірге, жұмыс жүктемесінен басқа, олардың тағы қосымша жүктемесі бар – бұл туралы ұмытпау керек.

Үкімет басшысы өз баяндамасында келесі деректерді келтірді: егер 2010 жылы әр зейнеткерге орта есеппен 4,8 жұмыс істеушілер болса, 2015 жылы – 4,3, ал 2019 жылы – 3,9. Ол мұндай динамиканы бүкіл әлемде болып жатқан демографиялық үрдістермен түсіндірді. Бұл жалғыз ғана себеп емес екендігі анық. Жағдайды зейнеткерлік заңнамасының жетілмегендігі, сондай-ақ белгілі бір күштердің (үкіметте, парламентте, ал қазір Қауіпсіздік кеңесінде) әлеуметтік тәуелділердің мүдделерін белсенді лоббизмімен шиеленісе түседі. Сондықтан, Еңбек министрлігі жас санаты бойынша және басқа салыстырмалы көрсеткіштер бойынша Қазақстандағы зейнеткерлер саны туралы мәліметтерді жариялауы керек.

Осыған байланысты мен күш құрылымдардың зейнеткерлеріне тоқталғым келеді. Олардың негізгі бөлігі емес, бірақ айтарлықтай бөлігі – салыстырмалы түрде жас азаматтар. «Азаматтық өмірде» 12,5 жылдық жұмыс өтілі, сондай-ақ ішкі істер органдары мен құқық қорғау органдарында (соңғы 12,5 жыл ішінде) үздіксіз мерзімі 45-ке толған кезде абыроймен, барлық әскери жеңілдіктермен және жоғары зейнетақымен шығу үшін  жеткілікті. Шын мәнінде, олар жоғары әскери оқу орындарын күндізгі бөлімде бітіріп, содан кейін гарнизондарда 25 жыл және одан да көп жыл қызмет етіп, өмірге қауіп төндіретін өз міндеттерін орындағандармен бірдей зейнетақы төлемдерін алады.

Сонымен қатар, бұл заңнамалық норма тек әскери қызметкерлерге, полиция қызметкерлеріне және ҰҚК офицерлеріне ғана емес, тіпті (2012 жылдан бастап) прокурорларға да қатысты. Бұл кәсіптің өкілдеріне деген осындай жылы қамқорлық, мүмкін, басқа демократиялық елдердің біреуінде де кездеспейтін шығар. Қазақстан Республикасының үкіметі мен парламенті әлеуметтік мәртебесі бойынша прокурорларды әскерилермен теңестіріп, сол арқылы әскери-полиция мемлекет құруға үлкен қадам жасады. Айтпақшы, дәл сол жылдары парламентарийлер мазақ еткендей қарапайым халықтың зейнетке шығу жасын бес жылға көтерді...

2009 жылы күш құрылымдарының ардагерлері әскери қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы жағдайды жан-жақты талдады, содан кейін олар үкімет пен парламентке тиісті үндеу жолдады. Бірақ, өкінішке орай, олардың ұсыныстары 2013 жылдың жазында күшіне енген «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда көрсетілмеген. Мен сол ұсыныстарға қайтадан оралу керек деп есептеймін, атап айтқанда, жоғарыда аталған заңнан «соңғы 12,5 жылда үзіліссіз жұмыс істегені зейнетке шығу үшін жеткілікті» деген норманы алып тастау керек. Осының арқасында мемлекеттік қорлардағы қаражатты (оларды зейнетақы төлемдерін көбейтуге, мысалы, қызметкерлер қатарынан әскери зейнеткерлерге бағыттап) үнемдеуге қол жеткізуге болады. Мен сондай-ақ еңбек өтілі бойынша зейнеткерлікке шығу құқығын анықтаудың басты өлшемі 25 жыл жеңілдікпен емес, немесе жалпы деп аталатын есеппен емес, ол күнтізбелік шартпен болуы керек деп есептеймін. Жалпы еңбек өтілі зейнетақының мөлшерін анықтаған кезде ескерілуі керек, 25 күнтізбелік жылдан асқан әр жыл үшін зейнетақы мөлшері екі процентке өседі.

Тағы бір мәселе – этикалық. Басқа азаматтардың алатынымен салыстырғанда, қауіпсіздік қызметкерлерінің, сонымен қатар еңбекке қабілетті жастағылардың зейнетақыларының мөлшері (бізде соғыс болмағанымен, кейде олар жарты миллион тенгеге жетеді немесе одан да көп) қарапайым халықты ашуландырады. Ия, еңбек стажына байланысты зейнетақы екі-үш есе (бірақ алты есе емес – бұл жағдай тек Қазақстан азаматтары арасындағы әлеуметтік арақашықтықты арттырады.) жоғары болуы керек. Сондықтан әлеуметтік әділеттілік қағидасынан шыға отырып, Заңның 65-бабы төленетін және АЕК-те көрсетілген ай сайынғы зейнетақыны белгілеу бөлігінде қайта қаралуы керек. Бүгінгі күні ешқандай жоғарғы шектер белгіленбегендіктен, инфляциялық процестерге байланысты кейінгі қайта есептеу осындай бұрмалаушылықтарға әкеліп соқтырады.

Біз қаржылық тәуелділердің елі болмауымыз керек, биліктің және қазақстандықтардың санасындағы патерналистік сезімдерден арылуымыз қажет. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында зейнетақы саласындағы жағдайды қарастыратын уақыт жетілді, өйткені бұл зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайына ғана емес, сонымен қатар елдегі саяси жағдайға кері әсер етеді. Зейнетақы жүйесіне қаржылық жүктемені төмендететін адекватты шешімдерді талқылау және қабылдау қажет, сол кезде, бәлкім, зейнеткерлік жасты көтерудің де қажеті болмауы мүмкін.