Бүкіл елді қазақ тілінде сөйлету үшін түбегейлі шаралар қабылдауға шақыратын адамдардың көпшілігі бұл мәселеде бәрі билікке байланысты деп есептейді. Олардың ойынша, егер Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабынан орыс тілінің мәртебесіне қатысты екінші тармақты алып тастаса, бүкіл халықты мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттесе, орта мектептерде тек қазақ сыныптарын қалдырса – мәселе шешіледі. Ал қазақ қоғамының рөлі жөнінде ойланатындар өте аз, бірақ дәл сол рөл шешуші рөл бола алады және болуы тиіс.
Олардың үлгісі – басқаларға тәлім
Өздерін қазақ патриоттарымыз деп жүргендер қазіргі тіл мәселесін кеңес өкіметі жылдарында жүргізілген орыстандыру саясатымен байланыстырады. Олардың ойынша, ол және тек қана ол біздің этносымыздың едәуір бөлігінің ана тілін, ал сонымен бірге ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді ұмытуға, қысқасы, бұл адамдар солай айтуды ұнататындай, «мәңгүрттенуге» әкелді. Расында да, орыстандыру із-түзсіз өтіп кетуі мүмкін емес. Алайда, мәселе тек «мәңгүрттенуде» ғана ма? Қанша дегенмен, посткеңестік кеңістікте бұл үдерістен аман қалған көптеген халықтар бар ғой, бірақ соған қарамастан, олардың барлығы дерлік (кейбіреулерін кеңес үкіметі қазақтардан әлдеқайда қиын «тілдік жағдайға» қойған болса да) бүгінде өз ана тілдерінде сөйлейді және көп жағдайда өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды.
Мысалы, шешендерді алайық. 1939 жылғы бүкілодақтық халық санағының қорытындысы бойынша КСРО-да, ингуштармен қоса есептегенде, олардың саны жарты миллионға жуық болған. Бес жыл өткеннен кейін, 1944 жылы, олардың барлығы дерлік – негізінен Қазақстанға (325 мың) және Қырғызстанға жер аударылды. Сол кезде Шешен-Ингушетия АКСР-і жойылып, оның аумағына еліміздің басқа аймақтарынан қоныс аударушылар қоныстана бастады. Біздің аумақта бұл халықтың өкілдері әр облысқа тарыдай шашыратылды, Батыс Қазақстан мен Гурьев (қазіргі Атырау) облыстарын қоспағанда барлық облыстардың ішіндегі аудандар мен ауылдары түгелдей қамтылды. Яғни, шешендер, шын мәнінде, өздерінің үйреншікті тілдік ортасынан айырылып қалды. Балаларын ана тілінде оқыту, тіпті оны мектептерде пән ретінде ғана оқыту жөнінде сөз қозғаудың өзі де мүмкін емес болатын.
Тек он үш жылдан кейін ғана, «Хрущев жылымығы» келген кезде, оларға өз отанына оралуға рұқсат беріліп, Шешен-Ингушетия АКСР-і қайта құрылды. Соның өзінде, Одақтың ыдырауына дейін, кейінгі үш жарым онжылдық ішінде, шешендердің балаларында ана тілінде білім алу мүмкіндігі болмады. Бұл туралы біздің заманымызда (2012 ж.) Шешен мемлекеттік педагогикалық институтының доценті Исита Мұсаханова «Шешен Республикасындағы білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» мақаласында былай деп жазған: «Шешен-Ингушетияның барлық мектептерінде бірінші оқу жылынан бастап соңғы оқу жылына дейін сабақтар орыс тілінде жүргізілетін, ал сол кезде ана тілі мен ана әдебиетін оқытуға аптасына бірнеше сағат қана берілген болатын». Бұл 1970 жылдардың аяғында республикадағы «байырғы ұлттың» үлесі үштен екіге жуық болғанына және қарқынды өсуін жалғастырғанына қарамастан орын алған жағдай.
Горбачевтік қайта құру дәуірінің аяғында, ал одан кейін өз тәуелсіздігін жариялаған Шешен Республикасы тұсында ана тілінде оқытатын ұлттық мектептің құрылуы басталды. Оған 1-ден 4-ке дейінгі бастауыш сыныптар, кейіннен кезең-кезеңімен мектептегі білім берудің басқа да деңгейлері толығымен көшірілуі тиіс болатын. Алайда, көп ұзамай аласапыран кездер келді, содан кейін ұзаққа созылған соғыс басталып кетті, сондықтан ол көшірілу сол қалпы орын алмай қалды...
