Соңғы жылдары аралас мектептерді қысқарту жайлы, немесе олардың қолданыста болу фактісінің өзі мемлекеттік тілдің тұғырының нығаюына айтарлықтай кедергі келтіреді деген сылтаумен тіпті мүлдем жою туралы үндеулер жиі айтылып жатыр. Бірақ, біріншіден, мұндай мектептердің болуы біреудің қыңырлығы емес, мәжбүрлі қажеттілік. Екіншіден, егер біреулер олардың болуы – қауіп төндіреді деп есептесе, енді басқалары, керісінше, әртүрлі ұлт балаларын қазақ тіліне баулу үшін мүмкіндік көреді.
«Патриоттар» мен депутаттардың претензиялары
Жуырда ғана, қараша айының ортасында, Алматы облысындағы Талғар қаласының бір топ тұрғындары жаңа кеңірек ғимарат салынып біткен соң, қазақ мектептерінің бірін аралас мектеп етіп жасауға дайындалып жатқандығына наразылық білдіріп, осы мәселе бойынша білім министріне және парламентарийлерге жүгінді. Одан сәл бұрынырақ, тамыз айында, Нұр-Сұлтан іргесіндегі ауылдардың кейбір белсенділері осыған ұқсас мәлімдемемен шыққан болатын. Анда-санда көптеген қазақтілді басылымдар, оның ішінде тіпті еліміздің бас ресми газеті «Егемен Қазақстан» да, мұндай мектептердің ашылуы ғана емес, олардың қолданыста болуы орынды ма деп күмән танытып тұрады.
Бір жыл бұрын парламенттің жоғарғы палатасының кейбір депутаттары да осы тақырып бойынша алаңдаушылық білдірген болатын. Олардың атынан Қазақ қыздар педагогикалық институтының бұрынғы ректоры, сенатор Динар Нөкетаева Қазақстан Республикасының премьер-министріне мынадай сөздері бар өтінішпен жүгінген: «Елімізде аралас тілді мектептер жалпы мектеп санының 30%-ға жуығын құрап отыр. Бұл әлемде ешбір елде кездеспейтін жағдай... Бұл үрдіс одан ары да жалғаса беретін болса, одан кейін қазақ тілінің тағдыры, ел тағдыры қалай болатынын ешкім болжап айта алмайды... Қазақстан бүгінде даму мен өркендеу жолында. Осыған орай, жалпы білім беретін буында осыншама аралас мектептердің не керегі бар деген сұрақ туындайды. Бұл ұлттық идеологияға сәйкес келе ме?»
Ол аз болса, депутаттық сауалда бұл тақырып өткен жылдың ақпан айында орын алған Қордай трагедиясымен тікелей байланыстырылған: «Осы түйткілдің туындауының негізгі себебі, аралас тілде жұмыс жасайтын мектептердің көптігінен деуге де негіз жоқ емес». Қанды қырғын «инцидент» деп аталып, оқыту әртүрлі тілдерде жүргізілетін мектептердің қолданыста болуы оның негізгі себебі болды ма? Бұл үндеуге қол қойған сенаторлардың (арасында заңгерлік білімі бар адамдар бар – мысалы, Мұрат Бақтиярұлы, Нөкетаеваның өзі) логакасына тек аң-таң болуымыз ғана қалады. Бұл ретте, бір жағынан аралас мектептердің болуы, ал екінші жағынан қазақ тілінің болашағы арасында қандай байланыс бар екендігі жөнінде нақты түсініктер айтылмады.
Ал өздерін ұлттық патриоттарымыз деп атайтын қоғам белсенділері бұл байланыс туралы ашық айтады. Олардың айтуынша, мұндай мектептерде сабақтан тыс уақытта негізгі сөйлесу тілі – орыс тілі болып табылады, сондықтан қазақ сыныптарының оқушылары «бөтен тілдік ортаның» ықпалына ұшырайды дейді. Бұл аргумент толығырақ қарастыруды талап етеді, бірақ алдымен басқа нәрсе туралы айтып кету жөн.
Бүгінде Қазақстанда барлығын қосқанда жеті мыңға жуық мемлекеттік білім беру мекемесі бар. Олардың 3733-інде (53,3 проценті немесе жартысынан көбі) оқыту тек қазақ тілінде жүргізіледі, 1160-ында (16,8 процент) – орыс тілінде, 17-сінде – өзбек тілінде немесе ұйғыр тілінде, 2047-де (29,2 процент) әртүрлі тілдерде жүргізіледі. Яғни, аралас мектептер үштен бір бөлігінен де аз санын құрайды. Бәлкім, мұндай оқу орындары ең жақсы нұсқа емес те шығар, бірақ мұнда талдау жасау керек. Ал айқын нәрсе – кем дегенде жақын болашақта олардың қолданыста болуынан бас тарту мүмкін еместігінде.
