Қазақстандағы ескерткіштердің төңірегінде даулар мен жанжалдар, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты да, дәміл-дәміл өршіп отырады, бұл: бізде сондай құрылымдар, оның үстіне аса қымбат (одан көптеген адамдар өздеріне пайда табады) тым көп емес пе деген табиғи сұрақ туындатады. Шынымен де, мәселен, еліміздің барлық қалаларында Абай ескерткіштері (бұрын Ленин ескертікштері сияқты) соншалықты қажет пе? Бұдан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге және т.б. түрінде нақты пайда бар ма? Әлде біз жай ғана кеңестік стереотиптерді ұстанып отырмыз ба?

Радик Темірғалиев, тарихшы, «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының басқарма мүшесі:

«Шешім жеті есіктің ар жағында қабылданған кезде осындай жайт сөзсіз орын алады»

- Ескерткіштердің жалпы саны жөнінде ештеңе айта алмаймын. Бұл сұраққа жауап беру үшін, кем дегенде Қазақстандағы жағдайды және басқа елдердегі жағдайды салыстыру қажет. Көрнекі түрде қарап айтатын болсақ, жеке өзім бізде олар аса көп деп ойламаймын.

Одан гөрі сол ескерткіштер кімнің құрметіне тұрғызылғаны жөнінде, сіз атап өткендей олардың құны мен жұмысына байланысты көбірек сұрақтар туындайды. Осының негізінде бізде бірнеше рет шектен шығулар орын алған болатын және олар әлі де болып туратынына күмән жоқ. Жеті есіктің ар жағында шағын ғана топ шешім қабылдағанда мұндай жайт болмай қоймайды. Мемлекет бәрін бақылай алмайды.

Тиісінше, толық ашықтық қажет. Кімнің бейнесін мәңгілікке қалдыру жоспарланып отырғанын, ескерткіштің түрі қандай болатынын, оны кім жасайтынын, оған салық төлеушілердің қанша ақшасы жұмсалатынын жұртшылыққа жеткізіп тұру керек. Егер бұл қалыпты жағдайға айналатын болса, әр нәрсенің егжей-тегжейін мұқият зерттйтін, ізденгіш журналист, блогер, қоғам белсендісі бірдеңе болып қалса дабыл қағып, бұған өзге азаматтардың назарын аударады деген үміт бар. Шенеуніктер де қандай да бір алаяқтыққа барар алдында ойлана бастайды.

Абай ескерткіштері жөнінде айтатын болсақ, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңінде билік Абайды Лениннің орынын басудың бір тәсілі ретінде саналы түрде көтермелеп жылжыта бастады. Еліміздің көптеген қалаларында ақынымыз бен ойшылымызға ескерткіштер тұра сол «әлемдік пролетариат көсемі» қайраткерінің бұрынғы мүсіндерінің орнына қойылды. Бұл жаман идея деп айтуға болмайды. Қоғамға ең болмағанда адамдарды бөлмейтін, халықтың ешбір тобының теріс реакциясын тудырмайтын бейне ұсынылды.

Сонымен қатар, жаңа қаһарман кездейсоқ пайда болған жоқ. Бұл бұрыннан қалыптасқан дәстүрдің дамуы болды. Абай – бейнесі мен шығармашылығы кеңес дәуірінде белсенді насихатталған революцияға дейінгі дәуірдің ұлттық қаһармандарының бірі болды. Оның үстіне, Абай культінің бастауында біздің аумақтағы Кеңес өкіметінің басты идеологиялық жауы Әлихан Бөкейханов тұрғанында белгілі бір ирония бар. Әрине, Алаш автономиясы мен Қазақ АКСР басшылары да белгілі бір, мүлде бір-бірінен өзгеше болса да, саяси мүдделерді басшылыққа алды. Бірақ бұл ұзақ әңгіме.

