Біздің мемлекеттің білім беру гранттарының санын көбейтуіне қарай алынған бағыты оның өзіне теріс әсер беруі мүмкін, өйткені ол жоғары білім беру жүйесін біліксіз және елімізге қажетсіз дипломдары бар адамдарды шығаратын конвейерге айналдыру процесін тездетеді. Бұл жерде мәселе, әрине, гранттардың өзінде емес, мәселе осы маңызды ресурсты ұтымды пайдалануға мүмкіндік бермейтін экономикалық жағдайда болып отыр. Саясаттанушы Асқар Нұршамен біздің бүгінгі сұхбатымыз дәл осы мәселе жөнінде.
- Асқар Қуандықұлы, сіздің қөзқарасыңыз бойынша, Қазақстанда қалыптасқан мемлекеттік білім беру гранттарын қалыптастыру және үлестіру жүйесі қазіргі заманға қаншалықты сай келеді? Ол еліміздің қандай да бір кадрларға қажеттілігін қандай дәрежеде ескереді?
- Гранттарды үлестіру жүйесі жетілдірілмегені анық. Мемлекет мұны мойындайды және жағдайды теңдестіру үшін шара қолдануға тырысады, бірақ әр жолы бұл жерде жаңа бұрмаланулар пайда болады. Бұл көп жағдайда оның қос ұстанымына байланысты: бір жағынан, ол батыс елдерінің тәжірибесі бойынша білім беру жүйесін коммерцияландыруға тырысады, ал екінші жағынан, оны әлеуметтік саясатқа (одан туындайтын барлық салдармен) байланыстырады.
Мысалы, 2019 жылдың қараша айында ҚР БҒМ «жоғары білімнің жаппай көлемінен кетіп, сапалы деңгейге өту үшін» гранттар санын қысқартуға бағыт алу ниеті жөнінде мәлімдеді. Алайда, бір жылдан кейін ең биік трибунадан, керісінше, оны бір жарым есе арттыруға уәде берілді (2025 жылға қарай), «соның арқасында 75 мың жас азамат тегін жоғары білім алады». Яғни, қазіргі 53 мың гранттың орнына енді жыл сайын 75 мың грант бөлінетін болады. Бұл жерде пандемия, карантин, девальвация, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы және т.б. аясында өскен әлеуметтік наразылық деңгейін төмендету мақсаты көзделгені түсінікті. Бірақ осыншама кең тараған «жомарттық» қазірдің өзінде орын алып отырған проблемаларды одан әрі ауырлатумен шектелмей, тіпті жаңа проблемалардың пайда болуына әкеліп соғуы ықтимал.
Ең алдымен, ол университеттер арасындағы салауатты бәсекелестікті жояды. Енді оларға мықты талапкерлерді тарту үшін емес, гранттар алу үшін күресу әлдеқайда тиімді болады. Нәтижесінде білім беру қызметтерінің сапасы төмендейді. Шынында да, отандық еңбек нарығы үшін жоғары білікті мамандарды даярлауға көңіл бөлудің орнына, жоғары оқу орындары мемлекет тарапынан гранттық қолдаудың артуына байланысты жыл сайын өсіп келе жатқан әлсіз студенттерді неғұрлым лайықты деңгейге сүйреп жеткізуге мәжбүр. Мен мектептегі білім беру қателіктерін түзету (оның сапасы да көп нәрсені қалайды), атап айтқанда ұлдар мен қыздарды ең болмағанда орта деңгейге дейін сүйреп оқытып, оның негізінде оларға кәсіби білім беру міндеті жоғары оқу орындарына жүктелгені жөнінде тіпті айтпаймын.
Басқаша айтқанда, жоғары оқу орындары білім беру стандарттарын құрбандыққа шалып, оны арттырудың орнына оқу үлгерімін шегіндіріп орташалауға мәжбүр. Жоғары оқу орындарына қабылдау жаппай бола түскен сайын, жағдай тек шиеленісе түседі. Сондықтан нәтижесінде біз орташа біліктілігі бар мамандардың армиясын аламыз. Алайда ең дұрысы, тек күшті жастар (білім тұрғысынан) университеттерді бітіруі керек, ал әлсіздерді шығарып тастаған жөн болады.
Әрине, мемлекет бұл мәселені шешуге тырысуда. Мысалы, өткен жылы қызметі мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес келмейтін «диплом шығаратын зауыттар» деп аталатын нарықты тазарту үшін ол университеттерді толық тексеруден өткізді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп үміттенемін.
- Демек, қазір мемлекетте экономиканың кадрларға деген қажеттілігін қамтамасыз ету емес, халықтың сұранысын қанағаттандыру басымдық болғаны ма?
- Халыққа жоғары білімге кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ету есебінен мемлекет елдегі жоғары білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін шешуге тырысады, бірақ әр жолы керісінше нәтиже алады. Мұндай стратегия бұдан былай жұмыс істемейтіні анық, нәтижесінде тіпті сауатты сияқты болып көрінетін реформаларды да құнсыздандырады. Бұл, атап айтқанда, жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін көптеген түлектер өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге бармайтынына әкеліп соқты. Және бұл жерде мәселе төмен сапалы білім берілуде ғана емес.
