5 шілде күні Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталуы тиіс. Ағымдағы ҰБТ немесе 25-сі, немесе 20-сы болып табылады (қай кезден санауды бастағанға байланысты), бірақ кез келген жағдайда мерейтойлық деуге болады. Бұл оның өте бай да қайшылықтарға толы тарихын еске түсіруге және сонымен бірге кімдікі дұрыс: ҰБТ-ны аяусыз сынға ұшырататындардікі дұрыс па, әлде оның барлық кемшіліктеріне қарамастан, ол студенттік контингентті қалыптастыруда аз да болса әділеттілікті қамтамасыз етеді деп есептейтіндердікі дұрыс па деп ойлануға жақсы мүмкіндік.
...Жалпы алғанда, кеңес заманы кезінде сыбайлас жемқорлықтың деңгейі, әрине, қазіргіден төмен болған еді. Бірақ ол жеткілікті кең таралымға ие болған және оны барлық дерлік азаматтар кездестіретін бірнеше аймақтарды атап шығуға болады – бұл шеңберге жоғары оқу орындарына қабылдау да кіретін. КСРО-да жоғары білім алу мүлдем тегін болды, бірақ университеттерге және институттарға қабылдау қатаң шектелетін: әрбір оқу орнынына жоспар тағайындалатын, оның шеңберінен шығуға рұқсат етілмейтін. Жыл сайын жетілу туралы куәлік аттестат иегерлері атанған ұлдар мен қыздардың шамамен үштен бір бөлігі ғана студенттік билеттерді алуға үміттене алатын.
Ал жоғары оқу орындарына түсуді мектеп түлектерінің барлығы болмаса да, олардың басым көпшілігі армандайтын. Кейбіреулері оқуға түсу жолдарын табуға көп жылдар бойы тырысатын. Үлкен бәсекелестік те, жоғары оқу орындарына «артқы есіктен» кіру арқылы немесе қомақты пара беру арқылы түскісі келетіндердің көп саны да осыдан туындайтын. Сыбайлас жемқорлық деңгейі әрбір студенттік орынға үміткерлер санымен тікелей байланысты болатын деп айтуға болады, ал оның көрсеткіші Кавказ өңірінде және Орталық Азия республикаларында айтарлықтай жоғары болатын.
Мысалы, 1988 жылы «КСРО-дағы халық ағарту» жинағындағы мәліметтер бойынша Грузияның жоғары оқу орындарына әрбір 100 орынға 394, Тәжікстанның – 328, Әзірбайжанның – 307, Қырғызстанның – 304, Түркіменстанның – 301, Өзбекстанның – 291, Арменияның – 245. Қазақстанда бәсекелестік төменірек болған – 226, немесе бір орынға шамамен 2,3, бірақ бұл көрсеткіш те Ресейдің (169), Беларусьтің (177), Украинаның (187) көрсеткіштерінен, әсіресе Балтық республикаларының (154-тен 164-ке дейін) көрсеткіштірінен айтарлықтай асып түсетін.
Қазақ КСР-да студенттерді қабылдаудағы парақорлық және «телефон құқығы» жан-жақты қамтитын сипатта болды деп айтуға болмайды – біздің елде бұл тұрғыдағы жағдай Орталық Азиядағы немесе Кавказ өңіріндегі көршілерімізге қарағанда жақсырақ көрініске ие болатын. Бірақ соған қарамастан, шеткері университеттерді айтпай-ақ, тіпті республиканың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында әрбір студенттік топта, жұмсақтау айтқанда, сол жерде жоғары білім алуға көбірек лайық болған басқа ұлдар мен қыздардың орнын онша адал емес жолмен басып алғандарды анықтауға болатын.
Ал енді елестетіп көріңіздерші: бүгінде, сыбайлас жемқорлық деңгейі айтарлықтай өсіп кеткен кезде (әсіресе білім беру саласында), егер түсу емтихандарының бұрынғы форматы сақталып қалған болса, онда талапкердің білімін бағалау жалғыз ғана адамның немесе тіпті оларды қабылдайтын бірнеше адамның пікіріне байланысты болатын болса, не болар еді? Әлбетте, тиісті министрлік, құқық қорғау органдары он мыңдаған абитуриенттердің, олардың ата-аналарының әділетсіздікке ұшырағаны жөнінде (біреулердің бағаларын төмендеткені жайлы, ал басқаларды, керісінше, көтермелегены жөнінде) арыздарын қабылдап, оларды тексеріп үлгермей жататын еді.
