Мемлекет басшысы таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында өз сөзінің маңызды бөлігін білім беру жүйесін жетілдіру және тілдерді дамыту мәселелеріне арнағанына қарамастан, латын әліпбиі мен үштілділік туралы бірде-бір сөз айтпағаны – ерекше атап кететін жайт. Қанша дегенмен, бұл Жолдау үкімет, парламент, жергілікті мемлекеттік органдар мен тұтастай қоғам үшін арналған және алдағы жылы орындалуға тиіс іс-әрекеттердің негізгі нұсқаулығы екенін ескеретін болсақ, осы екі даулы реформаларды егер мүлдем тоқтатып тастамаса да, кем дегенде кейінгі, жақсырақ кезеңдерге, яғни еліміз оларға дайын болғанға дейін қалдыру туралы шешім қабылданды деп есептеуге болады. Неліктен оларды іске асыруға асықпау керектігі туралы, мұндай эксперименттердің қандай қауіптері бар екендігі жөнінде және оларға лайықты балама бар-жоғы жайлы біз тарихшы және саясаттанушы Николай Осиповпен әңгімелесіп отырмыз.
Шетте қалмау үшін икемделу қажет
- Николай Иванович, алдымен үш тілділіктен бастайық. Бастапқыда оны 2022-2023 оқу жылында енгізу жоспарланған болатын, бірақ, қазіргі жағдайға қарасақ, шамасы, бұл жақын арада іске асырылмайды. Қазақстанның болашағы тұрғысынан алғанда оның мағынасы жалпы бар ма?
- Қазақстан басшылығының үш тілде білім беруге көшу бағдарламасын ұсынуы жаһандану сын-қатерлеріне мәдени-ағартушылық жауап ретінде толық негізделген және түсіндірмелі. Отандық экономиканың жаһандық процестерге тартылуының өсуі және оның әртүрлі өркениеттік-мәдени ықпалдарға ашықтығы кезінде еліміздің құрлықішілік аумағының трансшекаралықтығы, транзиттілігі Қазақстан мәлімдеген және іске асырылып жатқан Еуразиялық геоэкономикалық және геосаяси таңдау шеңберінде әлеуметтік-мәдени даму басымдықтарын жедел айқындауды талап етеді.
Оның үстіне, Қазақстан мен Ресейдің Болон процесіне қосылуы біздің елдеріміздің білім беру саясатының еуроцентрлік бағдарын айқындады. Сондықтан қазақ, орыс және ағылшын тілдері отандық білім беру жүйесінің негізгі тілдеріне айналуы тиіс болады.
Біріншісі қазірдің өзінде мемлекеттік тіл болып табылады және ел тұрғындарының көпшілігі үшін ол – ана тілі. Екіншісі қазақстандықтар мен еуразиялық экономикалық және әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі басқа халықтар арасындағы ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасқан. Үшіншісі ұзақ уақыт бойы қазіргі әлем халықтарының көпшілігі үшін халықаралық қатынас тілі болып келеді. Бірге зерттеліп және қолданылып келген бұл тілдер республиканың посткеңестік жаңа қазақ ұлттық сәйкестілігін құра отырып, халықаралық білім беру кеңістігіне толық қосылуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, үштілділікті енгізу, бұл қай кезде орын алатынына қарамастан, қазақ тілі тіларалық қарым-қатынастың осындай форматына сәйкес болу үшін өзгеруі керектігіне табиғи сұраныс бар. Басқа талаптармен қатар, оған әдеби тіл ретінде де жоғары талаптар қойылатын болады. Алайда, бұл жүйені енгізудің қазіргі ұсынылып отырылған процедурасы не биліктің, не қазақ зиялыларының мұндай іс-әрекетпен айналысатын ниеті жоқ екендігін көрсетіп отыр. Қазіргі жаһандық әлемнің талаптарына қазақ тілі икемделу тиіс, керісінше емес, деген бұлтартпайтын фактіні олар елеусіз қалдырған көрінеді.
