Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуымен байланысты, сондай-ақ әдебиетшілердің, мәдениет қайраткерлерінің, ғалымдардың, спортшылардың есімдерімен қалай да болмасын байланысы бар «мерейтойлы» күндер 2020 жылы аз болған жоқ... Олардың қаншалықты кең атап өтілгеніне немесе мүлдем атап өтілмегеніне қарамастан, ең белгілі мерейтойлар жөнінде толығырақ айту керек.

Саяси конъюнктураның мүддесіне сай

Ресми деңгейде 2020 жылдың басты тарихи күні ретінде Алтын орданың 750 жылдығы жарияланды, енді оны «қазақ мемлекеттілігінің бесігі» деп атау әдетке айналған. Қатаң айтқанда, мерейтойдың өзі 2019 жылға тұра келді, бірақ әлде біздің билік ол жөнінде кешірек ойланды ма, әлде басқа себептер болды ма, бірақ негізгі іс-шаралар 2020 жылға жоспарланған. Әрине, көктемнің басында пайда болған коронавирустық пандемия олардың 40 баптан тұратын (және бұл тек республикалық деңгейде) бағдарламасын «секвестрлеуге» мәжбүр етті. Бірақ, қанша дегенмен, осы мақсаттарға бюджеттен бөлінген 3,5 миллиард теңгенің едәуір бөлігін игеріп үлгерген сияқты.  

Ал Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігіне тікелей қатысы бар тағы бір маңызды тарихи күн елеусіз (қалай болғанда да, ресми билік тарапынан) өтіп кетті. Әңгіме 1920 жылы 26 тамызда жарияланған Қырғыз (Қазақ) АССР құрылуының 100 жылдығы жөнінде болып отыр. Тіпті одан да аз адамдар Владимир Ульяновқа (Ленинге) құрмет көрсетті, оның 150 жылдығы да 2020 жылға тура келді. Ия, оның құрған большевиктік режимі, жұмсақтықпен айтқанда, онша жағымды емес болғаны сөзсіз, бірақ өзіміздің ұлттық автономиямыздың пайда болуына біз дәл осы адамға қарыздармыз. Кейінірек ол автономия одақтық республика мәртебесіне жоғарылаған, бұл жәйт КСРО ыдыраған кезде Қазақстанға (Татарстан мен Башқұртстаннан айырмашылығы) мемлекеттік егемендікті иеленуге мүмкіндік берді. Басқаша айтқанда, егер 1920 жылы автономия болмаса, онда 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан да пайда болмас еді.

Қазақтардың мемлекеттілігімен байланысты екі мерейтойға деген осыншама полярлық көз-қарасты ағымдағы саяси конъюнктура тұрғысынан ақтауға болмаса да, түсіндіруге болады. Ал логика тұрғысынан ше? Біздің халқымыздың КСРО құрамына кіруін, бәлкім, бақытты деп айту қиын болар – жаппай аштық та, репрессия да, дәстүрлі өмір салтының ауыр түрде бұзылуы да болды. Бірақ Шыңғысхан да, ал одан кейін оның ұрпақтары да, өздерінің билігі мен бұйрықтарын от пен қылыш арқылы орнатпас бұрын, өз құрбандарының жанашырлары болған жоқ қой.

Алайда, бастысы мұнда да емес. Белгілі кәсіби тарихшылар М.Әбдіров пен Ә. Құсайыновтың 2015 жылы жарық көрген «Дүниежүзілік тарихнама ағымындағы Қазақстан тарихы» деп аталатын кітабынан дәйексөз: «Шыңғысхан басып кіргеннен кейін қазақ даласына моңғол варварлығының ұзақ түні түсті, өйткені басқыншылар сол кездегі өркениет ошақтарынан алшақ жатқан ру-тайпалық жүйенің өкілдері болғандықтан, әлеуметтік прогреске ықпал етпеді. Олар ағартылған жергілікті халықтарға қарағанда экономикалық, қоғамдық және мәдени дамудың төменгі сатысында тұрды (моңғолдар тіпті жазуды да білмеді)... Басқыншылар Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенділерінің Отырар, Сығанақ және Сары-Арқа орталықтарындағы жаңадан пайда болған өзіндік мемлекеттілігін жойды».

