Біздің қоғамда аралас, немесе ұлтаралық некелерді ұлттық болмыстың «бұлдырауына» ықпал етеді деп есептейтіндер аз емес. Бұл ретте бүгінде ұлттың қамын ойлаған азаматтар қалқанға көтеріп отырған көптеген қазақ ерлерді және қазақ қыздарды атауға болады. Олар мұндай ұлтаралық, аралас некелерде айыпталатын ешнәрсе көрмей қана қоймай, өздері де осындай некеге тұрып, интернационалдық отбасын құрған болатын. Солардың кейбіреулерін еске түсірейік.
«Алашордашылдардың» жұбайлары
«Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының жетекшісі, «Алаш-Орда» үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхановтың өмірлік серігі саяси жер аударылғанның қызы, түпкілікті сибирячка Елена Севостьянова болды. Әлиханның анасы бұл некеге қарсы болды, өйткені қалыңдық православиелік болған екен, бірақ ұлын көндіре алмады. Үйлену тойын 1902 жылы Омбыда өткізді. Ерлі-зайыптылардың Елизавета есімді қызы (туыстары оны Зейнеп деп атайтын) және Сергей (Оқтай) есімді ұлы туылды. 1923 жылы, анасы қайтыс болғаннан кейін екі жыл өткен соң, Елизавета болашақ Қазақ КСР Халық ағарту комиссары, Ұлы Отан соғысына әскери дәрігер болып қатысқан, медицина ғылымының докторы болған Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шыққан, ал 1933 жылыол қайтыс болды. Сергей инженер-геолог мамандығын таңдады, ол мыс, уран рудалары бойынша ғылыми еңбектер жазған, Қаныш Сәтбаевпен бірге жұмыс істеген.
Ахмет Байтұрсынов, ол да «Алаш» партиясының көрнекті қайраткерлерінің бірі, қазақ әдебиеті мен жазуын дамытуға қосқан зор үлесі үшін бүгінде «ұлт ұстазы» деген атауға ие болған (жақында экрандарға шыққан оған арналған телехикая дәл осылай аталған). Ахметтің жұбайы – Қостанай облысы Әулиекөл ауылындағы орыс-қазақ мектебінде сабақ берген Александра Иванова. Неке мұсылмандық дәстүр бойынша жасалды, Александра ислам дінін қабылдап, Бадрисафа деген есімге ие болды. Кейіннен ол күйеуінің тағдырына түскен барлық қиындықтарды бірге бастан кешті.
Ольга Пушкарева да тұрмысқа шыққаннан кейін мұсылмандықты қабылдады, ол Алаш-Орданың Батыс бөлімшесінің болашақ басшысы Жақаншы Досмұхамедовтың әйелі болды. Ольга, медициналық курстардың студенті, 1912 жылы Мәскеу университетінің заң факультетінің соңғы курсының студентіне тұрмысқа шықты. Кейінірек, 1930 жылдары, Досмұхамедов қудалана бастағанда (оны 1938 жылы атып тастады) Ольга оны қорғау үшін белсенді түрде күресті.
Ольганың туған әпкесі, Надежда, саяси көзқарасы Жақаншаның көзқарасынан өзгешеленетін Тұрар Рысқұловтың екінші әйелі болды. Олар Ташкентте танысқан болатын. Ол жаққа мүлде жас Надя анасымен бірге Томскіден аштықтан аман қалу үшін қашып кеткен. Ал Рысқұлов ол кезде өзінің өте жас болғанына қарамастан Түркістан АССР үкіметінде жоғары қызметтер атқарып, оның Орталық Атқару Комитетін басқарып отырған болатын. Одан бұрын ол Татьяна Колосовскаяға (оның әкесі – Чимкент уезінің басшысы, кейіннен Ташкент қаласының әкімі, бір сөзбен айтқанда өте маңызды патша шенеунігі) үйленген болатын. Кейіннен Рысқұлов Надеждамен ажырасып, Вера Дергачевамен азаматтық некеге қосылды. Ал оның соңғы жары – қазақтық және татардың қызы Әзиза Исенғұлова (ол да күйеуі сияқты 1936 жылдың екінші жартысында репрессияға ұшырады). Баласүйгіш әке Тұрар өзінің әрбір некесінен туылған балаларының барлығына қамқор көрсеткен.
