Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс Қазақстан үшін жағымсыз экономикалық салдарларға әкеліп қана қоймай, қоғамдағы идеологиялық жікшілдіктің тереңдеуіне де әкелді. Елімізде екі қарама-қарсы күресуші лагерь қалыптасты: әскери арнайы операцияны айыптаушылар және оны ақтайтындар. Бұл текетірес әр түрлі арандатушылар, ұлтшылдар және жалған патриоттар бағдар беріп отыратын әлеуметтік желілерде ерекше байқалады. Бірінен-бірі қаттырақ айғайлап, олар ел болашағын шын мәнінде ойлайтын, барлығымен тату-тәтті өмір сүргісі келетін саналы азаматтардың пікірін тас-талқан етті. Біз кейбір отандастарымыздан қазір болып жатқан оқиғаны қалай қабылдайтыны жөнінде, неден қорқатыны жайлы және қазіргі жағдайда қай позицияны ұстану ең дұрыс деп есептейтіндері жөнінде анықтауды жөн көрдік.
Айта кету керек, жақында Demoscope осы тақырыпта Қазақстан тұрғындары арасында социологиялық сауалнама жүргізді. Оның нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың арасында жанжалға анықтама беруде басым пікір жоқ. Респонденттердің 36% қазір Украинада «Ресейдің фашистерге қарсы әскери арнайы операциясы» жүріп жатқанына сенімді. 26%-і бұл арнайы операция «ол жерде НАТО әскерлерінің орналасуын болдырмау үшін» қажет деп есептейді. 13%-і қақтығысты «Украинаны одан әрі Ресей Федерациясына қосу» әрекеті ретінде қабылдайды. Өз кезегінде, тараптардың бірінің қолдауы жөнінде қойылған сұраққа азаматтардың 46%-і нейтралитетті ұстанатынын, 39%-і Ресейді қолдайтынын және тек 10%-і ғана – Украинаны қолдайтынын айтты. Ресей мен Қазақстан арасында мұндай әскери қақтығыс болуы мүмкін емес деп респонденттердің 65%-і сенімді, 15%-і оның болуы ықтимал екендігіне сенімді, ал тағы 9%-і «әбден ықтимал» деп жауап берді.
Татьяна Резвушкина, әлеуметтанушы:
«Әсіресе этникалық орыстардың ұстанымдары шайқалды»
- Адамдардың Украинадағы арнайы операцияға бірден-бір қалыпты реакциясы болуы мүмкін – оны қабылдамау және айыптау. Кез келген зорлық-зомбылық, әсіресе әскери іс-қимыл сияқты экстремалды түріндегі, қазіргі қоғамның құндылықтарына қайшы келеді. Сондықтан оларды қолдау, әсіресе көтермелеп насихаттау (оның үстіне бейбіт тұрғындар, соның ішінде қарттар мен балалар қаза тауып жатқанда, тұтастай қалалар мен әлеуметтік инфрақұрылымдар қиратылып, миллиондаған адамдар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болып жатқан кезде) – саяси тұрғыдан мүлдем дұрыс емес, адамгершілікке, адамзатқа қайшы нәрсе.
Менің көзқарасым бойынша, Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар барлық посткеңестік елдердегі адекватты, ойлау қабілеті бар азаматтар жағдайдың апатты сипатын және оның ауқымды салдарын (соның ішінде экономикалық) түсіне отырып, одан шығу жолы – Украинаның нейтралитетті мойындауын ең қолайлы деп есептейді. Бір тараптың екінші тарапты жай ғана шартты/номиналды/символдық жеңуінің өзі ешкімге ешқандай жақсылық әкелмейтіні кім-кімге де аян. Жақсы жанжалдан жаман татулық жақсы дейді ғой...
Бұған қоса, көптеген адамдар тығыз тарихи, мәдени, әлеуметтік және әскери байланыстарды ескере отырып, Ресей Украина сценарийін кез келген посткеңестік мемлекетке қатысты іске асыруы ықтимал деп шын мәнінде қорқады. Нәтижесінде, бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының аумақтарындағы, шынында да, бүкіл әлемде этникалық орыстардың ұстанымдары қатты сілкінді – жанжал басталғаннан кейін оларға қарсы айыптаулар, қорлаулар, қудалаулар және кемсітушілік күшейе түсті. Ал бұл өте қауіпті белгі.