Мұндай бағалаумен келісуге де келіспеуге де болады, бірақ Алтын орда құрылғаннан кейін қазақ даласы өте ұзақ кезеңге (алты ғасырдан астам уақытқа созылған!) «цивилизациялық ұйқыға» батқаны сөзсіз. Біздің батысымызды мекендеген халықтар мен қоғамдар терең әлеуметтік-экономикалық трансформациядан өтіп, білімін, ғылымын және мәдениетін барған сайын жоғары деңгейге көтеріп, техникалық прогрестің жетістіктерін игеріп жатқанда, біздің ата-бабаларымыз шыңғысидтердің қол астында өздерінің архаикалық жолымен өмір сүруді жалғастырды. Нәтижесінде, 20 ғасырдың басында қазақ этносы өркениетті әлемнен айтарлықтай алшақтады.

Кеңес өкіметі бұл олқылықты, жергілікті ерекшелікпен және жалпы көпшіліктің көңіл-күйімен санасқысы келмей, агрессивті түрде жоюға кірісті. Бейнелеп айтқанда, ол қазақтарды және басқа халықтарды желкелеп, тепкілеп «жаңа әлемге» кіргізуді көздеді. Нәтижесінде ол көптеген адамдардың өмірін қиып, айтарлықтай ақымақтық пен қателіктер жасады, сөйтіп тек Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана күшге салуды біршама азайтты. Бірақ бұл ретте тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзім ішінде өркениеттік алшақтықты жойды: КСРО-ның соңжы жылдарына таман қазақтар айтарлықтай заманауи, тіпті ілгері басқан халыққа айналды.

Алайда, бұл жерде мемлекеттік құрылымдардың қайсысы (Алтын орда ма әлде Кеңес Одағы ма) біздің этникалық топқа даму тұрғысынан көбірек (азырақ) берді немесе көбірек (азырақ) зиян келтірді деген әңгіме жоқ. Бұл жөнінде шексіз ұзақ уақыт бойы дауласуға болады. Мәселе басқада – атап айтқанда, біздің мемлекеттілігімізді қалыптастыруға қатысты барлық тарихи даталарға бірдей көңіл бөліп және құрметпен қарау қажеттілігінде. Саяси конъюнктураның мүддесіне сай бір шектен екінші шекке шығұдың қажеті жоқ оның көбінесе өзгеретін (кейде тіпті түбегейлі түрде) әдеті бар. Ал біздің тарихымыз жалғыз және ол мәңгілік

Қонаев. Тың өлкесі және алғашқы еркін сайлау

Енді 2020 жылға тура келген басқа мерейтойлар жөнінде. Тағы да, карантиндік шектеулерге байланысты Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шаралар күтілгендей көп болған жоқ. Сонымен бірге, осының арқасында «георгийлік ленталары» жөнінде ауызша шайқастар мен бұл соғыс «біздікі» немесе «біздікі емес» деген тақырыптағы пікірталастар болған жоқ. Жалпы, менің ойымша, әркім осы күнге қалай қарау керектігін өзі таңдай алады: қаласаңыз – «Мәңгілік полк» қатарына қосылыңыз, қаласаңыз – 9 мамырды қайғы күні ретінде атап өтіңіз. Және қандай лента тағу керек екендігі – әр адамның жеке ісі. Ал басқаларға, оны қалай атап өту керектігін және не тағу керектігін, әсіресе оған күштеу – бұл біреудің бостандығына қиянат жасау.

2020 жылдың басында Дінмұхамед Қонаевтың ҚКП ОК бірінші хатшысы, яғни Қазақстандағы бас хатшы болып сайланғанына 60 жыл толды. Ширек ғасырға жуық республика басшылығында тұрған бұл адамның бейнесі де бүгінде бір мағыналы емес қабылданады: кейбіреулер оның басқару кезеңін Қазақстанның гүлдену кезеңі деп атайды, басқалары Қонаевтың атымен тоқырауды, кадр саясатындағы кландылықты, қазақ тіліндегі жағдайдың ушығуын байланыстырады…

Осыдан 60 жыл бұрын 26 желтоқсанда Тың өлкесін құру туралы шешім қабылданғаны да еске алуға тұрарлық күн. Ол республикамыздың солтүстік бес облысын біріктірді. Никита Хрущев оны құра отырып, уақыт өте келе бұл аумақтарды Қазақстаннан алшақтату мақсатын көздеді деген пікір бүгінде жиі айтылады. Расын айтсақ, әлі күнге дейін ешкім бұл жөнінде айтарлықтай құжаттық дәлелдер ұсынған емес. Ал «біреу айтты» деген деңгейіндегі дәлелдер айтарлықтай назар аударуға тұрарлық емес.