Түркістан автономиясының (Қоқан қаласындағы астанасымен) Мұхамеджан Тынышпаевтан кейінгі екінші басшысы Мұстафа Шоқай оның қиратылуынан кейін Ташкентке қашып барып, сол жерде жергілікті заңгердің әйелі, өзін опера сахнасына дайындап жүрген 30 жасар Мария Горинаны кездестірді. Бірге болуды ұйғарып, олар мешіттердің бірінде неке қиды. Содан кейін сол жылдардағы қиын кезеңдер оларды ажыратып жіберді, бірақ бір жылдан кейін ерлі-зайыптылар Тифлисте қайта бас қосты, содан кейін олар Стамбулға, одан соң Парижге кетті. Мария Яковлевна күйеуінің қасында оның 1941 жылы желтоқсанда қайтыс болғанына дейін болып, өзі 1969 жылы дүниеден өтті.
Көрнекті жазушы-аудармашы, қазақ тіліндегі тұңғыш романның авторы, «Алаш» партиясының мүшесі болған, өз әріптестерінен бұрын, сонау 1930 жылы ату жазасына кесілген Жүсіпбек Аймауытов екі рет үйленген болатын. Бірінші әйелі Вера Волкова Бектұр және Жанақ атты ұлдарды дүниеге әкелген. 1921 жылы Вера қайтыс болды, одан кейін Аймауытов өз өмірін қазақ пен орыстың қызы – Евгения Қарабатырқызы Сермұхамедовамен байланыстырды. Бұл некеде Муза деген қызы дүниеге келді.
Кеңестік некелер
Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев екі рет ресми некеде болған. Екінші ретінде ол Таисия Кошкинаға үйленді, сол үшін болашақ ұлы геолог-ғалым оған қыз туып берген Шарипаны тастап кетті. Қаныш пен Таисия 1920 жылдардың басында Томск технологиялық институтының геологиялық барлау бөлімінде оқып жүргенде танысқан, бірақ олар тек 1928 жылы ғана бірге тұра бастаған. Олар тек ерлі-зайыптылар ғана емес, әріптес болып, қазақ геологиясын бірге көтерді. Ал Сәтбаевтың бірінші некесінен туылған қызы, медицина ғылымының докторы атанған Ханиса әкесінің екінші әйелін «екінші анам» деп атайтын: «Мен алты жасымнан Қарсақпайда, әкем мен Таисия Алексеевнаның үйінде тұрып, оқыдым. Ал жазғы каникулымды Баянауылда анам Шәрипамен бірге өткізетінмін. Содан кейін Алматы, медициналық институтта оқу мен жұмыс, отбасым және балаларым болды. Өте мейірімді,өте сезімтал Таисия Алексеевна менің балаларымды өз немерелеріндей жақсы көріп, еркелететін».
Қазақ әдебиетіндегі бас романның авторы Мұхтар Әуезов төрт рет үйленген болатын. Өзінің үшінші әйелі – Валентина Кузьминамен ол 1920 жылдардың ортасында Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті болған кезінде танысты. Ерлі-зайыптылардың Ләйлә есімді қызы дүниеге келді, кейін ол тарих ғылымдарының докторы болды. Ал жазушының төртінші әрі соңғы өмірлік серігі – ұлты татар Фатима Ғабитова болды, болашақта белгілі мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат есімді ұл сыйлады.