Үш тіл және екі алфавит
- Латын әліпбиі жайлы не айтуға болады? Айтпақшы, оны да келесі жылдан бастап енгізуді жоспарлаған еді ғой, бірақ қателескендері анық. Қалай ойлайсыз, оның пайдасы көбірек пе, әлде зияны ма? Бұл реформа қандай жағдайда тиімді болуы мүмкін еді?
- Иә, жарияланған жоспарлар бойынша келесі жылдың өзінде қазақ тілін латын графикасына көшіруді бастау керек болатын. Шамасы, мұндай өзгерістер үштілділікке көшу үшін жеткілікті деп есептеледі. Бірақ егер сонымен бірге әкімшілік қысым арқылы ағылшын тілі білім беру жүйесіне жалпыға бірдей міндетті түрде оқыту тиіс тілі ретінде енгізілетін болса, бұл Конституцияға қайшы келеді, өйткені онда ол туралы ештеңе айтылмаған.
Білім беру жүйесінде қазақ және ағылшын тілдерінің бір мезгілде қатар пайдалануын тек латын әліпбиіне көшу арқылы ғана қамтамасыз етуге болмайтынын түсіну керек. Бұл екі тілдің дыбыстық, сөздік қоры, мәдени және тарихи-мәдени негіздері бойынша ортақ ештеңесі жоқ екеніне көз жеткізу үшін кез келген қазақша-ағылшынша сөздікті ашып қарау жеткілікті. Қазақ тілі жүйелілігі жағынан, реттелгенділігі бойынша және логикалық сөздік құрамы тұрғысынан ағылшын тілінен айтарлықтай артта қалғаны анық.
Әдеби қазақ тілінің едәуір бөлігін құрайтын грек және латын түбірлері бар сөздердің көпшілігін аудару немесе өзгерту жағдайды қиындатады. Мысалы, схема, система, идентичность, форма, формирование, аргумент, модернизация, политика, нация, стабилизация, интенсификация, культура, презентация және басқа да көптеген сөздерді: схема, жүйе, сәйкестік, форма, қалыптастыру, дәлел, модернизация, саясат, ұлт, тұрақтандыру, интенсификация, мәдениет, презентация – деп қазақ тіліне аударудың мәні неде? Шынында да, латын әліпбиіне көшкенде оларды түсіндіру, әсіресе еуропалықтар мен американдықтарға, өте қиын болады.
Мұндай аудармалар қазақ тілін үйренудің және ғылыми қызметте қолдану қажеттілігін айтарлықтай төмендетіп тастады. Олар оны орыс тілінен де, ағылшын тілінен де тек алыстатып жіберді. Ал латын графикасына көшкен кезде қазақ тілінің ағылшын тілінен мәдени түрде осылайша шеттетілуі одан да айқын көрінетін болады. Дәл осындай өзгерулер 1920-30-шы жылдары түрік тілінде (латын графикасына аударылғаннан кейін) орын алған болатын. Ол елдің ғылыми-ағартушылық дамуында мүлдем талап етілмеген болып шықты және түріктерді күрдтермен және армяндармен біріктіре алмады. 1990 жылдары осындай жолмен жүрген Әзірбайжан, Түркіменстан және Өзбекстанда да ғылыми-білімдік серпіліс болмады.
- Ал осы формулада орыс тілінің орны мен рөлі қандай?
- Атап айтқанда, орыс тілі ағылшын және қазақ тілдерін біріктіретін, жұптастыратын тіл болып табылады. Ағылшын тілі оқыту процесіне үшінші тіл ретінде енгізілгенде үштілділік оны семантикалық және лексикалық өзара әрекеттестіктің орталығына қояды. Шын мәнінде, орыс тілі – қазақ тілі мен ағылшын тілін байланыстыратын мәдени «көпір» болып табылады. Оған қосымша, орыс тілін үйрену қазақтарға ағылшын тілін үйретуді тездетеді.