Амангелді Есенов, блогер:
«Бізге бейтарап болып қала беруге бірде-бір мүмкіндік қалдырмай жатыр»
- Украинадағы қайғылы оқиғалар Қазақстанға тікелей өз әсерін тигізіп жатыр, бұл біздің көпұлтты посткеңестік қоғамда оларды өте өткір қабылдануына себеп болды. Бұл қақтығыс туралы кез-келген даулар міндетті түрде ұлттық және тілдік мәселелердің жазықтығына түсіп кетеді, ал оны біздің ұлтшылдар өз мақсаттары үшін пайдаланады. Енді олар өз азаматтарын екі санатқа бөледі: Украинаның жалауларын (ондағы шақыруларымен қоса) «жариялайтындар» және басқа көзқарас білдіретіндер. Соңғыларына, әдетте, «ватниктер», «сепаратистер» деген белгілер ілініп, оларға қорқытулар төгіле бастайды. Олар үшінші пікірді мүлде қабылдамайды. Олар үшін тек ақ пен қара ғана бар.
Келіспеушіліктермен қазірдің өзінде ашық күрес жүріп жатыр. Адамдар болып жатқан нәрселер туралы (және тек олар туралы ғана емес) өздеріне күштеп еңгізілген пікірден ерекшеленетін өз пікірін ашық айтудан қорқа бастады. Барлық келеңсіз салдарлармен бірге біздің ақпараттық өрісімізді украиндандыру қарқынды жүріп жатыр. Кеңестік рәміздерді қолдануға, 9 мамырды мерекелеуге, ресейлік телеарналарды көрсетуге, ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға тыйым салу туралы үндеулер айтылып жатыр. Барлығы дәл бір кездері Незалежнаядағыдай, тек бір ғана ерекшелікпен – Қазақстан мен Ресей арасында мүдделер қайшылығы жоқ.
Десек те, біздің ұлтшылдарымыздың Ресейге қарсы пікірді қамшылауда тәжірибесі мол. Тіпті күлкілі нәрселер айтылып жатыр: Ресей Федерациясы Украинадан кейін Солтүстік Қазақстанды, біздің зауыттар мен барлық ресурстарды тартып алады деп қарапайым халықты қорқытады. Біріншіден, бұл аймақ тіпті әскери шабуылдарсыз да өздігінен қаңырап бос қалып жатыр – оны ықтимал басып алудан емес, деградациядан құтқарған дұрыс. Екіншіден, адамдар қазірдің өзінде аз нәрселерге иелік етіп отыр – барлық ресурстар бұрыннан бері жергілікті олигархтар мен шетелдік компаниялардың (айтпақшы, мүлдем ресейлік емес компаниялардың) қолына өтіп кеткен.
Ал енді бұл адамдар билікке келеді деп елестетіп көріңіздерші. Олар Орынборды, Астраханьды, Омбыны қайтарып алғысы келеді, бірақ сол баяғы Солтүстік Қазақстаннан айырылып қалады. Құрылған ұлттық батальондар оңтүстік және шығыс шекаралас аймақтарда этникалық тазартуды бастайды, ал ол адамдар Қытай мен Өзбекстанға кетіп қалады. Батыстың бай аймақтары мұнай долларларын өздерінде сақтап қалу үшін тіпті бөлініп кетіп, өз бетімен өмір сүргілері келіп қалады. Мұның бәрі, Украинада болған және болып жатқандай, еліміздің күйреуіне әкеледі. Ал бұдан кейін кімдер «сепаратистер» болып табылады – Қазақстанда ұлтшылдықтың өрши түсу қаупі бар екенін ескертіп жатқандар ма, әлде көршімізбен бетпе-бет келуге итермелейтіндер ме?
Осы орысфобиялық шақырулардың барлығы бізге ұлттық қауіпсіздік мүдделерімен түсіндірілетіні ақылға мүлдем қонымсыз. Бұл ретте, назар аударыңыздаршы, америкалық әскери биологиялық зертханаларын немесе АҚШ-тан тікелей грант алып, Батыстың мүддесі үшін саясат жүргізіп жатқан 200-ге жуық үкіметтік емес ұйымдарды жабуды ешкім өтініп жатқан жоқ. Мен тіпті олардың әлеуметтік реформалар, ресурстарды ұлттандыру, тегін денсаулық сақтау, сапалы білім және т.б. талаптарының жоқтығы туралы айтып отырған жоқпын. Айтпақшы, өткен жылдың өзінде қазақ олигархтары 30 процентке байыды, ал кедей қазақстандықтардың саны 20 процентке өсті! Бірақ бұл мәселелер ұлттық популистерді аз алаңдатады. Украинаны қайсысы көбірек «жақсы көретінін» дәлелдеу – олардың басты мақсатына айналды.