Опера әншісі Ермек Серкебаев те төрт рет некеге тұрған. Ол 33 жасында КСРО халық әртісі атағына ие болып, кейін гастрольдік сапармен дүниежүзін аралаған. Оның бірінші әйелі – Тамара Лебедева болды. Бұл одақта екі ұлы: музыканың классикалық жанрларына (опера, балет) арналған шығармалардың болашақ авторы Алмас және Қазақстанда да, Ресейде де танымал AStudio эстрадалық тобының негізін қалаушы әрі жетекшісі Байғали дүниеге келді. Ал Ермек Серкебаевтың екінші әйелі – Лидия Иванова болды.
Қазақ хор музыкасы мен ән өнерінің негізін салушылардың бірі, есімі оңтүстік астанадағы көшеге берілген Бақытжан Байқадамов өз тағдырын Мәскеуді қорғауға өлшеусіз үлес қосқан аты аңызға айналған дивизия командирінің үлкен қызы Валентина Панфиловамен байланыстырды. Бойжеткен қыз осы дивизияның медициналық батальонында қызмет етіп, бүкіл соғысты бастан өткеріп, ауыр жараланып, Алматыға оралған соң қазақтың жас композиторы мен дирижерімен танысып, оған тұрмысқа шығып, екі қызды дүниеге әкелді.
КСРО-да көптеген адамдар оқып жүрген өлеңдердің ғана емес, 1970-жылдары кең резонанс тудырған «Аз және Я» кітабының авторы, ақын Олжас Сүлейменов Маргарита Владимировна есімді әйелмен некелік одаққа кірді. Олардың үш қызы бар. Ерлі-зайыптылар мұсылман мерекелерін де, христиан мерекелерін де атап өтеді, бұл халықаралық отбасы үшін таңқаларлық емес.
Қазақстан Дизайнерлер одағының негізін қалаушы және бірінші басшысы Тимур Сүлейменов пен оның жұбайы Надежда Викторовна қырық жыл бірге өмір сүрді. Тимур Бимашұлы – теңге мен мемлекеттік рәміздердің жобасын әзірлеуге атсалысқандардың бірі, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрметіне орнатылған «Азаттық таңы» монументі мен Мәскеудегі Абай ескерткішінің авторы. Ол төрт жыл бұрын өмірден өтті.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров жұбайы Татьяна Малышевамен 1975 жылы, 28 жаста болған кезде танысты, ал сол кезде сынақ орталығында инженер-программист болып жұмыс істеп жүрген Татьяна 23 жаста болған. Бірақ олар он жылдан кейін ғана қарым-қатынастарын ресім бойынша тіркеген. Бұл отбасы екі ұл өстірді. Ал екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев болашақ жарын Ригада (Ригалық азаматтық авиация инженерлері институтын бітіргелі жатқан кезде) кездестірді. Оның таңдаған жары – стоматолог Виктория Лацис болды, ұлты бойынша ол латыш. Ерлі-зайыптылардың екі баласы – ұлы және қызы бар.
Әйелдер де қалыспайды
1980 жылдары жаңа үрдіс пайда болып, тәуелсіздік жылдарында өз дамуын алды – қазақ қыздары өзге ұлт өкілдеріне жиі тұрмысқа шыға бастады, олардың таңдаған адамдарының географиясы өте кең. Бұған қайта құру жылдарында басталған шекаралардың ашылуы да, әйелдердің дәстүрлі стереотиптер мен шарттылықтардан өзін еркін сезіне бастағаны ықпал етті. Интернетте осы жайлы көптеген әңгімелер табуға болады. Біз саясатта, бизнесте, өнерде және спортта айтарлықтай жетістіктерге жеткен әдемі жартысының өкілдеріне қатысты бірнеше мысалдарды келтіреміз.