Әртүрлі саяси күштердің өкілдері болып табылатын идеологтардың бір ғасырлық жұмысы тиісті нәтижеге әкелді. Абай біздің шексіз мақтанышымызға айналды. Әуелі адамдар салт-дәстүрді жасайды, содан кейін дәстүр халыққа билік ете бастайды. Қазір билік саяси ойларды басшылыққа алғаннан гөрі, қалыптасқан бағытты ұстануға мәжбүр болып отыр. Сонымен бірге, Абай бейнесін пайдаланудың күшеюінің де белгілі бір кемшіліктері бар. Бұл жайт сыртқы дүниеде қазақ мәдениеті одан басқа лайықты жасаушылар дүниеге әкелмегендей әсер қалдырады. Тіпті Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сияқты көрнекті қайраткерлер де Абайдың көлеңкесінде қалып қойды. Меніңше, бұл онша әділ емес сияқты.  

Көрнекті тұлғалардың бейнесін мәңгілікке қалдыру идеясын ойлап шығарған кеңес үкіметі емес. Бұл көптеген заманауи халықтардың мәдениетінің бір бөлігі. Еуропалық қалалар түрлі тарихи кейіпкерлердің құрметіне орнатылған ескерткіштерге толы.

Қоғамға әкелер пайдасы идеяның жүзеге асырылуына байланысты. Ыңғайлы алаңда немесе саябақта орналасқан және қоршаған кеңістікпен үйлесімді, әдемі, ерекше ескерткіш көптеген адамдарда жақсы эмоциялар тудырады. Өкінішке орай, бізде үлкен көлемдегі ескерткіштерді жазда ыстықтан, ал қыста қатты желден қорғайтын жері жоқ үлкен ашық алаңдарда орнатуды жөн көреді. Нәтижесінде адамдар көбінесе «ерікті-мәжбүрлі түрде» ғана және тек мерекелерде немесе еске алу күндері жиналатын, қаңыраған бос кеңістік пайда болады.

Күлшат Медеуова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ философия кафедрасының профессоры:  

«Жаңа ұрпақ батырларды бабалар тарихынан таңдайды»

- Ескерткіштерге қатысты барлық нәрсеге тікелей жауап болуы мүмкін емес, өйткені тіпті қарапайым ескерткіштердің өзінде әр түрлі оқиғалардың, себептер мен дәлелдердің жиынтығы болады. Дүниежүзілік ғылымда естелікті зерттеудің Memory Studies деп аталатын зерттеудің үлкен пәндераралық бағыты бар, оның мәні ұжымдық (әлеуметтік) жад пен тарихи сана, онда жад (естелік) өткен шақ деп емес, қазіргі уақыт деп түсініледі, өйткені біз дәл қазір, тарихтың, саясаттың, экономиканың осы сәтінде бізді заңдастыратын, бізді түсіндіретін, біздің неге осындай екенімізді ақтайтын естелікті қалаймыз.

Сондықтан есте сақтауды зерттеу немесе есте сақтау арқылы зерттеу әрқашан қоғам қандай да бір өтпелі кезеңді, идеологиялық нұсқаулардың өзгеруін бастан өткеріп жатқан жерден басталады. Мұндай сәттерде, әдетте, қоғам ескі идеологияның символдарының жойылуымен бірге жаңа маңызды символдарды іздеумен бетпе-бет келеді. Бірақ ескерткіштерді алмастыру процесі тек бізге қатысты деп, бұл посткеңестік идеологиялық диктатты жеңу ғана деп ойлаудық қажеті жоқ. Мысал үшін, қазір АҚШ-та Black Lives Matter («қаралардың өмірі маңызды») деп ататын қоғамдық қозғалыс өте танымал болып отыр, онда ең көп шабуылдар Колумб ескерткішіне жасалады. Ал біздің елімізде бұл рөлді Ленин атқарады. Алайда зерттеу тұрғысынан алғанда, бәлкім, біз үшін кімнің ескерткіші бұзылғаны емес, кімнің құрметіне орнатылатыны маңыздырақ болуы мүмкін.

Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасында қызмет ететін әріптестерімізбен бірге біз алты жылға жуық уақыт бойы Қазақстандағы тәжірибелер мен естелік орындары жөнінде жоба жүргізіп, жаңа ескерткіштерді картаға түсіруге тырыстық. Сонда Тәуелсіздігіміздің жаңа рәміздерін іздестіру жолындағы үлкен идеологиялық жұмыстың астарында басқа да процестер орын алуы (ығыстырылған тарихпен байланысты, қазақ мәдениетінің шынайы аңыздарын іздеу сияқты процестер, ал сонымен қатар есеп берудің ресми себебі ретінде пайдалану) мүмкін екені анық байқалды.  