Демек, нақты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жағынан, әділдікті қамтамасыз ету (әлеуметтік және басқа да кез келген әділдікті) тұрғысынан қарағанда ҰБТ-ны енгізу дұрыс шешім болған шығар. Ол алғаш рет 1999 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысын бөліп тарату құралы ретінде сынақтан өткен болатын, оның тарихы дәл сол жылдан басталады. Естеріңізге сала кету жөн, осы уақытқа таман студенттерді қабылдаудағы сандық шектеулер алынып тасталған, елде көптеген жаңа – негізінен жекеменшік – университеттер пайда болған, олар ешқандай жоспарлар немесе шектеулерсіз студенттер контингентін тарта бастады, ал тест нәтижелері тек гранттар кімге берілетініне ғана әсер ететін. Сол жылы тек тоғыз мыңнан сәл астам грант бөлінген болатын: олардың әрқайсысына орта есеппен 20-ға жуық адам өтініш білдірген (салыстыру үшін: өткен жылы 154 мың үміткер 73 мың грантқа бәсекелескен – орта есеппен әрбір бюджеттік орынға екі абитуриенттен). Яғни, биылғы ҰБТ оқуға қабылдау емтиханы ретінде 25-і болып табылады.
Бірақ содан кейін олар оны одан гөрі әмбебап құрал жасауға шешім қабылдаған болатын. Осыдан 20 жыл бұрын, 2003 жылдың маусым айында Білім және ғылым министрі болып Жақсылық Құлекеев тағайындалды. Оның тұсында ұлттық бірыңғай тестілеу ЖОО-ға түсу емтиханы да (тек гранттық білім алу үшін ғана емес, сонымен қатар ақылы білім алу үшін де, өйткені ЖОО-ға түсу үшін міндетті болып табылатын ең төменгі шек белгіленді) мектеп бітіргендердің мемлекеттік аттестациялауы да орын ала бастады. 2004 жылы қолданысқа енгізілген бұл «Бірінде екі емтихан» деген симбиоз он үш жылға созылды.
Жаңашылдықтың бастамашылары өздерінің мұндай қадамын ҰБТ-ны осындай форматта өткізу еліміздің әр өңіріндегі мектеп түлектерінің білімін «бір өлшеммен» салыстыруға мүмкіндік береді деп түсіндірді. Мінеки, Құлекеевтің кейіннен айтқан сөздері: «Нәтижесінде біз облыстардағы математика, әдебиет және басқа да пәндерді оқытудың деңгейін саралай алдық. Демек, ҰБТ нәтижелерін дұрыс талдау білім беру жүйесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді».
Алайда, дұрыс ниеттер қатал шындыққа және біздің менталитетімізге тіреліп қалды. Облыс, аудан, қала және жекелеген мектептер бойынша тестілеудің қорытындысын жариялай бастаған кезде, жергілікті әкімдіктердің үздік басшысы болғысы келген жалынды шенеуніктер білім бөлімдерінің басшыларына, мектеп директорларына қысым жасаудан басқа ештеңе ойлап таба алмады. Ал олар өзін-өзі сақтау сезімінен оқушыларды ҰБТ-ға дайындауды (дәлірек айтқанда, жаттықтыруды) оқу-тәрбие процесінің негізгі элементіне айналдырып, мектеп оқушыларының алатын білімінің тереңдігі мен сапасын, қабілеттерін қалыптастыруды, олардың өз бетінше ойлау қабілеттерін ҰБТ үшін құрбан етті.
Оқушылардың тестілеуден «ерікті-мәжбүрлі» түрде бас тарту жағдайлары жиілеп кетті – мектеп директорлары және мұғалімдер нашар оқитындарға көрсеткіштерді бұзбау үшін ҰБТ-ға қатыспай, колледждерге түсуді қатаң түрде ұсына бастады. Егер 2004 және 2005 жылдары Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеулер 182 мыңнан астам ұлдар мен қыздарды қамтыған болса, онда олардың саны жыл сайын және қарқынды түрде төмендей бастады: 2009 жылға қарай ол 106,8 мыңға дейін қысқарып кетті. Иә, сол кезеңде мектеп бітіретін бозбалалар мен қыздардың саны да, азайып бара жатқан болатын, бірақ әлдеқайда төмен қарқынмен.