Бүгінде республикада шешен тілінде оқытатын бірде-бір мектеп жоқ, ал шешен тілі барлығына міндетті пән болғанмен, жеке пән ретінде ғана оқытылады. Және бұл оған тыйым салынғандықтан орын алып отырған нәрсе емес – Ресей Федерациясының басқа субъектілерінде (Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Якутия, Чувашия және т.б.) барлығын қоса алғанда мыңдаған ұлттық мектептер бар. Егер Шешен республикасының басшысы Рамзан Қадыров оларды ашқысы келсе – ешкім қарсы болмайды. Оның үстіне, Ресей басшылығы, Владимир Путиннің өзін қоса, Ресей Федерациясының көптеген басқа автономиялық субъектілерінің басшыларына қарағанда, оған әлдеқайда көп мүмкіндік береді. Бірақ Қадыров «ана тілінен бас тартқанды шешен деп есептеуге болмайды» деп үнемі қайталай бергенімен, оны істеуге құмарлық танытпайды.
Шынында да, бұл ұлттың өкілдерінің арасында, олар қайда өмір сүрсе де (Шешен республикасының өзінде немесе одан тыс жерде), шешен тілін білмейтіндерді кездестіру қиын. Ондайлар, әрине, бар, бірақ олар салыстырмалы түрде аз үлесті құрайды. 2010 жылғы бүкілресейлік халық санағына сәйкес, сол кезде Ресей Федерациясында тұрған 1 миллион 431 мың шешеннің 1,355 мыңы немесе 94,6 проценті ана тілінде сөйлейтін.
Одан бір жыл бұрын бізде, Қазақстанда, халық санағы жүргізілді. Қазақ тілінде ауызша сөйлеуді түсінетіні жайлы 8 миллион 988 мың адам хабарлады. Әрине, олардың арасында әртүрлі этникалық топтардың өкілдері болған, мысалы, өзбектер (этникалық тұрғыдан мәліметтерді табу мүмкіндігі болмады), бірақ егер олар тек «титулдық» ұлт өкілдері деп есептесек те, қазақтардың 88 процентіне жуығы ғана ана тіліндегі ауызша сөйлеуді түсінетін болып шыққаны белгілі болды. Ал мемлекет құраушы этнос өкілдерінің 7 миллион 528 мыңы, немесе ең көп дегенде 73,6 проценті, өздерін ана тілімде сауатты жазамын және еркін оқимын деп есептеген. Ал шын мәнінде, бұл үлес іс жүзінде төмен деп болжауға болады.
Алдамшы сылтаулар
Енді салыстырайық. Шешендер он жарым жылға жуық уақыт бойы туған жерінен алыста, бір-бірінен алшақ, жат тілді ортада өмір сүрді. Олардың өз балаларын 70 жылдан астам кезең бойы ұлттық мектептерде оқытуға мүмкіндіктері болған емес және әлі де жоқ. Соған қарамастан, олардың арасында ана тілін білмейтіндердің үлесі небәрі 5,4 процентті құрайды. Иә, көп жағдайда оны білу тек тұрмыстық деңгеймен ғана шектеледі, ал ұлттық зиялы қауым осыған алаңдаушылық білдіре отырып, шешен тілінің қолданылу аясын кеңейту қажеттігін алға тартады.
Бірақ бізде жағдай одан да нашар ғой: «титулдық» этнос өкілдерінің кем дегенде 12 проценті тіпті ауызша қазақ тілін түсінбейді, ал төрттен бір бөлігі ана тілінде жаза және оқи алмайды. Және бұл жайт қазақтардың барлық уақытта өз жерінде өмір сүргеніне қарамастан, кеңестік кезеңде де (мысалы, 1985 жылы, қайта құрудан бұрын да, олардың балаларының шамамен 60 проценті қазақ мектептерінде білім алған), сондай-ақ тәуелсіздік алғаннан кейін де оқу тілін таңдауға құқылы болғанына қарамастан орын алып отыр. Сонымен қатар, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептерде оқитын қазақ оқушыларының ана тілін міндетті түрде оқуы туралы» қаулысы қолданыста болған. Өкінішке орай, кейбір жерлерде оның орындалуына формальды түрде қарады.
Осыдан логикалық қорытынды шығады: бұл жағдайдың себебі мемлекеттік саясаттан гөрі, басқа нәрседе. Ал нақтырақ айтқанда – отбасында, ата-аналарда. Сол Исита Мұсаханова кеңестік кезең мен орыстандыруға сілтеме жасай отырып, сол кездері «бірінші сыныпқа барған шешен балаларының өздері үшін қолайсыз дерлік тілдік ортаға тап болғаны мүлдем еленбейтін. Балалар сабақты түсініп, меңгере бастағанға дейін мұғалімдерге көп уақыт пен күш жұмсауға тура келетін». Ал бұл жағдай шешендердің барлығы дерлік әлеуметтік жағдайына қарамастан, өз үйінде де, басқа қандастарымен қарым-қатынаста да тек ана тілінде сөйлейтіндігімен, сәйкесінше, балалары оны барынша сіңіргенімен, орыс тілі олар үшін тіпті мектеп жасына дейін «терра инкогнита» болғандығымен түсіндірілетін.
