Білім беру саласындағы қарама-қайшы және тіпті абсурдтық жаңашылдықтар (неліктен екен, оларды кейбіреулер реформалар деп атайды), қазақстандық оқушылар мен студенттердің білім деңгейінің тоқтаусыз төмендеуі (бұған PISA – оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама – зерттеулерінің нәтижелері мен университеттердің әртүрлі рейтингтері дәлел бола алады), мүмкін мұндай жағдай біреулерге тиімді болар деген ойға жетелейді. Алайда бұл бенефициарлар, немесе, біздің тілмен айтқанда, пайда алушылар кімдер екен?
Білім берудегі сегрегация
Ең алдымен, бұл мемлекеттік бюрократия, біздің көптеген шенеуніктер алқасы. Мүмкін, оның қатарында жеке сана деңгейінде ұлтымыз білімді болғаны жөн деп есептейтін адамдар аз емес шығар, бірақ ұйымдасқан әлеуметтік қабат (класс), қандай да бір корпорация ретінде – оған қызығушылық танытпайды. Өйткені, ақылды және тәуелсіз ойлау дағдыларын алған адам, кез-келген нәрсені қабылдауға бейім емес, ол барлық нәрсеге күмәнданып, сыни талдау жасайды. Елімізде мұндай адамдар неғұрлым көп болса, оларды басқару соғұрлым қиын болады. Ал ең қолайлы жамағат – жетелеушіге толығымен сенім артып, оған артық сұрақтар қоймай, ешнәрсеге қарамастан соңынан еріп жүре беретіндер.
Бірақ жетелеушілерді де көбейту керек, өйткені ешкім мәңгілік емес. Шамасы, осы мақсатта бізде мектептегі білім беру жүйесінен жиырмаға жуық Назарбаев зияткерлік мектептер (НЗМ) бөлініп, «элиталық» университет құрылып, оларға елеулі артықшылықтар берілді. «Халық коммунистерінен» парламент депутаты Ирина Смирнова өткен жылы барлығын анық көрсететін сандарды келтірді: ол кезде мемлекеттен НЗМ-де бір баланы оқытуға айына 200 мың теңге, ал әдеттегі қарапайым мектептерде – 17 мың теңге бөлінетін. 10 еседен астам айырмашылық! Мұндай құбылыс бүгінде білім берудегі сегрегация деп аталады.
Біреулер мақталған Батыста да әдеттегі білім беру мен элиталы білім беру деген бөліну бар деп айтады. Бірақ ол елдерде элиталы білім беруді жеке капитал қаржыландырады, ал бізде – мемлекет (әрине, жеке мектептердің де біршама саны бар). Осындай жағдайда айтылатындай – бұл екі үлкен айырмашылық. Айтпақшы, өткен жылы республикалық бюджетте жалпы саны 20 мыңнан аз бала (барлық қазақстандық оқушылардың 0,6 проценті ғана) білім алатын НЗМ үшін 29,5 миллиард теңге немесе әрбір оқушыға бір жарым миллион теңгеден салынды.
Одан да үлкен жомарттықпен «Назарбаев Университеті» қаржыландырылады. 2019 жылы ол бюджеттен 37 миллиард теңгеден астам немесе әрбір студентке есептегенде орта есеппен 10 миллион теңгеден алды (2020 жылы одан да көп – 44,1 миллиард бөлінді). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сияқты «қарапайым» Ұлттық университетте бір студентті мемлекеттік грант бойынша оқыту жыл сайын 600-700 мың, ал өңірлік жоғары оқу орындарында – 500 мыңнан төмен тұрады.
Енді есептеп көрейік. НЗМ-де 20 мыңға жуық бала оқиды, тек қана бай ата-аналарға ғана қол жетімді жеке мектептерде – 26 мың. 46 мың немесе барлық қазақстандық оқушылардың шамамен 1,5 проценті. Қалған үш миллион адам әдеттегі қарапайым оқу орындарына барады. Ал онда әбден мазасы кеткен, төмен ақы алатын және жиі біліктілігі төмен педагогтар (соңғылары, негізінен, тәуелсіздік кезеңінде мектепке келгендерге қатысты, сол кезде кәсіп беделі күрт төмендеді, және педагогикалық жоғары оқу орындарына жастар, былайша айтқанда, қалдық қағидаты бойынша түсе бастады). Сонымен қатар, күмәнді оқу бағдарламалары мен әдістемелер, ақылға қонымсыз оқулықтар, қажетті жағдайлардың болмауы – көшедегі дәретханаларды естеріңізге түсіріңіздерші... Осы мектептерден балалар қандай зияткерлік жүктемемен шығады? Жоғары білім беру жүйесінде шамамен бірдей жағдай. ҚР саяси элитасы үшін елдің жас өсімінің 1,5 процентінің тағдыры басқалардың тағдырынан гөрі маңыздырақ па? Бұл жетелеушілер мен жетеленушілер жөніндегі сұраққа қатысты нәрсе.