Зерттеу барысында пайда болған қызықты деректермен бөліскім келеді. Біріншіден, кеңестік дәуірден кейінгі тұлғаларға арналған ескерткіштердің ішінде Абайдан басқа көшбасшылық ететіндер – Қаныш Сәтбаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Абылайхан.

Екіншіден, біздің ірі қалаларымыздың барлығында іс жүзінде «Ленин-саябақтар» бар – бұл кеңестік кезеңнің ескерткіштері әкелінген коммуналдық аумақтар. Олар әртүрлі дәрежеде безендірілген, ал кейде тіпті қорқыныштылары да кездеседі, мысалы, Өскемендегі Дзержинскийдің бірнеше ескерткіштері әскери техникамен аралас орналасқан. Ал сонымен қатар нағыз фантасмагориялық ескерткіштер бар – мысалы, Атырауда, Жилгородок деген шағын ауданның аумағында, тұра жаяу жүргіншілер жолының бойында Лениннің үлкен ескерткіші тұр. Оның бір жағында соғыс кезіндегі мамандардың қираған үйлерінің қалдықтары, екінші жағында – 1990-шы жылдардағы жаңа байлардың саяжайлары. Ленинді бұл жерге әкелгені кездейсоқ емес: Жилгородоктың бірегей тарихы бар – ол 1942-44 жылдары жергілікті мұнай өңдеу зауытының мамандары тұратын жабық анклав ретінде құрылған болатын. Оның үстіне ол ұзақ уақыт бойы Кеңес Одағының абсцессі ретінде өзге халықтан оқшауланып қала берді.

Үшіншіден, бізде батырларға арналған ескерткіштер одан әлдеқайда көп, бірақ олардың нақты орналасқан жерлері бар. Мысалы, Қабанбайды Оралдың немесе Ақтаудың бір жеріне қоюға болмайды, бірақ Шығыс Қазақстанда оның алты ескерткіш орнатылған. Көбінесе мұндай ескерткіштер руға, өлке тарихына қатысты, сондықтан рулық бірлестіктердің ақшасына орнатылады.   

Яғни, еліміздегі ескерткіштердің барлығы мемлекет тарапынан қаржыландырыла бермейді – бұл үдерісте сан алуан түрлі мүдделер тоғысады. Мысалы, Нұр-Сұлтанда қандай да бір жергілікті жердің батырының құрметіне ескерткіш орнатудың өзі – саяси мәселе деуге болады. Елордада батырлардың арасынан бізде тек Бөгембайдың ескеткіші ғана бар, оның өзінде де ол сыйлық ретінде пайда болған. Егер сіздер ол жақта басқа батырлардың ескерткіштерін көретін болсаңыздар да, олар жалпылама түрде «сыйға тартылған». Немесе, мысал үшін, Құрманғазы, Әлия Молдағұлова ескерткіштерін алайық. Бір жағынан, олар өз аймақтарының – Атырау мен Ақтөбенің өте маңызды брендтері болғанменен, екінші жағынан, олар кеңестік кезеңде ерлікпен аталып өткенімен, әлі де ортақ қазақстандық тарихты түсіну үшін маңызды символдық құндылықтар болып табылады.  

Айтпақшы, халықтың ескерткіштер салушылығы мемлекет бұл мақсаттарға қаражат бөлуді іс жүзінде тоқтатқан «нөлдік» жылдарында басталған болатын. Сол кезде жергiлiктi әрекет етушелір іске кірістi, олардың көзқарастары бойынша, қаһармандар – ол ең алдымен батырлар, оның үстіне әр жүздiң, рудың өз батырлары бар. Әдетте, мұндай ескерткіштер жоғары өнер үлгілерінен алшақ болуы мүмкін, бірақ олар барлық жерде, кейде тіпті тұтас отрядтар түрінде – батыр және оның сарбаздары – кездеседі.

