Франция президенті Эммануэль Макрон қызық ой білдірді: «Патриотизм – бұл ұлтшылдыққа толығымен қарама-қарсы нәрсе. Ұлтшылдық – патриотизмге жасалған сатқындық». Ал бұл ретте біздің елімізде нағыз патриоттар тек ұлтшыл бола алады деп есептей отырып, өздерін солардың қатарына қосып және соны тіпті мақтан тұтатындар аз емес. Сонда ұлтшылдар мен патриоттардың арасында теңдік белгісін қоюға бола ма әлде оларда өзара ортақ ештеңе жоқ па? Сондай-ақ бүгінде ұлтшыл-популисттер атанғандардың қызметіне қалайша қарауға болады? Сөз сарапшыларға беріледі.
Мұрат Телібеков, мұсылмандық қоғам қайраткері:
«Патриотизм ескірген және құнсызданған»
- Біздің заманымызға тән ерекшеліктердің бірі, бұл қаншалықты оғаш естілгенімен – жиі өте орташа тұлғалар мемлекет басшысына айналады. Макрон деген кім? Бар-жоғы Францияның кезекті президенті. Оны зиялы, философ, көрнекті мемлекет қайраткері деп айтуға болама? Мен оған қатты күмәнданамын. Сіз келтірген дәйексөз менің болжамымды растайды. «Ұлтшылдық – патриотизмге жасалған сатқындық» деген сөз нені білдіреді? Дәл сондай нәтижемен феминизм мен гомосексуализм патриотизмнің жақтаушылары деп айтуға болады.
«Патриотизм» деген ұғымның өзі бүгінде анахронизмге айналып кетті. Патриотизм ескірген, құнсызданған. Мәселе адамдарды космополиттерге айналдырған жаһандануда ғана емес. Біз айналадағының бәрі сатып алынатын және сатылатын Ұлы пайдакөстік дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Патриотизм де, ұлтшылдық сияқты, тауарға айналды. Адамдар ұлтшылдар мен патриоттардың атын жамылып, ақша табады, мансап жасайды. Бұл сәнді кәсіпке айналып кетті. Патриотизмге үйретеді, ұлтшылдықты тәрбиелейді. Кей кезде олар бір-бірімен жұптасып қосылады, нәтижесінде «ұлтшыл-патриоттар» деп аталатын оғаш гибридтер дүниеге келеді. Осыған орай мен тағы бір француз, Макронның отандасы, көрнекті актер Ален Делонның сөзін келтіргім келер еді: «Ақша әрқашан үлкен мәнге ие болатын. Бірақ бұрын ақшаға бағынбайтын құндылықтар болған еді. Бүгінде олар іс жүзінде жойылды. Уақыты келгенде мен бұл дүниеден өкінішсіз кетемін». Франция президенті болу үшін тым дана және талантты адамның өзінің ащы сырымен бөлісуі.
Біздің елдегі ұлтшылдыққа қатысты айтатын болсақ, кейде ол өте экстраваганттық формаларға ие болады. Көптеген мемлекеттер белгілі бір мәселелерді шешу үшін ұлтшылдық сезімдерді пайдаланады. Қазақстан да ондай тәсілдерден шет қалмайды. Бұл тақырып өте нәзік, оны артықша қозғағым келмейді. Алайда ұлтшылдықтың ұсқынсыз көріністері барған сайын көбірек мазасыздандырып жүр. Мысалы, «тіл рейдтері» деп аталатын нәрсені есіңізге түсіріңіздерші. Ол нағыз саяси жанжал тудырды. Ресейлік Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Қазақстан Республикасы президентінің Әкімшілігі қатты айыптау білдірді. Бұл «патрульдерге» қатысушылар нені басшылыққа алды? Аса өткір патриоттық сезімін бе? Ана тіліне деген ыстық сүйіспеншілікті ме? Мен олай деп ойламаймын. Бұл кездейсоқ азаматтарды ұрып-соққан бұзақының, өзінің айтуынша, спортты соншалықты қатты жақсы көргендіктен өз сезімін көшедегі төбелеске айналдыруға мәжбүр деген түсіндірумен бірдей.
Айтпақшы, мұндай ұлтшыл қөзқарастары бар экстремисттердің арасында жоғары білімді адамдар, мәдениет қайраткерлері, танымал тұлғалардың жоқ екендігіне назар аудардым. Әдетте, бұл теңгерімсіз психикасы бар адамдар, ал кейде қылмыстық өткені бар тікелей маргиналдар.
Мен ұлтшыл-популистерге қалай қараймын дейсіз бе? Бұл әдеттегі спекуляция, одан басқа ештеңе емес. «Адам құқығы», «демократия» және «жыныстық азшылықтардың құқықтары» үшін күресушілерге қатысты да дәл осындай жағдайды байқауға болады.