Осы 1,5 процент Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтіндер болып табылады деген сөздерді қазірден бастап естіп отырмын. Бірақ осыған ұқсас бір нәрсені біз ширек ғасыр бұрын «Болашақ» бағдарламасы пайда болған кезде естіген болатынбыз. Соңғы 25 жыл ішінде біздің он мыңнан астам азаматтарымыз үздік шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды, Әртүрлі бағалаулар көрсеткендей, мемлекет бұған бір жарым миллиард долларға дейін жұмсады. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен жарты триллион теңге. Одан қандай нәтиже шықты? Бұл орасан зор қаражатты Қазақстанның өзінде мектеп педагогтарын материалдық ынталандыруға бағыттаған дұрыс емес пе еді?
Бүгінде елдің бәсекеге қабілеттілігін, оның экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуетін анықтайтын нәрсе – бұл өте тар шеңберде қамтылған элиталық білім емес, бұл тұтастай алғанда ұлттың жоғары интеллектуалдық деңгейі. Алайда, біздің бюрократия ақылды және ойлау қаблеті бар адамдармен күресу қиын болады деп қорқатын сияқы. Сондықтан олар полиция қызметкерлеріне қарағанда, әдеттегі қарапайым мектептердің мұғалімдеріне (елдегі жалпы білім деңгейі, ең алдымен, сол мұғалімдерге байланысты), әлдеқайда аз ақша төлейді. Ал ең дамыған елдерде – АҚШ, Жапония, Германия, Швеция және т. б. – жағдай керісінше. Бұл ретте қоғамдық тәртіп сақшыларының (көбінесе билік басындағылардың тыныштығы сақтайтындардың) саны бойынша Қазақстан 10 мың адамға шаққанда әлемде бірінші орындардың бірін алады…
Әркімнің өз қызығушылығы бар
Тағы бір ірі бенефициар – отандық бизнестің едәуір бөлігі. Ғылымды қажетсінетін, жоғары технологиялық салалар, зияткерлік өнім шығару, және жай ғана нақты өндіріс бізде жоғары бағаланбайды; іскерлік белсенділік негізінен сауда, делдалдық және қаржылық операциялар мен әртүрлі қызмет көрсету төңірегінде шоғырланған. Мұнда сатып алушы немесе клиент неғұрлым аз білімді болса, соғұрлым олар үшін жақсы болады.
Санау қабілеті бар (математиканы жақсы меңгерген) және әрбір қадамның ықтимал салдарын алдын-ала есептей алатын сауатты адам несие алғанға дейін немесе ломбардқа құнды нәрсені салуға бармас бұрын мың рет ойланады. Кем дегенде, логикалық ойлау мен талдаудың негіздеріне үйретілген адам қандай да бір өнімнің артықшылықтарын суреттейтін сайрап тұрған жарнамаға жабыспайды. Бірақ аз білімді және аңғал адамдар ондай нәрсеге оңай ұсталып қалады. Олар әртүрлі қаржы пирамидаларының құрбандарының көпшілігін, банктер мен МҚҰ (микроқаржы ұйымдар) алдындағы несиелер бойынша қарыздар адамдарды, сондай-ақ іс жүзінде пайдасыз тауарларды сатып алушыларды құрайды.
Жоғары білім беру саласындағы бизнес жөнінде бөлек айту жөн болады. Қазақстандағы бұл нарықтағы жылдық айналым 150-200 миллиард теңгеге бағаланып отыр – әңгіме университет кассаларына төленетін, яғни ақылы бөлімдерде оқитын студенттердің енгізетін сомалары жөнінде болып отыр. Ерлан Сағадиев (оның өзі және жақындары кемінде екі жоғары оқу орындарына – Халықаралық бизнес академиясына және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне тікелей қатысы бар) бейінді министрлікті басқарған кезеңде осы бөлімшелерге түсуді барынша жеңілдететін қадамдар жасалды – ҰБТ-ны бірнеше рет қайта тапсыру мүмкіндігі пайда болды, университеттерге қабылдану мүлдем оңай болып қалды…
Басқаша айтқанда, университеттің лоббиі «төлемшілер» санын барынша өсіру мақсатында, яғни өз кірістерін көбейту үшін, бәрін жасады. Енді Қазақстанда кез-келген адам, тіпті мектеп бағдарламасын нақты игермегендер де, студент бола алады. Ақшаңның болғаны жеткілікті (егер ақшаң жоқ болса, несие алуға болады). Шын мәнінде, бұл жоғары білімді профанацияға ұшырату – ол нәтижесінде дипломы бар, бірақ білімі жоқ адамдардың одан да көп пайда болуына әкеледі. Мұндай жағдай университеттің «бизнесмендеріне» өте тиімді, ал олардың арасында көптеген ықпалды адамдар бар. Сондықтан олар университеттер мен студенттердің санын оңтайландыру жөніндегі шараларға барынша қарсылық көрсететін болады, атап айтқанда Қазақстанға дұрыс жоғары мектепті қайтару жөніндегі жұмысты дәл осыдан бастауға тура келеді.