Кеңестік кезеңде Қазақстан тарихында одақтық және республикалық мемлекеттік тілдерді біріктірудің әр түрлі нұсқалары сынақтан өткізілген болатын. Нәтижесінде қазақтардың көпшілігі арасында және еліміздің орыстары мен орыс тілді тұрғындарының аз ғана бөлігінде қазақ-орыс билингвизмі қалыптасты (шамамен сәйкесінше 80 және 5 процент). Посткеңестік кезеңде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде таратуға және дамытуға қанша тырысқанына қарамастан жағдай күрт өзгерген жоқ (79,1 және 7,2 процент).
Сондықтан үштілділікті енгізудің ең шынайы, үмітсіз емес тәсілі, біріншіден, орыс тілін Қазақстанда екінші мемлекеттік тіл ретінде енгізу болар еді. Екіншіден, орыс-ағылшын қос тілділігі негізінде қазақ тілін реформалау және ағылшын тілін жеткілікті түрде меңгеруге бағытталған арнайы білім беретін мамандандырылған сыныптарда, топтарда, мектептерде, гимназияларда, университет кафедраларында ағылшын тілін тереңдете оқытуды енгізу. Осы тұрғыдан алғанда, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің орыс және ағылшын тілдерінің артықшылықтарын пайдаланып, сонымен қатар өзіндік артықшылықтары мен мүмкіндіктерін ашып көрсете отырып, дамуына көмектеседі.
Барлығы зардап шегеді!
- Егер үштілділік бағдарламасы бастапқыда ойластырылған түрде жүзеге асырылатын болса, отандық білім беру жүйесі қандай жағымсыз салдарларға тап болуы мүмкін?
- Білім және ғылым министрлігі осыдан бұрын ұсынған үштілділікке кезең-кезеңмен көшу бағдарламасы тікелей жолмен бүкіл қазақстандық білім беру жүйесінің күйреуіне әкелуі мүмкін. Бастауыш мектепте үштілді оқытуды еңгізу және бір мезгілде орта сыныптарда бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқытуға біржолғы жалпыға міндетті етіп көшу (оны қазақ тілінің латын графикасына көшуімен біріктіру көзделініп отыр) – білім беру процесінің бірлігі мен бірізділігін бұзуына, оқушылардың оқыту деңгейлері бойынша жіктелуіне әкелуі мүмкін.
Бір кездері барлық мектептер мен университеттерде бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу үшін тіпті мұғалімдер мен оқытушыларды жаппай қайта даярлау басталып та кеткен болатын. Бұл ретте олардың да дайынсыздығы, студенттердің өздерінің де осылайша оқуға дайынсыздығы ескерілмеген болатын. Ал бұл – осы пәндерді оқыту сапасының күрт төмендеуіне әкелуі ықтимал бастапқыдан сәтсіз стратегия.
Жай ғана қайта даярлау педагогикалық кадрлардың математика, физика, химия және биология пәндері бойынша ағылшын тілінде сабақ өткізу мәселесін шеше алмайды. Бұл ұзақ уақыт бойы қайта даярлауды қажет етеді, оны мұғалімдер мен оқытушылардың барлығы бірдей сәтті аяқтай алмайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, бұл пәндерді ағылшын тілінде оқыту студенттердің едәуір бөлігіне қажетті білім, іскерлік және дағдыларды алуға (мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес) мүмкіндік бермейді. Ағылшын тілінде студенттерге жаппай білім беру де проблемалы болады. Шетелдік мұғалімдер мен оқытушыларды тарту мүмкіндігі тек бірнеше элиталық мектептер, лицейлер, гимназиялар, колледждер, институттар мен университеттерде ғана бар. Кейбір оқу пәндерін (Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, қазақ, орыс және шетел әдебиеті) орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінде және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінде оқыту оқу процесінің бұзылуына және оқушылардың дайындық деңгейінің күрт төмендеуіне әкеліп соғады. Мұндай екі тілді білім беру эксперименттері мектеп жүйесінің беделін мүлдем түсіріп жіберуге ықпал етеді. Барлығы – мұғалімдер де, оқушылар да, олардың ата-аналары да – зардап шегеді. Қайтарылмас мәдени залал келтіріледі, мемлекеттік білім беру жүйесіне деген сенім төмендейді, қоғамдық келісім мен ұлтаралық түсіністікке қауіп төнеді.