Әйгілі сәулетші Алмас Ордабаевтың қызы және Қазақ КСР-нің бұрынғы білім министрі Әбдіхамит Сембаевтың немересі (анасы жағынан) Бірінші Мәскеулік медициналық институтты бітіріп, сол жерде жұмыс істегеннен кейін қайта құрудың жылдарында Чехословакия азаматымен танысты. Жастар үйленуге шешім қабылдады, содан кейін олар күйеуінің отанына кетті. Ол жақта күйеуінің фамилиясын алған Жәмила Стехликова басында өз мамандығы бойынша жұмыс істеген, бірақ кейіннен қоғамдық қызметпен, ал содан кейін саяси қызметпен айналысуға бел буды. Оны муниципалитетке сайлады, содан кейін «Жасылдар» партиясының вице-президенті етіп сайлады, ал 2007 жылы ол Адам және азшылық құқықтары министрлігін басқарып, ел тарихындағы чех емес тұңғыш министр болды.
Өткен жылдың басында БАҚ-та АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байденнің хаттама жетекшісінің орынбасары болып Әсел Робертс тағайындалғаны туралы ақпарат пайда болды. Оның қыз тегі Төленова, ол 1976 жылы Алматы қаласында дүниеге келген, мектепті бітірген соң, 1993 жылы Джорджтаун университетіне оқуға түсті. 2000 жылдардың басында Әсел студент кезінде орыс тілі мен тарихын зерттеумен айналысқан, кейін Орталық Азияны зерттеумен айналысқан америкалық Шон Робертс есімді азаматқа тұрмысқа шықты. Ерлі-зайыптылар бір қыз тәрбиелеп отыр.
Алматы хореографиялық училищесінің көркемдік жетекшісінің қызы Алтынай Асылмұратова 1980 жылы Киров атындағы Ленинград опера және балет театрына (әйгілі Мариинка) қабылданған. Кейіннен ол прима-балерина болды. Ал 1994 жылы ол Париж операсына шақырылды, онда Алтынай Рудольф Нуреевтің балет қойылымдарында басты рөлдерді орындады. Ол өзінің тұрақты сахналық серіктесі Константин Заклинскийге тұрсымқа шыққан, оларда Анастасия атты қыз туылып, 2016 жылы «Астана Опера» театрының балет тобына солист болып қабылданды. Ал Алтынайдың өзін сол жылы Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры етіп тағайындады.
1980 жылдары қазақтың жас шахматшылары Гүлнар және Эльвира Сахатовтардың жұлдызы жанды. Біріншісі, жасы үлкенірегі, екі рет әлем чемпионы атағына үміткерлердің аймақаралық турнирлеріне қатысу құқығын алды, бұл өз алдына әлемдік әйелдер элитасына кіруді білдіреді. Ал 1992 жылы апайлы-сіңілдінің екеуі де Тәуелсіз Қазақстан үшін тұңғыш рет Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында жоғары 8-орын алған біздің квартеттің құрамында болды. Гүлнар кейіннен Ұлыбритания азаматына тұрмысқа шығып, қазір Лондонда тұрады. Ал Эльвираның күйеуі Люксембургтегі ең үздік шахматшылардың бірі Беренд досы болатын.
2008 жылы американдық Forbes журналы әлемдегі ең ықпалды әйелдердің жыл сайынғы рейтингін жасап, Гүлжан Молдажанованы 37-ші орынға орналастырды. Посткеңестік елдердің өкілдерінен одан жоғары орында тек қана сол кездегі Украинаның премьер-министрі Юлия Тимошенко (17-ші), Санкт-Петербург губернаторы Валентина Матвиенко (31-ші) орналасқан болатын. Ал тізімнің ең басында Германия канцлері Ангела Меркель болды. 1990 жылдардың басында ҚазМУ-ді бітірген Гүлжан Мәскеуді бағындырып алуға аттанып, ресейлік ең ірі «Базовый элемент» холдингінің бас директоры қызметіне дейін көтерілді. Ол өзінің жеке өмірі жөнінде ештеңе айтпайды, бірақ сұхбатының бірінде ол: «Мен Мәскеуде бірінші пәтерімді 1998 жылы сатып алдым, оған дейін Орел қаласында күйеуімнің үйінде тіркеуде болдым», - деп айтқан. Бірақ, шындығын айтқанда, неке көп уақытқа созылмады - олар 2001 жылы қызы туғаннан кейін көп ұзамай ажырасып кетті.