Айтпақшы, дәл осы 2009 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінші курстарына 181,6 мың адам қабылданған болатын, бұл ҰБТ тапсырғандардан 75 мыңға жуық адамға артық. Олар қайдан пайда болды? Бұл колледждерге түскен дәл сол жастар: оқуды бітіргеннен кейін олар, шын мәнінде, емтихансыз университеттерге қабылданған. ҰБТ-ны айналып өтудің мұндай жолы жоғары білім алғысы келетін орта арнаулы оқу орындарының түлектері үшін 2012 жылға дейін, яғни кешенді тестілеу енгізілгенге дейін қолжетімді болған. Бірақ оған дейін жекеменшік университеттер және олардың жанында ашылған колледждердің иелері қомақты ақша тауып үлгерген.
«Бірінде екі емтихан» форматының бастамашылары мәлімдеген негізгі мақсаттардың қатарында ҰБТ тапсырып жатқан мектеп бітірушілерінің білім сапасын динамика қадағалауда және талдауда да болды. Бірақ мұның өзі декларация деңгейінде ғана қалып қалды, ал оның себебі болған субъективті фактор – Қазақстанда қанша студент болуы керек деген сұраққа деген әртүрлі жылдарда Білім министрі қызметін атқарғандардың ұстанымы болып табылатын.
Қараңыздаршы: инновация енгізілген сәттен бастап және 2011 жылға дейін қоса алғанда, еліміздегі орташа балл тұрақты түрде өсіп келді: 60,4 (ықтимал 120-дан) – 63,1 – 71,1 - содан кейін 74,9 (125-тен) – 84,9 – 86 ,7. Бұл оң үрдіс сияқты болып көрінеді. Бірақ 2012 жылы бұл көрсеткіш күрт төмендеп кетті – 70,9-ға дейін. Не болып қалды? Сол кездегі министр Бақыт Жұмағұлов пен оның командасы шешім қабылдаған болатын (мойындау керек, әбден орынды): студенттер санын реттеуге кірісетін уақыт келді, әйтпесе еліміздің экономикасы жоғары оқу орындарының дипломдарының талап етілмей қалған иегерлеріне толып кетеді.
Реттеуші құрал ретінде ҰБТ-ға арналған тест тапсырмалары қолданыла бастады – оларды айтарлықтай күрделі етіп жасады. Нәтижесінде орташа балл айтарлықтай төмендеді, жоғары оқу орындарына түсудің шекті деңгейінен өте алмағандардың үлесі 9,6-дан 36,8 процентке көтеріліп кетті. Ал колледж түлектері үшін кешенді тестілеуді қоса енгізумен бірге 2012 жылы бірінші курстарға 120,4 мың ұлдар мен қыздар қабылданған болса, бір жыл бұрынғыдан 40 процентке дерлік аз (197,2 мың) қабылданған.
Бірақ кейінгі министрлер, әсіресе, Ерлан Сағадиев басқа позицияны ұстанып, керісінше, абитуриенттердің жағдайын жеңілдетуге бағытталған шешімдер қабылдаған болатын. Оның нәтижесінде орташа балл қайтадан өсе бастады, сөйтіп 2016 жылы 81,2-ге жетті (бұрынғыдай ықтимал болған 125-тен). Бұл айла-шарғылардың барлығы ҰБТ шарттарына және тест тапсырмаларының күрделілік дәрежесіне қатысты мектеп түлектерінің білім деңгейінің жылдан жылға қалай өзгеріп тұрғаны жөнінде объективті көрініс алу мүмкіндігін жоққа шығарғаны түсінікті.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып, 2017 жылы қабылданған шешім, мектеп бітірушілерді аттестациялауды мектептердің өзінде өткізіп, ҰБТ-ны тек қабылдау емтиханы ретінде қалдыру туралы шешім, кеш болса да ақталған шешім болып табылады. «Бірінде екі емтихан» форматы қазақстандық жағдайда өміршең емес болып шықты. Оның үстіне бұл әдіс білім беру жүйесінің инерциясына байланысты жақын арада жою қиынға түсетін құбылыстарды тудырды.
Дегенмен, өзінің қазіргі күйінде ұлттық бірыңғай тестілеу онша оңтайлы емес болып көрінеді. Иә, ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді, бұл оның даусыз артықшылығы болып табылады, бірақ оған болашақ қатысушыларын (бүгінгі мектеп оқушыларын) іргелі білім алуға, логикалық ойлау қабілетін иеленуге, ой-өрісін кеңейтуге жеткілікті түрде ынталандырмайды. Бұл жерде білім саласымен қандай да бір түрде байланысы бар адамдардың іс-әрекеттері үшін үлкен жұмыс кешені бар...