Мәселе тереңірек, дәлірек айтқанда экономиканың өзінде жатыр. Соңғы жылдары елде қарқынды индустрияландыру процесі жүріп жатқан сияқты, бірақ тіпті жақсы мамандар да бұл жүйеде өз орындарын таба алмайды. Мысалы, «Болашақ» сияқты халықаралық бағдарламалардың түлектеріне көз жүгіртсек, олар шетелде сапалы білім алған, бірақ өз білімдерін Қазақстанда қолдана алмайды, өйткені мұнда тиісті нарықтар мен өндірістер құрылмаған.
Қытайлық білім беру жүйесіне деген барлық скептицизмға қарамастан, ол экономиканың дамуымен қатар жүретінін мойындау керек. Онда студенттер қазірдің өзінде жаңа буын технологияларымен тікелей жұмыс істеуге дайындалып жатыр. Сондықтан ҚХР жоғары оқу орындарын бітіріп келген біздің жастар отанына қайтып келгенде, оларға жұмыс істейтін орын жоқ екені анықталады. Олар немесе ескі жабдықтарға бейімделуге немесе қайтадан Аспан асты еліне, немесе олардың білімін қажет ететін басқа елдерге кетуге мәжбүр болады. Мұнда әңгіме отандық экономикаға елеулі пайда әкелетін ондаған мың жас қазақстандықтар туралы болып отыр ғой.
Ең өкініштісі, біз жаңа өндіріс құрған тұрмақ, ескілерін де өлтіріп жатырмыз. Зауыттар мен фабрикалар бұзылып, олардың орнына сауда-ойын-сауық орталықтары салынып жатыр, ал ондай жерге жоғары білікті мамандар қажет емес. Ғылымдағы жағдай да ұқсас – бізде саналы ғалымдар көп, бірақ олар өз әлеуеті мен ғылыми жобаларын іске асыра алмайды, өйткені бұл үшін елімізде қолайлы жағдайлар жасалмаған.
- Қалыптасқан жүйені өзгерту керек пе? Сіз қандай нұсқаларды ұсынар едіңіз?
- Білім беру реформасын қазақстандық экономиканың нақты қажеттіліктеріне, атап айтқанда, оның қандай да бір дәрежеде дамыған және кадрларға мұқтаж нақты секторларына байланыстыру керек. Егер мемлекет индустриялық даму бағдарламасы шеңберінде жаңа өндірістерді іске қосуды жоспарлап отырса, онда ол қажетті мамандарды даярлауға тапсырысты алдын ала орналастыруы тиіс. Бұл тиімді жоспарлау жүйесі. Онсыз біз басқа елдер үшін кадрлар дайындап шығаратын ұстахана болып отырмыз. Өйткені білім беру саласында біз қаншама жақсы реформалар жүргізсек те, соның нәтижесінде қандай жоғары білікті мамандарды дайындасақ та, олар өздеріне лайықты қолданыс таба алмай шетелге «ағып кетеді».
Біз мемлекеттің гуманитарлық мамандықтарға (юриспруденция, саясаттану, халықаралық қатынастар және т.б.) білім беру гранттарының санын қысқартып және керісінше, техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту арқылы бұл ауытқуды жоюға қалай тырысып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ әзірге гранттармен осы манипуляциялардың әсері шамалы. Мұнда неғұрлым түбегейлі шаралар қажет...
- Жоғары оқу орындары деңгейіне жете алмайтын «әлсіз» мектеп түлектерімен не істеуге болады?
- Кәсіптік-техникалық білім берудің беделін көтеру қажет. Бұл жерде адамдар университеттік дипломдарсыз да жақсы ақша таба алатын кеңестік тәжірибені еске түсіргеніміз артық болмас. КТУ-да жақсы техникалық білім алып, біліктілігін үнемі (санаттар мен сыныптарды тағайындау арқылы) жетілдіріп отыру жеткілікті болатын. Бірақ шандығын айтсақ, біліктілікті арттыру жүйесін нөлден құруға тура келеді, өйткені біз бұрынғы жүйені баяғыда жойып тастадық. Бұл жүйе, мысалы, сертификаттаудың барлық түрлерінен бір деңгейден келесі деңгейге өтетін бухгалтерлерде сияқты үйлесімді болып құрылуы керек.
Сонымен қатар, оқытушылар үшін (мектептер, кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері, университеттер) біліктілікті арттырудың жеке және оларға да сондай жетілдіруді міндет етіп қана қоймай, оларды барлық жағынан ынталандыратын үйлесімді жүйесін жасау қажет. Өйткені қазіргі әлемде білім тез ескіреді және көбінесе студенттер кейбір мәселелерде мұғалімдеріне қарағанда әлдеқайда білімді болады. Оған қоса, білім беру саласына өндірісте практикалық жұмыс тәжірибесі бар кадрлардың көптеп келуін қамтамасыз ету және тұтастай алғанда жоғары оқу орындары мен колледждердің экономикалық қызметтің нақты субъектілерімен өзара іс-қимылының тиімді тетіктерін жолға қою қажет.
Мен өзім білім беру жүйесінде жұмыс істеген болатынмын, сондықтан мемлекет осы проблемалардың бәріне шынымен алаңдайтынын және оларды шешу үшін, соның ішінде тиісті заңдарға түзетулер енгізу арқылы белсенді жұмыс істеп жатқанын куәландыра аламын. Бірақ әзірге бұл көбінесе косметикалық жөндеуге ұқсайды. Бірақ қазір жүйелік өзгерістер мен оларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін және осы салада тәртіпті қалпына келтіретін мықты басқарушы қажет.