Халықтың білім деңгейінің төмендеуінен соңғы кезде көптеп шығып жатқан қоғамдық пікір көшбасшылары да өз пайдасын табады. Олардың әрқайсысына әлеуметтік желілерде жазылған және олардың көбінесе демагогия мен жалған патриотизм жалатқан посттарына тамсана қарайтын ондаған және жүздеген мың адамдар – бұл негізінен сыни ойлау, талдау, салыстыру қабілеті жоқ адамдар. Олар популистік құлықтарға оңай сенеді, олардың санасын басқаруға болады. Әлеуметтік желілердің маңыздылығын түсінетін және оны жиі тым жоғары бағалайтын билік пен бизнес осы «көшбасшыларды» өз қаржыландыруына алуға дайын. Осылайша, соңдай «көшбасшылар» өздерінің атақ-даңқын және қоғамдық пікірге «әсерін» монетизациялауға, сондай-ақ осы арқылы мансапқа жетуге мүмкіндік алады.
Қазақстан аумағында тоқтаусыз көбейіп келе жатқан клерикалдар да (дінді мемлекеттен жоғары қоюға тырысатындар) ұтысқа ие болады, айтпақшы, олар билік құрылымдарына да барған сайын белсендірек еніп келеді. Олардың арманы – зайырлы білім жойылып, оның орнына «құдайшыл» оқыту келіп, жас ұрпаққа әлемдік құрылым жөнінде, адам өмірінің мәні жөнінде, не дұрыс, не бұрыс екендігі жөнінде мүлдем басқа идеялар бергені. Дарвиннің эволюция теориясы, астрономия және басқа да ауытқұлар әрмен кетсін!
Ұлттық интеллигенция, әсіресе оның шығармашылық деп аталатын бөлігі, бөлек әңгімеге лайық. Мүмкін, бұл адамдар өз халқы үшін, ана тілі үшін шын жүректен алаңдайтын да шығар. Бірақ олар барлық мектептерді қазақша етуге шақырған кезде, үштілділікке қарсы (үштілді оқытумен шатастырмау керек, әсіресе Білім және ғылым министрлігі ұсынған оны тез арада енгізу нұсқасымен), ағылшын тілін оқушыларға ерте және мұқият оқытуға қарсы, орыс тілін пайдалануды шектеуді талап етеді, онда олардың да өз қызығушылықтары бар деген сезім пайда болады. Өйткені тек ана тілін ғана еркін меңгерген қазақ әлемде басқа әдебиет бар екенін, оның аясында қазіргі қазақ тілі дәрменсіз болып көрінетінін, біздің «ойшылдарымыздың» еңбектерін оқудан бас тартқызатын Батыс философиясы бар екенін ешқашан білмей өтеді. Қазақ тіліне әлемдік мәдени мұраның аз ғана бөлігі, соның ішінде кино туындылары, аударылған. Әлемдік мәдени мұраға орыс тілі арқылы қол жеткізуге болады, осы мағынада ол өте көп мүмкіндіктер береді, бірақ жоғарыда айтылғандай, ұлттық интеллигенцияның көптеген өкілдері орыс тіліне (шамасы, оқырмандарын, көрермендерін және қоғамдық санаға бұрынғы әсерлерінің қалдықтарын жоғалтып алу қорқынышынан да болар) қарсы шықты.
Бір сөзбен айтқанда, білім алу жағдайы неғұрлым нашар болса, қазақстандықтардың ой-өрісі мен ақыл-ойы неғұрлым төменірек болса, соғұрлым оларға жақсы болатын адамдар елімізде жеткілікті. Соның ішінде «бас курсты» қалыптастырушылар арасында да ондайлар өте көп. Сондықтан, оптимизмге айтарлықтай негіздер жоқ…