Жақында әлемнің әртүрлі елдеріндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтау мақсатында Швейцарияда орналасқан Education First (EF) халықаралық білім беру ұйымы жыл сайын өткізетін, енді 2022 жылға арналған кезекті зерттеудің нәтижелері жарияланған болатын. Аталған зерттеудің нәтижесі бойынша қалыптасқан рейтингте Қазақстан өткен жылдардағыдан да төмен түсіп, зерттеу қамтитын 111 елдің ішінде жалпы есепте жалпы алғанда 99-шы орынға, ал посткеңестік кеңістікте соңғы орынның алдынғысын иеленіп, тіпті Орталық Азиядағы өзінің көршілерінің басым бөлігінен ұтылып қалды.
Бұл зерттеу 2011 жылдан бері жүргізіліп келетінін, ал Қазақстан оған 2013 жылдан бастап қатысатынын естеріңізге салып кеткен жөн. Яғни, біздің еліміз үшін кезекті халықаралық «емтиханға» қатысу 10 жылдық мерейтой болды. Ал көрсетілген нәтижелер тұрғысынан өте көңіл қайтарарлық болып шықты.
Онлайн, яғни Интернет арқылы ағылшын тілін оқу және сол тілде сөйлеу дағдылары бойынша стандартты тесттерді тапсыруға дайын екендіктерін дүние жүзі бойынша 2,1 миллионнан астам адам білдірді. Көбінесе бұл жас адамдар (қатысушылардың орташа жасы 25 жас, ал әрбір он адамның тоғызына жуығы 35 жасқа толмағандар) планетада ең кең таралған тілді үйренуге ынталы, оны меңгеруге тырысады және осы жолда қандай табыстарға жетіп жатқандарын тексергісі келеді. 2022 жылға арналған есеп авторлары көрсеткендей, ең қорытынды рейтингге (дәл атауы – EF English Proficiency Index – EF EPI немесе English Proficiency Index) тестілеуге кемінде төрт жүз адам қатысқан қалалар мен елдерді ғана қамтылған. Бірақ жағдайлардың басым көпшілігінде қамту әлдеқайда кең болды – сынақтан өтуге тілек білдірген мыңдаған және он мыңдаған адамдар қатысқан.
Жоғарыда аталған ең төменгі шарттқа сәйкес келген (кемінде төрт жүз қатысушы) елдердің саны бұл жолы 111 болып шықты, яғни бір жыл бұрынғыдан бір елге азайды. Олардың барлығы көрсетілген нәтижелерге байланысты бес топқа бөлінген: біріншісі – ағылшын тілін өте жоғары деңгейде меңгергендер (600 балл және одан жоғары), екіншісі – жоғары деңгейдегілер (550-ден 599-ға дейін), үшіншісі – орташа деңгейдегілер (500-ден 549-ға дейін), төртіншісі – төмен деңгейдегілер (450-ден 499-ға дейін), бесіншісі – өте төмен деңгейдегілер (450-ден төмен). Рейтингке, әдеттегідей, ағылшын тілінде сөйлейтін Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Ирландия және басқа да кейбір елдер кіргізілмеді. Оның орынына рейтингтің құрамында бұл тіл этникалық тұрғыдан ана тілі емес, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бірқатар елдер бар – Сингапур, Оңтүстік Африка, Үндістан және т.б. Айтпақшы, Сингапур және Оңтүстік Африка Еуропаның 11 елімен бірге көшбасшылар қатарына, яғни ағылшын тілін өте жоғары деңгейде меңгерген топқа еңді.
Ал Қазақстан болса жай ғана аутсайдерлердің қатарына қалып қана қоймай, одан да төмен түсіп кетті. Егер осының алдында болған EF EPI кезінде біздің республикамыз 96-шы орында болса, қазір рейтингке кіретін елдердің саны, жоғарыда айтылғандай, аздап азайғанына қарамастан, 99-шы орынға түсіп кетті. Егер бір жыл бұрын біздің қатысушылардың жинаған орташа баллы 426 құраған болса, соңғы тестілеу нәтижесі бойынша ол 420 болды. Ал, айталық, төменнен ең жақын көрші – Сомали (білім деңгейінің төмендігі, ішкі алауыздық пен тайпалық соғыстардың кесірінен бөлініп кеткен әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі), керісінше, 401-баллдан 414-ке дейін жоғарылады. Ал, мысалы, 450 балл шегіне жеткен Ауғанстан 5-ші топтан 4-ші топқа көшті. Қазақстан, керісінше, мұндай көшуден бұрынғыдан да алыстап кетті.
Кейбіреулер сұрайды: өте төмен және жай ғана төмен біліктіліктің айырмашылығы неде? Біріншісі – қарапайым грамматиканы білу, сөздікті пайдалана отырып, қарапайым жазбаша мәтінді аудара білу қабілеті, ауызша сөйлесуде шектеулі сөздерді қолдану. Мұндай минимум дағдылары бар адамға, айталық, газеттегі немесе Интернеттегі жарияламалардың мағынасын түсіну қиын; ағылшын тілінде сөйлейтін адаммен сөйлескенде, ол нені қалайтынын немесе не айтқысы келетінін түсіндіру үшін ым-ишараға жүгінуге мәжбүр болады. Ал ағылшын тілін меңгерудің жай ғана төмен деңгейі сөздікке жүгінбестен қарапайым мәтіндердің мазмұнына үңіле білу, хат құрастыру немесе күнделікті тақырыптарда әңгімені жалғастыру қабілетін білдіреді.