Айталық, қандай да бір елді мекенде немесе қала ықшамауданында тек бір ғана мектеп бар делік, ал оның аумағында түрлі этностардың өкілдері немесе тілдік бейімділігі әртүрлі адамдар (мысалы, балаларын ана тілінде оқытқысы келетін қазақтар және баларын орыс сыныптарына апарған дұрыс деп есептейтін қазақтар) тұрады. Мұндай жағдайда аралас мектеп – тығырықтан шығудың жалғыз жолы болып табылады. Өйткені, мемлекет ҚР Конституциясының 30-бабына сәйкес азаматтардың тегін орта білім алуына, оның үстіне, «бейіндік» заңның 16-бабында айтылғандай, «мемлекеттік, орысша, ал мәжбүр болған жағдайда және мүмкіндік болса, басқа тілдерде де» тегін орта білім алуына кепілдік беруге тиіс.
Балалардың құқығы және мемлекеттің мүмкіндіктері
Аралас мектептерге қарсы шығатындар, оның ішінде депутаттар да, «А» деп айтып, әдетте «Б» деп айтуды ұмытып кетеді. Яғни, мұндай оқу орындары «біртілдіге» айналғаннан кейін, ата-анасы басқа тілде оқытқысы келетін балалар не істеулері керек деген сұрақты елеусіз қалдырады. Үйден алыс немесе тіпті көрші елді мекендерде орналасқан мектептерге ауысулары керек пе? Олар туған тілінде, өзіне жақын немесе өз өмірінің болашағы тұрғысынан жағынан ең перспективалы деп есептейтін тілде білім алу оларға қол жеткізімсіз екендігімен келісулері керек пе?
Алайда кейбір «патриоттардың» жауабы дайын: олардың пікірінше, барлық мемлекеттік мектептерді қазақтілді етіп, ал басқа тілдерде оқуды – ақылы етіп жасау керек. Бірақ, мұндай қадам қолданыстағы заңдарға қайшы келетін, кемсітушілік болып, қоғамда күтпеген салдарымен ауыр шиеленіс тудыратыны сөзсіз. Демек, мемлекет, егер оған елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау шынымен маңызды болса, ондайға бармайды.
Аралас мектептерден бас тартып, сонымен қатар ешкімнің құқығын бұзбай, бөлек оқытатын мектептерге көшу мүмкін бе? Теориялық тұрғыдан, әрине, мүмкін, бірақ іс жүзінде.... Бұл жүздеген, тіпті мыңдаған жаңа жалпы білім беретін оқу орындарын ашуды талап етеді. Ал бүгінде мемлекеттің ондай мүмкіндіктері бар ма?
Мысалы, Алматыны алайық. Соңғы он жылда мегаполисте мектеп жасындағы балалардың саны 158 мыңнан 280 мыңға дейін немесе 77 процентке өсті. Ал мектептер саны – 181-ден 207-ге дейін немесе небәрі 15 процентке көбейді. Басқаша айтқанда, құрылыс қарқыны демографиялық өсу қарқынына төтеп бере алмайтыны анық, бұл ең алдымен ішкі көші-қоннан туындаған, сондықтан көптеген мектептерде оқушылар қазірдің өзінде аса толып кетті. Елордада да осыған ұқсас жағдай. Өңірлерде жағдай соншалықты нашар емес те шығар, бірақ соның өзінде, әсіресе туу көрсеткіші жоғары оңтүстік және батыс өңірлерде студенттік орындардың жетіспеушілігі мәселесі уақыт өте келе өсіп бара жатыр. Мұндай жағдайда аралас мектептердің орнына жеке мектептер құру мезгілсіз де, тиімсіз де әрекет болып көрінеді.
Осынад бірнеше жыл бұрын ғана ата-анасы орыс тілінде білім беруді таңдаған балалардың саны уақыт өте келе азайып, аралас мектептерді біртіндеп (ең бастысы, ауыртпалықсыз) қазақ тіліне көшіруге болатын сияқты еді. Бұл тенденция айқын және қайтымсыз болып көрінген. Алайда, 2014 жылынан бастап, керісінше тенденция басталды деуге болады.