Айтпақшы, біздің кедей халық гуманитарлық көмек жинап, оларды алты ұшаққа тиеп, сол жаққа жөнелтіп жатқан кезде, украиндық ағайындар нейтралды саяси ұстанымы үшін танымал этникалық қазақтарды жаппай қудалауды ұйымдастырды – бұл нәсілшілдік мәлімдемелер мен физикалық зорлық-зомбылықпен қорқытуларға дейін барды. Осыған байланысты: украин халқы жалпы біз үшін бауырлас болып табылама, және бізді кімдерді қорғауға мәжбүрлеп отыр? – деген орынды сұрақтар туындайды. Шындығына келсек, бұл олигархат пен Батыс капиталы жетіске жеткен ел ғой. Олардың күш-қуаты неғұрлым күшейген сайын, ұлтшылдық сезімдер соғұрлым тез өсіп, келіспеушіліктерге қарсы күрес күшейе түсті. Осылайша, 1992-2015 жылдар аралығында 50-ден астам журналист өлтірілді, олардың жартысы – Шығыс және Солтүстік-Шығыс Украина қалаларында. 2014 жылғы Майдан кезінде Киевте төңкерісті айыптаған ондаған тәуелсіз саясаткерлер мен белсенділер өлтірілді. Ал осыдан кейін, әртүрлі деректер бойынша, 5-8 миллион адам елден кетіп қалған...
Қазақстан халқын Ресей-Украина қақтығысына барынша тартып, бейтарап қалуға еш мүмкіндік қалдырмай отырғаны анық. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында даңқы бар қандастарымызды қудалау арқылы жасалып жатыр; украиншыл ұйымдар, оның ішінде шебер ұйымдастырған үкіметтік емес ұйымдар соғысқа қарсы (антиресейлік) митингілер арқылы жасалып жатыр; отандық орысфобия белсенділерінің арандатушылық мәлімдемелері арқылы жасалып жатыр; «тәуелсіз» журналистердің түрлі ақпарат толтыруы және әлеуметтік желілердегі жаппай қорлау арқылы жасалып жатыр. Ал Украина армиясының жағдайы неғұрлым қиын болса, Қазақстандағы антиресейлік истерия да соғұрлым күшейе түседі. Көзге көрінбейтін сценарист біздің еліміздің Батыс пен Ресей арасындағы онсыз да жаһандық текетірестің тағы бір майданына айналуы үшін бар күшін аямайды деген алаңдатарлық болжам пайда болып отыр.
Олар бізге тек «гуманитарлық көмек» жіберіп қойып, отыра беруге мүмкіндік бермейді. Немесе сен Украинаны жақтайсың, немесе сен бүкіл өркениетті қоғамның жауысың. Оның үстіне көмегіміз – мұхиттағы тамшыдай. АҚШ пен ЕО тарапынан қазір ол жаққа көптеген миллиард долларлық құйылымдар, соның ішінде қару түрінде де, ағып жатыр. Бізге басқа рөл тағайындалды: шетелдегі «серіктестердің» көзқарасы бойынша біз, американдық стратегтер Қазақстанды атағанды ұнататындай, – жай ғана Ресейдің жұмсақ қарынымыз.
Біздің көптеген азаматтарымыз сияқты, мен де бейтараптық жағдайында бейбітшілік пен тұрақтылық болғанын қалаймын. Бірақ ұлтшылдарға бейбітшілік қажет емес – олар, ең болмағанда, тұрақсыздықты көздейді. Қызық болғанда, қазір әлеуметтік желіде орысфобиялық истерия жасап жатқандар жантүршігерлік қаңтар оқиғасы кезінде өз үйлерінде отырып, орыс әскерлері келіп, қарулы «джазмендерді» Алматы көшелерінен тезірек қуып жіберсе екен деп дұға жасап отырған болатын. Оған қоса парадокс мынада, біздің украиншыл «пацифистер» Украинада оның олигархтары демеушілік ететін неонацистік құрылымдардың бар екенін айтатын адамдардың барлығына өлім тілейді.