Бір кездері мен мақалаларымда тіпті «мұндай «батыризация» бізге не үшін қажет?» деген сұрақты да көтергенмін. Бірақ содан кейін түсіндім, халықтың мақтанышына арналған ескерткіштер өздігінен, біреудің қалауымен ғана пайда болмайды. Олардың артында КСРО-да оқыған адамдар түсіне алмайтын маңызды эпистемологиялық түсінік жатыр. Бұл жергілікті қауымдастықтардың өзіндік үні, ұлттық және мәдени бірегейліктің маркерлері болып табылады. Осы тақырыптағы лекцияда студенттердің бірі маған үзілді-кесілді келіспеушілік білдіріп: бұлар сендер үшін абстрактылы батырлар, ал біз үшін – жақын туыстарымыз, бұл біздің мақтанышымыз деп айтқаны әлі есімде.

Асар әдісімен, яғни жергілікті кәсіпкерлердің ақшасына орнатылған ескерткіштерге деген көзқарас мемлекет есебінен салынған ескерткіштерге деген көзқарастан түбегейлі өзгеше болуы мүмкін. Жоғарыда айтып өткенімдей, ЕҰУ-дің арнайы жобасы аясында біз бүкіл Қазақстанды дерлік аралап, әр қалада жергілікті тұрғындардан орталық алаңдарда кімнің құрметіне және не үшін ескерткіштер орнатылғанын білесіздер ме деп сұрадық та көбінесе: «баяғы сол Ленин, тек кепкасыз/тақиялы» деген бір ғана жауап алдық. Мысалы, Оралда және Өскеменде Абай ескерткіштері туралы осылай айтқан болатын. Бірақ егер әңгіме қандай да бір жергілікті батыр жөнінде болса, онда біздің респонденттер, айталық, өздерінің қыпшақ немесе арғын батырларын есте сақтау қаншалықты маңызды екендігі туралы бірнеше сағат бойы сөйлесе алатын.

Бізде естеліктер жасау механизмдері жеткіліксіз өңделгенімен қатар, естеліктер мәдениетіне қатысты жалпы рефлексия да жоқ. Жалпы алғанда, ескерткіштер өндірісінде біз кеңестік үлгілерді пайдалануды жалғастырып келеміз, осылайша қызықсыз естелік деп аталатын нәрсені қалыптастырып жатырмыз. Бұл ескерткіштер арқылы билік қоғамға қандай да бір белгілерді таратуға тырысқанмен, олар тұрғындар үшін құнды емес, оларға қымбат емес, өйткені күрес арқылы, азаптанып қол жеткізген нәрсе емес.  Нәтижесінде мұндай құрылымдарға іс жүзінде адамдардың эмоционалды қатынасы болмайды. Ал азаматтардың өз күштерімен жасалған ескерткіштер жөнінде ондайды айтуға болмайды, өйткені оларда ата-баба естелігінің бір түрі сақталған, сондықтан олар жақынырақ, жанға жылырақ, түсініктірек.

Жаңа ұрпақ батырларды ата-баба тарихынан таңдап алады. Сол Лениннің өзі оларға жат, бірақ, соған қарамастан, оның ескерткіштері елімізде (қараусыз қалған саябақтарда, ауылдық алаңдарда және т.б. желерде) әлі де көп. Ленинннің ескерткіші әлі күнге дейін Байқоңыр қаласының орталығына сән беріп тұрғаны таңқаларлық емес, өйткені ғарыш айлағының өзі Ресей Федерациясына жалға берілген. Осы толқында мүлде басқа ескерткіштер пайда болып жатыр. Мысалы, Қызылордада Батырхан Шүкеновке арналған ескерткіш. Ол ескерткіш жас Ильичтің ескерткішінің орынына тұрғызылған, бірақ оның сипаты әлдеқайда сезімталды және күрделі – бір композицияда сексеуілде отырған музыкант та, қолында ұстап отырған саксофон да бар.

30 жыл ішінде Қазақстанда көптеген қызықты ескерткіштер пайда болды, олардың көпшілігі, менің ойымша, өкінішке орай, онша жақсы емес. Бірақ тарих енді аяқталды, жад тыныштық тапты деп кім айтты? Сондықтан процесс жалғаса беретін болады.