Сол жылы барлық типтегі мектептердің орыс сыныптарында оқитын балалар саны 801 мың болса, 2020 жылы 1 миллион 160 мыңға, яғни бір жарым есеге жуық өсті. Ал қазақ сыныптарындағы оқушылар саны үштен біріне (1716-дан 2275 мыңға дейін) өсті. Орыс тілінде білім алатын оқушылардың үлесі қарастырылып отырған кезеңде 30,6-дан 31,5 процентке дейін өсті, бұрын ол тұрақты түрде төмендеп келген болатын. Ал бұл – алты жыл ішінде еліміздегі орыс халқының үлесі үш проценттік тармаққа азайып, қазақ халқының саны шамамен осыншама өскеніне қарамастан орын алған жайт.
Сонымен, бүгінгі таңда қазақстандық мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі дерлік «ұлы және құдіретті» орыс тілінде білім алып жатыр және бұл үлес соңғы жылдары баяу, бірақ сенімді түрде өсіп келеді. Осындай 1160 мың оқушының 647 мыңы (оның ішінде 261 мың қазақ ұлты балалары) аралас мектептердің орыстілді сыныптарында білім алады. Аралас мектептерде сондай-ақ 90 мыңнан астам оқушы оқитын өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын сыныптар да бар. Осыншама балалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескермеуге құқығымыз бар ма? Ал кейбір сенаторлар мен қоғам «патриоттар»-белсенділері шақырып отырғандай, мұндай оқу орындары қысқартылған немесе тіпті жойылған жағдайда олармен не істеу керек?
Нағыз алаңдаушылық па әлде «истерияны қоздыру» ма?
Енді аралас мектептердің қабырғасында қазақ сыныптарының оқушылары орыс тілінде сөйлейтіндермен араласып, орыстілді болып кете ме деген алаңдаушылық жайлы айтатын болсақ. Бұл мәлімдеме қаншалықты дәлелденгенін айту қиын – бұл жерде байыпты зерттеулер жасау қажет, ал оларды ешкім жүргізбеген шығар. Бірақ егер істің мәні тура солай болса, онда ана тілі соншалықты бәсекеге қабілетсіз бе, ал қазақ тілінде білім алып жатқан мектеп оқушылары басқа тілдің ықпалына оңай түсіп кететіндей, қазақ сыныптарының мұғалімдері соншалықты кәсібилікке жарамсыз болғаны ма? Бұл жерде нақты алаңдаушылықтан гөрі саналы түрде «истерияны қоздыру» орын алып отыр деп ойлаймын.
Өзімнің жеке тәжірибеммен бөлісемін. Мен екінші сыныптан үшінші сыныпқа ауысқанымда (сол кезде мен аудан бойынша жалғыз орыс мектебінде оқып жүргенмін) біздің отбасымыз қаланың интернационалдық және көбінесе орыстілділер тұратын ауданынан негізінен ауылдардың бұрынғы тұрғындары қоныстанған тек қазақтар тұратын ауданға көшті. Менің көшеде ойнайтын достарымның көбі орысша мүлде сөйлемейтін. Сонымен, біздің қарым-қатынасымыздың нәтижесінде, олар көп ұзамай орыс тілінде (қазақтілді болуды жалғастыра отырып) айтарлықтай жақсы сөйлей бастады, ал мен де, менің аға-әпкелерім де болашақта ана тілде сөйлеуде ешқандай қиындық көрмедік. Орыс мектебін бітірген менің інім кейін тіпті қазақ мектебінде біраз уақыт жұмыс істеді.
Менің ойымша, аралас мектептерде де осыған ұқсас нәрсе болуы тиіс. Айтпақшы, биылғы жылдың басында Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде осындай білім ошағын басқарып отырған Раиса Ширшықова да бұл туралы өз сұхбатында айтқан болатын. Осыдан он бес жыл бұрын, кезінде тек таза орыс тілінде оқытылатын мектепте қазақ тілінде оқыту да енгізілді, соның арқасында директордың айтуынша, бүгінде әртүрлі ұлт өкілдері екі тілді де біледі.
Жалпы, менің ойымша, бұл жағдай – әлсіздер кез келген құбылыстан қауіп-қатерді күтетін, ал жігерлілер жаңа мүмкіндіктерді көретін сәт болып табылады. Мәселен, бүгінгі таңда тіл саласындағы басым міндет қандай? Бәлкім, ең алдымен, барлық қазақтардың өзі тым болмағанда күнделікті деңгейде мемлекеттік тілді меңгергені болар. Бүгінде орыс мектебінде 133 мың қазақ балалары оқиды, аралас мектептерде – 261 мың, немесе екі есеге жуық көп бала білім алуда. Осы оқу орындарының қайсысында өскелең ұрпақты ата-баба тіліне баулу оңай? Жауап айқын деп ойлаймын...