Украиндық мәселе ашып салған біздің қоғамымыздағы басты проблемалар – әртүрлі демеушілік көрсетілетін ақпараттық арналар арқылы айдалатын бірліктің болмауы және ұлтаралық алауыздық. Бірақ менің өз басым (құтырған ұлтшылдар мен орысофобтардан айырмашылығым) Ресейдің Қазақстанға әскери басып кіруінің объективті себептерін көріп тұрған жоқпын. Қерісінше, ұлттық негіздегі қайшылықтардың күшінен және байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік жіктелудің қарқынды тереңдеуінен өзімнің сүйікті Отаныма қауіп көріп отырмын.
Ішкі жанжалдар мен араздық еліміздің тұтастығы мен шынайы тәуелсіздігін сақтап қалуға көмектесе алмайды. Қазіргі трагедияға дейінгі Украинада көп жылдар бойы болып жатқан оқиғалардан объективті және дұрыс қорытынды жасау әлдеқайда пайдалы.
Арман Құдабай, оқытушы, журналист:
«Азаматтар қысым астында иілуге мәжбүр болуға тура келеді деп қорқады»
- Қазақстанда арнайы операцияны «қолдаушылардың» және оның «қарсыластарының» нақты анықталған лагерлері бар дегенмен мен келіспеймін. Азаматтардың көпшілігі екі жақтан да – украиналықтар тарапынан да, ресейліктер тарапынан да бір дәрежеде қателіктер жіберілгенін анық түсінеді. Дәл осы үшін, айтпақшы, украиндық ағайындар да, ресейлік ағайындар бізге ренжіп жатыр, бірақ бұл, кешіріңіздер, біздің ортақ менталитетіміздің ерекшелігі...
Әлеуметтік желілердегі дауларға қатысушыларды жанжалдан анық пайда көретіндер және одан зардап шеккен немесе зардап шегуі мүмкін деп екіге бөлу дұрысырақ болар еді. Біріншілері, өзінің көбірек бөлігінде, жай ғана «гранттарды» өтеп, демеушілерінің «үмітін» ақтау үшін барын салады, бірақ әзірге олардың әрекеттері бекер сияқты. Шындығында, олардың истерияға, паранойяға түсіп, екінші дәрежелі жалғандық пен қорлауға неліктен түсіп кетіп жатқанын осылайша түсіндіруге болады. Ал осы «бенефициарлар» лагерінде мейлінше өскен, қазір көптеген мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың құрамындағы «батысшыл партия» билік жүргізуде.
Олардың қарсыластары ретінде, әдетте, мұның бәрі не әкелетінін білетін және одан қорқатын адамдар шығып отыр. Ал бұл жерде әңгіме кенеттен жаһандық саясаттың құрбанына айналуы ықтимал көршілердің, әріптестердің, отбасылардың, ағайынға айналған достардың және жақын қарым-қатынасында ғана емес. Біз үшін әлдеқайда күрделі тәуекелдерді енді ғана басталып жатққан санкциялардың жарысы тудырады. Ертең Қазақстаннан жаппай визалар енгізу, шекараны жабу, одан өткен әрбір көлікке салық салу талап етілуі әбден мүмкін. Сонда не болады? Батыстың бізге барлық шығындарды өтеуі екіталай – бұл «жарқын болашақ туралы» утопиялар саласындағы нәрсе. Оған еуропалық өнеркәсіп пен бизнестің шығынын өтеу керек...
Айтпақшы, бизнес туралы. Соңғы екі айда іскерлік ортадағы көңіл-күйдің қалай өзгергенін байқадыңыз ба? Егер жақында ғана біз Ресейдегі және ТМД елдеріндегі кедергілер туралы шағымдарды (айтпақшы, бұл біздің ұлтшыл-популистерімізге ұнайтын) естісек, бүгінде сол кәсіпкерлер, банкирлер мен өнеркәсіпшілер олардың көз алдында үзіліп жатқан өндірістік және логистикалық тізбектер жайлы қатты алаңдап отыр. Бірақ бүгін болмаса ертең, Қытай туралы, содан кейін Түркия туралы да сондай әңгіме айтыла басталуы ықтимал. Бізден өз еркімізбен бар артықшылықтардан – сол транзиттік әлеуеттен, біздің тауарларымызға арзан әрі өндіріске жақын орналасқан құрамдас бөліктерді жеткізушілерден бас тартуды өтінуі мүмкін. Осы санкциялардың нәтижесінде ел бойынша мыңдаған жұмыс орындары жабылады. Алайда, тиісті тізімдерді жариялауды бүгіннен бастай беруге болады.