Көріп отырғанымыздай, енді Қазақстанға 4-ші топқа кіру үшін 30 балл жетіспей отыр. Осы арада, мәселен, біздің қырғыз ағайындарымыз бір жылда +24 қосып (бұрын 418 болған еді, қазір 442-ге жетті) және бірінші рет бізден озып, бұл мақсатқа біршама жақындап қалды. Үш жыл бұрын бізден төмен орналасқан өзбектерге (446) ол топқа жетуге өте аз қалды. EF EPI 2021-де әзірбайжандықдар 5-ші топтан 4-ші топқа ауысқандар ретінде көрсетілген болатын (ол кезде олардың көрсеткіштері 451 балл болған), бірақ содан кейін олар өз позицияларын біраз жоғалтып алды (қазір оларда 440). Бір сөзбен айтқанда, түркі әлемінің басқа елдерінде, соның ішінде 495 баллға ие Түркияда ағылшын тілін дамытудың жағдайы бізбен салыстырғанда әлдеқайда жақсы.
Бәлкім кейбіреулер мұның себебі – жазуды латын әліпбиіне аударуда жатыр, бұл ағылшын тілін үйренуді жеңілдетеді деп айтатын шығар. Бірақ Өзбекстан мен Әзірбайжан тәуелсіздік алғаннан кейін бірден дерлік латын әліпбиін енгізген болатын, бірақ олар тек бірнеше жыл бұрын ғана EF EPI-де Қазақстаннан озып кетті. Түркітілдес елдер арасында ең әсерлі серпіліс жасаған Қырғызстанда әзірге барлығы тек басқа әліпбиге көшудің орынды екендігі жайлы және мақсатқа сай келетіндігі туралы талқылаумен ғана шектеліп отыр.
Немесе Моңғолияны алыңыздаршы, олар кириллицадан бас тартуды тіпті ойламайды да. Сонау 2016 жылы ол Қазақстаннан айтарлықтай деңгейде төмен болған еді, бірақ содан кейін бізді қуып жетіп қана қоймай, қарқынды түрде алға жылжи бастады. Алдымен Моңғолия 5-ші топтан 4-ші орынға секірген болатын, ал қазір 485 баллмен (соңғы екі жылда елу баллға жуық өсті) 3-ші, яғни, ағылшын тілін білудің орташа деңгейі бойынша рейтингі жоғары елдердің тобына жақындады. Жаңа рейтингте ол Жапония, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктерін басып озып, ағылшын тілі кеңінен қолданылатын және ресми мәртебеге ие бұрынғы британдық отарлар – Пәкістан және Шри-Ланкаға жақындап қалды.
Егер посткеңестік кеңістікке қайта оралатын болсақ, онда Education First зерттеуімен қамтылған бұрынғы КСРО-ның 14 республикасының ішінде (қазіргі әлемнен өзін жауып тастаған Түркіменстан ғана «шетте» қалды), Қазақстан 13-ші орында тұр. Тек Тәжікстандағы жағдай ғана біздегіден нашар. Алайда осы елдердің барлығы шамамен бірдей бастапқы жағдайда болды ғой. Одақ өмір сүрген жылдары тек қана үш Балтық елдері басқаладдан біршама алшақтау тұрып, ол ыдырағаннан кейін Батыспен, ағылшын тілді әлеммен мәдени, лингвистикалық, оның ішінде интеграцияны белсенді түрде қолға алды. Ал бүгінде олар ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген елдердің тобына кіреді.
Қалған республикаларда олар тәуелсіздік алған кездегі жағдай жалпы салыстыруға тұрарлық түрде болды (айта кету керек, шет тілдерін оқыту, айталық, жаратылыстану ғылымдарынан айырмашылығы, кеңестік оқу жүйесінде мықты буын болған жоқ). Ал енді, 30 жыл өткеннен кейін, айтарлықтай айырмашылықтар туралы айтуға болады. Украинада, Беларусьте, Ресейде, Молдовада, Грузияда және Арменияда ағылшын тілін меңгеру деңгейі орташа деп бағаланады. Деңгейі жай ғана төмен (4-ші) елдердің тобына бұрынғы Кеңес Одағының бірде-бір республикасы кірмейді. Ал Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Қазақстан және Тәжікстан – деңгейі өте төмен елдердің қатарына жатқызылған. Егер түркі әлеміндегі біздің ағайын-бауырластарымыз 4-топтан алыс емес жерде орналасқан болса, онда біз және тәжіктер оған жету үшін әлі өте алыс.
Егер Қазақстанның жекелеген облыстарының көрсеткіштеріне жүгінетін болсақ, онда бұл жерде үлкен шашырау байқалады. Әбден күтілгендей, Алматы көшбасшы болып шықты – 465 балл. Одан кейін орналасқандар Павлодар облысы – 456, Астана қаласы – 455, Ақмола облысы – 449, Шығыс Қазақстан облысы – 440, Қостанай облысы – 437. Ал оңтүстікте көрсеткіштер әлдеқайда нашар: Түркістан облысы – 394, Шымкент қаласы – 389, Жамбыл қаласы – 388, Қызылорда облысы – 383. Біліктілік деңгейі сондай-ақ Маңғыстауда және Қарағанды облысында өте төмен – сәйкесінше 387 және 383.