30 жыл бұрын бүкіл Одақты қамтыған қайта құру толқынында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне алғашқы шын мәнінде балама сайлау өтті. Расына келсек, нақты бәсекелестік барлық 260 көпшілік сайлау округтерінде болған жоқ (Компартия мен басқа да қоғамдық ұйымдарға бөлінген 90 депутаттық мандатты айтпағанда), бірақ бірқатар жерлерде тәуелсіз кандидаттар билік өкілдерін жеңе алды. Осылайша парламентке Марат Оспанов, Петр Своик, Ермұхамет Ертісбаев, Виталий Воронов, Мұхтар Шаханов (соңғысы, мысалы, сайлаудағы өзінің басты бәсекелесі басқарған аудандағы өзі үшін бөтен аймақтың аумағында жеңіске жетті, бұл бүгінгі күні мүмкін емес болып көрінеді) және басқалар кірді. Ал Жоғарғы кеңес сайланғаннан кейін 1990 жылғы 24 сәуірде оның бірінші отырысында Қазақ КСР президенті лауазымы бекітілді. Яғни, республикамыздағы президенттік институт те 30 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мәдениет пен спорттағы мерейтойлар

Мәдениетпен байланысты даталардың ішінде Абайдың 175 жылдығы ерекше орын алады. Оған көптеген іс-шаралар арналды. Әрине, көптеген қазақтар үшін біздің басты мақтанышымыз болып табылатын ақын және ойшыл (Абайды көбінесе философ деп атайды, бірақ бұл анықтамаға, оның классикалық мағынасында, ол сәйкес келмейді), ол осындай көңіл бөлуге лайық. Ең бастысы Абайды тек құрметтеп қана қоймай, оның шығармаларын терең оймен, қазақтарға қандай құндылықтарға бағдарлану керек екенін түсініп, оқу да маңызды.

Ал кинематографта біздің мақтанышымыз – Шәкен Айманов. 2020 жылы оның кинодағы, алдымен актер ретінде, дебютінің 80 жылдығы болды, және қазасының 50 жылдығы болды – бұл қайғылы оқиға 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеуде орын алған. Сонымен қатар, 50 жыл бұрын «Қыз Жібек» киноэпосының түсірілімі аяқталды. Мүмкін, бүкілодақтық масштабта бұл фильм ерекше оқиға болмаған да шығар (кеңестік кинопрокатында 8 миллион көрерменді жинады, бұл сол кездегі стандарттары бойынша аз), бірақ біздің республикамызда ол үлкен қызығушылық тудырды.

2020 жылы спортпен байланысты көптеген мерейтойлар болды. Мен тек бастыларын тізімдеймін. 60 жыл бұрын алғаш рет қазақспринтер-жеңіл атлет Ғұсман Қосанов кеңестік эстафеталық төрттіктің құрамында жазғы ойындардың «күмісін» жеңіп алып Олимпиада жүлдегері атанған. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын қазақ спортшысы – баскетболшы Алжан Жармұхамедов алғаш рет әлем біріншілігінің медаліне қол жеткізді, ол екі жылдан кейін Олимпиаданың алтын тұғырына көтеріледі (ол кейіннен Өзбекстан құрамына берілген аумақта дүниеге келген). Ал 40 жыл бұрын қазақстандық қазақ – балуан Жақсылық Үшкемпіров алғаш рет Олимпиада чемпионы атанды. Өкінішке орай, 2020 жыл оның өміріндегі соңғы жыл болды.

Ширек ғасыр бұрын орын алған оқиғаларды да еске түсірмеуге болмайды. 1995 жылдың наурыз айының басында Канадада шаңғы жарысынан әлем чемпионаты өтіп, біздің Владимир Смирновтың жеңісімен аяқталды. Ол төрт жекпе-жектен үш жеке қашықтықты ұтып алды, әр жолы әйгілі норвегиялық Бьорн Далиді артта қалдырды (басқа шаңғышыларды айтпағанда), ал төртіншісінде ол «қола» жеңіп алды. Сол жылдың жазында және сол сияқты мұхиттың арғы жағында, бірақ АҚШ-та тәуелсіз Қазақстан үшін дебюттік жазғы Олимпиада өтті, оның қорытындысы бойынша біздің еліміз медальдық есепте жоғары 24-орынды иеленді.

...Алдағы 2021 жыл, ең алдымен, еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы белгісімен өтеді. Бірақ басқа мерейтойлар да болады. Алайда, бұл бөлек әңгіме тақырыбы.