Басымдық – екі тілділік
- Бұл жағдайдан шығудың балама жолдары бар ма?
- Қазақша-орысша қос тілді білім беруді бастауыш мектепте енгізу керек. Оның үстіне, тек орыс тілінде немесе тек қазақ тілінде оқытатын мектептерден бас тартып, қазақша-орысша орта білім беру жүйесі ретінде қайта ұйымдастыру қажет. Өз кезегінде ағылшын тілін жалпы білім беретін пән ретінде немесе тереңдетілген мамандандырылған білім беру пәні ретінде тек 5-сыныптан бастап енгізу қажет. Ата-аналардың өз қалауы бойынша және жеке қаражатқа ағылшын тілін үйренуді (бірақ мемлекеттік білім беру жүйесінен тыс) ертерек бастауға болады.
Ағылшын тілін оқыту, әрине, кеңеюі керек, бірақ ол мұғалімдер мен оқушылардың қажеттіліктеріне, мүмкіндіктеріне және дайындығына қарай іске асырылуы тиіс. Ағылшын тілі кез келген салада толыққанды ғылыми қызмет үшін, кәсіппен айналысу үшін, тілді білу қажет ететін белгілі бір мамандықтарды алу үшін қажет. Мысалы, химик-технолог, инженер, программист, экономист немесе маркетолог.
- Үш тілді қатар қолданудың идеалды түрін сіз қалай етіп көресіз?
- Қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін ағылшын тілі табысты бизнеспен айналысудың, өзінің кәсіби және мансаптық талаптарын жүзеге асырудың құралы болуға тиіс, оның бұдан артық қажеттілігі жоқ. Қазақ-орыс қос тілділігі – бұл қазақстандықтардың мәдени-рухани тұрғыда қатар өмір сүруі мен ұлттық өзіндік даму құралы. Қазақ-орыс-ағылшын үштілділігі – бұл қазіргі жаһандық әлемде Қазақстанның мәдени, ғылыми және білімдік прогресс құралы.
Екі тілде оқытуға балабақшаларан, бастауыш мектептерден бастап көшудің жалпыұлттық бағдарламасын әзірлеу мен іске асыру үшін филологтардың, қазақтанушылар және орыстанушылардың, оқытушылардың, мұғалімдердің, қоғамдық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің, Қазақстанның тиісті мемлекеттік мекемелері мен ведомстволарының күш-жігерін біріктіру қажет. Сонымен қатар, орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде енгізу Қазақстан халқының орыстілді бөлігінің барлық барьерлері мен қорқыныштарын жояды.
Оған қоса, еуразиялық экономикалық және мәдени интеграция үдерістерінің дамуы жаңа серпін алады, жоғары сапалы деңгейге көтеріледі, қазақстандық-ресейлік саяси сенім мен өзара түсіністікті нығайтады. Ресеймен стратегиялық саяси серіктестік Қазақстанға жаһанданудың барлық сын-қатерлеріне адекватты және табысты жауап беруге мүмкіндік туындатады, еуразиялық қазақстандық ұлттық бірегейлігін қалыптастырады. Қазақстан орыс әлемін және түркі әлемін еуразиялық орыс-түркі достастығына ықпалдастыратын және шоғырландыратын дербес еуразиялық түркі-ортаазиялық мемлекетке айналады.