Жақында сіздің басылымға берген сұхбатымда мен бейтарап позицияны көрсету жеткіліксіз екенін, оны соңына дейін ұстануға күш-жігер қажет екенін айттым. Бірақ дәл осы мәселеде халықтың көпшілігінде толықтай сенім жоқ. Ерте ме, кеш пе, Қазақстан сыртқы қысымға ұшырап, оның астында иілуге мәжбүр болуға тура келеді деген қорқыныш күшейе түсуде. Соңғы оқиғалардың барлығы, өкінішке орай, тек осы қорқынышты күшейтеді.
Азаматтық ұстаным, менің ойымша, ең алдымен, елге деген жауапкершілік сезімінен, отандастарына қатысты құрметтен көрінуі керек. Бірақ оның орнына біз эмпатиядан гөрі «қанның үстінде билеуге» ұқсайтын истерикалық шабуылдарды, қудалауларды, айыптауларды, қорлауды көріп отырмыз.
Ғалым Ағелеуов, «Liberty» қоғамдық қорының президенті:
«Біз оқиғалардың ықтимал шиеленісуіне дайын болуымыз қажет»
- Қазақстандықтарға қазіргі жалғасып жатқан гибридтік соғысқа тәуелді болып қалмау үшін әскери қақтығысқа қатысты ақпарат ағынына сыни көзбен қарау маңызды, өйткені болып жатқан оқиғалардың қандай да бір жақтың өздері үшін пайдалы нұсқаларын бізге қондыруға тырысып жатыр.
Біз не көріп отырмыз? Тәуелсіз мемлекетке шабуыл, Украинадағы қалалар мен ауылдардың жаппай қырылуы, көптеген бейбіт тұрғындардың құрбандары, миллиондаған босқындар. Мұның барлығына заң тұрғысынан да, жалпыға бірдей қағидалар тұрғысынан да жол беруге болмайтын нәрсе. Сондықтан, біз, саналы азаматтар, туысқан халықтармен достық қарым-қатынасты сақтауды, ұлттық мүддемізді қорғауды жақтай отырып, кез келген әскери әрекеттерді сынға алып, олардың тоқтатылуын талап етуіміз керек.
Біздің азаматтарымызға оқиғалардың ықтимал өршуіне дайын болуымыз қажет, өйткені оның салдарынан ауызша арандатулар күшейіп, тіпті ашық қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін. Ал бізге сырттан келетін қауіп-қатер мен идеологиялық айла-шарғылар қорқыныш әкелмеуі үшін біз өз елімізді нығайтуымыз керек. Ол үшін, ең алдымен, азаматтық қоғамды дамытуға, орын алған мәселелерді шешуге және авторитаризмнің келеңсіз әрекеттерін жоюға әкелетін демократиялық реформаларды қолдауымыз қажет. Мұндай жағдайда кез келген түрдегі азаптау және зорлық-зомбылықтан бас тарту, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды құрметтеу және сақтау негізделетін ұлттық идеяны қалыптастыру үдерісі жылдамдау жүреді. Псевдоэлита емес, қоғамның мүддесін көрсететін сапалы БАҚ құрылады. Сыбайлас жемқорлықтың ауқымы (оның ішінде құқық қорғау органдарында да) азаяды. Ұлттық тамыр нығаяды және қоғамдық сана жаңғырады. Қазақстан халықтары үгіт-насихаттан тәуелсіз біртұтас қоғамдастыққа бірігеді.
Украинадағы оқиғалар, авторитарлық мемлекеттердің билік вертикалы күшті болғанына қарамастан, жеңіліске ұшырайтынын, ал демократиялық қоғамдар жұмылдырылып, ұлттық рухты көрсете отырып, жеңіске жететінін көрсетті.