Және осыған қоса. Қазақстандағы ұлттық мәселенің барлық бұралаң тұстарын түсіну үшін оны сыртқы саяси процестер призмасы арқылы және ең алдымен АҚШ пен Ресей арасындағы қатаң текетіресті ескере отырып қарастыру қажет. Алыптардың бұл шайқасында маңдайы жарылған жұртқа ұқсап кетпеу үшін, жері үлкен шағын мемлекет тапқырлық ғажайыптарын көрсетуі тиіс.
Махамбет Әбжан, журналист, ABZHAN NEWS телеграм-арнасының авторы:
«Патриотизмге қосылу – ұлтшылдардың маргинал болып көрінбеу үшін жасап отырған әрекеттері»
- Осы сөзді Макронның Бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды еске алу рәсімінде айтқанын атап өтейін. «Біздің мүдделеріміз бәрінен де жоғары, ал басқалармен не болып жатқаны маңызды емес» деп айтатындар өз елінің құндылықтарын және елді ұлы ететін нәрсені жояды», – деді сол кезде Франция президенті. Германияның Der Spiegel басылымы атап өткендей, осылайша ол АҚШ президенті Дональд Трамптың «Ең алдымен Америка» деген ұранына, сондай-ақ оның ұлтшыл екендігі туралы сөздеріне түсініктеме берген болуы мүмкін.
Егер нақты сіз келтірген дәйексөз туралы айтатын болсақ, мен соншалықты категориялық түрде айтпас едім. Патриотизм ұлтшылдыққа қарама-қарсы болуы міндетті емес, ал ұлтшылдық – патриотизмге қатысты сатқындық жасау болып табылуы міндетті емес. Мен былай деп айтар едім: ұлтшылдық – патриотизмнің тар, жабайы түрі. Бұл әлі жеткілікті білімі жоқ немесе интеллектуалдық дамуы төмен адамдардың идеологиясы. Ұлтшылдардың көсемдері – ұлтшылдықтың жақсы емес екенін, оның хайуандарға лайық, табындық сезім екенін және сол арқылы тез әрі арзан түрде саяси капитал жинап, өздерінің жақтастарын жинап алуға болатынын түсінетін популистер. Ұлтшылдардың көпшілігі адасып жүрген адамар, олардың кейбіреулері уақыт өткеннен соң ұлтшылдық идеологиясының қателігін түсініп, қалыпты патриоттар қатарына қосылады. Сонымен қатар, ұлтшыл – патриот бола алады, ал патриот – ұлтшыл бола алмайды деп есептеймін.
Патриотизм мен ұлтшылдық-патриотизм синоним болып табылама деген сұраққа келетін болсақ, оған жауап теріс болады. Патриотизм – ол немесе бар, немесе ол жоқ. Ал оны қосып алу – ол ұлтшылдардың патриотизмге жабысып, маргиналды болып көрінбеу үшін жасалып отырған әрекеттері. Бұл «адам» деген сөзге «ұлттық» дегенді қосу сияқты – бұл әбестік естіледі: бұл ұлттық адам ба? Әлде ұлттық азамат па? Ұлттық ұл ма? Ұлттық банк – иә, ұлттық-патриот – жоқ.
Мен ұлттық-популизм феноменін зерттеген жоқпын, бірақ оны тоталитарлық идеологиялардың элементтерінің бірі деп есептеймін.
Ғалым Ағелеуов, Liberty қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы:
«Біз азаматтық ел болып өсіп жатқан жоқпыз»
- Бүкіл мәселе, біз нені құруға тырысып жатқанымызда – титулды ұлт пен диаспоралары бар ұлттық мемлекет пе әлде азаматтық ұлт па. Соңғы 30 жылда билік қоғам үшін маңызды бұл диалогты бұрмалап келді. Осы жылдар бойы идеологиялық-мәдени жағынан жүйелі жұмыс байқалмады.
Сонымен қатар, азаматтық патриотизм көп дәрежеде Францияның рухына жақынырақ. Онда адам құқықтары мен еркін қоғамның құндылықтарын түсіну басым. Ал біз, өкінішке орай, мүлде басқа елді құрып, тұрғыздық және ол алдағы бес-он жылда сөз бостандығына, ұстанымдар еркіндігіне және сенім бостандығына қауіп төнгізер ұлтшылдыққа, мұсылман факторының күшеюіне қарай ауытқып кетуі мүмкін. Егер біз діни сенім бостандығы құқығын бекітпесек және жоқ жерде «ведьмаларды» іздеуді тоқтатпасақ, бұл құндылықтардың бәрі өте тез жоғалып кетуі мүмкін. Әрине, жақсы үрдістер де бар. Бүгінде белгілі бір наным-сенім иелерін қудалау он жыл бұрын болғанмен салыстырғанда (ол кезде шенеуніктер діни бірлестіктердің үштен бірі қайта тіркеуден өтпей жабылды деп қуанған болатын) әлдеқайда азайған.
Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, мен шекараны тұжырымдама жасап өтейін: патриотизм – азаматтық және діни сенімге (егер олар бар болса) негізделген ұлы құндылық. Мәнді азаматтық белсенділік – кез келген елдің дамуының қозғалтқышы. Бірақ Қазақстанның алдында мемлекет ретінде күрделі және әлі шешілмеген мәселелер тұр. Әрі қарай біз қай жолмен жүреміз? Біздің дамуымыздың негізі не болуы керек – азаматтық ұлт па, әлде ұлтшылдық па? Және оларға мүлдем бірмәнді емес жауаптар берілуі мүмкін. Мектептерде, университеттерде біз демократиялық құндылықтарды бұрмалаймыз және еліміздің азаматтарын өмір бойы қорғайтын процедураларына үйретпейміз. Мұндай жағдайда қоғам қандай да бір кезеңде демократиядан, Конституциядан, ал содан кейін зайырлы жолдан да бас тартуы мүмкін. Егер әркім құлға айналып, жасампаздықтың орнына лауазым, жақсы ризық туралы ойлана бастаса, онда ұлт болашағынан айырылады. Біз ешқашан дамушы елдерге қарай жылжуды бастамаймыз.
Әттең, біз азаматтық ел болып өсіп жатқан жоқпыз, соны мойындауымыз керек. Билік, өз мүмкіндіктерімен, осы бағытта қозғалуға құлшынысын жоғалтты.
Нәзира Дәрімбет, Қазақстанның тең құқылы жүрналистер федерациясының жетекшісі
«Ұлтшылдық пен патриотизм бір-бірімен байланысты ұғымдар»
- Менің ойымша, «ұлтшылдық» және «патриотизм» – бір-біріне өте жақын ұғымдар. Мәселе біздің қоғам «ұлтшылдық» терминінің өзін дұрыс түсінбейтіндігінде. Бізде «Тек қазақша сөйле», «Қазақстан қазақтар үшін», т.б. осыған ұқсас қандай да бір идеялар мен ұрандарды тасымалдаушыларды ғана ұлтшылдар деп атайды. Істің шын мәнінде ұлтшылдар – өз елінің ұлттық мүддесін қорғайтындар. Ал ұлттық мүддені қорғау – өзінің таза түріндегі патриотизм. Оның үстіне ел мүддесі – тек қана қазақтың тілі мен құқығы емес, ол мемлекеттіліктің нығайтылуымен байланысты сан алуан мақсат-міндеттердің ауқымы. Қытай экспансиясынан қорғаныс, ресейлік БАҚ-тың еліміздің ақпараттық кеңістігіне жасаған қысымынан қорғаныс – мұның барлығы жалпыұлттық мүдде. Сондықтан, жеке өзім үшін «ұлтшылдық» пен «патриотизм» ұғымдары бір-бірімен байланысты, өйткені өркениетті формадағы салауатты ұлтшылдықты ұстанушылар өздерінің тар мүдделерін қорғаумен айналысып жүрген жоқ, олардың қызметі бүкіл елдің, әр түрлі этникалық топтар өкілдерінен тұратын бүкіл халықтың игілігіне бағытталған.
Макронның қандай патриотизм жайлы айтқанын білмеймін, бірақ біз үшін оның әлемге деген көзқарасы жат – біздің қоғам мен француздар мүлде әртүрлі шындықтарда өмір сүреді. «Ұлтшылдық» деген ұғымға теріс мағыналық жүктеме берудің қажеті жоқ.
Ұлттық популизмге келер болсақ, шынында да, бізде бұл құбылыстың көптеген өкілдері бар. Олар жылдам жазалайды. Мысалы, олар барлығынан және бірден тек қазақша сөйлеуді талап етеді, ал егер бірдеңе олардың жоспары бойынша болмаған жағдайда «чемодан – вокзал – Ресей» деп айқайлап шыға келеді. Олар қандай да болмасын ауқымдағы кез келген мәселені тек ұлттық мәселеге әкеліп тіреуге қабілетті. Әрине, бұл не ұлтшылдыққа, не патриотизмге мүлдем қатысы жоқ әдетегі хайп, яғни өз атағын шығаруға ұмтылу болып табылады.
Қазақтың мақал-мәтелінде «атың шықпаса – жер өрте» делінгендей, өрт шығаруыңа болады, сонда сен туралы бүкіл әлем білетін болады.
Бірақ, сонымен бірге, еліміздегі ұлтшылдардың бәрі ұлтшыл-популист болып табылмайтынын түсіну қажет. Ұлтшылдық-патриотизм және ұлтшылдық-популизм – бір-бірінен мүлдем ерекшеленетін, өзара тоғысқан нүктелері әрдайым бола бермейтін ұғымдар.