Ал бізде қалай болған? Екі жыл бұрын өте танымал тұлға (ел президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының, «Казахстанская правда» газетінің, «Нұр-Медиа» холдингінің басшысы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі) Facebook желісінде суретін жариялады. Онда ол үш досымен – өзі сияқты кеңес дәуіріндегі қазақ жазушыларының ұлдарымен бірге бейнеленген. Посттың астына пікір қалдырушылардың бірі: «орыстілділер» деп жазыпты. Келесі күні оған медиа-менеджер былай деп жауап берді: «Иә, біз, үлкен өкінішке орай, қазақ жазушыларының балаларының көпшілігі сияқты, орыстілдіміз. Бірақ бұл біздің кінәміз емес, бұл біздің қайғымыз. Заман сондай болатын, ата-анамыз бізді орыс мектептеріне берді, өйткені қазақшалар жоқтың қасы (түпнұсқада дәл осылай жазылған) болатын. Және Алматыдағы ортаның бәрі орыстілді болатын. Бірақ біздің арамыздағы кейбіреулеріміз ана тілін қандай да бір дәрежеде меңгеруге қол жеткізе алдық».
Бұл сөздерде алдамшылықтың жеткілікті мөлшері бар. Біріншіден, жазушылар мен сол кездегі ұлттық «элитаның» басқа өкілдері өз балаларын Мәскеудің беделді университеттерінің студенттері ретінде көретін, өйткені бұл мансаптың жылдам өсуінің кепілі болып табылатын (айтпақшы, пост авторының өзі, өмірбаяндық ақпаратқа сәйкес, Мәскеу мемлекеттік университетіне түсті, суреттегі оның екі досы – Әдебиет институтына), ал бұл үшін мектеп білімін орыс тілінде алу өте қажет болатын. Қазақстанның сол кездегі астанасының жетекші жоғары оқу орындарына, әсіресе техникалық жоғары оқу орындарына түсу үшін де мектеп білімін орыс тілінде алу өте қажет болатын. Сондықтан оларды Алматыда қосымша қазақ мектептерін ашу мәселесі онша алаңдатқан жоқ, бірақ олар қаласа, оған қол жеткізу қиын емес еді.
Екіншіден, тіпті орыс мектебінде оқып, орыстілді құрбыларымен араласып жүргеннің өзінде, балалар, егер олардың ата-аналары үйде қазақ тілінде сөйлессе және өз балаларын шын мәнінде «ана тілін» білу нәрімен сусындатқысы келсе, балалар қазақ тілін кем дегенде сөйлесу деңгейінде меңгере алар еді. Жазба авторының өзі «ана тілін қандай да бір дәрежеде меңгеруге қол жеткізе алған» адамдардың қатарына жатама, мен білмеймін, бірақ 1970 жылдардың екінші жартысында ҚазМУ-дың студенті ретінде мен куәлік ете аламын: сол кездегі университетте оқыған қазақ жазушыларының, композиторларының, ғалымдарының балаларының көпшілігі ата-бабаларының тілінде мүлдем сөйлемеген. Осыдан айқын қорытынды шығады: олардың ата-аналары мұның қажеттігін көрген емес. Алайда бұл жайт көптеген жазушылар мен гуманитарлық қайраткерлердің қазақ тілінің патриоты ретінде танылуына кедергі болмады.
Сондай-ақ қазіргі «патриоттардың» ішінде «ана тіліне» белсене, тіпті құлшыныспен қарайтындар да аз емес, бірақ олар өздерінің балаларын қазақ тіліне деген сүйіспеншілік рұхында тәрбиелеуге уақыт таппады. Мен QMonitor сайтындағы соңғы жарияланымдардан тек екі мысал ғана келтіремін. Алматыдағы №146 мектеп-лицейінің мұғалімі балаларды қазақ сыныбына беруге шақыра отырып, өзінің немересі орыс мектебінде оқитынына шағымданып, келініне кінә тақты. Бірақ егер оның ұлы үйленіп, отбасында орысша сөйлей бастаса және әйелінің еркіне көнген болса, сонда ол өз үлын қалай тәрбиелеген? Ал «тіл патрульдерінің» белсенділерінің бірі: «Бүгінде менің қыздарым орысша сөйлейді екен... Мен 7-8 жыл бойы үлкен қызыммен араласпаймын - ол менің немерелерімді орыс мектебіне берді. Бұл мен үшін трагедия болды» - деп шындығын айтты. Тағы да сұрақ туындайды: оның балалары ана тілінен гөрі «бөтен тілді» артық көргеніне кім кінәлі?
Бір сөзбен айтқанда, мемлекетке жүгініп, қасымызда тұратын өзге ұлт өкілдерін кінәлаудың орнына, біз, қазақтар, сондай-ақ ана тілін білетіндер де, өзімізден, отбасымыздан, бала-шағамыздан бастағанымыз жөн болар еді...